THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
Қала көшелері
көркем, айнадай жарқырайды. «Айнадай» тазалықты аңғартса, бұл сөзді қоғамдық
орындардағы тіл тазалығына қатысты қолдана алмаймыз. Яғни, жол бойғы атауларды
айна-қатесіз деп айтуға ауыз бармайды. Көрікті көшелерге көз сүйсінеді, ал
қателерден көз сүрінеді. Тіл тазалығы – ұлт сауатының айнасы, осы айна
айғыздалмағаны абзал.
Ел болғалы
тіліміз тұғырына тұрақтап, бөгде тілдің қамытын киген қалың атаулар
қазақыланды. Алайда, артық салмақтан арылсақ та, жат тілдің жұрнағы жармасып
келеді. «Көрмейін десем, көзім бар», көшедегі емлеге сай емес жазулар
сауатымызға – сұрау белгі.
Қазірге дейін
бұл мәселе бірнеше мәрте сөз болып қозғалды, ел болып жүріп біраз олқылықтың
орнын толтырдық. Әйтсе де әлі күнге дейін осы әңгімені төңіректеп жүрміз. Бүгін
тағы қаптаған қатеден қапа көңіл қолға қалам ұстатты.
Күн сайын
жұмысқа бара жатып автобус ішінде дағдыға айналған даңғыл бойынан қаншама
қатені көзім шалады. Салтанат сарайына таяғанда аялдама атауы «Салтанат»
сарайы» деп жазылғанын байқаймын. Дұрысында салтанат сөзі тырнақшаға
алынбай жазылу керек. Мұндағы ғимараттың да, аялдаманың да аты – Салтанат емес,
Салтанат сарайы. Сондықтан «салтанат» сөзі оқшауланбай, өзі тіркескен «сарай»
сөзімен тұтастай жазылады.
Қазақ тіл
білімінің ережесі бойынша тіркескен сөздер екі не үш сөзден құралып бір ұғымды
білдіреді. Қаламызда тіркесу арқылы жасалған жаңа сөздердің қатарында Салтанат
сарайы сынды Министрліктер үйі, Парламент үйі, Үкімет үйі, Жастар сарайы, т.б.
атаулар бар. Өкініштісі, осылардың арасында Жастар сарайы көп жерде Салтанат
сарайының күйін кешіп жүр. Дегенмен, аталған екі атау өз ғимаратының
маңдайшасында дұрыс таңбаланған.
Назар аудартатын
қателердің көбін жарнамалардан жолықтырамыз. Мұндағы бірінші мәселе – қазақ
тіліне тән төл дыбыстарымыздың сауатты жазылмауы. Мысалы, Сейфуллин көшесіндегі
сауда орындарында «Сауда уйі» мен «Айгулек» деген сөздердегі «ү» және
«ө» әріптерінің екеуі де «у» әрпімен басылған.
Тағы… Қабанбай
батыр көшесінде орналасқан үлкен экрандағы алимент төлеуге қатысты «Балаңның
алдында қарыздарсыңба?» деген мәтіндегі «ба» шылауы бөлек жазылуы
керек. Жалпы, жалғаулық (-ақ, -ау, -ай), демеулік (да, де, та, те), сұраулық
(ба, бе, па, пе, ма, ме) шылауларының бірге жазылуы көп ұшырасады.
Сондай-ақ… жарнамадағы
сөйлемдердің құрылымына қарның ашады. Орысшада бәрі орынды, қазақшада мағына
қаңғып кетеді. Ағылшынша аталған мына балалар киімі дүкенінде «талғамнан
татыр киімдер» бар. «Татырға» таңдай тоздырғанша «талғамға сай киімдер»
дегені жөн еді.
«Бәйтерек» аялдамасының
картасында көрсетілген суреттегі сөзді атау ма әлде сөйлем бе, өзім де
түсінбедім.
Қысқарған сөздің қыстырмасы көп
Тілде айтуға қолайсыз шұбалаңқы сөздер қысқартылып
қолданылады. Қысқарған
сөздер – екі немесе одан да көп сөздің қысқартылып берілуі. Бұл сөздердің
жасалуының бірнеше жолы бар. Бастысы, бас әріптерімен белгіленетін ұғымдарға
тоқталсақ.
Қаламызда
Халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Ол «ХҚКО» деп қысқартылады.
Ал, орысшада жай ғана «ЦОН» және жұртқа ұғынықты. Негізі, бұл тіркескен төрт
сөз үш әріппен қысқартылып жазылады. «Қызмет көрсету» деген еркін сөз тіркесі
жалғыз «Қ» әрпімен белгілену керек. Себебі, екі сөз тіркесіп бір мағына береді,
яғни, «қандай?» деген сұраққа жауап береді. Сонда, дұрыс нұсқасы – ХҚО.
Енді екінші
айтпағым – Сауда ойын-сауық орталықтары. Шаһардағы «Ханшатыр», «Керуен», «Азия
парк», «Мега», «Сарыарқа» – бәрін де СОСО деген тіркеме бар. Мұнда да
жоғарыдағы жағдай. «О» әрпімен «ойын-сауық» қысқартылса, «СОО» деп жазылады.
Біріккен сөзде
бірлік жоқ
Иә, бірлік жоқ.
Қанша біріктірсек те, бөлініп кете береді. «Бөлінгенді бөрі жейді». Жат тілдің
жетегінде жем болғанымыз жетер, бірігем деген сөздің бөліп берекесін қашыра
бермейікші осы?!
Кейінгі кезде
біршама бірігу тәсілі арқылы жасалған жаңа сөздер сөздік қорымызға қосылып,
тілімізді байыта түсті. Сөзжасам ғылымындағы өнімді сөз жасаушы техниканың бірі
– бірігу тәсілі.
Біріккен сөздер
дегеніміз – бір немесе бірнеше сөздің бірігіп бір мағынаға ие болуы. Бұл
сөздерді білесіздер, мысал келтірудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
Айтайын дегенім – бөлек жазылып жүрген біріккен сөздер жайы.
Қонақүй. Қаладағы
қонақүйлердің барлығында десем болатын шығар,
төбесіне «Қонақ үй» деген басы бөлінген «құс» қонақтап алған.
Бірен-саран ғана «құстың» дені – сау.
Мекенжай. Мұнда
ажырағысы келіп тұрған қос жұбайдың арасын «дефис» дейтін жалғыз үміт жалғап
тұр. Әлеуметтік желіде, баспасөз бетінде, теледидарда,
жарнамада «мекен-жай» деген жазуды көп байқаймыз.
Жанұя. Мекенжайдың
мұңы мұнда да. Бәлен жер, түген жер демей-ақ қояйын. Осы суретте, Сарыарқа
көшесінен ғана кездестірдім «Жанұя» есімді бұл бейбақты. Тіпті, орыс
тіліндегі «семьяның» баламасы ретінде алынған осы атауды қолданудың өзі – лексикографиялық
сауатсыздықтың шалығы. Өйткені, оны 1993 жылы Мемтерминком «отбасы» деп
қазақшалап, бекіткені мәлім. Ал, «жанұя» сөзі – теологиялық мәні бар,
эзотерияға табан тіреген ұғым.
Біріккен сөзге
қатысы жоқ болса да «Встреча» сауда үйі маңындағы тұрғын үйдің төбесіндегі
«Бірігіп саламыз!» деген сөз де бірігуге құлқы жоқ. «1000 бірліктің бірін алса,
нөл қалады» деген сияқты бұл сөздегі бірі жоқ «…ігіп
саламыздың» мағынасы да нөл.
P.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Абай атамыздың сөзін сәл өзгертіп айтсақ, сөз түзелді, жазушы, сен де түзел. Жазғанда жұрт жазғырмайтындай түзу жазайық, ағайын!
astana-akshamy.kz
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ