КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Депутаттар – халықтың биліктегі өкілі. Халық өз талап-тілектерін, қоғамдық мәселелерін дәл осы өкілдері арқылы үкіметке жеткізе алады. Алайда, сайлаудың алдында уәдені үйіп-төгіп, мақсатына жеткеннен соң халыққа пысқырып та қарамайтын депутаттар біздің елімізде жоқ емес. Шынын айту керек, тәуелсіздік алғалы бері бірнеше рет таратылып, бірнеше рет шақырылса да біздің парламентіміз бір жөнге келіп, үкіметке жоғары деңгейде ықпал ететіндей үлкен бір саяси күшке айнала алмай отыр. Саны бар да сапасы жоқтығынан олар көптеген мәселелерді шешуде қауқарсыздық танытуда. Бір ғана мысал, мәжіліс депутаттарының 60%-ы өздерінің депутаттық сауалын ресми тілімізде жолдаудан жалықпай жүр. Депутаттарымыздың көп бөлігінің бұлай мемлекеттік тілден кері кетуі жалпы халқымыздың қазақ тілінен бас тартуына алып келуі мүмкіндігі де жоғары. Дегенмен, өз антына адалдық танытып, парламентте болсын, басқа жерде болсын мемлекеттік тілдің дамуы үшін барын салып, тер төгіп жүрген депутаттарымыз да бар. Олардың көшбасында Парламент мәжілісінің депутаты, тілжанашыры Оразгүл Асанғазы тұр. Тілімізді қызғыштай қорып, оның мәселесін шешу үшін тынбай еңбектеніп жүрген тіл сақшысы туралы насихаттау біздің міндетіміз.
«Ана тілін білмей тұрып, өзге тілді меңгеру – барып тұрған күнә». Дәл осы сөзді осыдан бес жыл бұрын Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болған «Ана тілім – дана тілім – бақ тілім» атты тіл апталығының ашылу салтанатында сол кездегі Астана қаласының Тіл басқармасының бастығы болып жүрген, бүгінгі депутат Оразгүл Асанғазы айтқан болатын. Бұл нәпісісінен жаңылысып, мемлекеттік тілді менсінбей жүрген біршама саясаткерлеріміздің санасына жебедей қадалып еді. «Аллаһ тағала адамды белгілі бір ұлттың перзенті етіп жаратады. Ал сол ұлттың тілінде сөйлемеу, оның тілін менсінбеу – Аллаһқа жасалған қиянат. Осыдан кейін адамның мешітке барғаны, құрбандық шалғаны, ораза тұтқаны – бәрі-бәрі текке істелген әрекет болса керек. Себебі, ол Жаратқанға жаратылысымен қарсы болып тұр. Ана тілін білмей, өзге тілді меңгеру – барып тұрған күнә», – деді Оразгүл Асанғазы. Бүкіл БАҚ басқарма бастығының бұл сөзін іліп әкетіп, мемлекеттік тілге менмендік танытып жүрген саясаткерлерді сынға алады.
Шенеуніктерге күні-түні тынбай, қазақ тілін меңгеруге үндеп жүрген де депутат Оразгүл Асанғазы. «Күлтегін бабамыз айтады: «Күн ұйықтамадым, түн ұйықтамадым, кедейді бай қылсам деп», күн ұйықтамаңыздар, түн ұйықтамаңыздар, қазақтың көсем, шешен, бейнелі көркем тілін өздеріңіз билікте сөйлетіңіздер! Құжат жөнінде, басқа жөнінде қиын болатынын білемін. Бірақ дауға айналдырмай, белді буып, қазақ тілін меңгеріңіздер», – дейді ҚР Президенті Іс басқармасының мемлекеттік кәсіпорындары жиналған отырыста. Депутаттың сөзінше, жұмыстарында қазақша сөйлейтін адамдарға жол ашу керек, қазақ тілі биліктің тілі болуы шарт. «Сіздің мекеме, сіздердің бастауыш ұйымдарыңызда кез келген жаза алатын адам өзінің ана тілінде жазсын, жиналыста өзінің ана тілінде сөйлесін. Халықтың күтіп отырғаны осы. Мысалы, Мәншүк пен Әлия 18 жастарында «Мен Отанымды қорғаймын» деп қару ұстап, соғысқа барды. Төбесінен бомба жарылып, баратын жері сыз болды. Қазір біздерге жылы кабинеттерде отырып, өз ана тілімізде сөйлеу қиын емес қой. Сіздерден күтілетіні осы. Егер сіздер сөйлемесеңіздер, Президенттің айналасында жүрген адамдар сөйлемесе, кім сөйлейді бұл тілде. Мен білемін – қиын, орысша оңай, бірақ біз қазақ тіліне ауыстыруымыз керек», – деп қадап айтқан болатын тіл жанашыры.
Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, тіл жанашыры, Құрмет орденінің иесі, Еңбек қайраткері Медалінің иегері Асанғазы Оразгүл 1952 жылы 22 ақпанда Жамбыл облысы Шу ауданының «Ақтөбе» ұжымшарында туған екен. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын үздік бітірген (1973), физика пәнінің мұғалімі. «Керегем саған айтам» кітабының (1998); мемлекеттік тіл саясаты туралы, оны ендіру, қолдану туралы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі, ұлттық дәстүрді сақтаудағы тілдің рөлі туралы, отбасының, әйелдің қоғамдағы рөлі туралы, жарнама туралы, «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңына және «Әкімшілік құқық бұзулар туралы» ҚР Кодексіне өзгертулер енгізу туралы 53 мақаланың авторы екенін білдік.
Өз тіліңді жақсы көру үшін тіл маманы немесе әдебиетші болу шарт еместігі белгілі. Ұлтын өлердей сүйген адам оның тілін де, ділін де, дінін де, салт-дәстүрін де жүрегіне сақтай алады. Қайда жүрсе де, қай жерде жұмыс істесе де, тілге қызмет қылудан жалықпайтын Оразгүл Асанғазының басқа да депутаттарға үлгі боларлық көптеген істері бар. Тоқсаныншы жылдары жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, олар мемлекеттік тілдің елімізде салтанат құруы үшін хал-қадарынша еңбек етті. Сол белсенділердің ішінде кейіпкеріміз Оразгүл Асанғазы да бар еді.
Ана тілді құрметтеген, сөздің қадірін білетін отбасында Оразгүл Асанғазы тәрбиеленеді. Әжесі арабша сауатты болып, қиссалар мен жыр-дастандарға деген сүйіспеншілігі керемет болған көрінеді. Өзі шешен кісі болыпты. Кейіпкерімізді сөз әлеміне баулып өсірген сол әжесі. Кейіннен оқу бітіріп келіп тоқсаныншы жылдары Шымкент облыстық партия комитетіне қызметке кіреді. Оған дейін сол облыстың Бәйдібек ауданында үшінші хатшы, екінші хатшы болып, кейінірек атқару комитетін басқарады. Сол кезден бастап қазақ тілі үшін белсенді жұмыс жасай бастайды. Мәселен, Бәйдібек ауданына алғаш барғанда аудан халқының 97 пайызы қазақтар, 3 пайызы күрттер бола тұра, елдімекендердің атауы Орловка, Китаевка, Михайловка, Красная нива т.б. орыс тілінің ізімен кете береді. Шын мәнінде, бұл ауданда орысты іздесең таппайсың. Оразгүл Асанғазы бұл орысша атаулардың тарихын зерттесе, Столыпин реформасынан кейін жер ауған келімсектерге «барған жерлеріңде өздеріңнің ата-бабаларыңның аттарын қоя беріңдер» деп арнайы тапсырма берілгенін білген. Содан қалай атқару комитетінің төрайымы болды, бірден кіріскені және істеген жұмысы – 36 елдімекеннің атын қазақшалауы болған. Бұл, шын мәнінде, өте үлкен жұмыс еді.
Одан кейін Шымкентке барғанда қаптаған орыс мектептеріне душар болады. Сол кездегі қаланың басшылары – Тшанов бар, басқалар бар, бәрі бірге болып бітірген ең негізгі жұмыстары – Шымкенттегі көшелер мен мектептерге Алаш арыстарының есімдерін бергізуі. Алаш арыстарының ұл-қыздарының барлығымен мектеп оқушыларының кездесулерін ұйымдастырғанда, Арыстардың ұрпақтары тірліктеріне риза болғандықтары сондай, көздерінен жас парлаған екен.
Елордамыз Астана қаласының Тіл басқармасының бастығы болып жүрген уақытта да ерен еңбегімен танылған Оразгүл Асанғазықызының ел арасында беделі зор. Басқарма бастығы қызметін атқарып тұрған уақытта еліміздің бас қаласында ашылған мектептер мен балабақшалардың барлығы да тек мемлекеттік тілде ашылыпты. Тіл сақшысының ерен еңбегі туралы әңгімелейтін болсақ, Оразгүл Асанғазықызы ата-аналар арасында қазақ мектебін бітіріп, үлкен жетістікке жеткен отбасыларды дәріптеуді қолға алады. Мәселен, кезінде Астанада №38 мектепті ашу кәдімгідей проблема болған екен. Сол уақыттағы қала әкімі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков осы оқу ордасын қазақ мектебі етіп ашам дегенде, Алматыдан келген 47 қазақ ата-ана қол қойып, «мына мектебіңді орыс мектебі жаса, болмаса аралас мектеп жаса. Қазақ мектебінде білім жоқ, біз баламызды қазақ сыныбына бермейміз» деп қарсылық білдіріпті. Сенсеңіз, шағымданған ата-аналардың барлығы да түгел қазақтар. Сол уақытта Сарыарқа ауданы әкімдігінде Өнербек Құрамысов деген жігітпен бірге кейіпкеріміз Оразгүл Асанғазықызы табандап жүріп, әлгі мектепті ақыры қазақ мектебі етіп аштыртады. Қазір сол №38 мектеп балалардың үлгерімі, тәртібі, барлық бағыттар бойынша алғашқы орында. Бұл дегеніміз, қазақ мектебі туралы ата-аналардың ой-пікірі дұрыс шықпағанын білдіреді. «Марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыздың немересі сол №38 мектепте оқиды екен. Ахаң да сол мектепте арнайы топ ашыпты кезінде. Кейін ағамыз дүние салғанда сол мектептің оқушылары шақыртусыз-ақ келіп, «Аға, сіз айтып кеткеніңізді біз жүзеге асырамыз» деп тұрып сөйледі. Міне, қазақтың балалары қандай?! Пиғылын үлкендер түзесе балалар дегеніңіз балауса шыбық емес пе, майыстырғаныңызға көнеді ғой» - дейді Оразгүл Асанғазықызы өз сөзінде.
Елордамыз Астана қаласында өзге ұлттықтардың қазақ мектебінде оқу жиілігі артуда. Бұған идеологиялық түрде өз үлесін қоса білген де Оразгүл Асанғазықызы. Бұл туралы ол: «Астанадағы қазақ мектептерінің елордадағы көрсеткіші орыс сыныптарынан оқ бойы озық, яғни Астана қаласында кез келген ата-ана, кез келген ұлттың өкілі өз баласын қазақ мектебіне бере алады, беріп те жатыр. Мысалы, 49-шы мектепте Ангелина есімді қызымыз оқиды. Оның әкесі де, шешесі де бірауыз қазақша білмейді. Бірақ Ангелинаның өзі оқу озаты, домбырада ән салады. 40-шы мектепте Иван деген бала қазақшаға судай. Осы балаларды қазақшаға үйреткен мұғалімдерге мың да бір рахмет», – дейді.
Парламент. Мәжіліс. Мұнда да мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін көтеріп, тіпті бір ауыз қазақша білмейтін өзінің әріптестерін сынап жүрген Оразгүл Асанғазықызы: «Парламент халықтың бір көрінісі. Мұндағы тілдің ахуалы ең бірінші ұлттық құрамға байланысты. Қазақтардың өзі толығымен қазақша сөйлемей тұрған кезде, өзгелерден оны қалай талап етеміз?! Ол жағы әркімнің санасына байланысты. Ұлты қазақ бола тұра, орысша сөйлеп жүргендер бар. Ал В.Рогалев сияқты депутаттар қазақша сөйлеуге тырысып-ақ жүр. Сондықтан, ол үшін белгілі бір уақыт керек деп есептеймін. Мәжіліс депутаты Оразгүл Асанғазы: «Мемлекеттік тіл тұғырына қонғанша, ешкім шаршамауы керек. Шынын айтсам, Мемлекеттік тілді мәселе етіп көтеру ыңғайсыз. Бұл әрбір қазақ боп туған азаматтың парызы. Мемлекет, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин 1923 жылы «Кеңсенің тілі қазақ тілі болмай, іс оңбайды» деген», – деп сөзін түйіндейді.
Өркениетті елдерде тілге қатысты заң талабын жүзеге асыруды бақылайтын, талап ететін, жүзеге асырылуына кедергі жасайтындарды, орындағысы келмейтіндерді жазалауға да құқы бар құрылымдар бар. Мысалы, Қытайда «Тіл жазу комитеті», Францияда «Тіл полициясы», Латвия, Эстония елдерінде «Тіл инспекциясы» және т.б. құрылымдарды айтуға болады. Елімізде де «Тіл полициясын» құру мәселесін ерекше көтеріп жүрген де дәл осы депутат апамыз.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңымызды орындатуда тетіктердің мардымсыздығын Оразгүл Асанғазықызы мойындайды. Біздегі тіл саясатының солқылдақтығынан мемлекеттік тіліміз өз мәнінде тиісті биігіне жете алмай отырғанын ол айтады. Өкінішке қарай, мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі бола алмай келеді. «Мысалға, жол ережесін сақтау мәселесін алайықшы, Әкімшілік кодексіне өзгерту енгізу арқылы барлық көлік жүргізушілерді бір сәтте қауіпсіздік белдігін байлауға мәжбүр еттік. Заңды (Ережені) бұзып көріңіз, Жол полициясы қызметкері хаттама толтырып, бес айлық есептік көрсеткішке тең көлемде айыппұл төлеуге мәжбүрлейді. Бұл белбеу тәнді қорғаса, Тіл рухты қорғайды емес пе?.. Тіл туралы заңды мойындағысы келмейтіндерге де осы сияқты хаттама толтырып, кінәсі үшін айыппұл төлететін құзырлы орын, лауазым иесі болуы қажеттілік. Әзірге қолданыстағы «Тіл туралы» заңды орындамағандарға қатал жазалау шарасын қолданған мысалдарды ауыз толтырып келтіре алмайсыз. Қалай аталатыны маңызды емес, бірақ мемлекеттік тіл қолданысын, заң талаптарының орындалысын қадағалай алатын ереже, заңдылық бұзылған жағдайда жеке тұлғаларға немесе мекеме басшыларына, лауазым иелеріне айыппұл сала алатын құзырлы құрылымдар болуы керек екені даусыз» - дейді ол, «Тіл полициясын» құру керектігін қолдап.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика