КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Тілі өте шұрайлы қазақ халқының бүгінгі ұрпағы сөзге шорқақ. Әдемілеп әңгіме айтуды былай қойғанда, қарапайым тілек айтудың өзі «не дейміз енді...» дегеннен ары аспайды. Жас сәбилердің тілі де кеш шыға бастады. 4-5 жастан асса да әлі былдырлап, дыбыстарды өте өрескел бұзып айтатын жеткіншектер қатары тым көп. Бұл жағдай елімізде логопедтерге деген сұранысты көбейтіп отыр. Ал, елімізде керісінше логопедтік балабақшалар аз, барының бағасы қымбат. Бірақ, мәселенің шешімі бұл болмақ емес, ардагер ұстаз Рамазан ЖӘШИЕВ бала тілінің кеш шығуына бірінші кезекте ата-анасы жауапты екенін айтады. Бұл туралы skifnews.kz ақпараттық сайтында жарияланды.

Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп. Бала құрсақта жатқанда анасының түрлі ауруларға ұшырауы, көп уақыт бойы емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы, шошынудан тұтығу пайда болуы секілді себептер тізіліп кете береді. Десе де, солардың ішінде баланың тілінің кеш шығуына ата-ана тәрбиесі факторының рөлі зор. Ұзақ жылдардан бері бала тәрбиесі мәселелерін зерттеп жүрген Рамазан ақсақал дәстүрлі ұлттық тәрбиеден алыстау – бала тілінің бұзылуына әкеп соғатынын айтады.

– Ең бастысы, бүгінде ата-ана балаға ойдағыдай көңіл бөлмейді. Түсінуге болады, бәрінің қым-қуыт жұмысы бар, мына қатал да қиын заманда ақша табу керек, дегенмен, тым құрығанда бала тәрбиесіне 1-2 сағат уақытты кез келген ата-ана таба алады деп ойлаймын. Бала 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын қабілетке ие болу қажет. Ал, бізде 3-4 жастан асып кетсе де сөйлемеген баланы «ер баланың тілі кеш шығады» немесе «еркелігі ғой» деп жұбататын жағдай бар. Бұл дұрыс емес. Өйткені жаңа атап өткендей, 1 жаста 10-15 сөзді айта алатын бала 2 жаста 300-дей сөзді айтып, ал 3 жастан асқан кезінде еркін әңгімелесетін шамада болуы қажет. Алайда, бүгінде мұндай балалар сирек кездеседі. Ата-ана бала бесікте жатқанда-ақ онымен сөйлесе білуі қажет. Өйткені сәби 5 айлығынан бастап үлкендердің артикуляциялық әрекеттерін қайталай бастайды. Сол үшін де әжелеріміз балаға бесік жырын айтып, ұйықтатқан. Қарасаңыз, бесік жырында түрлі фонетикалық дыбыс кездеседі. Ашық-қысаңы да, жуан-жіңішкесі де, қатаң-ұяң, үндісі де бар. «Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем...». Қараңыз, осынау егіз қатарда барлық дыбыс түрлері бар. Оның үстіне қазақ тілі сазды, әуенді болып келеді. Бұл – бір.

Екіншіден, ата-ана баламен әңгімелеспейді. «Түсінбейді, оны қайтесің?!» деп жатады. Дұрыс емес. Бала түсінбесе де, үлкендердің айтқанын қайталап жаттығады. Соған ұқсас дыбыстар шығара бастайды. Ал, бізде керісінше, бала қандай дыбыстар шығарса, үлкендер соған ұқсатып сөйлеуге тырысады. Ау, бала сөйлей алмағасын, солай жасайды ғой, үлкендерге не жорық? Үшінші мәселе – бүгіннің балалары ет жемейді, сүйек мүжімейді. Бір қарағанға, күлкілі көрінер, бірақ сүйек мүжудің тілдің шығуына үлкен септігі бар. Бұл кезде ауыз қуысының бұлшық еттері ширап, баланың артикуляциясы жаттығады. Келесі себеп – баламен орысша араластырып сөйлеу. Бұл кейін баланың орыстілді болып кетуімен ғана қауіп төндірмейді, сонымен бірге сөйлеуді енді ғана меңгеріп келе жатқан бала ұқсас әріптерді айыра алмай, қиналады. Мәселен, «к» мен «қ», «н» мен «ң» секілді. Сондықтан, осы айтылған жайттың бәріне ата-ана қатаң қадағалау жасауы қажет, – дейді Р. Жәмшиев.

Ардагердің баланың дұрыс сөйлемеуіне кінәлі ретінде ата-ана факторын жеке бөліп алып қарастыруының маңызы зор. Өйткені басқа себептің бәрі өткінші. Ғалымдардың зерттеуінше, бала 4-5 жасқа толғанда, оның физикалық сөйлеу қателіктерінің бәрі жойылады. Ал, ата-ананың бала тілінде айтқан әңгімелері ғана оның жадында ұзақ уақытқа жатталып қалады екен.

Әлбетте, ата-ананы оңды-солды айыптай беруден шығар нәтиже аз. Қалыптасып отырған жағдайға сәйкес, мәселені бұқаралық тұрғыда шешу қажет. Алайда, тағы да қайталап айтуға тура келеді, логопедтік балабақшалар, жай балабақшалардағы логопед мамандар өте тапшы. Қазір елімізде логопед мамандар даярлау мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Мұндай мамандықтарға жыл сайын бөлінетін грант саны да өте аз. Ал, кеңес өкіметі кезінде осы мамандықты игерген логопедтердің бәрі тоқсаныншы жылдары жаппай балабақшалар жабылған кезде өзге қызметке ауысып кеткен не бүгінде тәуелсіз логопед түрінде жұмыс істейді. Өйткені балабақшада оларға төленетін жалақы өте төмен, олар үшін тұрмысы жақсы ата-аналардың жеке тапсырыстары бойынша жұмыс істеген тиімдірек. Осыдан-ақ балабақшалардағы логопедтердің біліктілігі жөнінде сөз етудің өзі қиын. Өйткені стандарт бойынша, балаға тілінің мүкістігі деңгейіне қарай көмек көрсетіледі. Мәселен, мүкістік ақауының дислалия, дизартрия, ринолалия, алалия, афазия сынды бірнеше түрі бар. Айталық, дислалия кезінде бала тек дыбыстарды ғана бұзып айтады. Ал, дизартрия жағдайында баланың сөйлеу мүшелері жүйке тамырларымен толық қамтамасыз етілмейді. Баланың дұрыс сөйлемеуіне осы себеп болады. Ал, ең ауыр түрлерінің бірі – афазия баланың миындағы зақымдарға байланысты. Сөйлеу ақауының әр түрі өзінше жұмыс тәсілдерін қажетсінеді. Мәселен, афазия деңгейіндегі әдіс-тәсілдерді жай дыбыстарды бұзып қана айтатын балаға қолдануға болмайды және керісінше. Мұның бәрі логопедтердің мойнына артылатын жүк. Алайда, еліміздегі балабақшалардың көбінде мұндай жағдайлар жасалмаған. Олар әйтеуір логопед маманның табылғанына шүкірлік айтатын жағдайда...

baq.kz


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз




29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 498 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 918 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1099 0




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика