КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

«Ана тілі» газетінің ұлт газеті екенін мойындаймыз. Себебі халқымыздың өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалар, елімізде өтіп жатқан айтулы шаралар осы газет бетінен көрініп отырады. Газет бетіндегі мақалалар мазмұнды, артық ауыз әңгіме таппайсыз. Дегенмен сол мақалалардан ара-тұра грамматикалық, лексикалық қателер байқалып қалады. Қарапайым адамдар байқамауы да мүмкін. Оларды көре тұра айтпау – бізге сын. Мұны кемшілікті көрсетейін, беттеріне басайын деген ой деп емес, жас филологтың мақала авторларына сәл де болса ой тастайын деген ниеті деп қабылдарсыздар. 
Газет сайтында 21-тамыз күні жарияланған «Аппақ ишан» атты мақаладан мынадай сөйлемді кездестірдік: «Сондықтан дәстүрімізбен үндеспейтін жат діни ағымдар біздің жаратылыстық болмысымызды өзгеріске түсіреді». Жаратылыс пен болмыс – бір нәрсе. Бұл жерде жаратылыс деген сөз емес, оған -тық жұрнағы қосылып жаратылыстық деген сын есім жасалып, сол сын есім ғой қолданылып тұрған деуіңіз мүмкін. Иә, бұл – синтаксистік тұрғыдан дұрыс сөйлем. Ал семантикалық жағынан алып қарар болсақ, дұрыс дей алмаймыз. Жаратылыстық сөзіне «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» мынадай анықтама беріледі. Жаратылыстық – болмыстық, табиғилық (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі /Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 271-бет). Ендеше бір сөзді екі рет қайталаудың қажеттілігі қанша? Егер жаратылыстық болмыстың орнына табиғи болмыс тіркесін қолданған болсақ, сөйлем мақсатына жетер еді.
«Шынында да, ишандық мектеп бізде әлі күнге дейін жабулы күйінде қалып келеді».Бұл сөйлем де түсініксіз. «Жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді» деген сөйлемді естіп жүрміз. Мәселенің шешімі жоқ немесе мәселе қолға алынбай тұр деген мағынада жұмсалады. Бәлкім автор ишандық мектепті жолға қою немесе қайта ашу мәселесінің назарға ілікпей тұрғандығын айтқысы келген шығар деген қорытындыға келдік. Дұрысы: «Шынында да, ишандық мектепке, оны қайта жаңғыртуға қатысты мәселелер бізде әлі күнге дейін жабулы күйінде қалып келеді» болар еді деген ойдамыз.
Енді бірде «Шынтуайтына келгенде, ишандық мектеп – біздің дәстүрлі дініміз» деп жазады автор. Біріншіден, біздің дініміз – ислам. Ишандық мектеп деген діннің бар екендігін алғаш осы мақаладан оқып-біліп отырмыз. Екіншіден, діннің дәстүрлі деген түрі болмайды. Дәстүрлі сабақ дейміз, дәстүрлі әдіс дейміз, дәстүрлі шара болуы мүмкін, бірақ дәстүрлі дін – мүлдем қате қолданыс. «Дәстүрлі – әдетке айналған, салтқа енген» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі /Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008.194-бет)
Осындай қателерді 10-қараша күні шыққан «Әскери медицина және адами емдеу» атты мақаладан да кездестірдік.
Мына бір сөйлемді оқып көрелік: «Дүйім жұрттың алдында медбикелер дөрекі түрде астыларын ауыстырып, дәреттерін алғанда қанша ыңқылдап ауырып жатса да, бейшара жасөспірімдердің беттері қызарып шыға келеді». Бұл сөйлемдегі астыларын сөзі – дисфемизм. Публицистикалық жанрда дисфемизмдерді қолдану орынсыз. Себебі, «Күнделікті өмірде, әдеби қолданыста жағымды, сыпайы, әдепті сөздерді дөрекі, тұрпайы, анайы сөздермен ауыстырып колдану тәсілі тіл білімінде дисфемизм деп аталады. Мысалы, келін деудің орнына – шүйкебас, бала деудің орнына – боқ мұрын, әйел деудің орнына – төмен етек, көлік деудің орнына – бұт артар, мылжың деудің орнына – қырт, ат деудің орнына – тулақ, милиция деудің орнына – қызыл жағалылар сияқты қарапайым сөздер жиі қолданылады.Дисфемизмдер көркем шығармада көбіне ауызекі сөйлеу тілінің үлгісі ретінде кейіпкерлердің тілінде беріледі. Сол арқылы әр жазушы өзінің қаһармандарының мінез-құлқын, білім дәрежесін, іс-әрекетін бейнелейді, шынайы образын жасайды» (Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология. Оқу құралы. Алматы, 2003). Енді мысалда берілген сөздерді газет бетіндегі сөздердің орнына қойып оқып көріңіз. Тұрпайы сөздерден аяқ алып жүргісіз болар еді. Әдеби тілімізде астылары сөзінің орнына қолданылатын төсектері сөзі бар ғой. Сөйлемдегі осы бір сөзді әдеби тілдегі баламасымен ауыстырып қоя салсақ, дұрыс сөйлем шығады деп ойлаймыз.
Енді мынаған назар аударып көріңіз: «Өйткені баласының денсаулығы үшін ата-анасы ең құнды, ең сенімді ақпарат береді». «Потому что для здоровья своего дитья родители дают самую ценную, самую надежную информацию». Орыс тіліне аударсақ, сөйлемнен қате таба алмаймыз. Баласының денсаулығы үшін – калькалау тәсілі арқылы жасалған, қазақ тіліне жат тіркес. Автор бала денсаулығы туралы ең құнды, ең сенімді ақпаратты оның ата-анасынан артық ешкім де бере алмайды деген ойды айтқысы келген деп болжам жасаймыз. Бірақ сөйлем сәтсіз құрылған. Дұрысы: «Өйткені баласының денсаулығы туралы ең құнды, ең сенімді ақпаратты оның ата-анасы береді» болмақ. 
«Сосын өркениетті түрде халқымызды талап ете білейік». Бір нәрсені талап ету – сол нәрсені алу үшін жасалатын әрекет. Бұл жерде халқымызды ешкімнен сұрап алғалы жатырған жоқпыз ғой, мақала да бодан мемлекет туралы емес. Табыс септігі халқымыз сөзіне орынсыз жалғанған. Демек, бұл да орыс тілінен калькалау тәсілі арқылы енген қолданыс. Себебі бұл – «просить человека, умолять человека» сияқты сөздерден тура аудару арқылы тілімізге еніп жатқан қолданыстардың бірі. Негізі, сөзді шығыс септігіне қойсақ қана сөйлем мақсатына жетеді: «Сосын өркениетті түрде халқымыздан талап ете білейік». 
Келесі 6-қарашада жарық көрген «Руханиятымыздың алтын қазығы» деп аталатын мақаланы оқып көрдік. «Сондықтан жазушылар одағының мерейтойы бұл бүкіл қазақ руханиятының мерейтойы екенін ұғынған абзал». Мұндағы бұл сөзі де калькалау тәсілі арқылы жасалған. Орыс тіліндегі это сөзі. Орыс тілі деректерінен біраз мысалдар келтірейік: Имя существительное – это часть речи, которая обозначает имя предмета и отвечает на вопросы кто? и что? Подлежащее – это главный член предложения, т.с.с. Қазақ тілінде бұл сөздің орнын сызықша атқарады. Егер бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен болса, олардың арасына сызықша қойылады. Біздің жағдайымызда бастауышы да, баяндауышы да бар, бірақ бір сөз табынан болмағандықтан, сызықшаны қоюдың реті жоқ. Бұл сөзі артық. Осы бір ғана сөздің сөйлемге орынсыз енуі бір ғана екпінмен айтылатын, бір ғана бунақты сөйлемді оқыған кезде үш бунаққа бөліп, оның сәнін кетіріп тұр деп есептейміз.
«ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев пен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Сенатор Нұрлан Оразалин Абай рухына, яғни әдебиеттің құдіретіне бас ие тұрып ескерткіш алдындағы мәрмәр тұғырға салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды». Бұл сөйлемді түсіну бізге қиын болды. Яғни – алдыңғы сөзді немесе сөйлемді түсіндіру мақсатында жұмсалатын шылау. Сонда автордың не айтқысы келіп отыр? Абай рухы дегеніміз әдебиеттің құдіреті ме сонда?! Әдебиеттің құдіреті оның адамдарға әсер етуі, бір елді екеншісіне мойындатуы сияқты нәрселер болуы мүмкін. Бірақ оның Абайдың рухымен қатысы бар деп ойламаймыз. Яғниды сөйлемнен біржолата алып тастасақ, сөйлем сонда ғана дұрыс болар еді.
Бас ие тұрып гүл шоқтарын қою. Бұл да қате қолданыс. Біздіңше, автор бұл сөзді тұрған адамның іс-әрекетін баяндағандықтан қолданған. «Бас ие тұру» «аздаған уақыт басын төмен ұстап тұру» дегенді білдіреді. Бірақ мұнда сөз ауыспалы мағынасында жұмсалып тұр ғой. Сондықтан Бас ие отырып гүл шоқтарын қойды деп қолданылуы тиіс деп есептейміз.
«Өткен ғасырдың басында осы құдіретті өнерді Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер бастап өнегелі ордаға айналдырды». Тағы да түсініксіз. Құдіретті өнер қалайша өнегелі ордаға айналуы мүмкін? Өнерді емес, сол өнер майталмандары бас қосатын ғимаратты ордаға айналдырды десек, сөйлем әлдеқайда дұрыс болмайды ма?! «Орда – 1.Орта ғасырлардағы көшпелі елдердің ұлыстық, мемлекеттік атауы, әкімшілік, саяси басқару орталығы, ел билеушілер тұрағы. 2. ауысп. Өнер, білім, мәдениет т.б. топталған орны, қайнаған ортасы». (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі /Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 639-бет). Демек сөйлем былайша құрылуы тиіс: «Өткен ғасырдың басында осы құдіретті өнердің майталмандары бас қосатын ғимаратты Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер бастап өнегелі ордаға айналдырды».
«Сәкен, Ілияс тұсауын кескен қара шаңырақпен ғұмырлас басылым әу бастан ұлттық әдебиеттің көсегесін көгертуге, мәдениеттің жаршысы бола білуге ұмтылып, бүгіндері де кешегі дағдысынан айнамай келеді».Бүгін сөзіне көптік жалғауын қосып айту да – калькалау тәсілі арқылы тілімізге енген қолданыстың бірі. Өйткені орыс тілінде «сегодняшние» деген осы сөздің баламасы қолданылады. Бұл сөздің орнына қазіргі уақытта да, қазіргі кезде де деген тіркестердің біреуін қолданған жөн болар еді деп есептейміз.
Иә, байқап отырсақ, газет сайтындағы мақалаларда қате қолданыстар өріп жүр. Оның көбі тілімізге калькалау тәсілі арқылы орыс тілінен еніп отыр. Шет тілдерден калькалау тәсілі арқылы сөз қабылдауды тілімізде баламасы жоқ жаңа сөздерге, терминдік атауларға ғана байланысты қолдануымыз керек деп есептейміз. Себебі бұл тәсілді осылайша орынсыз қолдана берсек, тіліміз әдемі қалпын жоғалтады, тіліміздің стилистикалық, грамматикалық, лексикалық жүйелеріне нұқсан келеді. Газет-журналдарды халқымыз оқиды. Оны қате қолданыстармен шұбарламауымыз керек. Бір ғана қате сөз немесе қолданыс мыңдаған адамның сөздік қорына еніп кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардан барынша қашық болуымыз керек деген ойдамыз.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз