КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Өзге тіл арқылы өз ұлтыңды таныту – үлкен еңбек. Қазақтың тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін ағылшын тілінде сөйлетіп, әлемдік дәрежедегі университеттерде дәріс оқыған АЯПОВА Таңат Тәңірбердіқызы көпке үлгі болуға лайық тұлғалардың бірі және бірегейі.

Бүгінде Абай атындағы Қазақ ҰПУ құрамындағы Филология және көптілді білім беру институтына басшылық жасайды. Жас ұрпақты тәрбиелеуге белсенді еңбек етіп жүрген білікті маман. Мереке қарсаңында рухани деңгейі биік ұстазбен жүздесудің сәті түсіп, сұхбаттасқан едік.

 

Болашақ – білімдінің, білім – тәрбиелінің қолында

 

– Таңат Тәңірбердіқызы, университет құрамына кіретін жаңа институттар ашылғанынан хабардармыз. Әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған аталмыш институттың тыныс-тіршілігінен бастасақ…

– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – Қазақстандағы ең алғашқы жоғарғы оқу орны, қарашаңырақ. 85 жылдық тарихы бар университеттің стратегиялық даму мақсаты үшін біздің ректорымыз педагогика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Серік Жайлауұлы Пірәлиев 2013 жылы 7 институт құрған болатын. Мұндағы мақсат – заман талабына сай мамандарды тәрбиелеп шығу. Сол институттың бірі, осы «Филология және көптілді білім беру институты». 7 институттың ішінде бұл «әжептәуір көлемді институт» деп айтсам, артық болмас еді. Өйткені, мұнда 11 кафедра бар. 10 мамандық бойынша бакалавр студенттер дайындалады. Сонымен қатар, 2 ғылыми-зерттеу институты – Жамбылтану зерт­теу институты, Тіл білімі және әдебиеттану зерттеу институты, Абайтану ғылыми-зерттеу орталығы бар. 230-ға тарта профессор оқытушылар сабақ береді, 2 мыңға тарта студентіміз бар. Институттың аты айтып тұрғандай, мұнда қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілі орыс тілді дәрісханада, орыс тілі қазақ тілді дәрісханада, аударма ісі, ағылшын тілінде халықаралық қатынастар, халықаралық құқық, және ағылшын, француз, неміс, қытай, түрік, араб, тілдері оқытылады. Болашақта испан, корей тілдерін қосу ойымызда бар.

– Білім беру саласындағы қызметтеріңізде қандай жетістіктерді ерекше атап айтар едіңіз?

– Қазір ақпараттық технология жедел даму үстінде. Компьютерлік желілер арқылы жұмыс істеу, жаңа технологиялармен сабақ беру әдісін біздер де ұтымды пайдаланып жүрміз. Мәселен, жақында онлайн-лекция арқылы Арқалық университетіне филология ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева дәріс оқыды. Күні кеше ғана мен Шымкенттегі Мемлекеттік Әуезов атындағы университет пен Тілдер академиясына және өзіміздің студенттерге ағылшын тілі тарихынан дәріс оқыдым. Бұл деген үлкен жетістік қой. Үш аудиторияны біріктіре отырып, кері байланысқа шығып, онлайн-лекция өткіздім. Институтымызда 16 интерактивті тақта бар. Ұстаз-профессорларымыз тек қана слайдпен жұмыс істейді. Өйткені, қазіргі заманның талабы сол. Жастар бізден де озып барады. Егер біз студентті қажетті замануи технологиялармен қамти алмайтын болсақ, онда ол университет алға жылжымайды. Ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру – біздің бірінші міндетіміз. Бұл шаруалар, әрине, ректордың талабы бойынша іске асуда. Ай сайын мәртебелі тәжірибелі ұстаздарға және оқытушылар құрамындағы жас мамандармен тренинг-сабақтар өткіземіз. Тренинг өткізудің пайдасы дәрісті дұрыс оқуға, тілді таза әрі ұтымды үйретуге, сабаққа деген ынтасын шыңдауда үлкен көмек болады. Менің талабым – жас ерекшеліктеріне қарамастан заман ағымынан қалмай еңбек ету. Міне, біздің тыныс-тіршілігіміз осылай қауырт жұмыстармен астасып жатыр…

– Ғаламтор жайлы айтып қалдыңыз… Әлеуметтік желілер пайда болғалы студенттерде өзгеріс байқала ма?

– ХХІ ғасыр – технологиялар заманы. Бүгінгі студенттер әлеуметтік желілер арқылы қалаған ақпаратты жылдам әрі тез ала алады. Өйткені, олардың басым көпшілігі ақпарат кеңістігін еркін шарлай отырып, ғаламторды сауатты пайдалануды меңгерген. Бізде әлеуметтік желілерге деген тәуелділік белең алды. «Қазақстан – 2050» Даму стратегиясы негізінде жастарды білімді, бәсекеге түсе алатын маман етіп дайындау жолында еңбек етіп жатырмыз. Олар мұндай нәтижеге өзінің мемлекеттік тілді жетік білуімен қатар, орыс тілін, содан кейін ағылшын тілін сауатты сөйлеген кезде қол жеткізе алады. Біз жастарды бүкіл әлемдегі замандастарымен бәсекеге түсе алатын дәрежеге жеткізуіміз керек. Болашақ – білімдінің, ал білім – тәрбиелінің қолында. Ол бекерге жай айтылған нәрсе емес. Міне, сондықтан дамыған 30 елдің қатарына ену, ол – үлкен меже. Оларды білімпаз етіп шығару — біздің міндетіміз.

– Білуімше, оқу орны әлемнің көптеген университетімен өзара іскерлік байланыс орнатқан. Шет елде оқитын студенттеріміз сол елдің мүддесіне жұмыс істеп қалып жатқан жоқ па? Олар отандық ғылымға қаншалықты үлес қосып жүр деп ойлайсыз?

– Иә, аталмыш білім ордасы әлемнің 115 уни­верситетімен және 30 халықарарлық мекемелерімен белсенді түрде ынтымақтаса қызмет атқарып жатыр. Университеттер арасындағы студенттерді алмастыру жүйесі бойынша, біраз оқушымыз алыс-жақын шет елдерде және «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуда. Қай мемлекетке барса да, олар табиғи ортада білімін жетілдіреді. Барған мемлекеттің мәдениеті мен тарихынан сабақ алып, дыбыстарына машықтанып, сол тілді еркін меңгеруге мүмкіндік алады. Отандық ғылымға, көптеген салаларға үлесін қосып жүргендері де бар. Ал біздің студенттердің бүгінгі күнге дейін шет елде қалып қойып жатқаны болған жоқ.

– Таңат апай, Сіз көптеген шетелдік аудиторияларда дәріс оқыған тәжірибелі маман екеніңізді жақсы білеміз. Алғашқы қадамыңыз қалай басталды?

– Әлі есімде, АҚШ-тың Аризона универси­тетінде алғаш Айснер деген профессор мені үлкен аудиториямен таныстыруға алып барды. Психологиялық тұрғыда, әрине, қобалжу болды. Өйткені, ағылшын тілінде сөйлейтін бакалаврға – студенттерге тіл тарихынан бірнеше дәріс оқу шынымен де біліктілікті талап етті. Дегенмен, өз пәнімді жақсы білетінімді дәлелдей алдым. 50-ден астам ағылшын студенттерінің алдында дәріс оқыдым. Американдықтарға қазақ тілінен сабақ бердім. Осы тұста айта кетейін, мен қазақ елін әлемге таныту мақсатында ағылшын тілінде «Қазақ тілі» оқулығын жаздым. Американың 20 университетінде бұл кітап талқыға түсіп, үш деңгейлі оқулық ретінде қабылданды. Вашингтонның Конгрестер кітапханасында тіркеуден өтіп, 1993 жылы жарыққа шыққан. Бірнеше университетте қазақ тілінің фольклоры деген сабақ оқытылады. Вашингтонның Сиатл университетінде профессор Рахманқұл Бердібаев ағамыз кезінде қазақ фольклорінен дәріс оқыған. Индиана университетінде, Аризона университеттерінде қазақ тілі әлі күнге дейін насихатталады. Техас штатында «Қазақ тілі» қоғамы болған. АҚШ пен Британия елдері бізді жақсы біледі.

 

Қасындағы көршісімен жарысып оқиды

 

– Шетелдік студенттер мен біздің қазақ жастарының арасында қандай айырмашылық бар?

– Емтихан алу үшін тест тапсырғанда британ­дық студенттер өліп кетсе де қасындағы студенттен білмейтін нәрсесін сұрамайды және көшірмейді. Егер білмегенін сұраса, ол өзін жеке бас бостандығынан, егемендігінен айрылғандай сезінеді. Біздің студенттер сығалап, көшіріп немесе «берші» деп сұрап алады ғой. Ал оларда ондай мүлдем жоқ десем де болады. Бұл – үлкен құдыреттілік. Олар өзін тәуелсіз деп санай ма, барлық жерде тәуелсіз болғанды қалап тұрады. Өте жақсы қасиет. Мен өз студенттеріме осы қасиеттерін үнемі үлгі етіп отырамын. Шетелдік студенттер қасындағы көршісімен жарысып оқиды. Өз білгенін көршісіне айтпайды және одан озып шығуға тырысып бағады. Олар бәсекеге өте қабілетті жандар. Өзінің білімін қалайда жеткізіп, озып шығуға тырысады. Әрбір американдықтың қалтасында 3-4-тен диплом жүреді. Өмірдің талабы сол. Мәселен, университет кампусында адамдардың жүру жылдамдығы бізге жүгіріп бара жатқан сияқты көрінер еді. Әйтсе де бұл олардың өмір сүру жылдамдығы. Ғылымға, жұмыс істеуге деген құлшынысы. Олар жұмыстан қалмайды, кешікпейді, қандай істе де ешқандай ескертпе алмайтындай етіп жұмыс істейді. Міне, бәсекеге қабілеттілік. Ал егер бір шикілік байқалатын болса, олар жұмыстан босап қалады. Сөйтеді де, жұмыссыздар армиясына қосылып кетеді. Сондықтан олар жанын салып жұмыс істеуді жақсы біледі.

– Сіздің пайымдауыңызша, біз қаузап жүрген ұлттық тәрбие, ұлттық намыс қандай дәрежеде?

– Жастарға қажетті тәрбиені қазіргі заманның ағымымен байланыстыра отырып беру керек деп ойлаймын. Ұлттық тәрбие беру бізге ауадай қажет. Жастарда намыс жоқ деп айтуға болмас. Намыс ана сүтімен берілетін қасиет. Әр адамның бойында кішкене де болса намыс болады. Санаға тәлім-тәрбиенің жүйесін қалыптастыру арқылы ұлттық намысымызды жани түсуіміз қажет. Егер ұлттық тәрбие жүргізбесек, біз жаһанданудың ішінде шаң қауып, көрінбей қалуымыз мүмкін. Тәрбиелі ұлт өсіруге күш салуымыз керек. Жастардың тәрбиесі нашар деп жатады, олай емес, біздің жастар өте талантты, білімді. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген. Сондықтан жаман дей беруге болмайды. Оларды өмір өзі үйретеді. Жақсы нәрсені көбірек үйретсек, соғұрлым алға жылжимыз. Әр жаста ой бар. Жай жүрген ешкім жоқ. Елбасымыз жастарға қатты сенеді. Министрліктерге жастарды көбірек тарта­тыны да сондықтан. Бұл тәжірибелі мамандарды жоққа шығарғандық емес, олар жастардың қастарында жүріп білгендерін үйретсе, нұр үстіне нұр. 12 мүшесі сау адамға қарап отыруға болмайды. Мәселен, қазір қазақтың жігіттері үй жөндеуде ешкімнен кем жасамайды. Жеке кәсіпкерлікке мән беріп, орта бизнестің дамуына көңіл бөліп жатырмыз. Ол да жастар үшін. Жұмыс орны көбейсе, бос адамдарды жұмысқа тартсақ, ел дамуына көп үлес қосқанымыз.

– Елбасы: «…Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік Ел» идеясы» деген еді. Бұл ұғымды қалың жұртшылық қалай қабылдап жүр?..

– Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы – мықты идея. Ол біздің алдымызға қойған үлкен бағдар, үлкен меже. Әрбір ұстаз, әрбір Қазақстанда оқитын студент өзін сол жолда қызмет етуге, соны қолдауға бел шеше кірісуі керек. Қалай қолдайды дейсіз ғой? Ол, әрине, білімпаздығымен. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады», «Білім инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған. Қазақ халқының философиясы өте мықты дамыған. Әрбір сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Сондықтан, «Мәңгілік ел» идеясы – Елбасының болашаққа деген сенімі, жастарға берген батасы. «Қазақ елі» жобасына ұлт үшін адал жұмыс істесек, ұлттық құндылықтар арқылы өсіп-өнсек, әр адам өзінің ұрпағын ұлтқа тән қасиеттерімен жалғастырса, біз мәңгілік ел боламыз. Біздің тіліміз де, еліміз де мәңгілік болатынына мен бек сенімдімін.

 

Тілдік орта маңызды рөл атқарады

 

– Сізді тіл маманы ретінде қандай мәселелер толғандырады?

– Мен, негізінен, ағылшын тілінің маманымын. Өз ана тілімді өте жақсы білемін, орыс тілімен біз ғылыммен сусындадық, ал ағылшын тілі арқылы мен әлемді таныдым. Шетелдік ғалымдармен ғаламтор арқылы сөйлесемін. Мені ойландыратын мәселе – тіл мамандары қазіргі өмірге лайықты әдіспен құнды оқулықтар шығаруды қолға алса деймін. Оқулықта әлемдік деңгейдегі сұраныстар қамты­лып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің еліміздің жасап жатқан дүниесі өте зор. Мен Қазақстан орта мектептеріне арналған 250-ге жуық ағылшын тілі оқулықтарының авторы және топ жетекшісімін. Бізге «транскрипцияны неге үйретпейсіз?» деген сауал қояды. Ағылшын тілін жаңадан үйрене бастаған балаға қалай транскрипция үйретесіз? Міне, осындай мәселелер мені қатты толғандырады. Менің ойымша, қай оқулық болсын, сараптамадан өткенде сарапшының деңгейі автордан жоғары болуы керек. Бұл оқулықтың жақсаруына үлкен үлес қосады.

– Осы тұста қазақ жастарының шет ел тіліне деген ынтасы мен бейімі қандай екенін айта аласыз ба?

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында «Үш тұғырлы тіл» жөнінде айтқан болатын. Үш тілді меңгеру – қазақ жастарының болашаққа деген даңғыл жолы. Ал жастардың тіл үйренуде ынтасы өте жоғары. Өте жақсы қабылдайды. Шет тілінде таза сөйлесе алады. Әрине, оқыту процесі екіжақты процесс болғандықтан, мұғалім мен студент бір-бірімен тығыз байланыста болуы шарт. Ұстаз қазіргі заман талабына лайықты, кәсіби маман болуы керек те, студент еңбекқор болуы міндетті. Сонда ғана сапалы білім мен білікті маман даярланады. Оларға шетелдік профессорлар дәріс оқиды, сондықтан біздің студенттердің 90-95 пайызы тіл үйренуге өте бейім әрі ынталы, білім алуға құштар деп айта аламын.

– Жастардың өзге тіл тұрмақ өз ана тіліне шала білетінін жасырмаймыз. Ел тізгінін сеніп тапсыратын ұрпақтың ана тілінде сөз саптауы көңіліңізден шыға ма?

– Иә, мектепке барсақ та, балабақшадан да орысша сөйлеп жүретін балаларды көресіз. Бірақ, олар есейе келе өздері-ақ түсінеді. Қазіргі жастардың қазақшасы нашар немесе шұбарлап сөйлейді деп айту да жөнсіз. Ана тілінде сөйлейтін адам бірінші тілдік тұлға. Сол ана тілінің негізінде екінші тіл – шет тілі өрбиді. Осы тұрғыдан алғанда біздің көптеген дағдыларымыз универсальды түрде ауысып отырады. Мәселен, ана тілінде шешен сөйлеген бала, ол ағылшын тілін үйрене-үйрене дәл сол дәрежеге жақындай алады. Елімізде мемлекеттік тілге қатысты көп жұмыс істелініп жатыр. Дегенменде, тіл үйренгісі келмейтіндер «қазақ тілінде жақсы оқулықтар жоқ» деп айтады. Бұл «сыныққа – сылтау». Тіл үйренетін адам тырнақ астынан кір іздемеуі керек. Бізде оқулық та, ұстаз да жетеді. Тіл үйрену үшін жүрегіңізбен қалап, миға бағдарлама берсеңіз, жетіп жатыр…

– Алайда, тілдік орта қалай қалыптасады?

– Адамның сөйлеу мәнері, сөз саптауы ең алдымен отбасында алған тәрбиеден, қандай ортада өскеніне, бала күнінде кімді тыңдап, кімнен тәлім алғанына байланысты болмақ. Ал тілдік орта өте үлкен маңызды рөл атқарады. Кішкентай бала өмірге келгенде оған дайын тілдік орта бар. Ол тарихи орта – ата-бабамыздан келе жатқан біздің ана тіліміз. Кішкентай нәрестенің өзі жылайды, күледі. Міне, осының бәрі прототіл деп аталады. Мен 15 жыл қатарынан 2000 балаға зерттеу жүргізгенмін. «Адам баласы қалай сөйлейді және бірінші тілдік тұлға қалай қалыптасады?» деген тақырыпта зерттеу жұмысын жүргіздім. Экспери­мент жасаған балалар мен докторлық диссертация қорғағанда 15 жасқа келді. Бүкіл әлемдегі кез келген ұлттың өкілі ортаны өзінің ана тілінде тануы керек. Өз ана тілін толық өзінің когнитивтік даму деңгейінде меңгермей жатып, басқа тілді оқыту балаға жасалған қиянат болмақ. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.

– Педагогикалық университеттердің дені ауыл жастарынан құралады. Солардың ішінде қыздар көп, әрине. Қазіргі қоғамда қазақ қыздарының тәрбиесі ұлттық сипатқа сай ма?

– Қыздардың тәрбиесі мені көп ойландырады. Біріншіден, мен өзім анамын, әжемін. Сондықтан отбасындағы ананың тәрбиесі – ең басты тәрбие деп есептеймін. Мынау шет елге сатылып кеткен қазақ балаларды көргенде, менің жаным ауырады. Қаншама жәудіркөз шет ел асып кетті. Майами қаласында кішкентай бір аралда қазақтың бір қызы тұрады. Біздің елшілікте істейтін Жанар есімді қызметкеріміз сол қызға барып қайтты. Бөлмесіне Қазақстанның туын іліп қояды екен. Туған анасын көргісі келетінін айтқанда, жаңағы қызды аяп кеттім. Кейбір қыздарымыз өзін-өзі басқара алмағандығынан, ынжықтығынан осындай тастанды балаларды көбейтіп отыр. Бұл жерде тағы да отбасындағы тәрбиені айтпауға болмайды. Ананы сыйлап, әкеден қаймығып тұратын қыз бала жаман қылыққа бармайды. Ана қызымен сырлас болуы керек. «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар», «Анасына қарап қызын ал» деген қазақ халқының мақал-мәтелі әрбір жағдаятқа дайын. Қазақ текті халық, қазақ жеті атасына дейін қан тазалығын сақтаған ұлы халық. Сондықтан қазақтың ұрпағы тек қана жақсы болуға тиіс.

– Жалпы, аналар қауымына айтар ақылыңыз…

– Ана – отбасының ұйытқысы. Ана деген сөздің өзі мейірімділік. Ананың мәдениеті мен интеллектісі жоғары болғанда өзінен өрбіген ұрпақ та тәрбиелі, білімді болары сөзсіз. Көп жағдай анаға байланысты. Анасы әкенің беделін арттыру үшін ерін жақсы сыйлауы керек. Ата-ана балаларының алдында үлгі бола білсе, сол отбасында әрқашан ұлттық мәдениеттің желі есіп тұрады.

– Ер-азаматтың қандай болғанын қалар едіңіз?

– Ер азамат – ең бірінші еңбекқор, адал, азамат болу керек. Азамат деген сөздің астарында көп нәрсе жатыр. Өз ұрпағына жауап беретін айбынды әкелер қай қоғамда да беделін жоғалтпайды. Шыншыл, жауапкершілігі жоғары, отбасының тірегі, тіреуі екенін ұмытпаса. Азаматтар мансап үшін ұсақталмаса деймін.

 

Алматыны ешқандай қаламен айырбастай алмаймын

 

– Басшы болу үшін қандай мінез қажет?

– Қандай қызметте, қай салада болмасын, ең алдымен тәртіп керек. Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Басшы болу үшін талап қоя білу керек. «Тура биде туған жоқ» демекші, ең бірінші адал көшбасшы, өз ісінің маманы болуы керек. Жан-жағына шапағатын тигізіп жүру де басшыға тән ерекшелік. Ұжымның жағдайын бір-екі артқа тартатын адамдар болады ғой, сонда да оларға қолыңнан келгенше жағдай жасаған жөн деп есептеймін. Қанша оқымысты болсақ та, қанша ғалым болсақ та біз Алланың алдында бірдейміз.

– Алматы жайлы естелік айтып беріңізші…

– Алматыға 16 жаста келгенмін. Қазір Алматы ерекше құлпырып, қарқынды даму үстінде. Тек қаладағы қоқыстарды көргенде жүрегім ауырады. Алматы – жастар, ғалымдар қаласы, зиялы қауым мен элита көп шоғырланған сұлу қала. Біздің буын өкілдері Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, т.с.с. ағаларымыздың көзін көрдік. Бұл қала – менің өсіп-өнуімде, білім алуымда, әлемді қабылдауыма жетелеген әлемдегі ең сұлу қала дер едім. Алматыны ешқандай қаламен айырбастай алмаймын.

– Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз…

– Жолдасым энергетика саласында қызмет атқарады. Бір ұл, бір қызымыз бар. Тұңғышым – Жұлдыз, ағылшын тілінің маманы, тұрмыста. АҚШ-та 12 класты бітірген ағылшын тілінің маманы. Күйеу балам – Талғат, кәсіпкер. Санжар, Әйгерім, Алуа есімді жиен немерелеріміз бар. Ұлымыз – Бақыт, халықаралық құқық мамандығын ағылшын тілінде меңгерген, бүгінде Астанада қызмет атқарады. Айсұлтан, Іңкәр, Аянат есімді немерелеріміз бар.

– Бүгінгі мерекеге орай лебізіңіз…

– Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Әрбір отбасына қуаныш пен бақыт тілеймін. Деніміз сау, еліміз аман болсын. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Қазақ елі – Мәңгілік Ел жасай берсін! Мереке құтты болсын!

 

ТАҚЫРЫПТЫҢ ТҰЗДЫҒЫ:

ҰЛТТЫҚ ТАҒАМЫ ЖОҚ ЕЛ

АҚШ-тан елге қайтар кезде 10 отбасына қазақша ет асып бердім. Қамыр илегенімді көріп, дайындау тәсілін мені қоршап тұрып, қызықтағаны бар. Оларда ұлттық тағам деген жоқ қой. Ет піскеннен кейін әр сүйектердің не үшін берілетінін айтып, түсіндіріп бердім. Артынан сүт қосып, қызыл­күрең шай ұсындым. Бауырсақ пісіруді көрсеттім. Олар «Қандай тамаша елсіздер» деп таңқалды. Өйткені, олар үйлерінде тамақ жасамайды.

 

***

Жұмыс кабинетіндегі кітап сөрелерінде тізіліп тұрған кітаптарға көзім түсті. Бұл туындылар Таңат Тәңірберді­қызының көп жылғы еңбегінің жемісі. Сұхбат барысында айтқан әңгімелерінен мақтану мен асыра сілтеп мадақтауды ұнатпайтынын ұқтым. Иә, бұл — қазаққа тән қарапайымдылық, асыл қасиет.

«АҚШАМНЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

АЯПОВА Таңат Тәңірбердіқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының академигі.

Қазақстанда және шет елдерде танымал ғалым, бірнеше монографиялар, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары мен мектептерге арналған оқу құралдары және көптеген инновациялық оқу­лықтардың авторы.

1993, 2000 жылдары «Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі» медалімен, «Қазақстан Республикасында ғылымды дамытудағы еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері.

2007 жылы Ұлыбританияның «Newcastle Unіversіty», 2008 жылы «Urbana-Cһampaіgn», «Іllіnoіs» сияқты университеттердің халықаралық форумдарына қатысып баяндама жасаған.

Ата-ана балаларының алдында үлгі бола білсе, сол отбасында әрқашан ұлттық мәдениеттің желі есіп тұрады. 

Тіл үйренетін адам тырнақ астынан кір іздемеуі керек. Бізде оқулық та, ұстаз да жетеді. Тіл үйрену үшін жүрегіңізбен қалап, миға бағдарлама берсеңіз, жетіп жатыр…

Бүкіл әлемдегі кез келген ұлттың өкілі ортаны өзінің ана тілінде тануы керек. Өз ана тілін толық меңгермей жатып, басқа тілді оқыту балаға жасалған қиянат болмақ. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.

Алматы ақшамы


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 491 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 774 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика