КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

«Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген екен дана халқымыз. Ат төбеліндей аз ғана қазақ болсақ та, тарыдай шашырап әр таудың тарамында тамыр тарытқалы қашан? Тағдырға талас бар ма? Түбі бір түркінің жерінде тұрсақ та, туымыз бөлек. Дауылдан кейін есімізді жиып, еңсемізді көтергенде тікенді темір тор орнап та болыпты, баяғыдан келе жатқан заңды иесін тектеместен. Тәңірдің тәлкегі-ай дейсің! Қайран жер, қаракөз қазағымен қосылып қиылып қала берді бөтен тудың астында. Осындайда бір кездері Астанада өткен айтыстыр Қанатбек ақынның:

«Миллиардтың ішінде жасасақ та,

Аман тұр ата-дәстүр иманымыз.

Түркінің жерінде тұрсақтағы,

Шеттегі ел шекараның құрбанымыз» деген жырлары есіме түседі. Орынды-ақ. Сол шекарадан қаншама қазақ асып атамекенге жетті, қаншама боздақ «бұл жерде туу тұрмақ, өлу арман» деп аңсап кетті. Шекара деген шегелі тор аңсағанына жеткізбеді. Демек бұйрықтан аспады деген сол екен. Бірақ темірмен емес, теңізбен бөлінсе де арамыз анығы сол жүрегіміз мәңгі қазақ деп соғады.

Адам түгілі құрт-құмырсқаға дейін будандасқан бұл заманда қазақ қазағын түрінен емес, тілінен таниды. Жыласып табысады. Ғабеңше аманшылықты бала-шағадан бастап, мал-жан, көрші-қолаң, ауыл-аймаққа дейін жалғар едік. Әттең, қайран тіл ондай қайырымға келмей тұр. «Жылқы баласы кісінескенше, адам баласы түсініскенше» деген. Қалай шүлдірлесек те әйтеуір бізді, аз ғана қазақты, түсіністіретін де, түйістіретін де осы қазақ тілі. Турасын айтқанда қасиетті, бірақ біз қасиетін бағалай алмай жүрген, құдіретті, бірақ біз құдіретін көрсете алмай жүрген, асқақ, бірақ біз аяғынан тартып аласарта беретін қайран ана тіліміз.

Тіл қоғаммен бірге өмір сүретіні белгілі. Тілді дамытып, гүлдендіретін қолданушысы, яғни адам. Демек кезінде елмен және жермен бірге тіліміздің де бір бөлшегі шекараның ар жағында қалды десек артық айтпаймыз. Тәуелсіздік алсақ та қазақ жерінде тілдің жәйі мәз емес. Әлі күнге өзімізбен өзіміз алысып әлекпіз. Ендеше шеттегі қазақ тілінен не күтпекпіз? Қазақ тілі өз отанында өгей баладай өмір сүрсе, жат ел, жат жерде тоқалдан туған баладай күн кешпесіне кім кепіл! Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылт еткен жалғыз үміт айналып қазығын тапқан аттай ата-жұртқа бет алған керуен-керуен көштер еді. Шеттегі қазақ көшіп келсе, тіліміз үйірін тауып, төрт құбыламыз түгелденіп, айбынымыз асар деп дәмеленген едік. Бірақ көштің де жәйі шамалы болды. Білгіштердің айтуынша, осы жиырма жылдағы көштің қарқынымен есептегенде шеттегі 5 миллион қазақты 100 жылда көшіріп болады екенбіз. Бұған соңғы кездегі көштің тасбақа жүрісін қосыңыз. Ендеше ойлай беріңіз, 100 жыл емес-ау шамасы... Көші-қон мәселесін шенді-шекпенділер шешер, біз сөзді шетелдегі қазақ тілінің қазіргі күйіне бұрайық.

 Статистика бойынша әлемде 17 миллиондай қазақ болса, соның 5 миллионнан астамы Қазақстаннан тыс жерде тұрады екен. Шетелдегі қазақтардың ең шоғырланып орналасқан мемлекеттері – Қытай (2,7 млн), Өзбекстан (1,5 млн), Ресей (1,2 млн) т.б. Әрине бұл аз сан емес. Егер тілдің бар байлығы халық арасында жататынын ескерсек, әлі талай-талай құнды материалдардың шекараның ар жағында қалғанын сезер едік. Ал ондай байлық - өз тарихын жасай алмаған, тағдыры сондай тәлей бермеген көлденең көк атты үшін дайын олжа болса, біз сияқты заңды мұрагерлері үшін қол жетпес аспандағы жұлдыздай, әйтеуір бар екенін естіп, мұражайдан көшірмесін көріп мәз боламыз. Ал шындығына келгенде ата-бабаларымыз ондай ұлан-асыр рухани байлықты шетелдің мұражайына қою үшін емес, көсегесін көгертетін ұрпағының игілігі үшін жасаған емес пе? Демек, сол мол мұраны қайтадан халқына қайтару ұлтжанды ұрпақтың парызы болмақ.

Мысалы, Қытайдағы қазақ диаспорасы - қазақ тілінің ең көп, әрі біршама тұнық сақталған мекендерінің бірі. Жоқ, бұл тілдің өткен дәурені. Бірақ, қазір олай емес. Саясаттың ұстарасы ана тіліміздің сол құтты қонысына береке бермеді. Ұлт жанашырларының, тарихшы, этнограф ғалымдардың пайымдауынша, Қытай қазақтары енді 10-20 жыл ішінде ана тілінен айырылуы мүмкін. Яғни, бұл деген 10-20 жылдан кейін отанына оралған қазақтар жүрегінде қазақылықтан бір белгі қалмаған, ұлтжандылық туралы ауыз ашуға келмейтін, нағыз мәңгүрттіктің аз-ақ алдында болады деген сөз. Ана тілі – ұлттың бөгенайы, белгісі ғой. Демек, осы қалыппен тұрса, олардың бойында 10-20 жылдан кейін қазақылықтан бір белгі қалмақ емес. Соңғы кездері Қытайдағы қазақтар туралы, сол жақтағы қазақ тілінің қазіргі жағдайы туралы жазған Жәди Шәкен мұның себептерін «Қытайдың ұлттық аумақтарында «Қос тілді» оқу-ағарту жүйесін енгізу күн сайын кеңейіп келеді. Аты «қос тілді» оқыту болғанымен шын мәнінде «Қазақ тілі» мен «Әдебиет» пәнінен басқа пәндердің бәрінде сабақ тек қытайша жүреді. Ұйғыр, қазақ және де басқа аз ұлттардың мәдениеті мен тілдік ортасы қою болған Шыңжаңда қытай, ағылшын тілдерін оқыту үшін ауыл-қыстақтардың тұрғындары балаларын қалашықтарға апарып оқытады. Сондықтан да ауылдағы қазақ мектептеріндегі балалар саны күрт азайып, қазақ мектептерінің жабылуына әкеліп соғуда. Оның үстіне қытай тілін білмегендердің мемлекеттік жұмысқа тұруы мүмкін емес» деп тарқата отырып, салмағын айқын аңғартады. Мынау экономика заманында саясат та, сауда да тілдің қолданыс аясын тарылтып жатыр. Жалпы шетелдегі қазақ тілі туралы өте салмақты мәселелер қозғалып, түрлі жиында, конференцияларда, тіпті Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылтайларында талқыға түскенімен, әлі де нәтиже көңіл көншітпейді. Жел ұшырған қаңбақтай салмағы жоқ сабан сөздерді сапырысқанмен, пайда болмақ емес.

Осы орайда бізді «Қазақстан мемлекеті шеттегі қазақ тілін, мәдениетін сақтап қалу және дамыту үшін қандай көмектер көрсетеді?» деген сұрақтар мазалайды. Мысалы, Түркия түрік тілін, мәдениетін, сонымен қатар саудасын таныстыруға көңіл бөле отырып, Қазақстанмен бірлесе отырып қазақ жерінде өздері қаржыландыратын Қазақ-Түрік лицейлерін, Қазақ-Түрік университетін ашып жатыр. Мұнысы нәтижесіз деп те айта алмайсыз, қазақтың құрылыс, тауар, телесериал салаларында өз орнын ойып алғанын көре отырып. Ал Түркияға қарай оқу үшін ағылған қазақ жастары қаншама? Бізге белгілісі, қазіргі кезде Ресейдегі, Түркиядағы қазақ балаларына қазақ тілінде оқытатын мектептер жетіспейді. Соның салдарынан ол жақтағы қазақ балалары сауатын бөтен тілде ашады, өзгеше тәрбиені, жат менталитетті қабылдайды. «Бала тілі бола алмаса, ана тіл – ана тілі бола алмайды ешқашан» деп ақын Қадыр Мырзалы бекер айтпаса керек. Сол өзге мәдениетпен өнген ұрпақ қазақтың көсегесін көгерте қояр ма екен! Жұмыртқасын басқа құстың ұясына тастап, жат бауырға бастыратын көкектің ісі елестей береді көз алдыма осындайда. Сонымен қатар шетелдегі қазақ мәдениетін, өнерін, ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттап, арасында еске салып отыратын мәдениет ошақтары да Қазақстан мемлекеті тарапынан рухани және қаржылай қолдау таппай, қанатын кеңге жаза алмай жатқан жәйі бар. Ал жат ел оған қандай көмек жасар дейсіз!

Әрине, мемлекет тарапынан ешқандай жұмыстар жасалмай жатыр деуден аулақпыз. Жыл сайын шетелден келген қазақ жастарына тегін дайындық курстары ұйымдастырылып, олимпиада гранттары бөлінеді. Соның арқасында өз отанынан білім алып, қоғамның әр саласында қызмет етіп жатқан жастар қаншама! Дегенмен шыны керек бұл сан шетелдегі 5млн. қазақтың 5%-ын да қамти алмайды. Соған қарамастан үйірінен бөлініп қалған түліктей ар жақта қалған қазақ тілін, қазақ мәдениетін дамыту үшін қазақ жерінен білім алуға ағылған қандастарымыздың да қосар үлесі зор болмақ.

Бүгінгі таңда бізге белгілі шетелден келген қазақ студенттері арасында диплом, диссертация жұмыстарын қорғау кезінде сол жақтағы қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін, ғалым-жазушыларының еңбектерін тақырып етіп зерттеп, қорғау етек алған. Бұл әрине жақсы бастама. Себебі, илегені бір терінің бұшпағы болғанымен қазақстандық ғалымдар мен шетелдік қазақ ғалымдары арасында шығармашылық ауыс-күйіс солғын. Тіпті, шетелдегі қазақ ғалымдары, жазушылары, зиялылары жазған еңбектер бізге жете бермейді. Сонымен қатар әр елдегі қазақтардың қолданатын әліпбилерінің де бірыңғай болмауы салдарынан кітаптардың дер кезінде оқырманына қолжетімді болмауы сынды қиындықтар туындап жатады.

Қазақ халқы – ежелден тілге бай ел. Қазақ тілінің байлығын, тазалығын, құдіретін әлем мойындады, таңданды, тамсанды. Бірақ әлі де болса қазақ тілінің мол қоры толық зерттеліп, реттеліп, жүйеленіп шырқау шыңына жете қоймады. Қазақта «әр елдің салты басқа...» деген тәмсіл бар. Яғни, бір қазақтың ішінде де әр руға, елге, жерге байланысты тілдік қолданыстар ерекшеленіп отырады. Тіпті, салт-дәстүрлері де, киім-кешек, ен-таңба тұрмыстық заттарда да өзгешеліктер кездеседі. Сонымен бірге бірнеше мектептерге бөлінетін әншілік, жыршылық, күйшілік өнердің өзі өз алдына бір төбе десек артық болмас. Міне бұл тек Қазақстандағы жағдай. Ал шетелдегі қазақ диаспорасындағы жағдай бізге онша таныс емес. Анда-санда бірер зерттеушілердің барып, бірер жаңалық алып қайтқаны болмаса. Ал шын мәнінде өзге елдің қарамағында болғанмен, олар да қазақша өмір сүреді емес пе? Демек, ол жақта да рулық құрамына, өңірлік ерекшеліктеріне байланысты жылдар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Біз үшін өкініштісі, олардың тарихы өзге тілде жазылып жатқаны! 

Бірде Жәди Шәкеннің «қазіргі кезде біз тек мұражайлардан көретін кейбір тұрмыстық заттар Қытай және Моңғол қазақтары арасында әлі күнге дейін қолданыста» деген сөздерін оқыған едім. Бұл да болса шетелдегі қазақтар арасында әлі де болса рухани құнды заттардың бар екенін, және әлі де күшін жоймағанын көрсетеді. Ал сондай қазақы құндылықтарды дер кезінде қорғауға алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Біз жоғарыда айтқандай, тілдің бар байлығы – халық арасында. Ауыздан-ауызға таралып, көнеден жеткен көненің көзі қашанда қазағыммен бірге өмір сүреді. Шеттегі қазақтар арасында да бұл дәстүр солай сақталған. Мысалы, Қытай қазақтары арасынан жиналған ауыз әдебиеті үлгілерінің бүгінде үш жүздей томы жарық көрген. Сол жинақтардың ішінен іріктеліп алынған кейбір шығармалар бүгінде мемлекеттік мәдени мұра бағдарламасымен шыққан «Бабалар сөзі» көп томдығына енген. Халық қолданысындағы морфологиялық, лексикалық, фонетикалық ерекшеліктер өз алдына бөлек әңгіме ғой. Сонымен қатар Моңғол, Иран жерінен табылып жатқан тарихи жәдігерлер қаншама! Бәлкім, шетелдегі қазақ тіліне, әдебиетіне, өнеріне арналған «Мәдени мұра» сынды бір жоба керек те шығар.

Ендігі тілек біздің қазекең орнынан қозғалып болғанша шекараның арғы бетінде қалған қазақ тілі қазақтың қызыл кітабына кірмей жатып, құрып кетпесе екен!

Арнайы mtdi.kz оқырмандары үшін!


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 362 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 726 0








18/04/2017 14:25

Шетелдегі қазақ тілі
0 9069 1

24/04/2017 14:47

Баянжүректің сыры
0 6036 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика