КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Ұлттық идея. Ұлттық мақсат-мүдде. Бәрін орындайтын тіл. Тіл – үлкен кішінің өзара түсінісуінің, пікір алысуының, адамзаттың барлық игіліктерін іске асырушы құрал. Тіл – тарихи дәстүрлерді болашаққа жеткізуші тетік. Қазақ тілі кемеліне келмей, ұлттық мақсат-мұраттардың орындалуы мүмкін емес. Осы мақсатың іске асуына, ана тілдің өрісін кеңейтуде телеарналардың алар орны орасан зор. Теледидар көріп отырған бала ма, үлкен бе, арна не айтса солай қабылдайды.Неліктен? Бүгінгі ТД БАҚ-тың ең беделдісі, әрі өтімдісі, ең өткір ақпарат құралы, әрі солай болып қала береді.ТД өнері жалпыұлттық, мемлекеттік мәселені шешетін - өте құдретті қару. Алайда отандық арналарда тіл тазалығы ақсап тұр, басты себеп, қазақ ТД орыс тіліне тәуелді. Бұл күрделі де, түйткілді жәйті бәріміз ас үйде отырып, «төрдегі жәшіктің» кемшілігін айтсам, олар ертең теріс қарар деп үндемей қаламыз. Осылайша аға буын, жастар бәрібір бізді білмейді, өздері білсін деп екі жүзді болдық. Десекте, ара тұра пікір айта қалсақ, «бұл кім еді?», «теледидарға қандай еңбек сіңірдің», «аузыңды жап, сені танымаймыз» деп өре түрегеледі. Ғаламтор парақшаларында жеті атаңа дейін сыбап, енді қайтып ауыз аштырмайтындай атыңа сөзден оқ жаудырады. Бүгінгі мақсат құлақ естіп көзге ұрып тұрған кемшiлiктерді санамалау, тізу, «кісінің кемшілігінің екі елі артығы бар» деп мұқату емес. «Үй артында, кісі бар» деп жас әрiптестерге ой тастау. Бүгінде «қазақша сөйлейік» деп сары уайымға салынудан пайда жоқ. Экрандағы айтулы кемшілік орыс сөзін тікелей аударып берумен қатар жаргон сөздер, диалект жиі айтылады. Мысалы: ауыр аяқ, беймарал отыр, дүлей, ояқ-бұяқ, т.б деген сөздерді естисіз. ТД сөзі - Бұхар жырау, Абай, Махамбет, Әуезов, Есенберлин, Мүсірепов, Нұрпейісовтер тілі. Олар – қазақ тілінің бренді. Экран - әдеби көркем, шешендер тілі. Бірақ арналар бұл міндетті пысқырмайды, тыңдамайды. Тіл жанашыры Мырзан Кенжебай: «Ана тілі» басылымының 2013 жылғы ақпан айындағы санында «Телеарналар тілбұзарға айналды»,-деп дабыл қағуындағы пікірлер өте орынды. Сөзіміз дәлелді болу үшін, ақын айтқан төмендегі мынандай мысалды алдық.... «Телеарнадағылар бір бұзақы полицияның қолына түссе, яғни, қамауға алынса, не тұтқындалса, оны «темір торға тоғытылды» деп шешенсуді де әдетке айналдырды», - дейді Мырзан Кежебай. Шындығында, қазір телеарналар тілшілерінің ең көп қолданатын сөздерінің бірі «тоғытылды». Лингвист мамандардың пікірінше, тоғытылды сөзі қой, ешкі малына байланысты ғана айтылады, жазылады делінген. Тоғытылды сөзі төрт түліктің ішінде жылқы, түйе, сиыр емес «қой тоғытылды» бір отар қойды суға түсіріп, жүнін жуса, қазақ оны «тоғыту» – қойға қотыр түспеу үшін, сондай-ақ әртүрлі ауру тарататын кенелерге қарсы алдын ала жүргізілетін сақтық шара. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты шығарған «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» тоғыт-е.т. қотыр қышыма ауруларына қарсы ағынды (не дәрі енген) суға қой ешкіні салып, жүздіріп өткізу. Мысалы: Тоғытқан қойдай үйме- жүйме болды. (С.Мұқанов шығармаларынан.) Мемлекеттiк тiлдi дамыту институтының сайытынандағы түсіндірме сөздікте (тоғытты ) екінші ауыспалы мағынасы: тоқтаусыз бастырмалтып жiберу, бiрiнiң артынан бiрiн шұбырту. Тоқсаннан асқан Жамбылың жыр тоғытты тағы да (Жамбыл).

Тәуелсіз арналарға назар аударалық. Тілді бүлдіруде ашықтан-ашық ең сорақылыққа жол беріп отырған «КТК», «Таң», «НТК», «31» арналар. Айталық, «КТК»-ның «Қыз қылығы» бағдарламасын алайық. (Қыздардың диологынан: О, просто жабайы, жабайы. Ешкім мен сияқты красавица болғысы келмейді.) Қазақстандағы тек қыздардан құралған жалғыз юморлық тележобаның көрсетілімдері езуіңе ащы күлкі үйірілтер хикаядан құралған. Жасыратыны жоқ, ене мен келіннің тіл табысу мәселесі ең өзекті мәселе. Осы жерде күйеу жігіттің қандай шешім қабылдағаны, бір-бірінен қулығын асырмақ болған енесі мен келіннің "зымияндығы" таңдай қақтырады. Бұл бағдарламаның көрерменді өзіне шақырған жарнама аңдатпасынан үзінді. Ресейдің «Женская лига» бағдарламасының сәтсіз көшірмесі. «Қыз қылығы» жас келіндерді парықсыз, дүниеқоңыз, екі жүзді, намыссыз, шайпау күйін көрсетеді. Екіншіден, көрерменге ана тілді сол келіндердей бейшара халге түсіріп келеді. Қазақтар елге келін болып түскен қыз өз жұртының барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне сіңірген. Келіндер бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, болашақ «бір елдің анасы, қыз қонақ» деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып өсірген. «Қыз қылығы» бағдарламасы осы құндылықтардың барлығын жоққа шығаруға «үлес» қосып отыр. Экраннан «жаңа түскен келіндерге тегін және ұтымды кеңес береміз», «суперкелін» болғыңыз келсе, «қыз қылығының» ақыл-кеңестеріне құлақ түріңіздер» деп бейпіл ауыз, сумақай «суперкеліндер» сыпыра ақыл үлестіреді. Әзілге құрылған зілсіз юмор шығар. Бағдарлама жасаушылар өздері осы қойылымдарға күле ме? Бұл көріністерді жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Күлкі шабуын білмесең, өз тірсегіңді өзің қиып түсіретін наркескен қылыш сияқты қатерлі қару» деген сөзімен түйіндейміз.

Осылайша, бабалардан қалған атамұра ұлттық тәрбиемен, ұлы тілімізді таптауға «қолайлы жағдай» жасап келеміз. Қазір телеарналарда ток-шоулар, ойын-сауық хабарлар баршылық. Бірақ ток-шоулар мылжың сөз, көпіршік, ой салар түйіні жоқ. «Қазақстан» арнасындағы «Елім менің» көрерменді әр нәрсені білуге құмартатын қызығушылығы мен сұраныстарын қанағаттандыруды мақсат етеді. «Елім менің» көрерменді білімге жетелей алмайды, сұрақтарының аясы тар. Команданың жетекшілерінің жылдам сауалдарының біріне назар аударайық. «Қаракөз ханым, Досқан Жолжақсыновтың інісі кім?...» Хабардың басты сәтсіздігі жүргізушілер тақырыпты игере алмайды. Көрерменге әнші Мөлдір Әуелбековамен басқа да актерлардың ербеңдеген қолдары мен студия ішінде ары-бері шапқылағаны ғана есте қалды. Бұл жоба көптеген батыс елдерде көрермен көңілінен шыққан бірақ хабар қазақтың жүрегіне жете алмай тәлтіректеп тұр. Арналардағы жаңалықтар қызметіне қайта оралсақ. Тәуелсіз телеарналарда жаңалықтардың басты тақырыбы – «парамен ұсталды, тонады, жас қыздарды зорлады, өзін-өзі өртеді, атты, баласын бауыздады, әскердегі жас жігіт өзіне қол жұмсады, бастықтар сыпыра ұры, көз-көріп, құлақ естімеген ылғи суық ақпарат. «КТК» жаңалықтарынан зираттағы әйелдің денесін тірі еркек қайта-қайта аймалап құшқаны, басқа да анайы әрекеті айтылды, көрсетілді. Осы мазмұндас көріністер мұсылман халқына жат, азғындық ұлттық рух пен намыстан, дін мен тілден айырудың аса қауіпті жазылмайтын «сырқат» болып тұр. Арнадан көрсетілгендер болған оқиғалар. Шындық. Шындықты айтуда да абай болатын жағдаяттар болады. Қазақ атам: «Сөздің оңы мен терісіне, өңі мен астарына айрықша мән беріп сөйле»,- демей ме?

Ұл-қызымыз бәрінен өрескелі «Дом-2» сияқты бағдарламалар мен ғаламтордағы көз көріп, құлақ естімеген анайы самсап тұрған сұмдықтарды тағы тамашалайды. Ал, осы көріністер біздің балалардың санасын улап жатқан барлығымызға аян. Бірақ отандық ақпарат қауіпсіздігінің қамын кім ойлайды? Сауал көп, жауап жоқ. Бірін айтып, біріне кеттік. Арналарда сөздің орфоэпия айту нормалары сақталмайды. Мәтін қалай жазылса,солай оқылады.Телеарналарда орфоэпия орфографияның көлеңкесінде қалып, бұл заңдылық ұмытылып барады. Осының бәрі қоғамның сөйлеу мәдениетінің деңгейіне әсер етпей қоймайды. Ана тілдегі ауызша сөздің әуезділігін, жатық айтылуын, үндестік заңын сақтап теледидарда аса маңызды. Себебі, біз ақпаратты көру, есту арқылы қабылдаймыз. ТД тілшілері сауатты яғни, орфография заңын сақтай жазумен қатар айту нормаларын да бұзбай дұрыс сөйлей білуі тиіс. Журналистің тілді қаншалықты сауатты меңгергендігі оның жазғанынан ғана емес, сөйлегенінен де көрініп тұрады. Сөйлеу мәдениеті өспейінше жоғары ақыл мәдениетіне жетуге болмайды. Ал журналистің жазғанын айтып, оқып беретін тіл ережесін бұзатындар әншілер қауымы. Ойын-сауық, ток-шоу, реалити-шоу, әзіл-оспаққа құрылған хабарлардың басты олқылығы – жүргізушілер тіл заңдылықтарын білуге ұмтылмайды, ауқымды тақырыптарды игеруге дәрменсіз. Арналарда дикторлар мен хабар жүргізушілер, сұхбат берушілер орфоэпиялық қалыпты шектен тыс жиі бұзады, тіпті мұндай қателік жаппай сипат алып бара жатыр. Тіл туралы сөз болғанда, сөйлеу тілінен гөрі жазба тілдің мәселелеріне әлдеқайда көп көңіл бөлінеді.Тілші ғалымдардың өздері де, зерттеулерінде сөз мәдениетін, сөз этикетін ұмыт қалдыра береді. Ауызша сөздің жатық айтылуы, үндестік заңын сақтай отырып, орфоэпиялық нормаларды білу, әріптердің емлесін, оның айтылу нормасымен қатар меңгеруде тілші міндетті. Қатесіз жазумен қатар, ауызша сөйлеу мәдениеті меңгерген жастар да аз емес. Олар ана тілдің лексикалық қорын молайтып, ресми ақпарат тіліне, жаңа дәуірдегі телевизия тілін қалыптастыру үстінде. Бұл қуанарлық жетістік. Жас журналистер жаңа пішінді батыс стандартты игерді, бұл уақыт талабы. Осы мақсаттардың биігіне шыққан жастарды атап өтейік. «Қазақстан» ақпараттар қызметі мен «Жетінші» арнаның тілшілері Нұрбол Бекбау, Айнұр Омар, Қамар Әміржанова, Жасын Біркенов, Мирас Мұқашұлы көрерменді «бұл қалай? деп ойға жетелейтін әлеуметтің әуселесін дөп басатын репортаждар топтамасымен ерекшеленеді. «Апта.kz» тілшісі Жайнагүл Төлеміс қай мәселеде болсын, дәлелдері айқын, тұжырымдары нақты, сөздері өткір келеді. Дина Төлекова экономикалық сараптау репортажының кәсіби шебері. Осы топқа жаңа қосылған тілшілер қарасында даралау көрінген Гүлжан есімді бойжеткен. Аталған тілшілер тақырыпты зерттей, жинақтай, жүйелей, пайымдай салыстыруға қабілетті. Репортаждары сәтті. Сондықтан да оларды миллиондар тыңдайды. Шын мәнінде, тілшілердің білім мен эрудиция деңгейі биік, логикасы жүйрік, оқиғаларды бақылап, топшылап ұғынуға бейім. Сараптамалық материал жазу өте күрделі және көп еңбекті қажет ететін бейнеті мол, аса қиын жұмыс. Қиыны сол, олар миллиондарды иландырады, халық алдында құлаққа сіңер сөз бастайды,сондықтан да аталған тілшілердің аты-жөнін ала бөтен атап, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегіміз келеді. Аптаның соңында отандық арналардан «Жеті күн», «Апта.kz»,« Нысана» сараптамаларын алсақ, «Апта.kz»-ті көрермен көбірек қарайды. Неліктен? «Апта.kz» - әлеуметтік көлгірлікті мадақтайды дейсіздер. Сіздер тілшілерге сынды ашық жазбайды деп өкпелейсіздер. Алайда журналистиканың теориялық заңы бойынша тілшілер сотта, прокурорда емес, жаңалық жеткізуші ғана. Олар «өзі су ішкен құдыққа түкіре де алмайды» тілшілер арна саясатына қызмет жасайды, әрі оны орындауға мәжбүр. Бұл әлемдегі медиаалпауыттардың бұлжытпайтын заңы. Бірақ аталған апталықтарды көрермен көреді деп атап айттық. Неліктен? Біріншіден: «Апта.kz»-те, « Нысана»-да тұжырымдары нақты, мысалдардың айқындығы да аудатория назарын журналистердің кәсібилігі, шеберлігі арқылы аудара алды. Олардың сөзінің өткірлігі кадрдан тыс дыбысталғанда күшейе түседі.Сараптама тілі сөздің көркемдігін сақтай отырып, табиғи таза ауызекі сөйлеу стиліне жақындады. Тілшілер көрерменнің аңсағанына дөп түсетін өзекті репортаж жанрларын меңгерді. Екіншіден: аталған апталық сараптамалардың тілшілерінің ой-пікірінен гөрі дәлелдері басым. Көрерменге дәлелді айтты, қорытындыны халықтың өзі жасайды. Осылайша апталықтар шешім шығаруды көрерменге қалдыру арқылы оларға деген құрметті білдірді. Үшіншіден: сарапқа салынатын саяси мәселелерден басқа, тамтұмдап әлеуметтің аңсағанын, ұлттың рухын көтеретін маңызды тақырыптар жиі көтеріп жүр. Төртіншіден: «Апта.kz»-студиясының жабдықталуы режиссерлік шешім мен заманауи техника мүмкіндігі жүзеге асып, компьютерлік пішіндеу мен безендіру ойдағыдай, талғаммен орындалған. Бесіншіден: «Апта.kz» - тілі шешен, көркем. Әзірге тіл тазалығы мен тілшілердің кәсібилігі тұрғысынан алдымен ауызға «Апта.kz» іліксе, қатарласа «Нысананы» үлгі тұттық. «Нысананың» аналитик-жүргізуші Бақыт Шойымбек қыздарда сараптау бағдарламаны талдауға қабілетті, арнаның абырой, беделін көтеретін тұлға бола алатынын дәлелдеді.

Болашақта сараптама тілшілерді сөздің мәнін әсерлей түсетін екпін мен интонацияға аялдап, мәтінді саудыратпай, сөзге мән берсе, аудоторияның ауқымы арта түсер еді. Теледидардағы жаңалық қысқа, дәл, әрі ақпарат аз сөзбен көп мағынаны беруі тиіс. ТД –тілінің ерекшелігі - cөз дыбысталғанда құлақа жағымды естілуі де аса маңызды. Және кадрдан тыс мәтінде сөздер жиі қайтанбауы керек. Көп айтылған сөз - арзан болары анық. Телетілшінің сауаттылығы оның тек грамматикалық қатеге ғана емес, саяси-құқықтық тұрғыдан, мемлекеттік мүдде, әділдік ар-ұждан мен азаматтық ұстанымдары арқылы да ерекшеленеді. Бұл орайда « Нысана» мен «Апта.kz» тең дәрежеде десек, «Қазақстан» жаңалықтар қызметінің аймақтағы тілшілері мәтінде көп сөзділікке, сөзбен сурет салуға, құрмалас сөйлемдер, етістікті тықпалау, әдемі лепіріп сөйлеуге бейім келеді. Бұл тәсілдер жаңалық жанрына жаттығын ескерсе дейміз. Сондай-ақ тілшілер Stand up (кадрда жүріп сөйлеу) шығып, бет-әлпетін көрсетіп, орынсыз арлы берлі ойқастауға әуестігі тағы бар.

Ана тілдің майын тамыза тыңдағанда құлағыңның құрышын қандырып, шешен де жатық сөйлейтін Нұрлан Оқаұлы, Есболат Айдаболсын кейінгі кезде көрінбей қалды. Қазіргі «Апта.kz»-тің шолуын диктор-жүргізуші Мейіржан Әлібекұлы алдыңғы әріптестері шықан деңгейге жете алма ма? «Апта.kz»-ті жүргізушілігіне тәжірибелі, ажарлы, байсалды, айтары бар Жайнагүл мен Дина қыздар да лайықты еді. Бірақ «Қазақстан» теледидары қашанда шолу сараптамаға қыздарды жолатпайды. Жүргізушілер неліктен тұлға болып үлгірмейді?Айталық, «Апта.кZ» сараптама шолуының жүргізушілері жиі ауысады, сондықтан да болар тұлға болып танылмай, жоғарғы кәсіби дәрежеге жетпей орта жолда қалады. Жүргізушілер ауысқан сайын олар жасара береді, бұл бағдарламаларды жүргізуге кескін-келбет, дауыс, білім, байсалдылықпен қатар ересектеу азаматтың сөзі көрерменге өтімді, әрі сенімді қабылданады. Бұл тұрғыдан алғанда «Хабар» агенттігінде тұрақтылық кәсіби, әрі ересек журналистерге жол ашық. Ақпарат қызметіндегі жастар ескеретін тағы бір мәселе: қазақ тілімен қатар термин сөздер, шетелдің азаматтары, атақты адамдары мен спорт шеберлерінің аты-жөнін қате оқиды. Көрермендер арасында сауатты, білімді адамдар барын ұмытпаған жөн болар. Біз бүкіл арналарға үлгі болатын елдің басты сараптама хабар «Апта.kz»-туралы көбірек айттық. Әзірге «Апта.kz» - тіл тазалығы мен тілшілердің шешендігі тұрғысынан алғанда алғы сапта тұрғанын мойындау керек. Әрине, тіл тазалығы отандық ТД-да ала-құла. Тағыда тіл жанашыры Мырзан Кенжебайдың пікіріне жүгінсек, сөзіміз дәлелді болу үшін, ақынды мазалаған төмендегі мысалдарды оқып, тыңдап көрелік. «Экспортқа шығару 500 миллион теңгені құрады («Қазақстан» 17.11.2012). 2 метрді құрайтын шырша («Хабар» 24.11.2012 ж). Қарыз 132 млр. долларды құрады («31» канал, 25.10.2012ж). Мысалы: Жоқтан-барды құрады - оннан-мұннан жинады, бар еттi деп жазылса орынды қолданған сөз болар еді. Құрайды орыстың «составляет» сөзінің аудармасы, оны қысқартып, сызып тастауға көп ақыл керек пе? Ақпарат қызметіндегі жас тілшілер арасында таптаурын болған көп қолданылатын сөздер мыналар: «екі қолға – бір күрек», «еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін» және ат басын тіреді, бұрды, табан тіреді. Сондай-ақ, нәпақа деген сөзден көрермен құлағы әбден жауыр болды. Әлдеқашан-ақ мәтелге айналып кеткен жоғарыдағы екі тіркес жұмыс іздеп, қажыған немесе кедергілерге кезігіп, тауы шағылған адамның айтқаны ақиқат. Екінші тіркесте адамға байланысты барша жұрт, үшінші тіркес барды деген мағаныны білдіреді. Нәпақа, табылады сөзі де барлық арналарда дерлік орынсыз өте көп айтылады. Мысалы: Бұл менің ағайым болып табылады. Ол кісі менің ағайым. Жаңбыр жауады деп күтілуде.( табылады, күтілуде артық етістік). Тіл ойды ғана білдірмейді, сөздер арқылы ерік пен сезімді білдіру де маңызды қызмет атқаратын ролін ұғым емес, мағыналарды жеткізеді. Ой адамға түсінікті болып қана қоюы аз, оның үстіне нақтылы ой әсерлі де, тартымды, әрі көрікті де мәнерлі болуы қажет. Сөздің мәнерлілік қасиеті сөз мағыналарының белгілі контексте түрленіп қолданылуы арқылы болады. Ақпарат қызметіндегі жас тілшілер мынаны ескере жүрсе: телеарнадағы жаңалықтар мәтіні қысқа, көркемдігімен қатар таза, ауызекі сөйлеу стиліне жақын болуы шарт. Бұл әлемдік телевизияның ұстанымы. Жаңалықтың басты қызметі жедел жеткізу. (Жаңалықты көркемдеп жазып отыруға тілшінің мұшасы болмайды.) Тіл зарын айтқанда алаңдатарлық мәселенің бірі - жас тілшілердің сөйлеген сөзі мен жазған мәтіндерінде тұрақты сөз тіркестерін орынсыз пайдалану, сөйлем мүшелерінің орнын түгел ауыстырып, тілге инверсияны төпелеп енгізеді, яғни, инверсия лат. іnversіo – орын өзгерту, ауыстыру. «КТК»жаңалықтар қызметіне еліктеген отандық арналар инверсияны жаңалықтар тіліне сіңіріп алды. Қазір арналарда ойын-сауық және қазақстандық аралас тілді сериалдар жүріп жатыр. «НТК», «ОРТ-Евразия», арналарындағы аудармалар нашар. Бұл – тілге аса қауіпті. Арна – бүкіл ұлттың айнасы. Сондықтан дос, дұшпан көретін айнаға қай ұлт өкілі болсын, эфирге шығу құқын алғасын қазаққа қойылатын талап бәріне ортақ болуы міндетті. «АSТАНА ТV» арнасында Оксана Петрс атты бойжеткен бар, оған қарасаң көзің тояды, дауысы жаныңды жадыратады. Бұл мәселені беделді елдердің талабымен қарасақ: Ангела Меркель «Германиядағы түріктер немісше оқып үйренуі тиіс, ол сонда біздің азаматымыз болады, түрік тілін үйрену содан кейін» дейді. Қазақ тілін білу –«қазақстандықтар» үшін өсудің даңғыл жолы. «Таңшолпандағы» сыпайы кәріс қызы Ирина бар болғаны қазақ тілін таза біледі. Қош делік. Жүргізуші талант иесі, шешен тілді халықтың бетке ұстары: ол тілдің грамматикасын оның заңдылықтарынан хабардар, дыбыстарды қатесіз, сөздерді анық та айқын айтатын, сөйлемде интонацияға мән беру, сөз этикетін сақтай білу міндеттері қатар жүктеледі. Сондай-ақ шақырылған қонаққа сауал беретіндей ой-өресі болуы шарт. Бұл тек жалғыз Иринаға қарап айтылған сөз емес, басқа да жас жүргізушілерге ортақ кемшілік. Осы олқылық «Хабардағы» Оля қызға да қатысты. Сондай-ақ сөз әдебі де сақталмай келеді. Сөз әдебі тек сыпайы мәдениетті сөйлеу деген мағынада емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ұйытқы болатын тұрақты, жағымды сөздер. Сөз этикеті, адамдар арасындағы байланыстың үзілмеуі, реттеліп отыруы, сыпайы түрде жүзеге асуы, көңіл-күйге жағымды әсер ету үшін жұмсалады. Сөз этикеті жасы, қызметі жоғары адамдардың атын қаратпа түрде атамай, қарым-қатынаста сөздің сыпайы пайдаланылуы тек қазақтарға тән. Мысалы: Берік – Бәке, Серік – Секе хабарға қатысушы адамдардың жас ерекшелігі мен қызметіне қарай бұл сөздерді пайдалана алады Мысалы: Таңғы хабардың бірінде жүргізуші қыз жастау әйелге «апай, апай» деп бірнеше рет қайталап сұрақ қойды. «Апай, апай таңғы тілек айтып жіберіңізші» Қонақ жүргізушіні жақтырмаған рай танытты. Ал экранда орынсыз аға, апа, ағай, апай деп сөйлеу сөз этикетін сақтамаудың белгісі. Егер балалар хабары болса, бұл сөздерді пайдалану өз орнын табады. Экран ресми миллиондардың үлгі алатын орны. Отандық арналарда тілді ақсатып тұрған әзіл- сықақ, ойын-сауық хабарлар, әзілкештердің мәнсіз монологы мен диологтар жүйкені жұқартты. Қаптаған ток-шоуларда көп сөз, тақырыптар аясы тар, адамдардың жеке басының мәселелеріне де араласа бастадық. Ойын-сауық, әзіл-сықақ бағдарламалар бір-біріне ұқсас. Отандық арналар қалың елдің пікірімен санаспайды. Әрі жүргізуші болып бекінген «бесаспап» әнші, сазгер, актерлерден көрерменнің өзі де, көзі де ығыр болды. Көйлегі де әдемі әнші қыздар экран алдында ұстауға қабілетті болғанымен, хабар жүргізу фанограммаға қосылып ауыз жыбырлату емес. Жастардың «Жайдарман» бағдарламасы көрермен көңілін аудара алмайтын сүреңсіз хабарлардың қатарында тұр. Қыркүйек айындағы Жасыбай толқыны кезекті бағдарламалар топтамасын алайық. Арзан әзіл, астарсыз қалжың, айқай-шу, қабаттасқан мағынасыз сөздер. Жастар үшін бұл хабар керек, бірақ дүйім қазақты сенбі, жексенбі күндері бетіне қарап отырған жалғыз ұлттық арнаға мынаны көр де, күл деп таңып қою,қаншалықты дұрыс? «Жайдарманды» електен елеп, талқыдан өткізіп, сұрыптап, мазмұнын ширатпай, баланың шала әңгімесін үлкен аудиторияға ұсыну «ұлттық» арнаның абыройын асырмайды. Рас. «ОРТ», «КВН»-ді жақсы уақытқа қояды. Оны В.Путин де тамашалауға барады. Біздің «Жайдарман» «КВН»-нан көш төмен, салыстыруға келмейді, юмор жоқ, оны мойындау керек. Қазылар алқасында жастардың білім деңгейін, ойларының ұшқырлығын бағалайтын бағыт-бағдар айтатын білімді жастар мамандар өнер мен сатираның өкілдері де, көрінбейді.

Өткен жылдары «Ел арнадағы» жастарға ұнаған «Саз әлемі» Баян Есентаева мен Тұрсынбек Қабатовтың сөздері қойыртпақ болды. КТК-дағы латынамерикандық көшірме реалити-шоуы «Mamma mia», қостілді насихаттау ғана. Баянның ниеті өте құптарлық, шынайы өнерді қарапайымдар арасынан іздеп, ұлттың абыройын асырғысы келеді. Бірақ тағы да тіл құрбан болды. Сондай-ақ әншілер жүргізетін ток-шоу саз бағдарламаларда тіл тазалығы, сөз этикеті сақталмайды. Ал екі тілде шығатын бағдарлалардың ұлттық болмысы болмайды. Аталған хабарлар орыс тілді әріптестерге азық болып қала береді. Орыс ағайындар жоғарғы деңгейде жасалған Ресей хабарларын көреді. Ал ресми тілді әріптестер Ресей арналары деңгейінде жасай алмайды, себебі оның толып жатқан факторлары бар. Ақпараттық қауіпсіздігімізге кім кепіл? Арналарда көрермендердің пікірімен санасып отыратын бақылау бар ма? Телевизиялық маркетинг қызметі жұмыс істей ма? Біз білмейтін сауал көп... Бірақ біз білетін басы ашық ақиқат – қазақтілді хабарларға сұраныс күн санап еселеп өсе береді. Сондықтан бағдарламалардың жақсы мен жаманын ажыратып айтып отыратын тәуелсіз телесыншылар қажет. Бізде олай болмай тұр, ақпараттық кеңістікте Ресей үстемдігі дәуірлеп тұр. Қазіргі мақсат: ана тіліміздің тазалығын, ғажаптығын сақтап қалу аса маңызды, әрі бәрінен маңыздырақ. Тіліміздің ұлылығын сақтай отырып, мына жағдайларды да ескерген жөн болар. Бұл күндері әлемдік өркениет жетегіндегі елдер өз лексиконындағы ескі көнерген, құлаққа жағымсыз сөздерді алып тастап жатыр. Біздер балкон-қылтима деп (франц.balcon) халықаралық терминдерді өшіріп, сөздік қорға «қылтиманы» тықпалап жүрміз. Бұл пікірді қате десеңіз арналардағы таңертеңгі хабарлар мен ойын-сауық бағдарламаларға аралас тілді бағдарламаларды қараңыздар. Осы хабарлар топтамасында шақырылған қонақтарға берілетін сұрақтар сиқы мынандай: «Хабардың» таңғы бағдарламасында режиссер Сергей Азимовқа сауал: «Кино туралы айтып беріңізші? Қызықты оқиғаларды айтып беріңізші? «Таңшолпан», «Жаңа күн» бағдарламаларында жүргізушілердің жаңылмайтын сауалы: таңғы тілегіңізді айтыңызшы? Бұл не? Тілек пе, өтініш пе, сұрау ма? Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Ысылмаған ауыздан, кедір-бұдыр сөз шығады» дегенен басқа не айтамыз. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары «Қазақ теледидары»-ның тәжірибесінде экранға шығатын журналистер уақыт аралап көркемдік кеңестен міндетті түрде өтіп отыратын. Жас журналистер кеңестің рұқсатынсыз миллиондар алдына шығуға, тіпте көшеден сұхбат алуға құқы болмайтын. Кеңес мүшелері филология ғылымының мамандары, режиссерлер, аға журналисттер, логопедтер, театр ұстаздары т.б өнер шеберлері шақырылатын. Кейде өткеннің жақсысынан алғаннан да қателікке ұрынбаспыз.

Отандық арналардың арасынан қазақ теледидарының мұрагері «Қазақстан» ұлттық арнасының жөні бөлек. Іздену, алға басу бар. Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде көрсетілген «Қазақстан дауысы» көрерменді қуантты. Жоғарғы деңгейде, талғаммен жасалған хабар. Таңдалған таланттар шынайы жүйріктер екен. Әндері «құлақтан кіріп, бойды алды». Қазақ сахнасынан тағы бір саф дауысты Роза атты ажарына көз тоқтайтын бойжеткенді көріп, ән мен сұлулық бәйгесiнiң тәжiн қатар киіп өткен алаштың ай маңдайлы аруы Роза Бағланова ханым тіріліп келгендей әсерде болдық. Хабарды жүргізуші актер Азамат Сатыбалдының кәсіби шеберлігін атап өтсек артық болмас. Көрермен рух көтерер бағдарламаларды аңсайды. Қазіргі біздің телеарналар ақпараттық қана рөл атқарып отыр. Көрерменге үлгі боларлық кейіпкері бар хабарлар көргісі келеді. Ол – көркем тілді хабарлар. Белгілі тұлғалар, өнер қайраткерлері, білім мен ғылымды, атамекеннің ғажайып табиғатын, жаңалық жаршыларын, діни ағымдар, жақсы мен жаманды дәріптейтін деректі фильмдер. Көрермен семіздіктен қалай арылу, әйелдің бойының аласа-биіктігінен гөрі үлкенді сыйлау, ұлы аналар бейнесі, көргенді, білімді, тәрбиелі, еңбекқор, ибалы қыз-келіндер отбасының құндылықтарын дәріптейтін, жастарға танымдық ақыл-ой жарысы, ғылым мен спортты насихатайтын қиындықтарды жеңуге жол сілтейтін психологиялық хабарлар көргісі келеді. Ток-шоулардың да өз міндеті бар. Бірақ олар азат ойға бастамайды. Халық сауатты, интеллектуалды-танымдық классикалық өнерді, ізгілікке баулайтын, әдебиетті үздіксіз насихаттайтын өрелі хабарларды іздейді. Бірақ біз аңсағанымызбен тіл тазалығы ТД назарына ілікпей келеді.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз