THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Тіл мен тарих тамырлас
Авторы: Қуат Сапаров, география ғылымдарының докторы, профессор
31/05/2017 16:34 0 80537 10
Тіл – ұлттың ұлттық сипатын ерекшелейтіні белгілі. Тілі жоқ халықтың ұлты да жоқ болатыны дау тудырмайтын ақиқат. Қазіргі таңдағы қазақ қоғамындағы ұлттық бірліктің дамуын қамтамасыз ететін рухани байлық пен материалдық өндірісті бейнелейтін негізгі құрал – мемлекеттік тіл екенін сезіну тіл зерттеу мәселесіне бұрынғыдан басқаша қарауымызды қажет етеді. Олай дейтін себебіміз мемлекеттік тілімізді бекемдей түсу жолында жауапкершілік пен тиянақты істер өте қажет.Мәселен, ономастика, топонимика саласында тіліміздің молынан көрініс табуы, жер-су, елді мекен атауларының ана тілімізде өрнектеліп, бір жүйеге түсуі маңызды мәселе. Себебі ана тіліміздің дамуы топонимдермен тығыз байланысты. Сондықтан топонимдерді ана тілімізге негіздей отырып, осындай бағыт-бағдармен қалыптастыра білсек, біз бұл мәселелерді көп ілгері жылжитынымыз анық.
Топонимдер (жер-су атаулары) еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті бағыт-бағдар беретін таңбалық қызметінен басқа қоғамдық-саяси маңызға ие болатын ұлттық және танымдық сипаттарымен алдыңғы орынға шықты. Өйткені жер-су атаулары адамзат қоғамында ғана пайда болып жататын өзгерістерден тыс қала алмайды. Табиғат ресурстарын игеру барысында адамдар географиялық нысандарға атау беруге мәжбүр болды. Географиялық атауларда (топонимдер) физикалық-географиялық, тарихи-этнографиялық, тұрмыс-тіршілікті, экологиялық мәселелерді қамтитын ақпарлар бар. Ал ақпарат белгілі заңдылықтарға негізделіп, кез келген халықтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда қазақ халқы мыңдаған жылдар бойы байтақ Еуразия кеңістігін игеру барысында аумақтық топонимдерде өз тіліне тән атаулар қалдырды. Түркі түбірлі топонимдер Қиыр Шығыстағы Камчаткадан Еуропаның батысы, Кавказ елдері мен Ресей жерінде, тіпті Африканың солтүстік бөлігінде, оңтүстігі Декан үстіртінен Еуразия құрлығының солтүстік жиегіне дейін, сонымен қатар Батыс Қытай, Моңғолия жерінде де кездесетіні мәлім. Мұндай атаулардың әрқайсысы өз алдына жеке зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Өйткені біз сол арқылы ұлттық таным жүйемізді қалыптастырып, бүгінгі таңда ономастика мәселесінде кейбір шешімін таппай келе жатқан тарихи атаулардың пайда болуы сырын анықтауға жол ашамыз.
Екіншіден, біз қазақ халқының табиғатпен тығыз байланысы мен географиялық нысандарға атау берудегі ерекшелігін айтуға тиіспіз. Өйткені ғасырлар табиғатпен етене өмір сүрген халқымыздың жер-су, елді мекендерге атау беруде өздері өмір сүрген жердің ерекшелігіне, ауа райына, географиялық сипаттарына мән бергені айдан анық. Демек, Қазақстанның жер-су атаулары ұлттық тіл мен этникалық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде танылып, халықтың тарихи жадынан үлкен орын алуы тиіс. Жер-су атауларының тіл білімі, тарих және география тәрізді үш ғылыми салада зерттеу нысаны ретінде тоғысуы бұл мәселенің күрделі екенін аңғартады. Ал қазіргі Қазақстан қоғамындағы негізгі бағыттың бірі ол мемлекеттік тіл саясаты болса, ономастика оның құрамдас бөлігі ретінде республикалық деңгейдегі мәселелер қатарына жатқызылуы әбден орынды. Алайда ұлттық топожүйені мемлекеттік тіл саясатының құрамына алып қарағанымен, ойластырылған шаралар жүйелі түрде жүзеге аспай келеді. Тоқсаныншы жылдары қолға алынған бастамалар тез басылып қалғандай. Оның айғағы қазақ тілін дамытуға бөлінген миллиардтаған қаржының ономастика мәселелерін дамытуға, топонимикалық зерттеулерді жүргізуге (облыс, өңірлер бойынша) бөлінбеуі қынжылтады. Ал ономастика, топонимика саласындағы зерттеу жұмыстарын мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөліп, бұл салаларға тиісті деңгейде қаражат бөлінсе, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болады. Жылда өткізілетін республикалық конференциялар мен дөңгелек үстелдерге қатысып жүргенде, Қазақстанның топонимикалық кеңістігін ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу және жойылған атауларды қалпына келтіру қажеттілігі айқындалып келе жатқаны аңғарылады.
Менің байқауымша, ең басты мәселе тәуелсіздік алған жылдары жер-су атауларын ауыстыруда, жаңғыртуда және тыңнан атау беру кезінде бірқатар олқылықтар орын алды. Ол үшін топонимдер жасаудың типологиялық модельдерін анықтап алу қажеттілігі туындады. Сондықтан географиялық атаулардың күнделікті өмірде, халықаралық қарым-қатынастарда қолданылатындығы, географиялық әдебиеттер мен карталарда көрініс табатыны олардың жазылуы мен айтылуының бір жүйеге келтірілуі мен стандартталуын қажет етеді. Осы жағдайда жергілікті жерде географиялық атауларды стандарттау ісіне географ-мамандар белсенді атсалысып кеңесші қызметін атқаруына болады.
География ғылымы табиғи нысанды сипаттап, зерттеп беру арқылы қажетті мәліметтер бере алады. Қандай да болмасын географиялық атау сол жердің көрінісін нақты айқындайды. Павлодар облыстық ономастикалық комиссиясының мүшесі ретінде географиялық нысандардың көне карталарда орналасуын және жазылуын салыстыра қарап, біреуін екшеп алу тәжірибесін бірнеше рет пайдаландым. 2007-2008 жылдарға арналған облыстық «Тілдерді қолдану және дамыту бағдарламасы» шеңберінде Павлодар облысы аудандарының әкімшілік-аумақтық карталарын қазақ тілінде (м-бы 1:300.000 және 1:3000.000 болатын) (Ақсу, Екібастұз қ.ә.қ.а, Актоғай, Баянауыл, Epтic, Железин аудандары) құрастырып, соңғы 10 жылдың ішінде Павлодар облысының топонимикасына байланысты бірқатар еңбектерім жарық көрді.
Топонимика мәселесін зерттеу, қалпына келтіруде топонимдердің табиғи жағдайын (ландшафттық ерекшеліктерін), жер бедерінің пішінін, су көздерінің (ағысы, тұздылығы, тұщылығы) физикалық-химиялық қасиетін де зерделеу маңызды рөл атқарады. Аумақтың топонимдерін зерттеу барысында картографиялық, геоақпараттық, палеогеографиялық, лингвистикалық, тарихи-этнографиялық, статистикалық әдіс-тәсілдері қамтылуы тиіс. Соның нәтижесінде аумақтың табиғи жүйелерін бағалау және қорғау шаралары және топонимдер жүйесінің физикалық-географиялық негіздері саралана түседі.
Дегенмен, соңғы 20 жыл ішінде барлық елді мекен атауларының (545-тен астам) 81 географиялық атауы ғана өзінің тарихи атауын иеленді. Қазіргі таңда ең үлкен мәселеге айналып отырған Павлодар қаласы атауын өзгерту өзекті болып отыр. Сонымен қатар Қазақстанның солтүстік, шығыс өңірлерінде ономастика мәселелері тиісті шешімін табуы қажет. Оны шешу үшін ҚР Мәдениет министрлігі немесе Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігі жанында «Ономастикалық орталық» ашып, осы мәселелермен шұғылданып жүрген ғалымдардың басын қосып, «Қазақстан Республикасы Ономасттарының қауымдастығын» ұйымдастыруымыз қажет. Қауымдастықтың филиалдары облыс орталықтарында да ашылуы керек деп ойлаймын. Болашақта Қазақстанның географиялық атауларын реттеп, жинақтап, бірізділікке салу арқылы стандарттауға ерекше мән беруіміз керек.
Қазіргі кезде еліміздің топожүйесі аймақ-аймақ бойынша зерттеліп болды деуге болмайды. Ендігі кезекте жиналған атаулар қорын синтездеп, «Қазақстанның топонимикалық атласын» құрастыру. Екінші жолда нәтижеге жету үшін міндетті түрде геоақпараттық картографиялау әдісіне сүйенуге тура келеді. Алайда ол әдіс жалаң түрде қолданылмайды. Бұған тарихи-географиялық этимологиялық, құрылымдық, грамматикалық, сөзжасамдық зерттеу әдістері кірігіп отырады. Бұл өз кезегінде көп ізденісті және ғылыми зерттеулерді талап етеді.
Қорыта айтқанда, қазақ топонимдері – ана тіліміздің айнасы. Жер-су атаулары ұлттық таным мен салт-дәстүрлеріміздің белгісі. Сондықтан ұлттық тілдің көрінісі болып отырған топонимдерге ерекше мән бере қарауымыз керек. Ата-бабаларымыз қойған жер-су атауларының оңды-солды өзгеруіне жол берілмеуі тиіс және алдағы уақытта тарихи атаулар қалпына келтірілуі шарт. Аталған мәселелерді оңынан шешу үшін әрбір Қазақстан азаматы, мемлекетік тілге жанашырлықпен әрі құрметпен қарап, қызмет барысында тек мемлекеттік тілді пайдаланып, басымдық беруі тиіс.
Ана тілі