КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Шопыры академик сенен басқа қай ақын бар?!

Баяғыда әйгілі композитор, академик Ахмет Жұбанов (1906-1968) пен ақын Хамит Ерғалиев (1916-1997) бір үйде көрші тұрыпты. Хамаң қаламгерлермен болған әлдебір бас қосудан кештеу шығып, такси ұстамақ болып қол көтеріп көшеде тұрады. Сәлден соң зыр етіп бір қара «Волга» ақынның жанына тоқтай қалады. Қараса, рөлде өзінің құдайы көршісі Ахмет Жұбанов екен. Екеуі шұрқырай көрісіп, талай әңгіменің тиегін ағытып үйлеріне қайтып келе жатады. 
– Аха, шыныңды айтшы, осы мен қандай ақынмын? – дейді Хамит жолай.
– Мықты ақынсың ғой... мықтысың сен! – дейді Ахмет тура жауаптан қашқақтап.
– Ал, мықты екенімді дәлелдеші? – дейді Хамит та қоймай.
Сонда Ахмет:
– Бұған ешқандай дәлелдің керегі жоқ! – депті. – Бізде шопыры академик сенен басқа қай ақын бар?!

Сонда менің Қазақстанға еңбегімнің сіңбегені ме?

Бақытжан Момышұлы (1941-2012) бірде ашу шақырып, дауыс көтеріп телефонмен қатты-қатты сөйлеседі. Төргі бөлмеде мұны әкесі Бауыржан Момышұлы естіп отырады. Кейінірек жеке қалған кезде жайымен сөз қозғап, баласынан:
– Сен бағана біреумен айқайлап сөйлестің ғой? – деп сұрайды.
– Иә, сөйттім... Үндемегенге бұлар менің төбеме шығып алыпты! – дейді Бақытжан қабағын кіржитіп.
Сонда Баукең:
– Жоқ. Оған олар кінәлі емес, ұлым. Шығуға ыңғайлы, мінгенге жайдақ сенің төбең кінәлі! – деген екен.

***

Қазақтың жезтаңдай әншісі, қайталанбас өнер иесі Манарбек Ержановқа (1901-1966) ертеректе «Қазақстанның Халық артисі» деген жоғары атақ беріледі. Үкіметтің осы қаулысымен тағы бір топ өнер шеберлері «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағын иеленеді. Мұны естіген Манарбек:
– Бұларыңыз қалай? Сонда менің Қазақстанға еңбегімнің сіңбегені ме! – деп реніш білдіріпті.

***

Ақын Қасым Аманжолов (1911-1955) Орал жақтағы бір қаламгер әріптесінің мерейтойында болып, ертеңінде басы зеңіп әзер тұрады. Соны аңғарған жігіттердің біреуі қырлы стақанмен мөлдіретіп «бас жазар» ұсына қояды. Қолына тиген стақанды көз жұмып тартып жіберген Қасекең:
– Дүние неткен жап-жарық,
Осындай ма едің бұрын да! – деп қос қолын жайып жіберіп, жан-жағына таңдана қарапты.

***

Әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиев (1925-1998) Жамбыл облысындағы үлкен бір тойға қатысып, кешкі пойызбен Алматыға қайтады. Екі күн бойы ас та төк дастарқан, елдің құрметі мен қошеметі шаршатып, купеге кірген бойда жоғарыдағы төсекке шығады да, ұйықтап қалады. 
Ояна келсе, түн ортасы екен, пойыз маң даламен заулап келеді. Бағана бос тұрған төмендегі орындарға әлдебір жолаушылар жайғасыпты. Қараса, үстел үстінде аузы ашылған бір шөлмек арақ тұр. Басы ұйпа-тұйпа, тілі аузына сыймай шөлдеп жатқан Нұрғиса қуанып кетеді. Бірер жұтым ұрттамақ болып шөлмекке қолын соза береді. Сол сәтте төмендегі біреу білегінен шап беріп ұстай алады.
– Әй, кімсің сен? – дейді гүж етіп.
– Нұрғиса Тілендиевпін!
– Түс төменге!
Нұрғиса айтқанға көніп, төменге түседі. Төменде – бұйра сақал, боз мұртты бір үлкен кісі жамбастап жатыр екен. Ол кісі де жайлап орнынан тұрады. Үн-түнсіз қырлы стақанға орталай арақ құйып, Нұрғисаға ұсынады. Ұсына бере, Нұрғисаның бетіне төніп:
– Мә, іш, же, бірақ ендігәрі Нұрғиса Тілендиевтей асыл азаматтың атын жамылушы болма! – деп жеки ұрысқан екен.

Кешегі арақ ішкен стақандар, бұл күнде күл салатын сауыт болды

Қайсыбір жылдары «Жұлдыз» журналы партияның Орталық комитеті тарапынан қатты сынға ұшырап, журналдың бас редакторы, көрнекті жазушы Бекежан Тілегенов (1934-1998) орнынан алынады. Ақын Ғафу Қайырбеков (1928-1994) бас редактордың орынбасары екен. Журналдың мәселесін талқыға салған алқалы жиында Ғафекеңе де қызметтен кету қаупі төнеді. Сол заматта Ғафу орнынан атып тұрып:
– Оу, ағайындар, сіздердікі бұл не сөз? Орынбасар сіздерге ойын ба екен, бас жұлынса, бірге кетер мойын ба екен? – деп жұртты қыран-топан күлкіге батырыпты.

***
Баянауылда Жаяу Мұсаның 150 жылдық мерейтойы мемлекет деңгейінде өтіп жатады. Оған Алматыдан Олжас Сүлейменов бастаған бір топ ақын-жазушылар қатысады. Горбачевтің ішімдікке тыйым салған қиын заманы екен, тойға келген қаламгерлер көңілсіздеу жүреді. Соны байқаған Олжас Ғафу Қайырбеков ағасына: 
– Жұрттың көңілін көтеріп, күлдіріп қоймайсыз ба, Ғафа? – дейді қолқа салып.
– Жұртты күлдіргенді қойып, өзім де күле алмай отырмын. Күлмек түгіл, жылағым келіп отыр, – дейді оған Ғафу.
– Неге? – деп, жиналған қаламгерлер елең ете қалады.
Сонда Ғафу:
– Жаңбырдай қайран көңіл жауып болды,
«Жүз грамм» сілтеуіме қауіп болды.
Кешегі арақ ішкен стақандар, 
Бұл күнде күл салатын сауыт болды, – деп өлеңдете жөнеліпті.

***

Әлдебір тойда Қадыр Мырзалиев (1935-2010) елден келген бір құрдас жігітпен бір үстелде қатар отырып қалады. 
– Атыңызға қанық болғанмен, түріңізді көрмеп едім, Қадеке! – дейді жігіт. – Сіздің мұрныңыз осындай үлкен деп ойламаппын.
– Тұлпар ерінді келеді, ер мұрынды келеді деген ғой, – деп Қадыр жымия жауап береді. 
Аздан соң әлгі жігіт:
– Бойыңыз да кішкентай екен-ау өзі? – деп тағы таңданыс білдіреді. 
Сонда Қадекең:
– Ұзын ағаш жеміс бермейді ғой! – депті.

... Көретін мен сендерге зоопарк емеспін!

Халық батыры, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлы (1910-1982) ертеректе «Сарыағаш» санаторийіне бара жатып, Шымкент қаласындағы бір қонақүйде аялдапты. Мұны естіген жазушы Нәсіреддин Сералиев (1930-1984) бір топ жас қаламгерді ертіп, батырға сәлем бермекке қонақүйге келеді. Жүрексіне есікті тықылдатады.
– Войдите! – дейді арғы жақтан. Жазушылар имене ішке кіреді. Үстел үстінде қағаз ақтарып отырған Баукең: 
– Кімсіңдер? – деп сұрайды.
– Мына жастар сәлем беріп, сізді көруге келіп еді! – дейді Нәсіреддин күмілжіп.
Сонда Баукең:
– Сәлемдерің жөн, қабылдадым, ал көретін мен сендерге зоопарк емеспін! – деп шығарып салыпты.

***

Ұлы Отан соғысының қырық жылдық мерейтойы қарсаңында «Жалын» баспасы поэзия бөлімінің меңгерушісі ақын Серікбай Оспановқа қазақстандық ақындардың соғыс тақырыбындағы өлеңдерінен жинақ құрастыру тапсырылады. Серікбай дереу ақын досы Бақыткерей Ысқақовқа (1945-2009) телефон шалады. Бақыткерей тапсырманы қабылдап тұрып:
– Жарайды! – дейді. – Құрастырып берейін. Бірақ әдеттегідей бұл жинақты да Абайдан бастаған жөн шығар?
– Дұрыс айтасың! – дейді Серікбай. – Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым...» өлеңімен бастағаның жөн!

***

Жазушы Әнуар Әлімжановпен (1930-1993) кездесу кезінде оқырманның біреуі «бос уақытыңызда немен айналысасыз?» деген сұрақ қойыпты.
– Жазушылықты мұрат тұтқан адамда тәулігіне бір ғана бос уақыты болады. Мен ол кезде ұйықтаймын! – деп жауап беріпті.

***

Халқымыздың дарынды ақыны Есенғали Раушанов Желтоқсан оқиғасы тұсында «Қара бауыр қасқалдақ» деген өлең жазғаны белгілі. Ақынның өлеңдер жинағы өндіріске кетіп бара жатқанда, баспа бастығының бірі әлгі өлеңді байқап қалып, Есенғалиды шақыртыпты.
– Сіз «қаңғып келген шүрегей» деп Колбинді мегзеп отырсыз ғой! Ендеше, сіз қатты қателесесіз! Колбин жолдас қаңғып келген жоқ бізге, ол партияның шақыруымен келген басшы! – деп ақыл айта бастайды.
Онсыз да жүйкесі жұқарып, күйініп жүрген ақын:
– Басеке, «шүрегей» тақымыңызға тар келсе – «күркетауық» деп өзгерте саларсыз! – депті де, бөлмеден шығып жүре беріпті.

Енді менің жазған жұмысыма оң көзбен қарайтын болдыңыз!

Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов (1922-2011) Жамбыл облысының Сарысу ауданында оқырмандармен кездесу өткізеді. Ауыл мектебінің әдебиет пәнінің мұғалімі Әзекеңнің шығармашылығы туралы баяндама жасайды. Мұғалім ұзағынан сөйлеп келіп:
– Сіздің «Махаббат қызық мол жылдар» романыңыз ел-жұртыңыздың жүрегіне жол тапқан ұлы шығарма! – деп сөзін ұрандай қорытады. – Мұндай роман жазған жазушы өлсе де арманы жоқ! 
Сонда Әзілхан орнынан баяу тұрып:
– Ғафу етерсің, інім! – депті иіліп тағзым етіп. – Мен «Аңыз бен ақиқат» деген тағы бір дүние жазып жатыр едім. Сол роман аяқталған соң сіздің мына ұсынысыңыз жайында ойланайын!

***

Көрнекті публицист әрі әдебиет зерттеушісі Сауытбек Абдрахмановтың докторлық дисертациясының ғылыми жетекшісі академик Сейіт Қасқабасов болыпты. 
Сейіт Асқарұлы – есімі Қазақстан ғана емес, шетелдерге жақсы таныс, ғылыми ортада абыройы асқақ, беделі биік ғалымның бірі. Академик шәкірттеріне де талабы қатаң, талғампаз, дегдар кісі.
Бірде Сейіт Асқарұлының сол жақ көзіне суық тиіп, домбығып ісіп, бірер күнге мүлдем жұмылып қалыпты. Дәл сол күндердің бірінде оған шәкірті Сауытбек жолығып қалса керек. 
– Апырмай, Секе, ауырып қалған екенсіз ғой? – дейді Сауытбек ұстазына шын көңілін білдіріп. 
Секең де басын изеп, «осылай да осылай болды» деп ақталғандай, ауру көзін қайта-қайта бет орамалымен баса береді. 
Сонда Сауытбек:
– Секе, жалпы осы дұрыс болған секілді.... енді менің жазған жұмысыма оң көзбен қарайтын болдыңыз! – деп күліп жіберген екен.
Қазақстанда – қу Көпен, 
Қытай жақта – Хуа Гофен
Көрнекті ақын Несіпбек Айтов пен сатирик Көпен Әмірбеков бір жылдың төлі, түйдей құрдастар. Сондықтан да бірімен бірі қалжыңдасып ойнай береді екен. Баяғыда Қытай билігіне Хуа Гофен деген коммунист келгенде, Несіпбек досына арнап мынадай өлең шығарыпты:
Қазақстанда – қу Көпен, 
Қытай жақта – Хуа Гофен.
Екі залым бір заманда,
Қалай ғана туады екен.

***

Ертеректе Қонысбай Әбілев университетте оқып жүрген кезінде «Ғылыми коммунизм» атты пәннен лекция оқып тұрған оқытушы:
– Қазір біздің бір аяғымыз социализмде, бір аяғымыз коммунизмде тұр! – деп Кеңестік қоғам жағдайын өзінше бейнелеген болады.
Сонда Қонысбай қолын көтеріп:
– Ағай, айтыңызшы, осы сөзді мен былтыр да естіп едім... қашанғы өстіп талтайып тұра береміз? – деп сұрапты.

***
Халық ақыны Қонысбай Әбілевтен интервью алып отырған бір тілші әңгімесінің соңында:
– Сіз, ағай, нені жек көресіз? – деп сұрапты.
Сонда Қонысбай:
– Шекілдетіп шемішке шаққан әйелді, шытырлатып шайыр шайнаған еркекті жек көремін! – деген екен.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 627 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 883 0







ТЕКСТ

Яндекс.Метрика