THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
Бүгінгі күні Қазақстанда 252 электронды БАҚ, 146 теле-радиокомпания, 88 телекомпания, 58 радиокомпанияның, 98 кабельдік оператор, 1364 газет жұмыс істеп жатқаны мәлімделіп жүр. Біздің сөз етпегіміз, журналистер тарапынан кетіп жатқан қателіктер. Сөздердің орынды жұмсалуы, дұрыс тіркесуі, аудармалардың дұрыс қолданылуы – тілдің сақталуы мен дамуына тікелей әсер етеніні анық. Дәл қазіргі уақытта газет беттерінен журналистер тарапынан жіберілген стилистикалық, пунктуациялық т.б. қателіктерді жиі көреміз. Мысалы, «Түркістан» газетінің электронды нұсқасының нөмірі 31-32 санында жарық көрген «Керекудегі қазақша күрес» атты мақаладағы мынадай бірнеше қателіктерді айтуымызға болады:
1) «Сондай-ақ 4-10 орындарды иеленгендерге де сыйақы үлестірілді деп шешілді». Cөйлем соңындағы «үлестірілді деп шешілді» деген тіркеске қарайық. «Үлестірілді» және «шешілді» етістіктері де бір формада, тиянақталған күйде тұр. Екеуі де негізгі етістік формасында. Күрделі етістік болуы үшін біреуі көмекшілік қызметті атқаруы тиіс. Дұрысы «үлестіріледі деп шешілді» болуы керек. Сөйлемді оқысаңыз логикалық байланыс та жоқ. Үлестіріліп қойған затқа шешім қабылдай алмаймыз.
2) «Қазақ: «Күш атасын сыйламайды» деп бекерге айтпаған болар». Мақал-мәтелдердің құрамындағы сөзді ауыстырып қолдану – үлкен қателіктердің бірі. Себебі, мақал-мәтелдер дегеніміз құрамындағы сөзді өзгертуге келмейтін, солайымен тұтас қалпында жұмсалатын тізбек. «Күш атасын танымайды» деген мақалдың құрамындағы «танымайды» сөзін «сыйламайды» сөзімен ауыстырып қолданған.
3) «Ал Б.Ыстыбаев сылбыр қозғалып қарсыласы кубалық палуаннан аямай ұтылды». «Аямай ұтты», «аямай ұрды», «аямай жеңді», «аямай жықты» деген сынды тіркестерді білеміз, ал енді «аямай ұтылды» деген тіркестің мағынасы Б.Ыстыбаев кубалық палуаннан ұтылу үшін аянбады, әдейі жеңілді дегенді білдіреді. Журналист бұл жерде «оңбай ұтылды» тіркесін қолданса орынды болар еді. Яғни сөздер мағыналық жағынан дұрыс тіркеспеген.
«Жас алаш» газетінің электронды сайтында 2014 жылдың 28 қазан күні шыққан санында «Қорапқа тасталған бала жетімектердің санын еселеп көбейту емес пе?» деген тақырыппен мақала шыққан. Біздің назарымызға іліккені «жетімек» сөзі. Автор жетім балаларды кемсітіп, жақтырмаған сыңай танытып тұрған сияқты көрінеді. 2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасында» -ек жұрнағы кемсіну мәнін білдіретін жұрнақ деп көрсетілген. Автор бұл жерде сөз үнемдеу мақсатында «жетімек» сөзін қолданған болуы керек. «Жетімек» сөзінің орнына «жетім балалардың» деп қолданған орынды сынды.
«Түркістан» газетінің 16 қазан 2014 жылы жарық көрген санында газет тілшісі Е.Жұматаева «Бәрі де сұранысқа тіреледі» деген мақаласында: «Машина жасау саласы өнімдеріне сұраныстың төмендеуіне дайын болуға тура келеді. Бұл турасында ҚР Премьер- министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан машина жасаушыларының ІІ форумы барысында тоқталды,» - деп жазады. Соңғы сөйлемдегі «турасында» сөзі мен сөйлем соңындағы «тоқталды» сөзі предикаттық қатынас жасап тұрған жоқ, яғни сөйлемнің бастауышы мен баяндауышы қиыса байланысып тұрған жоқ. Әрине «турасында» сөзі бұл жерде бастауыш емес, екіншіден – ол диалект сөз. Бастауыш – «бұл» сөзі, «турасында» сөздерді байланыстырушылық қызметте шылау орнына жұмсалып тұр. Шылау орнына дегеніміз тілімізде «турасында» деген шылау жоқ. Дұрысы – атау септіктен кейін келетін «туралы, жайында» шылаулары.
Тәуелсіздік алғанымыздан бері қазақ тілі қарқынды дамып келеді. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде орыс тілінде қолданылған сөздер қазақшаға аударылды. Баспасөз беттеріне қарап отырсақ кейбір қазақ журналистері бұл жағдайдан бейхабар сынды. Олай деуіміздің себебі, «Түркістан» газетінің тілшісі Ж.Баққандыұлы өзінің 2014 жылдың 16 қазанында жарияланған «Канададағы көрме» деп аталатын мақаласында былай дейді: «... Ресейде өткен «Медиабренд» халықаралық конкурсында үздік проморолик ретінде жеңімпаз атанған «Төрлет, Наурыз!» имидждік бейнеклипі енген болатын. Аталған бейнеклип халқымыздың ұлттық дәстүрлері мен заманауи бейнені сәтті үйлестіре алды». «Конкурс» сөзінің «байқау» болып қазақшаланғаны қашан?! Аталмыш сайттың 2014 жылдың 14 қарашасында жарияланған Нәзия Жоямергенқызының «Медиа құрылтай: қазақ болггерлері – ықпалды күш пе?» деп аталатын мақаласында да осы жай. «Жуырда ғана Интернеттегі белсенді топтың бір бөлігі Қазақстанның Блоггерлер альянсын құрғаны мәлім» деген сөйлемде «ғаламтор» деген қазақша сөз бола тұра «интернет» сөзін қолданған.
Газет беттерінде пунктуациялық қателіктер де кездеседі. «Түркістан» газетінің аталмыш санында Арман Әубәкір «Тамшылатып суғару – мақта табысының кілті» деген мақаласында «Салдар Жамалов өзінің саналы ғұмырын мақта шаруашылығына арнаған кісі, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген азамат» деген сөйлемде пунктуациялық қателік бар. Ол – бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша. Сөйлемнің бастауышы «Салдар Жамалов» және баяндауышы болып тұрған «азамат» сөзі бір сөз табынан болғандықтан бастауыштан кейін сызықша қойылуы тиіс.
Қорыта айтарымыз, мемлекеттік тілдің дамуына әр азамат үлес қосуы керек. «Газет – халықтың көзі һәм құлағы» деп бекер айтпаған болар Ахмет Байтұрсынов. Қалың оқырманның назарына ұсынып отырған ақпараттың дұрыс жетуі үшін оның тіліне, мән-мағынасына баса назар аударып, аса ұқыптылық таныту қажет. Тілшілер қауымы тарапынан осындай қателіктер жіберілмеуі керек. Газеттегі қателер тіліміздің дамуына кері ықпал ететіні сөзсіз. Қарапайым оқырман үшін газет-журналдарда жазылған сөздер дұрыс, қатесіз нұсқасы болып саналатынын ұмытпауымыз тиіс. Әрбір журналист дұрыс жазылған дүниесі арқылы оқырманын сауаттандыратынын, керісінше жағдайда шатастыратынын білсе керек-ті?!
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ