КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Коммунистік империялық саясаттың салдарынан жетпіс жылдың ішінде жетпіс ұрпақ орыстілді болып шыққаны ана тіліміздің аясын тарылтып, қолдану қабілетінен айырып жіберуге шақ қалғаны бәрімізге белгілі. Сол жетпіс ұрпақтың балалары қазірге дейін орыс тілінен айрылар емес. Сол қасіретті жойып, ана тілімізді қалпына келтіру үшін күресіп жатқан ісіміз әлі мықтап өріс ала алмай жатқаны аздай, енді сол әуезді, әдемі әрі өте бай тілімізді бүлдіріп, нағыз қазақы таза сөзімізді бұрмалаған тілбұзарлықтың өршіп, дендеп бара жатқаны жаныңа батады. Қазақ сөзінің мән-мағынасын білмей, тіпті білгісі де келмей, қисық сөздерді жазып жүрген көбіне-көп журналистер. Бұлардың қатарына тіпті кейбір жазушыларды, ақындарды, ғалымдарды да жатқызуға болады.
Қазақ сөздерін түсінбей, қалай болса солай жазып жүргендерді кезінде атақты да ардақты журналист Әбдуәли Қарағұлов, білгір журналист Бекболат Әдетов аттарын атап тұрып, қателерін көзіне шұқып тұрып сынап еді («Егемен Қазақстан», 2007 жыл). Амал не, сол сындарды ескеріп, қателерін түзетіп жүрген журналист жоқ! Енді сол тілбұзарлық, қате сөздерден мысал келтірейін:
1. «Ана тілі» 2005 жылғы мамырдың 26-сы. Тақырып: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» (?) деп жазды.
2. «Ана тілі» 23-29 ақпан 2012 жыл. «Ән-бұлбұл көмейіне ұя салған» деген мақалада «Алмас қылыш қын түбінде жатпайтыны секілді» деп жазды Мейрамгүл Орашева.
Бұл мүлде дұрыс емес! Өйткені ол қылыш туралы емес, ол: «Алмас пышақ қап түбінде жатпайды!» деп айтылады. Дұрысы сол! Енді қылыш тұралы: біріншіден, қылыш алмастан жасалмайды, екіншіден, қылыштың қабы қын емес, қынап! Қын пышақтың, кездіктің қабы. Бір метр қылыш бір қарыс қынға қалай сияды? Міне, білмей, білуге де талпынбай жаза салу деген осы.
3. Айта-айта, сынала-сынала жауыр болған сөз «туылды» сөзі. «Айқын» 13 тамыз 2011 жыл: «Солақайлардың жазығы не?» деген мақалада «туылады екен» деп екі рет жазған Нұрболат Аманжол.
4. «Айқын» 9 тамыз 2011 жыл. «Оңтүстікте неке агенттіктері» деген мақалада «Үндістанда 100 қызға 112 ұлдан туылады» екен дейді Әйгерім Бақытқызы. Ешбір сөздікте «туылды» сөзі жоқ. Елдің бәрі туды дейді.
5. «Жас Алаш» 23 желтоқсан 2010 жыл. «Қызының атын Азиада қойды» деген хабарда «Ал сәби туылған күні», «Саммит қарсаңында туылған» деп жазды.
Осы туылу туралы Бекболат Әдетов 2007 жылы «Егемен Қазақстанда» былай деп жазып (сынап) еді: …«Мысалы, мұнайға бай араб елдерінде бала туыла салғанда-ақ оның есеп шотына 300-500 мың доллар салынады» деп жазады Жұлдыз Әбділда. Сөйте тұра «тууы туралы куәлігі» дейді. Онда неке «туылуы туралы» деп неге жазбайды? деп сынады Әбекең.
Осы туылды сөзінің орынсыз, жөнсіз екені туралы мен де жазғанмын («Ана тілі» 17-23 маусым 2010 жыл). Онда мен филология ғылымдарының докторы профессор Сейдін Бизақовтың «туылды» сөзін қорғап, сол арқылы қазақ тілін байытпақ болғанын сынаған едім. Одан кейін Төрежан Мәндібай деген азаматтың мына керемет сөздерін келтірдім: «Қазақта «туылған» деген сөз болмаған. Қазақта «туған», «өлген» деген сөз бар. Егер туғанды –«туылған» десек, «өлген» «өлінген» болады ғой. Қашан өлгенді өлінген деген? «Өлінген» сөзі «туылған» сөзінің ерсі екенін дәлелдеп тұр». Бұдан артық қандай дәлел айтуға болады? Әдетовтің де, менің де мақалаларымыз республикалық газеттерде жарияланды. Амал қанша, оларды оқып, қаперіне алып жатқан жан жоқ.
6. «Орын алды» деген сөзді қазір барлық газеттерде, барлық журналистер жөнсіз, қисынсыз қолдануды мықтап қолға алған сияқты. Бұл сөз «Егемен Қазақстан» газетінің «Шарайна» айдарында жиі жазылады. Мысалы, «Егемен Қазақстан» 4 тамыз 2012 жыл «орын алған осы табиғаттан»…, «Су тасқыны орын алмай тұрған шақта»…, « Ағаджан Абиев бокс турнирінде орын алған судьялық даудан кейін»…, Мәмед Абдулғалимов ойынында орын алған»… деп жазды.
7. «Айқын» 30 қазан 2009 жыл. «Павлодарда оқушылар уланып қалды» деген мақалада: «оқиға жергілікті уақыт бойынша 10 сағат 53 минутта орын алған», …Атап айтқанда карбит пен кальцийдің өзара химиялық араласуынан жарылыс орын алған, деп жазады Жомарт Молдахметұлы. «Орын алғаннан» басқа сөз жоқ па? «Жарылыс болды» деп неге жазбайсыңдар? «Газ жарылды» деп «жарылысты» айтпауға да болады ғой. Жоқ, біздің журналистер әдейі іздеп жүріп «орын алғызады»!
8. Талдықорғанда шығатын «Алатау» газеті: 2013 жылғы 24 қаңтардағы санында: «Кейінгі жылдары ақ мақтадай арулар шатаққұмар, топ-топқа бөлініп алып төбелесіп жүр» деп жазды. Сол нөмірде «онсыз да шарадай басы шақшадай болып жүргендер»…деп жазды. Қазақта «әйелдер төбелесті» демейді, «жұлысты» дейді. Мақал дұрыс жазылмаған. Бұл жерде алақандай насыбай шақшаның еш қатысы жоқ. Дұрысы : «Шарадай басы шапшақтай болды!». Өйткені қиналып, күйзелген кісінің басы (шарадам) шапшақтай болды» деп айтады. Ол басы үлкейіп кеткендей болғанын білдіреді. Шапшақ деген үлкендігі шелектей ағаш ыдыс. Ертеректе оңтүстік қазақтары жиі қолданған. Оған айран, ашыған тары көже құйып ұстайтын.
9. «Егемен Қазақстан» 1 қараша 2012 жыл: «Тұтастай алғанда дауылдан көз жұмғандардың саны 110 адамға жетті. «Егемен Қазақстан» 13 маусым 2013 жыл «Жер бетіндегі ең қарт тұрғын көз жұмды» («Шарайна» айдары).
Жалпы «Егеменнің» «Шарайна» айдарын дайындаған журналист көп қате жібереді. Басқа мақалаларда ондай қате көрінбейді.
«Көз жұмды» деп өлген адамды айту дұрыс емес. Өйткені адам өлгенде көзі ашық қалады. Қазақта мынадай сөздер де бар: «Өлген адамның көзін тірі адам жабады, тірі адамның артын өлі ашады». Біздің жазғыш журналистер өлген адамды неге «өлді» деп жазбайды? Данышпан Абай інісі Оспан өлгенде де, баласы Әбдірахман өлгенде де «өлді» деп жазды ғой, Оспан өліміне:
 «Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай» десе, «Әбдірахман өліміне» деп 7 рет жазыпты. Сонда Абай інісі мен баласының өлімін «Көз жұмды» деп неге жазбаған? Өйткені атам қазақ, өмір бойы өлгенді «өлген» деп атап келеді. Ал қазір біздің пысықай журналистер «өлді» деп айтудан «ұялып», «көз жұмды» деп соғып жүр. Егер «көз жұмды» дегің келсе қазақ атам «мәңгі көз жұмды» деген. Сендер «мәңгі» сөзін неге жазбайсыңдар?
10. «Жетісу» газеті, 19 қазан 2013 жыл: «Ел мүддесін көздеп, жарғақ (?) құлағы жастыққа тимей» деп жазды, авторы көрсетілмеген. Бұл дұрыс емес. Қазақ «жар құлағы жастыкка тимей» деуші еді. Сол жарға теңеген асыл құлағы енді жарғақ болыпты.
Жарғақ – жас құлынның, қозының, лақтың жүні қырылған жұқа, кепкен терісі, тулақ. Бұл да сол сөздің мағынасын түсінбей, ойына келгенін жаза салудың салдары.
11. «Жас Алаш» 29.10.2013 жыл. «Енді бұдан былай, қарттардың, балалардың, мүгедектердің баспанасыздық мәселесін ешкім де сөзбұйдаға салмайды» деп жазды. «Сөзбұйда» емес, «Созбұйда». Бұйда деген түйені жетелейтін ұзын арқан. Оны созып түйе жетектейді. Ол ұзын болған соң созыла береді Мәселені тез шешпей, уақытты соза бергенді «Соз бұйдаға салды» дейді. Бұл жерде сөздің еш қатысы жоқ, мәселе сөзде емес, істе. Оны тез шешпегендікте.
12. «Егемен Қазақстан» 25 сәуір 2014 жыл. «Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Күлбарам Баязитова мақаласында «мұхиттың арғы жағынан 200 бас (?) абердин-айгус тұқымдас тайыншалар сатып алды. Оның саны қазір 200 басқа (?) жетті» деп жазды. Одан соң «ол қосалқы шаруашылықтардың мал басын (?) көбейтуге деген» деп тағы жазды. Сонда ғалым ханым қазақ малдың басы емес, санын есептейтінін білмегені ме? Ол кісі тіпті «басын көбейту» деп соқты. Күлкілі жағдай туады: малдың түгел өзін емес, тек басын көбейту деген мағына туады! Біз кейбір журналистердің «екі шылбыр, бір тізгін» дегеніне күліп едік, мынау одан да асып кетті! Ғалым адамға бұл үлкен ұят емес пе?!
Тағы сол «Егеменде» (13 ақпан 2014 жыл) «Қос бағыттағы құс фабрикасы» деген тақырыптың астында 2.531410 бас (?) бройлер тауығын өсіруде» деп жазды Нұрбол Әлдебаев.
Осы «бас» деген сөз мал мен құс туралы барлық газеттерде жазылған мақалалардың бәрінде қаптап жүр. «100 бас қой», «50 бас сиыр», «30 бас жылқы», тіпті «бір бас түйе де» бар. Мұның бәрі мүлде қате. Бұл орыстың «100 голов овец», «30 голов лошадей» деген сөздеріндегі «головтың» аудармасы. Қазақ «100 қой», «50 сиыр», «30 жылқы» деп тек санын ғана айтады. Бұл дегенің малға бесінші аяқ таңғанмен тең.
Қазақ сөзін түзетіп, өзіміздің төл сөздерімізбен жазуды біздің тым өзібілермен журналистеріміз қашан үйренеді?
13. «Жас қазақ» 22 тамыз 2008 жыл. Тақырып; «Чемпион туыңдар, қазақтың аналары!» деп жазды. Авторы Несіп Жүнісбайұлы.
 «Жас Алаш» 27 қараша 2008 жыл. Тақырып: «Сені туған (?) анаңнан айналайын, Болат!». Авторы Бибігүл Иманғазина.
Әдетте қазақ: «әйел бала тапты» деуші еді. Ақсақалдар сәлем еткен келіндеріне: «Ұл тап, қарағым!» деуші еді. Аналар: «Мен пәлен бала дүниеге әкелдім» деуші еді. Енді «бала тудым», «бала ту» дейтін болыпты. Сонда бала туа ма, жоқ, анасы туа ма? Осындай да жөнсіздік, ойламай айтушылық бола ма?
14. «Айқын» 14 қараша 2009 жыл. «Мықтының мысын басты», «Барыс» Магнитогорскілік «Металлургті» қабылдаған, 7:1 есебімен ойсырата ұтқан клуб өз тарихындағы ең ірі жеңіске кол жеткізді (?). Авторы Шалқар Естен. «Жас Алаш» 1 қыркүйек 2009 жыл: «Әйелдер құрамасы керісінше, іріктеу ойындарын сәтті өткізіп, әлем біріншілігіне қос жолдаманың біреуіне қол жеткізді (?), Волейболшыларымыз төртінші кезеңді 25:17 есебімен аяқтап, маңызды ұпайға қол жеткізді (?)».
Осылай «қол жеткізе» береді. Бұл орыстың «достигли» дегенінің аудармасы. Жазып отырған журналистер қазақтың, «жеңіп алды», «ұтып алды», тіпті «жеңіспен тартып алды» деген сөздерін білмейді. Сондықтан орыстан үйреніп алған жаттанды сөздерін соға береді,
15. «Айқын» 24 ақпан 2010 жыл. «Алматы облысының бірқатар елді мекендерінде ондаған үйді қатты жауған жаңбыр мен еріген қардың суы шайып (?) кетті» деп жазды. Авторы Қайыржан Төрежан.
 «Жас Алаш» 16 наурыз 2010 жыл. «Адам қолымен жасалған апат» деген мақалада «су бөгені жарылып, 10 метр биіктікке көтерілген су тасқыны ауылды түгел шайып кетті» (?) деп жазды.
Сонда «ондаған үйді», «ауылды түгел шайып кетті» дегенді қалай түсінуге болады? Тасыған су, (сел) үйлерді, ауылды алып кетіп, жойып жіберген жоқ, әшейін шайып тазалап кеткен бе? Мүлде дұрыс емес! Сел, жойқын тасқын «шайып кетпейді», орып, жойып, сыпырып алып кетеді! Шайып кету деген – жуып-шайып, тазалап кетті деген мағына береді.
16. 25 ақпан 2014 жыл «Жас Алаш». Үлкен әріптермен тақырып: «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоймақ» деп жазылды. Қазақ атам: «Бір елі ауызға екі елі қақпақ» деуші еді. Сонда ауызға қойылатын қақпақты екі есе көбейткенде сөйлем күшті болады дей ме автор Өркен Жоямерген?
17. Барымта. Осы бір сөзді түсінбей, кәдімгі ұрыларды, мал ұрлаушыларды «барымташылар» деп газеттердің көбінде, журналистердің көбі үзбей жазып келеді. Осы сөзді орыс журналистерінің де аузына салып беріпті. Журналист ағайындар, бұл сөзді алдымен біліп, түсініп алып жазбайсыңдар ма? Барлық сөздіктерде барымта: «Жәбірленуші жеке адамның, оның руластарының кегін қайтару, зорлап алынған, не ұpлaнғaн малдың, көрсетілген жәбірдің есесін алу үшін қарсы жақтан кек қайтару, ақы өндіру әрекеті» (Қазақ Совет энциклопедиясы. 2 том, 177-бет). Осы түсінік «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде де жазылған. Тіпті «Барымта», (Баранта) ұрлық емес, барымташы ұры емес екенін орыстың ұлы ғалымы Владимир Даль де өз сөздігінде жазған. Осының бәрін білмей, білгісі де келмей, мал ұрлаушы озбырларды, «барымташылар» деп жазу ұят емес пе?
18. 9 мамыр 2014 жыл, «Қазақ әдебиеті» газеті: «Көп асқанға бір тосқан» деп жазды. Дұрысы: «тосқан» емес, «тосқын»!
06.06.2014 жыл, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ортанқол» жазылған қара дүрсін шығармаларға берілмейді» деп жазылған. Сонда бұл ортанқол мен ортақолдың айырмасын білмеу ме?
19.1-6 мамыр 2014 жыл, «Ана тілі» газеті «Айрандай ұйыған»… деп жазды. Қазақ «сүттей ұйыған» деуші еді. Сонда автор ұйыған айранды қайта ұйытпақ па?
Сол нөмірде («Ана тілі» газеті), «Төлеген атқа отырғанда» деп жазды. Қазақ «атқа мінді» деуші еді. Орыстың «сел на лошадь» дегенінің аудармасынан айрыла алмай-ақ қойдық! Осылай картопты да, ағашты да «отырғыза» береміз. Олардың себілетінін, тігілетінін білмейміз.
Ілгеріде (жоғарыда емес, ол да қазақ сөзі емес) айтылған сөздердің бәрі тілбұзарлықтың белгісі. Біз қолдану аясы мүлде тарылған қазақ сөзін қалпына келтіру үшін күресумен бірге тіл тазалығын, сөз дәлдігін де қалпына келтіру үшін күресуіміз керек. Олай етпеген күнде асыл да бай ана тілімізге бұрмаланған, төл мағынасынан айрылған сөздердің қаптап кету қаупі төніп тұр.
Осы тілбұзарлықты қоймай, қазақ сөзінің мағынасын түсінбей жүргендер тек журналистердің арасында көбейіп бара жатқаны өкінтеді.
Ойланайық, журналист ағайындар. Ал ойланбай жазған журналист журналист емес!

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика