КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Осыдан екі жыл бұрын жарық көрген 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі енгізіліпті. 
Ал кеше елордада сол 15 томдықтың сығымдалған үлгісі ретінде шығарылған Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінде» 106 мың атаулы сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылып отыр. Бұл аз ба, көп пе? Жалпы, осындай қорымен ана тіліміздің түркі тілдес елдердің арасында алатын орны қандай?
– Мәселен, қырғыз ағайындардың шығарған 2 томдық түсіндірме сөздігінде 50 мыңнан астам ғана сөз бен сөз тіркесі бар екен, – дейді Ұлттық академиялық кітапханада өткен кітаптың тұсаукесеріне қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Өзбектердің 5 томдық түсіндірме сөздігіне 80 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енген. Ыстамбұлда әбден толықтырылған 11-ші редакциямен шыққан түрік тілінің түсіндірме сөздігіне 92 мың атау сөз кірген, сөз тіркестерін қоса есептегенде 130 мыңның маңайында шығады. Осы 15 томдықтың сығымдалған 1 томдық үлгісі бүгін жарық көріп отыр. Бұл сөздікте 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылып отыр. Бұл – қазақ тілі дүниежүзінің 30-дан астам халықтарының тілдері ішінде ең бай тіл екендігін дәлелдейтін басылым. 
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның берері мол. Тіптен сөздіктің алғысөзін Елбасы Н.Назарбаевтың өзі жазып, «Тіл – ұлтпен бірге жасап, толассыз толығып отыратын құбылыс. Қолдарыңызға ұстаған «Қазақ сөздігі» – біздің мемлекеттік тіліміздің түркі тілдер тобындағы ең бай тіл екендігін айғақтайтын бірегей басылым» деп жылы пікір білдірген. 
Тұсаукесерде сөз алған еңбектің авторы, филология ғылымдарының докторы Н.Уәли «Қазақ сөздігінің» отандық және әлемдік дәстүрлерге және теориялық зерттеулерге сүйеніп жасалғанын айтады. Ғалымның зерттеуінше, сөздікті жасаудың тарихы, теориясы және тәжірибесі өзара бірлікте қарастырылатын, бірінсіз-бірі болмайтын, өте тығыз байланысты, тәуелді салалар. Түсіндірме сөздіктер адамзат тарихында әрқилы кезеңдерде, әртүрлі мақсат-мүдделерге сай, алуан түрлі жүйе мен құрылымда дайындалып келген. Тілдік даму барысында қоғамдық және тілдік түрткі жайттардың әсерінен сөздердің бір тобы ескіріп, екінші тобы жаңадан пайда болып жатады. Осының нәтижесінде бір тілдің тарихында бірнеше рет тілдік өзгешеліктер болады. Түркі тілдерінің тарихи салыстырма сөздігінің ең алғашқы жарқын үлгісі ХІІ ғасырда шыққан ғұлама ғалым Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» сөздігінен бастау алған, бүгінгі таңда ортағасырлық парсы түсіндірме сөздіктерінің ұзын саны 200-ге жеткен. Кеңестік дәуірдің кезінде тілге ерекше қырағылықпен қараған ресейшіл ғалымдардың кесірінен бұл ғылым қысым да, кедергі де көп көрген екен. Сонда да ұлтжанды зерттеушілердің арқасында үздіксіз дамып отырған. 
Тіл дамуындағы бағзы дәстүрдің сабақтастығындай болып жалғасқан маңызды еңбекке жиналған зиялы қауым өкілдері жоғары баға берді.

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Айқын

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз