КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақстан – көп ұлттың өкілдері тұратын (көп диаспоралы) мемлекет. Еуразия континентіндегі бір кездегі көптеген эмиграциялық процестердің экспериментіне айналған ел, көші-қон үрдістерін көп қабылдаған реципиент мемлекет. Әсіресе, көші-қон процесінің «қызған» уақыты Стольпин реформасы мен патша өкіметі кезіндегі орыс-казак, украин шаруа мұжықтарының «қара қытайдай» қаптаған кезі еді. Одан кейінгі тарихи оқиғалар да Қазақстан халқының көпұлтты ел болуына әсер етті: соғыс алдындағы және соғыстан кейінгі жылдардағы депортацияланған ұлттардың (немістер, корейлер, шешендер, гректер, ингуштар, финдер, қырым татарлары, голландықтар, тат, т.б.) қоныс аударуы; АЛЖИР, КарЛАГ, СтепЛАГ, «Долинка» еңбек-түзету лагерлері; 2 млн.-нан аса тың игерушілердің басыбайлы келуі (әрине, Голощекин қолымен жасалған геноцид, коллективтендіру кезіндегі қоныс аудару, Ұлы Отан соғысы да қазақ халқының азаюының басты себепкері еді). 
Бұл жағдаяттардың барлығы өз жерінде қазақ халқының кризистік жағдайына себепші болды, тек 1966 жылы ғана саны бұрынғы өз қалпына келді. Қазақстан этникалық жағынан біртұтастық сипатынан айырылды: бүгінде Қазақстанда 126 ұлт өкілдері (оның ішінде 43 диаспораның саны 200-ден аспайды, 14 диаспораның саны 10 адамдай ғана) өмір сүруде. Еліміздің тілдік жағдайына сипаттама бері үшін тілдік жағдайды қалыптастыратын факторларды атап өткен жөн.
Біріншіден, мемлекеттің тілдік ахуалына ең бірінші тілдік саясаттан бұрын ұлттық ерекшелік әсер ететіні белгілі. Сол себепті Қазақстанда қазақ тілінің үстемдігін арттырамыз десек, қазақ ұлтының санын арттыруымыз керек. Қазақстан халқы соңғы санақ бойынша, 2009 жылы - 16 млн.-ды құраған, 1999 жылы – 14,9 млн., 1989 жылы – 16,2 млн. Әрине, Қазақстанның тілдік жағдайына мекен етуші ұлт өкілдері әсер ететіні де белгілі. Ал санақ бойынша байырғы халық – қазақ халқының саны: 2009 жылы – 10098,6 (63,1%), 1999 жылы – 7985,0 (53,4%), 1989 жылы – 6535,0 (39,7%), 1979 жылы – 5289,0 (36,0%). Қазіргі уақытта қазақ халқының өсуіне тікелей табиғи өсім (75,1%) мен алыс-жақын шетелдерден оралған қазақтардың келуімен байланысты (қазақ халқының өсімінің 24,6%-ін құрайды). Қазақ халқының өсуі өз кезегінде қазақ тілінің таралуы мен ықпал ету аясын қалыптастырмақ, статусына негіз болмақ.
Екіншіден, тәуелсіздік жылдары мен одан кейінгі жылдары елде тарихи отандарына қоныс аударуымен өзге диаспоралардың (орыс, неміс, белорус, украин, татар, т.б.) саны азайды, оның есесіне қазақ халқына туысқан халықтардың (өзбек, ұйғыр, тәжік) саны өсуде, бұл жағдай өз кезегінде бөлек нәсіл тектестердің (түркітектестердің) біртұтастығына әкелуде. Қазақстандағы диаспоралардың саны жағынан орналасуына келсек, 1999 жылғы санақ бойынша алғашқы қатарларда орыс, украин диаспора өкілдері болса, 2009 жылғы санақта алғашқы орындарда орыс, өзбек диаспоралары орналасуда. Қазірде елде 24 түркі халқы мекендеуде. Аса ірілері: өзбектер – 370765-ден 456997-ге, ұйғырлар 210377-ден 224713-ке, түріктер 75950-ден 97015-ке, қырғыздар – 10925-тен 23274-ке өскен. Осыған байланысты славян тектес ұлттар үлесін кемуде, керсінше түркі тектес ұлттар көбеюде. Осыған байланысты елде түркі тілдерінде сөйлейтіндер – 60,5%, славян тілдерінде – 34,6%, өзге тілдерде – 4,9 % болды.
Үшіншіден, тілдік жағдаятқа мемлекет ішіндегі түрлі себептерге байланысты миграцияларға, әкімшілік-территориялық бөліністерге, қалалардың өсуіне байланысты урбанизацияға, астананың ауысуына, мегаполис қаланың дамуына байланысты халық баллансының өзгеретіні белгілі. 2009 жылғы санақ бойынша қала халқы Қазақстан халқының 54,1% -ін құраса, ауыл халқы 45,9 %-ін құраған. Алайда қазақ халқының басым бөлігі қалаларда емес (4841083 адам, қала халқының 55,9%-ін құрауда) ауылдық жерлерді мекендеген (5255680 адам). Кезенде кеңес өкіметі қазақтарды қалаға мөлшермен ғана қоныс аудартқан, қазақты ассимиляцияға ұшырату үшін, қазақтың тілін, ділін осылайша құрту саясаты болған еді. Бүгінде қазақтың қалаға қоныс аударуы қарқанды, бұл өз кезегінде қалалық жерде қазақ тілінің өркендеуіне, ал доминантты рөл атқарған орыс тілінің ықпал ету аясы тарылуына негіз болады. Ұлттың басымдылығымен ұлттық тілдің басымдылығы айқындалмақ.
Төртіншіден, этнос пен тілдің арақатынасы халықтың жас көрсеткішіне де байланысты: қазақстандықтардың орташа жасы – 29,6 жас; 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен балалар – 21,8%, 15-64 жас арасындағы жастар мен ересектер – 70,2%, 65 жастан жоғары қарттар – 7,2 %-ін құрайды. Халықтар арасында өзбек халқы «жастау», жастар бұл ұлттың – 69,3%-ін құраса, қазақтарда жастар қауымы – 61,5%, түріктер – 60,7%, әзірбайжандар - 59%, ұйғырлар – 58,4%-ін құрауда. Ал славянтектестер «қарттық кезеңде», орыс халқының орташа жасы 43-45 жас, 60-тан асқан қарттар диаспораның 17%-ін құрайда, бұл өз кезегінде қазақтан 4 ессе көп.
Бұл демографиялық процестердің барлығы мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік статусын айқындамақ, қазақ тілінің дамуына, таралуына негіз болуда. Алайда көптеген проблемалар да бар екені белгілі. Мәселен, қазақ халқының 97 %-і өз ана тілін еркін, орташа деңгейде біледі, ал 3%-і өзінің қазақ тілінде сөйлей алмайтынын (жаза алмайтын, оқи алмайтын) көрсеткен. Бірақ та бұл көрсеткіш қоғамда өз нәтижесін көрсетіп отырған жоқ. Себеп не, мәселе неде? Ресми ортада (мемлекеттік органдарда, мектеп, жұмыс, банк, әскери істерде), яғни мемлекет назарындағы орындарда жастар арасындағы қазақ тіліндегі ақпарат алмасушылық тек 32,8%-ті ғана құраған; ал бейресми қадағаланбайтын орталарда (газет-журнал, көркем әдебиет, интернет, радио, телевидения, ғылыми әдебиет) ақпарат алмасу 36,1 %-ті құраған; ал қарапайым қарым-қатынас жасайтын орында (дос-жарандар, базар, транспорт, дүкен, т.б.) 36,1%-ті құраған. Ендеше осы статистикадан-ақ мынандай сұрақ туары хақ: басында көрсеткендей 97% қазақ тіліне сауатты қазақ халқы неге өз ана тілдік сауатын жетік қолданбайды? Мәселе, тілді меңгеру, игеруде емес, мәселе оны қолдануда болып отыр. Осы жағынан еліміздің тілдік саясатты тең тұғырлы, яғни тең бағытта (сбалансирванный) ұстануынан қазақ тілі елдің барлық сферасында қолданылмай отыр. Посткеңестік елдерге қарағанда Қазақстанда тілдік жағдайы өте күрделі. Бізде тілдік саясатты демократиялы түрде жүргізуді талап етеді. Өзге ұлттардың да жағдайын қанағаттандыра отырып қазақтандыру саясатын жүргізу керек. Біріншіден, өзге мемлекеттердегі тарихи, байырғы, негізгі ұлттарға қарағанда мемлекетімізде қазақ ұлты әлдеқайда аз (бүкіл халықтың жартысынан астамын ғана құрайды; мәселен Әзірбайжанда әзірбайжандар халықтың 90,6%-ін, Белоруссияда белорустар 81,2%-ін, Өзбекстанда өзбектер 75,8%-ін, Украинада украиндар 75%-ін, Қырғызстанда қырғыздар 64,9%-ін құрайды ); екіншіден, орыс халқы көп мөлшерде және олар өз ана тілін толық меңгерген, қазақ халқының көп бөлігі (тек респонденттің 0,4%-і ғана орыс тілін меңгермеген) орыс тілін жетік біледі және қажет ортада қолданудың кеңдігінен қазақтың көбі орыс тілінде сөйлеуде; үшіншіден, өзге диаспоралар (өзбек, ұйғыр, украин, белорус, корей, т.б.) қазақ тілінен гөрі орыс тілін меңгерген; төртіншіден, егер күшпен (диверсия) тілдік саясат жүргізетін болсақ, онда ел ішінде дүрбелең, қарсылық тумақ, бұл мемлекетке пайда әкелмейді; бесіншіден, билік қазақ тіліне қарағанда орыс тілінде «жақсы сөйлейді»; алтыншыдан, қазақстан халқы кәсіби деңгейін арттыру мақсатында ағылшын тілін игеруге бет бұруда, бұл жағдай меніңше, мемлекет саясатынан тыс болып жатқан сияқты, әлемдік ақпараттың барлығы ағылшын тілінде екені және әлемде ең кең таралған ағылшын тілі екені белгілі және халықтың осы тілді меңгеруге деген қызығушылығы артуда (кезінде американдықтар жапон мәдениетіне қызығып жапон тілін меңгеруге деген қызығушылық артқан болатын, сол сияқты Қазақстанда да сондай үрдіс бар сияқты); жетіншіден, қазақтандыру үрдісі жасырын әрі өз деңгейінде, жағдайға байланысты жүргізілуде, ең бастысы қазақ тілі мемлекеттің тілдік идеологиясының өзегі болып отыр, тек мемлекеттің тілдік саясатын ішкі жағдайға байланысты атқару қажет.
Қазақстан ғалымдардың көп жылдық зерттеулері нәтижесінде мынандай елдің тілдік жағдайы, яғни көптілділік жағдайы байқалатынын айтуда:
Біріншіден, жалпы, Қазақстанда қостілділік (билингвизм) дамыған, сонымен қатар ағылшын тілінің функциясы да артып келеді, демек Қазақстанда көптілділік сипат та орын алып отыр.
Екіншіден, бұрында орыс тілі кәсіби әрі карьералық және қоғамдық коммуникативтік қажеттілікте басты рөл атқарса, қазір ағылшын тілі бұл бағытта басты орынға оңтайланып бара жатқаны байқалады. Мемлекеттің «үш тұғырлы тіл» саясаты да ағылшын тілін қолдап отырғандықтың белгісі. Шетелде Қазақстан жастарының 16 мыңдай адам оқиды және оның 2000-дай адамы Болашақ бағдарламасымен оқиды (оқыған!). Және де ағылшын тілін оқыту барлық орта және жоғары оқу орындарында жолға қойылған, ағылшын тілінен емтихандар болады, докторантура мен магистратураға міндетті ағылшын тілі емтиханы енгізілген. Ең бастысы, ағылшын тіліне деген халықтың қызығушылығы мол және де профессияда көтерілуге, кәсіби мақсаттағы әрекеттерге және әлеуметтік жағдайды жақсартуға ағылшын тілінің қажет екені белгілі.
Үшіншіден, орыс тілі – көптілділік үрдісіндегі басты әртүрлі топтардың көп меңгерген тіліне айналып отыр. Топтар арасында алғашқы қатарда қазақтар, яғни қазақтардың 93,3%-і (тек 0,4%-і ғана білмейді) орыс тілін орташа және жоғары деңгейде игерген. Орыс халқы өз ана тілін толық меңгерген, яғни 97,6% (1999 жылы - 100% меңгергенін көрсеткен) меңгерген. Орыс тілін білушілік (компетенция) басқа диаспора өкілдерінде жоғары дәрежеде. Белорус, өзбек, ұйғыр, неміс, украин, армян, поляк, шешен, корей т.б. ұлт өкілдерінің тек 13,2%-і ғана орыс тілін төменгі деңгейде меңгерген, ал 94,2% орыс тілін орташа және кәсіби деңгейде меңгерген.
Төртіншіден, ағылшын тілін меңгерушілік те басым. Қазақ-респонденттердің 62,9%-і, орыс-респонденттердің 70,3%-і, өзге ұлт өкілдерінің 42,3%-і ағылшын тілін меңгерген.
Бесіншіден, қоғамда қазақ тілінің де тұтынушылығы артып, өзге диаспора өкілдері мен қазақтардың өз ішінде де сұранысқа ие болып отыр. Диаспоралардың қазақ тілін меңгерушілігі 55,4%-ке жеткен. Әсіресе, қазақ тілін жоғары білушілік өзбек, ұйғыр, татар ұлттарының арасында байқалады. Бұл өз кезегінде славян ұлттарының ассимилияциясына қарсы қазақ тіліне деген тағы бір қолдау екенін аңғаруға болады. Қазақ тілін білушілік орыс диаспорасы өкілдері есебінен де өсуде: қазақ тілінде еркін сөйлейтін орыс ұлты – 4,6%-ды құрайды, ал орташа және төмен білетіндер 30,1%-ті құраған, ал орыс диаспорасының 1,8%-і қазақ тілін өзінің ана тілі ретінде таныған. Ал респондентердің арасында 62,7%-і қазақ тілін меңгеру керектігін мойындаған.
Алтыншыдан, диаспоралар өз этникалық тілін жақсы біледі (әсіресе, өзбек, ұйғыр, татар, түрік; және де диаспоралар өз этникалық тілінде 71,7%-і жақсы білетінін, 26,3%-і төмен дәрежеде білетінін көрсеткен) және олар қазақ, орыс тілдерін де меңгерген. Бұл да елдің көптілділік жағдайын көрсетеді. Қазақстанда қазақ пен орыс ұлтынан өзге ұлт өкілдері халықтың 16,6%-ін құрайды. Бұл ұлттардың барлығы не қазақ тілінде де, орыс тілінде де мөлшермен болса да біледі. Және осы жерде айту керек нәрсе қазақстандағы ұлттардың арасында тілдік жақындаушылық процесі үрдіс алуда. Жоғарыдағы мысалдардың барлығы, санамаланған тілдік жайғдайлардың барлығы Қазақстан халқының тілі көптілділікке әрі тілдердің жақындасуына әкеле жатқандығын көруге болады.
Кейінгі кезде ғалымдар Қазақстанда орыс тілінің варианты жасалу ықтималдылығы бар екенін айтуда: бұған бірі келіссе, бірі келіспеуде. Бірақ ағылшын тілінің басқыншы (интервенция) тіл болғандықтан әр елдің қоғамында әртүрлі нұсқалары (британдық, америкалық нұсқа) пайда болғандығы бұған дәлел болса керек. Бұл процесс де Қазақстанның тілдік жағдайын анықтамақ.
Одан кейін Қазақстандағы қазақтандырудың (казахизация) бірнеше оңтайлы жағдайлары бар. Біріншіден, қазақ тілі өзге әлемдік тілдерге қарағанда диалектикалық томаға-тұйықтық жоқ, диалектілер арасында толық түсінушілік бар (тек диалектілер арасында фонетикалық айырмашылықтар ғана бар). Мәселен, Россияда сан-петербургтік және москвалық диалектілер бар және олардың арасында түсінбеушілік те пайда болып келе жатыр; Қытайда 5 диалектикалық аймақ бар, олар бір-бірін түсіне алмайды, пекиндік диалектиканы білген адам ғана мемлекеттік аппаратқа қызметке тұра алады; немістерде бавариялық және берлиндік диалектика өмір сүреді, бұл диалектикалар арасында да үлкен айырмашылықтар бар; өзбек елінде де үлкен айырмашылыққа ие бес диалектикалық аймақ бар. Ал қазақ тілінде диалектикалық алшақтықтың жоқтығы қазақ тілінің орталықтандырылғанына дәлел. Екіншіден, қазақ тілінде Ахмет Байтұрсынұлы негізін салып кеткен балама терминалогиялық жүйе қазақ тілінің дамуына тірек болмақ (басқа тілдердегі терминдердің көпшілігі латын тілінен енген). Үшіншіден, қазақ тілінің ауызша формасы жақсы сақталған және жақсы таралған. Және төртіншіден, қазақ тілі – мемлекеттің тілдік саясатының негізі болып отыр.
(Мақала профессор, академик Э. Д. Сүлейменованың зерттеу еңбектері негізінде жазылды)

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз