THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Мыстан кемпір мен жалмауыз кемпірдің айырмашылығы неде?
Авторы: Сымбат Игілікқызы
06/06/2017 10:11 0 57879 0
Шындығында бала кезімізде ертегілерді, батырлар жырын қанша оқысақ та мыстан кемпір мен жалмауыз кемпірдің қайдан пайда болғандығын, екеуінің айырмашылығы бар ма деген ой мүлдем келмепті. Тек сол бір дүлей жалмауыздардың болатындығына сенетінбіз. Ал қазір олай деу қисынға келе қоймас. Ол образдардың байырғы халқымыздың түсінігінен хабар беретіндігі белгілі болды. Ертегі, көне эпостар сол заманның шындығын бейнелейтіндігінде шүбәм жоқ. Себебі, осы тақырыпты зерттеу барысында соған көзім жеткендей болды. Алғашқы қауымның адамдары бүкіл табиғаттың, табиғи құбылыстардың, тіпті әрбір заттың жаны бар деп сенген, яғни адам өзін табиғаттан бөлмеген. Сонымен қатар ескі діни ұғымдардың қазақ арасында өте жақсы сақталып қалғандарының бірі – шамандықтың қалдықтары. Қазақ ертегілерінен осы шамандыққа байланысты туған зиянды немесе зиянсыз керемет жындар тұратын бірнеше дүниелердің болатындығына сенушіліктің, жекелеген кейбір адамдардың қасиеті, өздеріне бағынатын жындары, адамдары болатындығына сенушіліктің іздерін табуға болады.
Матриархалдық дәуірде бүкіл руды басқаратын ақылшы, көсем әйелдер болды. Бұл әйелдер өз руының талас істерін шешетін, кәмелетке жеткен қыз балаларға руының салты мен дәстүрлерін үйрететін, ауырған балаларды емдейтін, яғни олар әрі ру басы, әрі ақылшы, әрі шешен, әрі балгер, әрі ұстаз болатын. Осының әсерінен ру басындағы әйелдерге әртүрлі қасиеттер таңылған. Тіпті олардың зиянды жын-шайтан, дүлей құбылыстармен күресетін белгісіз бір көмекшілері бар деп сенген, оларға табынған. Сөйтіп, шаман әйелдер пайда болған. Осы әйел, шаман образының өзгертілген түрі біздің қиял-ғажайып ертегілерімізде із қалдырған. Бұл жалмауыз кемпірдің (кейде мыстан кемпір делінеді) образы. Жалмауыз кемпірдің алғашқы көне түрдегі образы, істеген істері, қызметі (функциясы) жаңағы ру басындағы шаман әйелдің образымен сәйкес келеді. Бірақ бұл уақыт өте келе патриархалдық кезең орын ала бастағанда кейіпкеріміз жағымсыз кейіпкерге айнала бастайды. Оған бірнеше мысалдар келтіре отырып тоқталып өтейік.
Көбінесе ертегілерде кейіпкеріміз жағымды кейіпкер ретінде көрінсе, ал көне эпостарда жағымсыз кейіпкер ретінде көріне бастайды. Ол, әрине , патриархалдық кезеңге келіп қалғандығының көрінісі. Олар «Құламерген, Жоямерген», «Дотан батыр» сияқты көне эпостарда айқын көрініс табады. Ал ертегілерде жалмауыз кемпір бәрін істей біледі, оның қолынан келмейтіні жоқ: ауру, жарымжан адамдарды емдейді, өліні тірілтеді. Мысалы, бірталай ертегілерде жалмауыз кемпір ақсақ, соқыр, қолы жоқ кейіпкерлерді жұтады да, оларды сап-сау қылып қайтадан құсады («Жеті басты жалмауыз кемпір», «Үш ағайын», «Кедейдің үш баласы», «Құланайжарқын» т.б.), кейіпкерлерге ақыл, кеңес беріп отырады («Екі жетім», «Жүсіп мерген» т.б.).
Осы салада көп еңбек сіңірген ағамыз С.Қасқабасов өз еңбегінде «Мыстан кемпір сол арғы тегі алып қарақұстың кейінгі атауы», – дейді . Шынымен де, «жұтқыш, адам жегіш» мыстан кемпір мен «жұтқыш» алып қарақұстың функцияларының бірдей екендігін көруге болады, яғни мыстан кемпір мен алып қарақұс – бір ғана бастапқы мифтік тұрпаттың кейінгі ертегілік кейіпкері болып табылады. «Қаһарман бәйтерек басына өрмелеп бара жатқан жыланды (айдаһарды) атып өлтіреді. Сөйтіп, ағаш басындағы алып қарақұс балапандарын аман алып қалады. Балапан Қаһарманға өзінің шешесінің (яғни алып қарақұстың ) адамды көрсе жұтып қоятындығын айтып ескертеді. Ұшып келіп бәйтерекке қонған алып қарақұс расында да қаһарманды жұтпақ болады. Жұтып жібергенде балапандары оның кеңірдегінен ұстап қалады».
Алып қарақұс өзінің неліктен қаһарманды жұтпақ болуының себебін өзі түсіндіреді. Құйын батырды жұтқанда ол «сені жұтқанда, саған мың кісілік қасиет беретін еді» десе, Аюдәуге «адамзат баласының артығы етіп шығаратын едім» дейді, ал «Ханшентай» ертегісінде ол аяқ-қолынан айрылған үш батырды жұтып, бұрынғы дене мүшесі түгел болған қалыптарына түсіріп береді. Осы соңғы оқиғадағы әрекет мыстан кемпірдің істегендеріне ұқсас. Дене мүшесінде кемістігі бар (соқыр, аяғы жоқ, қолы жоқ үш пенде Мыстан кемпірге өздерін жұтқызады. Жұтып қайта тастағанда олар бұрынғы сау қалыптарына келеді. Осы мысалдардан-ақ мыстан кемпірдің арғы тегі алып қарақұс екенін аңғаруға болады. Бұл пікірді жұту мотивін қарастырған Ерік Көкеев те растап кеткен: «Еренді екі рет жұтып, оған ерекше қасиет дарытатын мыстан кемпір – Ереннің үстіндегі сауыт-сайманның тұлғалануы болып табылады. Мыстан кемпірдің Еренді үшінші рет жұтпайтын себебі, оның толықтай мысқа (металға) айналып кетпеуін, не болмаса бұл дүниеге симай кетеді деп қауіптенуінен. Он бес жылда бір балапандайтын Шыңырау құстың (яғни алып қарақұстың) да функциясы осындай». Демек, айдаһар, алып қарақұс және мыстан кемпір бейнелерінің біртектілігі менен бұрынырақ та зерттеушілерге белгілі болған екен. Бірақ бір айта кетерлік нәрсе, «жыланның жұтып, қайта құсуы» оқиғасын металмен байланыстырған зерттеушілеріміз де бар, ол оқиғаны тек ұсталықпен, металмен байланыстырып қоюға болмайды, ондай байланыстың дұрыс екендігі рас, дегенмен «металдану идеясы» бастапқы «ұлы ананың жұты, қайта құсуы» әрекетін қайталаудың бір варианты ғана. Сонымен бұл мыстан кемпірдің жағымдырақ кезеңінен мысалдар. Ал эпостардағы жағымсыз кездерін көрейік. Мысалы, «Дотан батыр», «Құламерген, Жоямерген» жырында матриархаттық дәуреннің өтіп, патриархаттық кезең дендеп келе жатқан еді, ол кездегі біздің кемпіріміз жалмауыздық,жауыздық бейнеге нақ ене бастаған кезі. Мыстан кемпірдің «өмірің айдалада, аралда қызықсыз өтіп бара жатыр» дегеніне Күнайымның тез елігіп, мінезінің күрт өзгеруі, күйеуінің хас дұшпаны болып шығуы матриархат кезеңді аңсаудың бір көрінісі. Міне, эпос, ертегі адам санасында түрлі дәуірлерде орын тепкен салт пен дәстүрдің бұлдыр бейнесін осылайша еске алады. Құламергеннің екінші әйелі – Баллу Маржанның барлық іс-әрекеті патриархат идеологиясына толық үйлеседі, ол үй иесінің әрі ақылшысы, әрі тілекшісі. Сондықтан да болар, кемпір образының жауыз бола бастағаны.
Жалпы қазақ фольклорындағы хикаялық кейіпкерлер туралы ғалым ағаларымыз әр түрлі пікірлер айтуда. Пайда болуын ислам діні келгенге дейінгі кезеңде екенін танытатын пікірлер Ш.Уәлиханов, М.Әуезов т.б. тарапынан айтылған. Соның ішінде жалмауыз кемпір образының ерекшеліктері де қазақ ғалымдарын әр кез ойландырған. Ш.Уәлиханов жалмауыз кемпірдің адам жегіш екендігін жазған. Ал, М. Әуезов 1939-40 жылдары «Литературный критик» журналында жариялаған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» атты зерттеу еңбегінде жеті басты жалмауызды адамжегіш, жалғызкөзді жалмауызды ежелгі гректердегі циклоппен параллель деп, жалмауыз кемпірді орыс ертегісіндегі Баба Ягаға ұқсас адамжегіш кемпір, мыстан кемпір, залым кемпір деп олардың түрлері болатынын байқаған. Ә. Қоңыратбаев: «Қазақ қиял-ғажайып ертегілерінде адамға жамандық ойлап жүретін мифтік образдардың бірі – жалмауыз кемпір» –, деп шығу мезгілін көрсетумен бірге, бұл образдың сомдалуында тарихи өзгерістердің орын алғанын да байқаған. С.Қасқабасов жалмауыз кемпір образының өлілілер әлемімен байланысын, айырмашылақтарын анықтаған. Осы еңбектерді қарастара отырып бұл мыстан кемпір мен жалмауыз кемпір образдарының бір екендігіне көзім жеткендей болды. Жалпы ертегі, жырлардағы жауыз күш иелерінің бәрі бір образ, тек әр уақытқа сай өз қасиеттерін өзгертіп отырады деп айтуға болады. Бірақ орыс халқындағы Баба Ягамен, қырғыз фольклорындағы Митемен теңестіргендері көңілге қонымсыздау. Қырғыз фольклорында жалмауыз кемпір де бар, оған ұқсас Мите деген де образ бар. Екі түрлі аталғанымен, олардың бейнелерінде де, атқаратын қызметтерінде де айтарлықтай өзгешелік жоқ. Мите туралы Т.Д.Баялиева: «Его представляют в виде старухи в лохмотьях, живущей в горах, в лесу, далеко от человеческих поселений», – деп оның адамнан ешқандай өзгешелігі жоқ екеніне басты назар аудартады. Сондықтан ол ауылдарға барып, қыздарға басынан бит іздетіп отырып, олардың қанын соратынын айтады. Қанын сорған қыз әлсізденіп, құлаған кезде Мите оны жеп қояды екен. Ал Мите қазақтағы мыстан кемпірге ұқсас деген оймен келісу қиын. Өйткені К.К. Юдахиннің анықтамасы бойынша мите «упырь, вампир (существо в образе 12-13 летнего ребенка) делінген. Қан соратын қабілеті ұқсас болғанымен митені жалмауыз кемпірмен бір деуіне мүлдем келісе алмаймын. Жалмауыз кемпір мен мыстан кемпір бір болғанымен Мите мен Баба Яга мен бір емес екен. Әр халықтың салт-дәстүрі, дамуы бөлек болғандықтан, әдебиеттегі образдары да бір-біріне ұқсас болғанымен бір бола алмайтындығын айтқым келеді.
ПІКІР АЛМАСУ
04/05/2017 14:10
Қазақ фильмдерін шынайылықтың аздығы мен тілдің шорқақтығынан арылтсақ екен...
|
ТЕКСТ