THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстандағы мемлекеттік тілді дамыту және қолдау нәтижелері қандай деңгейде екенін айқындайтын басты көрсеткіш – бұл шынайы қоғамдық орта, қоғамдық ортаның мүддесі мен рухани саналы көзқарасы. Қоғамдық ортадағы мемлекеттік тілдің қолданылуы тілдік ортаның нығаюымен күшейеді. Ал қазақ тіліндегі қоғамдық ортаны қалыптастыруға ықпал жасайтын факторлар – білім беру, мәдениет БАҚ жүйесі мен мемлекеттік тілде ісқағаздарының жүргізілуін қадағалайтын әрбір мекемедегі тіл дамыту бөлімдері мен департаменттері, т.б. институттар мен қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік биліктің тікелей өзі болып табылады. Мерзімді және электронды БАҚ жүйесіндегі мемлекеттік тілді дамыту іс-шараларының нәтижесі бойынша қазақтілді ортаның өсу динамикасы жылдан жылға артып келеді, бірақ ісқағаздары мен мемлекеттік қызметтегі, жеке кәсіпкерліктегі, жеке ұйымдардағы тілдік орта түбегейлі қазақ тіліне ауысты деуге болмайды. Ең бастысы 1991 жылдан 2000 жылға дейінгі рухани сананы ояту күресі жеңіске жетті. Яғни бүгінгі таңда (2014 жылға дейін) көпұлтты барша қазақстандықтар мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін шынайы рухани тұрғыдан мойындап, оны құрметтеуге бет бұрды, тіпті қазақ тілін үйренуге талпыныс күшейді. Әрине, бұл қозғалыс мемлекеттік тілді дамыту стратегиясының орындалу мерзімінен әлдеқайда кеш әрі баяу жүргізілді. Бірақ Қазақстан үшін осы қадамға жету тіл саясатындағы толеранттылық, сабырлылық күшіменен жүзеге асты.
Әрине, ұлтжанды тіл жанашырлары мемлекеттік тілдің туын көтеру үшін жан айқайын салып, түбегейлі қазақтілді қоғамдық ортаны қалыптастырудың саяси да, рухани да, заңдық жолдарын көрсетіп, тіпті өзге мемлекеттердің оңтайлы тәжірибелерін негізге алып қоғамдағы тілдік ортаны күрт өзгертуді ұсынады. Бірақ олардың қолы биліктің тежеуінен байланып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдық ортаның бір өкілі ретіндегі, қоғамдық пікірдің бір мүшесі ретіндегі әрбір азаматтың түйсігінде мынадай сауалдар туындайды: қазақ тілінің мәртебесін арттырып, мемлекеттік тіл дәрежесінде барлық салада еркін қолданысқа 22 жыл бойы қарқынды ене алмауының себебі неде? Осы сұраққа жауап іздеу үшін біріншіден, қазақстандық БАҚ жүйесіндегі (мерзімді және электрондық) мемлекеттік тілге қатысты барлық мақалалар мен оларға берілген қоғамдық пікірлерді мазмұндық тұрғыдан сараптадық. Екіншіден, сол мақалалар идеологиясынан туындайтын мәселелерге талдау жасадық. Яғни қазақ тілін үйрететін және оқытатын әдістеме мен оқулықтардың тиімділігі мен маман тәжірибесі, шеберлігі туралы пікірлер талқыланды. Үшіншіден, мемлекеттік тілді тіл саясаты арқылы нығайтуды көздейтін саясаттанушылардың ұсыныстары талданды. Төртіншіден, өзге мемлекеттің тіл саясатын үлгі ету үдерістері, оған қарсы және оң пікірлері ашық көрсетілді. Бесіншіден, мемлекеттік тілді дамытудың ғылыми негіздемесі туралы ғалымдардың пікірі талданды. Алтыншыдан, қазақ қоғамындағы мемлекеттік тілді дамытуға ықпал ететін барлық іс-шаралардың (тілді дамыту департаменттері мен бөлімдерінің қызметтеріне) нәтижелеріне талдау жасалды. Жетіншіден, 2005-2014 жыл аралығы бойынша статистикалық сараптама жүргізілді.
«Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігінің хабарлауындағы жаңалықтарға статистикалық санат жүргізгенімізде мемлекеттік тілді дамытуға қатысты іс-шаралар жылдан жылға қарқынды жүргізіліп жатқанын байқауға болады. 2012 және 2013 жылдарды салыстырғанда 2012 жылы барлығы 162 іс-шараның өткізілгені туралы мәлімет ала алдық, ал 2013 жылы 195 іс-шара жүргізілген. Бұл деректер бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланып, ашық түрде таратылған шаралар болса, көпшілікке айтылмай жүргізіліп жатқан шаралар саны одан да көп. Қазақ тілін қолдау ісіне қатысты орындалып жатқан жұмыстардың санымен қоса мазмұны да уақыт өткен сайын күрделеніп, халық мұқтажын, қажеттілігін өтеу мақсатында сұранысқа ие болып отыр. Мәселен, 2013 жылғы іс-шаралардың жүйесін былайша топтастырып таныстыруды жөн көрдік:
1. Мемлекеттік тілді электронды жүйе көмегімен жетілдіру іс-шаралары: мемлекеттік тілді онлайн режімінде тегін оқытатын «www.soyle.kz» интернет-порталы іске қосылды. Қазіргі таңда 2014 жылғы жаңалықтарда осы порталға кірушілердің саны 30 мыңнан асқанын жиі хабарлайды. Сонымен қатар келешекте мемлекеттік тілді тегін оқытатын «Qazaqsha-online» электрондық порталы іске қосылатынын хабарланған. «Тілдарын» мемлекеттік тілді меңгерудің мультимедиялық кешенін әзірледі. Қазақша Wikipedia мақалалары 200 мыңнан асып, бұл сайтты қолданушылар саны артты және оның қазақ тіліндегі рейтингі 25-орынға жетті. 64 тілде веб-қызмет көрсететін Google сайтына қазақ тіліндегі аударма қызметі енгізілді. Бұл игі істі «Викибілім» қоғамдық қоры жүзеге асырды. Алматыда веб-сайттарды қазақ тілінде дамыту мәселесі талқыланды. «Одноклассники» әлеуметтік желісі қазақ тілінде қолжетімді болуы жоспарланды.
2. Мемлекеттік тілде сөйлейтін тұрғындардың үлес салмағын
анықтау шаралары:Алматыда мемлекеттік тілді меңгерген қала тұрғындарының үлесі 62 пайызды құрайды. 2600 астаналық мемлекеттік тілді оқыту курсынан өтті. Павлодар облысында қазақ тілінің аясы кеңейді. Қазақстанда өзге ұлттың 93 мың баласы қазақ тілінде білім алып жүр. Атырау облысы тұрғындарының 97 пайызы қазақ тілін біледі. Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің саны 56,3 пайызды құрады. Шымкентте өзге ұлт өкілдерінің 80 пайызы мемлекеттік тілді біледі. Тәуелсіздіктен бері қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 51,6 пайызға артты. ШҚО-да мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің 97 пайызы мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізе алады.
3. Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты қаулылар мен бұйрықтар,
ұсыныстар: Қазақ тілін шеттеткен БАҚ лицензиядан айырылады (М.Құл-Мұхаммед). Қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан асқан өңірдің барлығы қазақ тіліне көшуі керек (Н.Назарбаев). Ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді қалалық прокуратура тексереді (Астана). Қазіргі заман әдебиетінен 69 кітап қазақ тіліне аударылады. Қазақстан Ұлттық телеарнасының рейтингісі 47 пайызға өсті. Қазақстандағы ЖОО-лар кітапханасындағы оқулықтардың 17-18 пайызы ғана қазақ тілінде.
4. Ісқағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі: Алматыда жергілікті
атқарушы органдардың мемлекеттік тілдегі құжат айналымы 78 пайызды құрады. Қазақстан халықаралық шарттарды мемлекеттік тілде жасайтын болады. Д.Омашұлының мемлекеттік тілде заң жазу мәселесіне арналған жаңа кітабы жарық көрді. БҚО-да құжат айналымында мемлекеттік тілдің үлес салмағы 99,7 пайызға жетті. Қазақстанда тіркелген шетел елшіліктерінің 80 пайызы елімізге ресми ноталарды қазақ тілінде жолдайды. Бағдарламалық шешімдердің әлемдік көшбасшысы саналатын SAP компаниясы енді өз өнімдерін тұтынушыларына қазақ тілінде ұсынатын болды.
5. Қазақ тілін дамыту байқаулары: «Қазақтілді Интернет-сайттар
ұлттық сыйлығы» байқауы жүргізілді. Павлодарда «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сайт» анықталды. Астанада «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауы өтті. СҚО полицейлері мемлекеттік тіл байқауына қатысты. ТЖД өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауын өткізді. Астанада 27 азаматқа «Тіл жанашыры» құрмет белгісі табыс етілді.
6. Түрлі іс-шаралар: Оралда мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге
арналған конференция болып өтті. Алматыда студенттер мемлекеттік тілдің мерейін өсіретін ерекше акция өткізді. Қостанайда дәстүрлі Тілдер фестивалі өтті. Алматыда мемлекеттік тілдегі қателерге, сауатсыз көрнекі құралдарға арналған көрме өтті. Ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдеріне қазақ тілін үйрететін жазғы мектеп ашылады.
Ал 2012 жылы жүргізілген іс-шаралар мазмұны қазақ тілін үйрету әдістері, шаралары, жолдары мен түрлі байқаулары аясында кеңінен орындалған. Сондай-ақ 2012 жылғы жетістіктер қатары қазақ тіліндегі көркем шығармалар мен шетел әдебиеттерінің қазақша аудармаларымен толыққанын айту қажет. «Қазақ тілі» қоғамының қызметтері өз нәтижелерін бере бастады. Қазақ тілі мұғалімдерінің білімін жетілдіру ісіне күш салынды. Таратып айтатын болсақ, 2012 жылы қазақ тілінде жарық көрген кітаптар: А.Дюманың «Үш ноян», «Граф Монте Кристо» кітаптары, М.Әуезовтің әңгімелері қайта басылып шықты. «Түркіменстанның дәрілік өсімдіктері» қазақ тіліне аударылып басылып шықты. Корея Республикасының Президенті кітабы қазақ тілінде жарық көрді. АҚШ университетінің профессор Л.Лессингтің «Еркін мәдениет» кітабы қазақша аударылды.
2012 жылы жарыққа шыққан қазақ тіліндегі фильмдері мен бағдарламалар: «Батыл жүрек» мультфильмі, Уолт Дисней мультфильмдері қазақ тіліне аударылып таратылды. Қазақ тілінде дубляждалған «Қара киімділер-3» фильмінің тұсаукесері болды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Қазақша сөйлейміз» бағдарламасы эфирге шықты.
Мемлекеттік тілді электронды жүйе арқылы дамыту шаралары: «tilim-elim.kz» интернет сайты іске қосылды. 2012 жылғы Шетелдегі қазақ диаспоралары үшін жүргізілген іс-шаралар: Висконсин-Мэдисон университеті қазақ тілін оқытудың әдістемесін ұсынды. Барнаулда қазақ тілі орталығы ашылды. Румынияның Бабеш-Боляй университетінде қазақ тілі, мәдениеті мен тарихы орталығы ашылды.
Екі жылдың (2012-2013 жылдың) көлемінде Қазақстан қоғамында мемлекеттік тілді дамытуға қатысты сан түрлі іс-шаралар өткізілген. Олардың барлығы дерлік халықтың қазақ тілін үйренуге қажетті сұраныстарына сай жүргізілген. Әсіресе сөздіктер мен аудармашылардың электронды жүйесі көптен күткен сұраныстар болатын. Ал «Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігінің осы жылдарға дейінгі хабарламаларында мемлекеттік тілді қолдау және дамытуға қатысты іс-шаралардың басмы бөлігі тек насихаттау, өзекті мәселелерді талқылау, оқулықтар шығару, олардың сапасын анықтау, түрлі семинар-тренингтер өткізу, тәжірибелі ұстаздар дайындау, олардың біліктілігін жетілдіріп отыру мәселелеріне қатысты шаралармен шектелетін. Дегенмен, қазіргі жетістікке жетудің алғышарттары осы талқылаулардың нәтижелері болмақ. Қалай болғанда да, 1991 жылдан 2000 жылға дейін іс-шаралар сөз жүзінде болып келді, ал 2000 жылдан бастап іс жүзінде нәтижелерін бере бастады. Оны жасырмауымыз керек. Себебі 2000 жылға дейінгі мерзімді БАҚ-тағы мемлекеттік тілді дамыту жайындағы мақалалар қазақ тілін алдымен грамматикалық құрылымынан бастап оқыту керек пе, әлде қазақ халқының ұлттық болмысынан бастап түсінік бере отырып оқыту керек деген дұрыс әдістемелік жолын таңдау мәселесіне айналды. Қоғамдық пікірталас, қоғамдық мұқтаждықты өтеу салдарынан қазақ тілі оқулықтарының әдіснамалық жүйесі өзгеріп, ұлттық болмысты таныта оқытудың түрлі әдістерін сіңірген оқулықтар жарыққа шықты. Олар өз нәтижелерін бере бастағаннан кейін жаңа сұраныстар пайда болды. Ол – тез, қолжетімді аударма ісі (орысша-қазақша, қазақша-орысша). Осындай сұраныстардың арқасында электронды үйрету порталдары мен сөздіктері іске қосылды. Демек, Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытуға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар қоғамның талап-тілегін уақытында өтеуге қызмет етуде және баяу болса да оның жетістіктері көрініп келеді. Олай болса мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін анықтау, мемлекеттік тілге мұқтаж етуші немесе мұқтаж етпеуші факторларды тану негізінен БАҚ жүйесінде айқын көрінеді екен.