КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


«Өзіміздің де осалдығымыз бар»

 

– Жүрегі қазақ деп соққан бар азаматтың ашуын тудырған «Құрманғазы мен Пушкин ісіне» қарсылық акциясына бас болғандардың бірі өзіңіз. Ұлтжандылығыңызға барша қазақ тағы бір куә болды. Іс аяқталды. Нәтижесіне қанағаттандыңыз ба?

– Өкінішке қарай, бұл істің нәтижесіне қанағаттану мүмкін болмай тұр. Неге десеңіз, қызтекелер де өздерінше бір ұйым екен, олардың да құқықтары әлемдік деңгейде белгілі бір заңмен қорғалады екен. Бір сөзбен айтқанда, бұл ұлт дұшпандарының ойлап тауып отырғандары ғой. Бүгінгі күні жаһанданып, дамып кеттік деп жүрген Еуропа елдерінің басына дәл осы жағдай қайғы болып отыр. Бұл ең біріншіден, ұлт үшін өте қауіпті. Ер мен ер үйленгеннен кейін не болады? Ол дегеніңіз ұрпақ болмайды, ұрпақ жалғастығы тоқтайды деген сөз. Ұрпақтар былай тұрсын, сол азаматтардың өздерінің денсаулықтарына қаншама зиян келеді. Көптеген инфекциялар ер мен ердің, әйел мен әйелдің бірге болуынан туындайтын қатерлі дүниелер екен. 

Жақында ғана «Жұлдыздар отбасы» журналы ұйымдастырған дөңгелек үстелде біраз азаматтар ғаламтордан қызтекелер туралы деректерді іздегендерін, олардың мұндай қадамға неліктен баратындығын зерттегендерін айтты. Сол қадамға барғандардың 100 пайызы бағыт-бағдарын жоғалтқандар. Және ер мен ердің қосылуының соңы 100 пайыз бақытсыздықпен аяқталатын көрінеді. 

Қазір екі, үш әйел алғысы келетін азаматтар да жетерлік. Олар­дың арманы – соңынан еретін ұрпағын көбейту. Ұрпақ көбейту үшін, ұрпақ жалғастығын тоқтатпау үшін осындай қадамға баратын азаматтардың ісін құптауға болады. Ал елімізде керісінше, мына қызтекелер секілді халықтың санасын улайтындар көбейіп кетіпті. Ұлттың санын кеміту – бір ұлтты көміп, өлтіру деген сөз. Сол себепті мен оларды қорғайтын арнайы ұйымдардың барына қынжыламын. Оған біздің ешқандай амал қолдана алмайтынымыз өкінішті. 

Ал Құрманғазы мен Пушкинді солай масқаралағандардың жазасы толық берілді, бұл мәселе оң шешімін тапты деп айта алмаймын. Депутат Бақытбек Смағұлов осы мәселеге қатысты бас көтеріп, жоғарғы жаққа ұсыныс жасамақ болған. Алайда бұл тақырыптан өзге де шешілмей жатқан өзекті мәселелер бар депті. Одан өзекті қандай мәселе болуы мүмкін екендігін мен түсіне алмаймын. Егемендігімізге қол жеткізген кезде қызтекелердің басымызға ойнақ салғанына ойланбай жүре береміз бе? Қызтеке дегенге жұрт майысып қалған, нәзік ер-азаматтар ғана деп ойламауы қажет. Қызтекелер арасында зіңгіттей қазақтың жігіттері де бар екен. Барлық салалардың өкілдері бар дейді, тіпті. Мұсылмандар басым тұратын елімізде қызтекелердің 14 клубы болуы деген нағыз қасірет қой. Бұл кесапаттың тамырына ертерек балта шабу керек деп ойлаймын. 

 

– Ұлтын сүйетін, тілін құрметтейтін, дінін сыйлайтын қазақтың қарапайым ұлы ретінде сізді дәл қазір қоғамдағы қандай мәселе толғандырады?

 

– Мені қазір қатты толғандыратыны – көтерілген мәселелердің аяқсыз қалатындығы, айтылған жерден аса алмайтындығы. Бұл жөнінде мен журналистермен бірге өткен дөңгелек үстелде де айттым. Төртінші билік ретінде журналистер көтерілген тақырыптардың шешімін табуға жәрдемдесуі керек. Журналистер қауымы өнер адамдарының ешнәрсе істей алмайтынын, шарасыздығын біле тұра, маңызы жоқ дүниенің соңына түсіп, қазбалап айта бермей, маңызды, өзекті мәселелерді аяғына дейін жеткізу керек. БАҚ өкілдерінің төртінші билік ретіндегі әрекеттері сол болу керек. 

Балам менен: «Әке, сіз қоғам қайраткерісіз бе, әлде өнер қайраткерісіз бе?», – деп сұрайды. Расында да, мен өнер адамы емес, саясатқа араласқалы жүргендей боп қалдым. Мен саясаттан аулақпын. Ол менің қолымнан келмейді. Тек мені қоғамдағы көптеген түйткілдердің шешімін таппауы мазалайды. Бір нәрсе бастадық па, оны аяғына дейін жеткізуіміз керек. Елге опат әкелетіндерді жазалау керек. Бізге бұға беруге болмайды.

Мен қазақ тілінің жағдайын онша уайымдамаймын. Ұлт жанашырлары, елін сүйетін жастар барда қазақ тілі өлмейді. Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенін бейресми жолдау деп қабылдаймын. Әр сөздің жөнсіз астарын, тырнақ астынан кір іздегенше, айтылған тапсырманы орындайықшы. Елбасы айтты ма, солай істейік. Білімнің бізге ешқандай артықтығы жоқ. 

Менің тағы бір таңғалатыным, Қазақстандағы кейбір кәрістердің «Светлана Ким», «Сергей Пак» боп жүргені. Неге олай? Қазақ жерінде неге олардың аты-жөні «Жарқынай Ким» болмайды. Мағынасына мән беретін болса, қазақ есімдерінің мәнсізі, мағынасызы жоқ. Қазақстанның ауасын жұтып жүріп, елді неге құрметтемейді олар? Мен соған таңғаламын. «Сергей Ким» дегенің «Серік Ким» болсын (күліп). Орыстың есімдері олардың түпкі аттары емес қой. Кореяға барсаң, «Александр Цой» деген кәрісті таппайсың. Егер Қазақстандағы кәрістердің аты-жөні «Ким Пак» болса бір жөн. Оған қарсылығым жоқ. Неге олар «Александр Пак»? Қазақ жерінде тұрып жатқан соң, елімізге құрметпен қараса екен деймін. 

Қазір үлкен сұранысқа ие ғаламторды да орынды пайдалана білу керек. Ол да пышақ секілді. Пышақпен нан турауға да, адам өлтіруге де болады. Әлгі Кончита деген сақалды қыз Евровидениеге шыққан кезде қытайлықтар бетін қаралап, жауып қойыпты. Өйткені олар жастардың тәрбиесіне кері әсер ететін ақпараттарды естімесін, көрмесін, бұзылмасын дейді. Ал біздің балалар Кончитаға ұқсаған біреуді көшеден көріп қалса таң қалмайды да. Біздің елімізде жастардың көздерін, құлақтарын үйретіп, улап жатыр. Менің қолымда құзырет болса, кері әсер ететін бейпіл дүниелердің бәрін жаптырып тастайтын едім.

 

– Қазақша сөйлеуден бас тарт­қан әуежай қызметкерімен келіспей қалғаныңыз жайлы барлық БАҚ-та сөз болды. Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету – сіздің азаматтық борышыңыз. Өз айналаңыздағы орыстілді таныстарыңыздан да қазақша сөйлеуді талап етесіз бе?

– Шыны керек, маған солардың қазақ тілін білмегені де жақсы. Өз арамызда астарлап сөйлеп отыра береміз. Қазақ тілін түсінбесе, жүрсін солай. Білмесе өзіне зиян, білсе өзіне пайда. Майя Веронская айтпақшы, «екі тілді білсең екі адамсың, үш тілді білсең үш адамсың». Яғни, сен үш елдің мәдениетін, тілін, дәстүрін білесің. Ал қазақ тілін білмегені сол адамдардың өздеріне зиян. Мен кез келген орыспен еркін, ортақ тілде сөйлесе аламын. Өнер әлемінде де жүр қазақ тілін білмейтіндер. Солардың арасында қазақ тілін білмесе де, қазаққа пайдасын келтіріп жатқан адамдар да бар. Әрине, тіл деген ең басты құрал. Біреулер мемлекеттік тілді жалқаулықпен үйрене алмай жүр. Оны жасырмау керек. Қазақ тілін үйренудің қиындығы біздің ана тіліміз болғаннан кейін білінбейтін шығар. Мен ағылшыншаны, арабшаны неге үйрене алмай жүрмін? Ағылшыншаны қойшы, «оларға күнімді түсірмесін» дегеннің өзінде, мен Алланың дінін таратқан араб тілін үйрене алмай жүргенім үшін өзімді кінәлі санаймын. Жарайды, енді тіл білмейтіндерді де кінәламай-ақ қояйық. Бірақ неге олар осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп отырмыз деп біздің мемлекеттік тілге сыйластықпен қарамайды. 

Кез келген қоғамдық орында қызмет ететін қызметкер ең бол­мағанда «Сәлеметсіз бе?», «Ассалау­мағалейкум», «Сау болыңыз», «Рахмет» деген сөздерді үйреніп алуы керек. Мен оны жазып та, айтып та жүрмін. Осы бір сыпайылықты білдіретін қазақ тіліндегі 5-6 сөзді маймылға да үйрететін уақыт болды. Орысша сөйлей берсін, бірақ тұтынушы «неге қазақша сөйлемейсің?» десе, «Если Аллах даст, научимся» деп сыпайы жауап қайтарса, ешнәрсе болмайды. Ал әуежай қызметкерімен болған кикілжіңнің тууына оның дөрекілігі себеп болды. Ол қызметкер қоғамдық орында отырды. Ол жерге адамдар әртүрлі көңіл-күймен келеді. Мен де дәл сол күні таң атпай бардым. Ұйқым қанбаған. Қоғамдық орындағы қызметкер адаммен дұрыс сөйлесуі керек. Олай жасай алмай ма, қоғамдық орында жұмыс істемесін. Маған «өз тіліңді неге тықпалап тұрсың?» дегені ашуымды келтірді. Қазақ тілін еркін меңгеріп кетпесе де, құрмет көрсетуі керек емес пе? Әйтпесе, мені оның қазақшаны білмейтіндігі мазаламайды да. Мен өз елімде жүрмін, еркін тыныс ала алам. Мысалы, сол бала Англияға барса ағылшынша сайрайтын, Қытайға барса екі күнде қытай тілін меңгеріп алатын бала. Біздің жұмсақтығымызды пайдаланып, бетімен кеткені мені қынжылтады.

Бұл жағдайда ешкімді кінәлауға да болмайды. Көп ұлтты мемлекет екендігіміз зиян келтіріп тұр деп те айта алмаймын. Еліміздің іргесін қалап, нық ұстап тұрған тек қазақтар емес. Қазақ тілін құрметтейтін, қазақша сөйлейтін қаншама басқа ұлт өкілдері бар. Егер бүкіл алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыз елге оралатын болса, қазақ тілінің болашағы үшін қам жемеуімізге болар еді. Бәріміз әлдеқашан қазақша сөйлеп кететін едік. Өйткені олар қазақша сөйлеуді кез келген ортадан талап етеді. Қазір біздің ата-әжелерімізге дейін орысша сөйлеп жүр. Оған кімді кінәлайсың? Біз, өкінішке қарай, ешкімнен қазақ тілінде сөйлеуді талап етпейміз және өзіміз де бір-бірімізбен қазақша сөйлеспейміз. Дүкенге кірсек те, сатушы орыс болса, орысша сөйлеп кетеміз. Олардың да қанына сіңіп қалған. Біз неге өзіміз қазақша сөйлемейміз? Әрбір қоғамдық орында қазақ тілінде қызмет көрсете алатын адам болу керек. Маған ол қызметкер қазақтың мақалын, жырын, ертегісін айтпай-ақ қойсын, бірақ қазақ тілінде қызмет көрсетсін. Міне, біз осылай талап етуден қорықпауымыз қажет. Біз момын халықпыз ғой, шағымдануды білмейміз. Кемшін тұсымыз сол. Ғаламтор желілерін, телефонды дұрыс пайдаланудың жолын білмейміз. Жай ғана депутаттар сайлауында дауыс берудің орнына «біздің дауысымыз не шешер дейсің?» деп отыра береміз. Әрине, сен дауыс бермеген соң, оны басқа біреу шешеді. Қазақша бағдарламаларды түнде ғана береді деп шуладық. Бірақ соны ешкім қоңырау шалып, жоғары жаққа айтқан жоқ. Тек журналистерге шағымданды да қойды. Рейтингі төмен болған бағдарламаны эфирден ысырып тастайды. Ол – телевизияның заңдылығы. Қазақтың мейрамханаларына барсаң, күні-түні шетелдік арналар қосылып тұрады. Оны ешкім көріп жатқан жоқ. Ал енді сенің отандық телеарналарға жаның ашыса, рейтингі артсын десең, неге өзің қазақ телеарналарын қойып қоймайсың. Өзіміздің де біршама осалдығымыз бар.

 

«Музарт» – намыстан туған топ»

 

– «Музарт» үштігінің әрбір мүшесінің өнерде өз орны бар. Бұл трио үшін кедергі емес пе? Әркім өз шығармашылығын ойлап, топ ұмыт қалып кетпей ме?

 

– Мен олай ойламаймын. Өзімшіл болатын болса, мақтаншақ болатын болса, Мейрамбектің мақтануға тұратын аты да бар, заты да бар. Мен Мейрамбектей тұлғамен сахнада бірге өнер көрсетіп жүргенімді мақтан тұтамын. Мен қандай жағдайда болмасын Мейрамбектің алдында кішірейемін. Әрине, ортаға салып, талқылайтын мәселелер, кикілжіңдер туып жататын кездер болады. Ал өнерге ерте келген, қазақ халқы өнерін жоғары бағалайтын Мейрамбекті мен аса құрметтеймін. 

«Музарт» деген намыстан құрылған топ. 30 жыл отасқан отбасылар да айрылысып кетіп жатады ғой. Бұл өмірде ешнәрсе де мәңгілік емес. Сондықтан бәрінің өз уақыты келетін шығар. Бірақ мен «Музарттың» ғұмырының мейлінше ұзақ болғанын қалаймын. Өйткені «Музартты» сүйіп тыңдайтын, қазақ өнерін құрметтейтін халық ұзағырақ көзайым болып жүре берсін де. Біз халық үшін еңбек етуді тоқтатпаймыз. 

«Музарт» тобымен 6 қазаннан бастап 23 қазанға дейін гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір сүйінші жаңалығымыз бар. Алайда ол жаңалықты кейінірек хабарлайын. Дәл қазір жаңа әндер жаздырып жатырмыз. 

Біз шет елдердегі өзге ұлт өкілдеріне керек емеспіз. Бізді іздейтін алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыз. Біз тек сол елдердегі қандастарға керекпіз. Шымкентте өтетін кештерімізге өзге ұлт өкілдері келеді. Мен өзбектер, түріктерді кештерден жиі байқаймын. Әндерімізді бізбен бірге қосылып орындайды. Бір қалада концертімізге бір орыстың апасы келді. «Дауыстарыңыз, орындау шеберліктеріңіз, үндестіктеріңіз қатты ұнайды», – деп орыс тілінде біздің топқа арнап өлең шығарып келіпті. Орысша ән айтуымызды өтінді. Алайда біз қазақ үшін, қазақ өнері үшін жаралған топпыз. Сондықтан тек өз тілімізде ән салғымыз келеді. 

 

– Отандық телеарналарда шетелдік өнер жұлдыздарының бейнебаяндарын көбірек насихаттайды. Бұл мәселе жиі айтылғанымен, одан шыққан нәтижені көрмедік. Сіздің бұл туралы ойыңыз қандай?

 

– Бұл туралы да көп айттық. ... Дегенмен қазір бәрі түзеліп келе жатыр. Көш жүре түзеледі. «Гәкку» деген музыкалық арна ашылды. Тек отандық әншілерді ғана насихаттап жүр. Сол мені қатты қуантуда. «Гәкку» арнасы шалғайдағы елді мекендерге де тарап жатса, нұр үстіне нұр болар еді. 

Сонымен қатар, мені «Балапан» арнасының, «Асыл арнаның» жұмыстары қатты қуантады. Балаларға, жастарға берері көп. Балапандарға жақсы дүниелерді үйретіп жатыр. Ең бастысы, жыламаған балаға омырау жоқ. Біз жоқ дүниені сұрай беруіміз, талап ете беруіміз керек. Бұл бізге аз екендігін айтудан шаршамауымыз қажет. Сонда ғана нәтиже болады.

 

«Бәріміздің бабамыз батыр болған»

 

– Қазір қазақ эстрадасында руын тегіне айналдырған әншілердің саны артып келе жатыр. Бұл рушылдықты қоздырудың амалы сияқтанады. Әншіден үлгі алатын жастар да соған ыңғай білдіре бастайды. Бұл түптің түбінде өкінішті жағдайға алып келмей ме?

 

– Есті ағаларымыз «руымызбен емес, туымызбен мақтанатын кезіміз келді» деп айтудай-ақ айтып жүр ғой. Мен рушылдықты, жершілдікті өте жек көремін. Бұл жөнінде үнемі айтып жүремін. Руға бөлінетіндерді мүлдем ұнатпаймын. Қай рудың қазағын алып қарасаңыз да, осалы жоқ. Бәріміз де қазақпыз. Барлығының да ата-бабасы батыр болған. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп аталарымыз тегін айтпаса керек. Өзіміз қазақ бола алмай жатқанда, руға бөлінудің түкке де керегі жоқ екенін түсінетін кез әлдеқашан жеткен. Мен де бір рудың баласымын. Бірақ мен, ең алдымен, қазақтың баласымын. «Мен орта жүзбін» деп ұлы жүзден қыз алмай жатқандарды әлі көргенім жоқ. Осал болса, неге ол рудың қызын алдың? Текті жер болған соң, екі ру құдаласып жатыр. Ол құдалар тіпті, тонның ішкі бауындай араласып кетеді. 

Мен шәкірттерімнің, тіпті, қай рудан екенін де білмеймін. Бастысы, олардың жүрегі қазақ деп соқса болды. Бір өнерде жүрген белгілі азамат «Чемпион» деген жобаға қатысты. Ол жігіттің қай рудан, қай жерден екенін де білмеймін. Мен тек оның өнерін бағалаймын. Сол жігітті қолдап тұрсақ, бір боксшы әлгі жігіттің руын айтып, ұрандатып айғайлады. Орнымнан атып тұрып, әлгі жігітті шақырып алдым да: «Біз оған бір рудан болғанымыз үшін көмектесіп, қолдадық па? Мұндайды тоқтатыңдар», – деп ұрсып тастадым. Қазақ өнерінде жүрген екен, бәрі де қазақ. Бөлінгісі келетіндер басқа жаққа кетсін. Сол жақта руға бөлініп, мақтансын. Рудың деңгейінен аса алмауды мен қараңғылық деп есептеймін. 

Руын тегіне айналдырған бірнеше әншіге ескерту жасадым. Олар: «Лақап ат ретінде алуымызға тура келді. Әкемнің аты мынадай еді. Ол сахнаға сай келмеді. Сосын осылай болды. Өзім де өкініп жүрмін. Енді атым солай қалыптасып қалды», – дейді. 

 

– Қазақ эстрадасындағы ең басты кемшілікті айтыңызшы...

 

– Кемшілік жалғыз қазақ эстрадасында ғана емес, әлем эстрадасында да бар. Барлық саланың кемшін тұстары бар. Бізге әлем эстрадасының тек қаймақтары жетеді. Шетелдік арналар арқылы олардың сарапталып, жүзден жүйріктерін ғана көріп жүрміз. Әйтпесе, олардың өздерінде де кемшілік жетеді. Дыбыс ұлғайтқыштардың мүмкіндігін біле бермейтін тыңдармандар «қазақ эстрадасындағы әншілер жанды дауыста ән айта алмайды» деп жазғырып жатады. Мен бұған келіспеймін. Өнерде жүрген әншілердің барлығы да жанды дауыста ән айта алады. Біреудің дауысымен ән салып жүрген ешкім жоқ. Әр нәрседен кемшілік іздеуге емес, бірлесе жұмыс жасауға дағ­дыланғанымыз жөн.

 

– Әңгімеңізге рахмет! 

turkystan.kz 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 427 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 761 0









ТЕКСТ

Яндекс.Метрика