THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ фильмдерін шынайылықтың аздығы мен тілдің шорқақтығынан арылтсақ екен...
Авторы: Сымбат Игілікқызы
04/05/2017 14:10 0 7269 0
Қазір көптеген
отандық телехикаялар, фильмдер түсірілуде, ол өте қуантарлық жағдай, әрине.
Бірақ солардың сапасы қандай деген сауалға келгенде жауап беру қиынға соғады-ау...
Саны бар, сапасы
жоқ деген сөз есіңе түседі. Қазақ фильмдерінде қазірде көбіне театр актерлері
ойнайды. Сондықтан олар сомдаған образдар сахнада жүргендей әсер қалдырады,
яғни нақты бір көрермендерге арналып жасалып жатқандығы бірден көзге ұрып
тұрады. Осылай жасандылық екені анық байқалып тұрған соң, кино ретінде қабылдай
алмай қиналамыз. Әлдеқандай бір шоу көріп отырғандай боламыз. Көздерін
ежірейтіп, екпіндете сөйлеп, эмоцияны беруге тырысады, бірақ бұл дегеніңіз
театрлық қойылымның шарттары емес пе? Ал көркем фильмнің жайы басқа. Яғни
ондағы актерлер шынайы өмірді беру керек, сондықтан образ сомдағанда көрерменге
арнап сөйлеп, көрерменге арнап қимылдамай, табиғи болғаны дұрыс, өздеріне
камера қарап тұрғандығын ұмытуы тиіс, күнделікті өмірде адам қалай сөйлейді -
сондай ырғақпен сөйлеуі тиіс. Беталды ежірейіп, қоқиланып, екпіндете берудің
қажеті жоқ. Себебі, көркем
фильм - театрлық
қойылым, яғни спектакль емес. Меніңше, ең дұрысы - көркем фильмде ойнайтын
актерлерді бөлек даярлықтан өткізу керек. Лажы
болса, көркем фильм образдарын сомдауға театр актерлерін алмау керек, өйткені олардың
мектебі басқа. Бұл сөзді айтуыма отандық телеарнадан беріліп жатқан «Ұлжан»
телехикаясы себепкер болды десем болады. Абай жолындағы Ұлжан
анамыздың образы есіме түсіп, құлағыма елең ете қалып еді. 1-2 сериясын
көргеннен соң, көрмегенім жақсы еді деген ойға келіп ашуым келді. Ұлжан анамыздың
өзі тұрмақ, маңайына да жақындатуға ұялдым... «Проблема» деген сөздің
қазақшасын білмей тұрған соң не сұрайсың... Әрине, отандық өнімді насихаттау,
кәдеге жарату жағын құптаймын. Бірақ елдің айнасы саналатын экранға не болса
соны шығаруға қарсымын. Бүтіндей бір ұлттың арнасы осындай дүниені көрсетіп
жатса, өзге каналдарға айтар өкпе жоқ. Ұятсыздық дейміз бе, тексіздік дейміз бе,
жолай жүкті болған бойжеткенді жылтыңдата береді. Айналайындар-ау, арыстай
екі баласы бар ананың рөлін 20-дан енді асқан жас қызға сомдатып не ұтамыз деді
екен!? Көзге ұрып тұр ғой, өрімдей қыз екені. Қанша
гримдесең де, қанша киіндірсең де болмайды. Жалпы, актерлық құрам нашар. Қазақ
киносына театр актерларын жолатпау керек. Көзқарасынан, жүріс-тұрысынан,
сөйлеген сөзінен сахналық леп еседі. Бұл кино ғой! Шынайылық қайда? Сол баяғы
сарын, ескі сүрлеу. Ұлттық арнаның мұнысы - ұят! Жарнамасын жалаулатып, мақтанышпен
айтқандағы дүниесі осы, міне! Қайран, қазақтар-ай! Экранымыз қашан түзелер
екен?
"Тракторшының
махаббаты" фильмінде, рас, этика шеңберінен асып кетіп жататын тұстары
бар: мысалы, кемпірдің май шайқап отырып немесе ет жеп отырып саусақтарын
алма-кезек сора беруі т.б. Шын өмірде, мейлі, ауылда болсын,
үлкен адамдар қайта балаларын ас жұққан саусақтарын жалаудан тыйып жатады емес
па?.. Ал бірақ бұл фильмдегі актерлердің ойнауы шын қуантады, бәрі табиғи, шын
болып жатқан оқиғаларды камераға байқатпай түсіріп алған сияқты. Мұнысы енді -
үлкен жетістік. Шынайы, ең бастысы, көп нәрсені шынайы көрсете алған.
Жасандылығы аз. Көруге болатын отбасылық фильм. Шығармашылық табыс тілейік.
«Базарбаевтар»
телехикаясында да көбіне рөлдерді театр актерлері ойнайды. Бірақ бұл фильмде
шынайылық пен қазақилық көрініп тұрады. Сондықтан болар, көрермендерді баурап
үлгерді. Меніңше, киноға актер, әншілерден гөрі, қарапайым ауылдан шыққан
адамдарды алсаң кино шынайылық пен қазақилыққа жақын болады. Олар қазақ тілін
де жақсы меңгерген, қарапайым, сонысымен де көрерменді баурап алады және бәрі
жасанды емес, шынайы болар еді. Мысалы, «Шал» фильмін алсақ. Ермек
Тұрсыновтың "Шал" фильмі Халықаралық "Киношок-2013"
кинофестивалі-нің
негізгі конкурстық бағдарламасына өткен 11 туындының ішіне кіргендігін
мәлімдеген болатын. Байқаудың қорытындысы бойынша “Шалдың”
гран-при жеңіп алғандығын және бас кейіпкерді сомдаған Ерболат Тоғызақов “Ең
үздік ер адам рөлі” үшін марапатталғандығы туралы қуанышты хабар келгендігін
білеміз. Ерболат
Тоғызақов – актер емес. Өмір бойы «Қазақфильмнің» отымен кіріп, күлімен шығып
жүрген адам. «Халық сөзіне» берген сұқпатында:
«Мен зейнеттегі
адаммын ғой. Оның үстіне арнайы дипломым да жоқ. «Қазақфильмде» 35 жыл бойы
жұмыс істедім. Осы уақытқа дейін актер боламын деген ой үш
ұйықтасам түсіме кірмеген. Бұл бір лотереядан ұтып алған сияқты, кездейсоқ
бақыт деуге болады. Нұржұман Ықтымбаев, Тұңғышбай әл-Тарази, Досхан Жолжақсынов
сияқты актерлердің жанында тұрғанда өзімді ыңғайсыз сезінемін. Өз орнымда емес
сияқтымын. Бірақ бәрі, әсіресе, «Шалдан» кейін жылы-жылы
сөздер айтты. Үлкен актерлер ешқандай мысқылсыз, шынайы пікірлерін жеткізді.
Сол қуантады.»
Міне,
көрдіңіздер ме, қарапайым адамдар ойнаған кинода шынайылық болады егер олай
болмаса осы жетістікке жетер ме еді. Тек бұл ғана емес, қазақ киноларын жоғары
деңгейге көтеру үшін «Қазақ киносы Одағын» құру керек сияқты. Ол Одақ
ценарийлерді екшеп, тексеріп барып жарыққа шығуына рұқсат берсе,
режиссерлер, продюссерлердің бәрінің жұмысын қадағалап барып жіберсе, мүмкін
бұндай қателіктер орын алмас па еді...
Жақында
ғаламторды ақтарып отырып, мына мәліметті көзім шалды. Алматыда «Lumiere»
сценарийлік агенттігі құрылыпты. Кино сценарийі туралы толық ақпарат ұсынылған
ашық үлгідегі мамандандырылған сценарийлік агенттік әзірше ТМД аумағында да
жоқ көрінеді.
«Біздің
мақсатымыз - киносценарийшілердің кәсіби деңгейін арттыру үшін кинодраматургия
шеберлерінің басын біріктіру арқылы барлық кинематографиялық өнімнің сапасы мен
бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға септігімізді тигізу», - дейді агенттік
төрағасы Жайық Сыздықов.
Қазақстандық агенттік ашық жұмыс істеуді басшылыққа алып, әуесқой сценарий жазушылармен де бірлесіп жұмыс ітемекші әрі олардың құқын қорғайды. Бұған да көңілім толмады, атының өзі түсініксіз болып тұрса, одан қай бір жетіскен нәрсе шығады. Мейлі, әйтеуір ол агенттіктің ашылғанының өзі қайда жатыр. «Көш жүре түзеледі» демекші, тек жақсылықтан үміттенейік. Қазақ кинолары қазақилығынан айрылмаса екен дейміз!..
ПІКІР АЛМАСУ
04/05/2017 14:10
Қазақ фильмдерін шынайылықтың аздығы мен тілдің шорқақтығынан арылтсақ екен...
|
ТЕКСТ