КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Бет-әлпетіне қарап өз бауырымыз екендігін айтпай танысақ та, орыс тілінде бір мүдірмейтін сол қандастарымыздан тарайтын ұрпақтың тағдыр-тәлейі қалай болар екен? – деген көңіліңде бір күдіктің тұратыны бар. Тіпті, бұл күдіктен гөрі, өз ұлтыңа деген аянышқа да ұқсайтын бір сезім. Осы сияқты әр түрлі діни секталардың шырмауында жүргендердің әбіржулі жүзінен нені аңғаруға болады? Саясаттанушылар кезінде АҚШ тарапынан құрылған Даллес жоспары тұтас ұлтты жоюға бағытталғанын айтады. Ал бізде «Ұлт деп аталатын үлкен ұғым мен оның болашағы туралы не ойлайсыз?» деп сұрай қалғанда: «Не болса да уақытында көре жатармыз» – деген немқұрайды жауап естисің. Ал сіз осындай жауаптан кейін қандай сезімде болар едіңіз? «Адам өмірге жылап келіп, жылап кетеді» деуші еді бұрынғылар. Қазір «ақшамен келіп, ақшамен кетеді» дегенге телиді. Онысы ай-күні жақындаған әйел сәбиін өмірге әкелу үшін дәрігерге пара ұстататынын және қазақтың жақынын бақиға аттандырар сәтте шашылатынын меңзесе керек. Бұл өмірдің заңдылығы ма, әлде, құлқынның ұлттық құндылықтардан жоғары тұрғаны ма? Жалпы, біздің менталитетіміз, ой-танымымыз, елдік рухымыз қай бағытқа бет алуда? Тіл, діл, дін мәселесінде біз нелерді ескерусіз қалдырып жатырмыз? Халықаралық Білім беру Корпорациясының профессоры, философия ғылымдарының докторы Қалас ЖАМАЛОВ пен тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек ТІЛЕУБАЕВПЕН осы төңіректе әңгіме өрбіткен едік.

Шәмек ТІЛЕУБАЕВ:
    – Бір қарағанда қауіп жоқ сияқты көрінеді. Бірақ «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» дегенді ешқашан естен шығаруға болмайды. Мүмкін біздер біле бермейтін «үлкен жоспарлар» да бар шығар. Шет елдермен достық қарым-қатынас орнаттық дегенімізбен, әр елдің өз саясаты бар. Алпауыт елдер әлі де реті келсе, бізді «жұтып» қоюдан, жойып жіберуден тайынбайды. Біздің оларға ұлт ретінде керегіміз шамалы, оларға қажеті – біздің жеріміз, жеріміздің асты-үстіндегі байлығы ғана. 
    Менің қауіптенетінім – теледидар, интернет, ойын-сауық орталықтары арқылы беріліп жатқан (кино, мултьфильм, түнгі клуб, т.б.) теріс ақпараттар. Бүгінгі ақпарат ағымы көп заманда ұлтты жою үшін ашық соғыс жариялау шарт емес, ақпараттық соғыс арқылы құртуға да болады. В.Путин алғаш Президент болып келгенде, Шешенстанмен болған бірінші соғыстағы Ресейдің жеңілісіне байланысты «Біз бірінші кезекте ақпараттық соғыстан жеңіліс таптық» деген еді. Оның айтқаны орынды, «ақпараттық соғыс» қазіргі кезде ең қауіпті майдан. Неше түрлі келеңсіз ақпарат беру арқылы біздің менталитетімізге қарсы ақпараттық шабуылдар жасалуда. Ол шабуылдардан біздің қоғам қорғалмаған. Бұл ұлттың өз-өзінен құруына әкелетін жолдар­дың бірі. Өйткені, ақпаратты дұрыс қабылдау, одан дұрыс қорытынды шығару өте күрделі мәселе. Бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Әсіресе, жастар сол теріс ақпараттың жете­гінде кетіп бара жатқандай көрінеді. Ол жақсылықтың нышаны емес. Бұл ұлтты құртуға жасалып жатқан шабуылдар және одан біз өз дәрежесінде сақтана алмай отырмыз. Шабуылдарға қарсы қояр қазақы ақпараттар әлсіз. Қазақтар қызығып көретіндей, ұлттық рухты көтеретіндей тарихи фильмдер, балаларға арналған мультфильмдер аз. Кейбіреулер өкпелеп жатады, кәрістердің, түріктердің кинолары қаптап кетті деп, ал орыстың киносы қаптады деп көп адам айтпайды. Неге? Себебі, орысты елемейді. Мен кәрістердің тарихи кинола­рының біразын көріп, риза болдым. Олар жақсы түсіреді. Кино арқылы мемлекет құрудың қандай қиын екенін, ел мен жерді қалай қорғау керектігін көрсетеді. Ерлік пен өрлік дәстүрді жақсы насихаттайды. Ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Шіркін, бізде де осындай киноларды көптеп түсірсе ғой деп армандаймын. Бірақ бізде жағдай басқаша. Бұрынғы «Қыз Жібек» пен кейінгі жылдары түсірілген «Жаужүрек мың баладан» басқа дені дұрыс тарихи кино жоқ сияқты. Кейде теледидардан қай-қайдағы «қазақ» киноларын көрсетеді. Кімнің киносы екенін түсінбейсің. Соған қыруар ақша жұмсалған. Бірақ қазақтар оған қызықпайды. Өйткені, жасандылық көп, шынайылық жетіспейді. Теледидардан беретін мультфильмдердің көпшілігі шетелдікі. Оны қазақшаға аударып та, аудармай да көрсетеді. Балалар оны сол күйінде қабылдайды. Біздің кино түсірушілер киноға тек бизнес ретінде қарап, ақша табудың көзіне айналдырып алған. Кино үлкен насихат құралы екенін, жақсы болса қоғамға берер пайдасы мол болатынын ескере бермейді. 
    Ұлтты құртатын күрделі мәселелердің тағы бірі – қоғамды жайлаған парақорлық. Қазір «төбе шашың тік тұратын» жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Төмендегі балабақшадан тартып, ең жоғары деңгейге дейін пара алу белең алған. Ежелгі Рим империясының түбіне жеткен де парақорлық болатын. Тарихта оларды Ғұндар «жойды» деп жатады, бірақ оған дейін римдіктердің қоғамы іштей іріп-шіріп, біткен болатын. Сыртқы жаудың шабуылына тойтарыс беретіндей қауқары қалмаған еді.
    Сондай-ақ, ұлтты құртатын тілден, ділден айырылу, өткен тарихтан сабақ алмау деп ойлаймын. Біз ұзақ уақыт бойы отарлық жағдайда өмір сүрдік. Оның да кері әсері көп болды. Ұлттың өзін-өзі қорғау иммунитеті, ұлттық рухы әлсіреді. Кеңестік кезеңде ана тіліміз тұрмыстық деңгейде ғана қолданылатын жағдайға түсті. 1950-інші жылдардан кейінгі кезеңде қоғамда орыс тілін білмесең, «күн көре алмайсың» деген көңіл-күй қалыптасты. Отарлық кезеңде тарихи-мәдени жадымыз «жараланды», ұлттық санамыз ала-құла болды. Ұлттық санадан, ұлттық бірегейліктен айырылып қала жаздадық... Төл тарихымыздан гөрі орыстың, одан өзге елдердің тарихын дұрысырақ білдік. Өзгенің батырларын мақтан тұттық. Бұл бізді ұлт ретінде тарих сахнасынан жою үшін бағытталған саясат еді. Оның артында Ресей империясы, кейін Кеңес империясы (өзегі Ресей) тұрды. Одан қалса, евроцентристік көзқарастар болды. Өйткені, кеңестік кезеңде бұрынғы Ресей империясы жүргізген саясат басқаша сипатта жалғасын тапты.
Ал тәуелсіздік алғалы бері жиырма жылдан аса уақыт өтсе де тарихи-мәдени жадымыздағы «жараны» жазу, ұлттық сананы дұрыс қалыптастыру шаралары баяу жүруде. Кейінгі 5-10 жылда қоғамда ағылшын тілін білмесең «күн көре алмайсың» деген көңіл-күй қалыптасқан сияқты. Қазақтардың басым көпшілігі ақшасын төлеп тұрып балаларына ағылшын тілін оқытуда. Ал қазақ тілін, яғни мемлекеттік тілді олай оқытпайды, оқытқысы да келмейді. Әсіресе, орыстілді қазақтар. Олар «кезінде орысша оқып, орысша тәрбиелендік, заман солай болды, оған біз кінәлі емеспіз» деп, өз-өздерін ақтайды. Ал қазір неге қазақ тілін үйренбеске десең, «Конституцияда орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады, сондықтан қазақ тілін білу міндетті емес» дейді көпшілігі. 
    Өзін-өзі құрметтейтін Жапония, Қытай сияқты елдер балаларына 12-13 жасқа келгенге дейін өзге тілді үйретпейді, тек өз тілін оқытады. Қытайдың жоғары оқу орындарында студент оқу бітірерде барлық пәндерден «өте жақсы» деген баға алса да, қытай тілінің белгілі бір деңгейін сауатты меңгермесе, оған диплом берілмейді. Ал бізде жағдай мүлде басқаша. Мектепте де, жоғары оқу орындарында да мемлекеттік тілдің қарапайым деңгейін игермегеніне қарамастан, аттестат пен дипломды оңды-солды «тарата» береді. Кейінгі 4-5 жылда мектептерде ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыту қолға алынды. Тіптен балабақшада оқыта бастағандар бар. Қоғамда жай ғана «қазақ тілі» деп, қатардағы басқа тілдер сияқты қарайтын көңіл-күй бар. Жекеменшік кәсіпорындар тұрмақ, мемле­кеттік мекеме­лердің басым көпшілігінде іс-қағаздар орыс тілінде жүргізіледі. Қоғамға үлгі болуға тиіс мемлекеттік органдарда отырған шенеуніктердің, депутаттардың басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Сондықтан өздеріне ыңғайлы болу үшін ақпаратты орыс тілінде беруді талап етеді. Бұл жағдайлардың барлығы өз кезегінде мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде қолданылуына кері әсерін тигізуде.
    Қазақы ойлау, қазақы таным-түсінік жастардан байқалмайды. Ондайды кейде тіптен орта жастағылардан да, «ақсақалдардан» да көрмейсің. Қазіргі ақсақалдардың көбі кеңестік кезеңнің «жемісі». Арақ ішеді, темекі тартады. Ақсақалға лайық әңгіме айта алмайды. «Аталы сөз айтқанда, арсыз тоқтайды». Кезінде сөз құдіретін жақсы түсінетін халық едік, қазір ол да қалып барады. Ел сөз түсінбейді. Осыдан жүз жылдан аса уақыт бұрын Түркістан өлкесіне патшалық Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты, сенатор граф Паленнің басқаруымен, жергілікті жерлердегі отарлық биліктің қызметімен танысып, ревизия жүргізуге Комиссия келген. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша граф Пален патша Николай ІІ мәлімдеме жасаған. Сол мәлімдемесінде отарлық биліктің өлкеде атқарып жатқан қызметін қатты сынға алып, орыс деревнялары мен станицаларында болып жатқан келеңсіз құбылыстарды айта келіп, «Қазақтар түрме дегенді білмейді, есікте­ріне құлпы салмайды. Қазақ қоғамында қылмыс жоқ, өйткені, оларда жақсы қалыптасқан ақсақалдық дәстүр бар, қоғам ақсақалдар арқылы тәрбиеленеді» деп жазады. Пален айтқан қазақ қоғамы бұл күнде жоқ... 
    Қазір ел арасында өнеге айтып, дұрыс жөн көрсететін қариялар өте аз. Мен 8 жасқа дейін атамның тәрбиесін көрдім. Атамыз жарықтық, шежіре кісі еді. Әлі есімде, бала кезімде тізесіне отырғызып алып, шежіре айтып беретін. Ата-тегімізде кімнен кейін кім тарайтынын, әулетіміздің, ел мен жердің тарихы туралы талай қызықты әңгімелер айтатын. Бала кезімізде оған онша мән бере қоймаушы едік. Қазір ойлап отырсам, сонау 1930-шы жылдардағы ашаршылық туралы, сол жылдары Қытай жеріне ауа көшкен ел жайында, ондағы өткен өмірлері жөнінде, 1960-шы жылдары атамекенге көшіп келгеніміз жайлы айтады екен ғой. Өзі еңгезердей денелі кісі еді. Әкеміздің айтуына қарағанда, атамыз өмірі ауырдым демеген. Аузындағы 32 тісі бүтін болған. Арақ ішіп, темекі тартпаған, бес уақыт намазын қаза қылмай өткен. Ол кісінің көзін көргендер әлі күнге дейін «жарықтық көп білуші еді, шежіре кісі еді» деп отырады. Бізден бала кезімізде «кімнің баласысың» деп сұраса, «атамның баласымын» деуші едік, қазіргі балалар «папамның, мамамның» дейді. Мұның бәрі ұлттық құндылықтардың үлкен өзгерістерге ұшырағанының көрінісі.
    Жалпы, ұлттық тіл, діл, тарих, әдебиет пен мәдениетке лайықты көңіл бөлініп, дұрыс насихатталуы қажет. Бұл ұлттық идеологияның негізгі өзегі. Төл тарихымызды өз дәрежесінде насихаттау, одан сабақ алу – аса маңызды. Тарихымызға қатысты айта кететін бір мәселе, ол – ұлттық тарихымызды болмысы қазақ, қазақша оқи алатын, қазақша тарихи деректерді түсініп, қорыта алатын ғалымдар жазғаны жөн. Өйткені, бізде бір ауыз қазақша білмесе де, өздерін «тарихшымыз, қазақ тарихының мамандарымыз» дейтіндер көп. Әрі қазақ тарихын жазуға солар атсалысуда. Қазақша білмейтін адам қазақ тарихын қалай жазады?..

Қалас ЖАМАЛОВ:
    – Таяуда ғана 80 жылдығын атап өткен «Қазақ әдебиеті» газеті – соншама жылдар бойы халықпен қоян-қолтық араласып, ұлтымыздың мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізіп, билік пен халықтың арасына алтын кө­пір боп жүрген беделді де, белді басылым. Қойылған сауалдың астарынан ел болашағына деген алаңдауды, қорқыныш пен үрейді сезуге болады. Сұрақ оқыс. Әрине, Абай атамыз айтқандай, «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Өмірдің күнгейінен гөрі, көлеңкелі жақтарын күнделікті өмірден көріп те, сезіп те жүрміз. 
Оқу бітіріп ап, екі қолға бір күрек таппай, сенделіп жүрген жұмыссыз жастар... Түрлі діни ағымдардың жетегінде кетіп, ауыр қылмыстарға ұрынып жатқандар... Үйленіп, бала-шағалы боп, баспанасыздық азабын тартып, «Жетім бұрыш» жағалап жүрген жас отбасылар... Қартайғанда қараусыз қалған қариялар... Тас­танды балалар... Шетелдіктер асырап алып, мұхит асып, дүниенің төрт бұрышына кетіп жатқан, сұраусыз сәбилер... Айта берсек, көп... Осының бәрін телеарналардан көп көреміз, қазақ тілді газет-журналдар да жазудай-ақ жазып жатыр. Бірақ «Баяғы жартас, сол жартас». 
    Естір құлақ болмағасын, айт не, айтпа не? Халықтың сөзін сөйлеп, жоғын түгелдер деп сенген депутаттарымыздың, елге ұйытқы болады деген кейбір тұлғалардың сөйлеген сөзі, рухани болмысы күлкі келтірерлік. (Бұл жалғанның келеңсіздіктері оларды да жүнжітіп, күйбең тірлік қамын күйттейтін дәрежеге түсірген жоқ па деп ойлайсың). Өткен шақ­тың бір мысалы, көп әйел алуды заңдастыру туралы. Жалпы, тобыр деңгейінде айтылатын сөздердің, шешілетін тірліктің қоғамдық сана деңгейіне көтеріліп, «халық қалаулыларының» талқысына түсуі ненің салдары? Әлде, бар қазақты өз «деңгейлерімен» салыстырып, қарық қылып тастағылары келді ме? Бұл тойғандық па, тоңғандық па?
    «Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі», «Бала – біздің болашағымыз» деген әдемі сөздер көп айтылады. Ал сол ертеңіміз үшін еліміз не істеп жатыр? Өмірге сәби әкелгені үшін үкіметтен бір жыл ғана болар-болмас (қателеспесем, айына 4-5 мың теңгедей) жәрдемақы алып, онысы сәби бір жасқа толысымен сап тиылып, одан әрі кімнен, не көмек күтерін білмей дағдарған жас аналардың жан айғайын депутаттар неге үлкен мінберде көтермейді? Сәбилер 1 жасқа толысымен, ас ішпей ме, киім кимей ме? Әлде, жұмысқа тұрып, өз күндерін өздері көріп кете ме? Туа сала аяғына тұрып, енесіне еріп, өріске жайылып кете беретін малдың төлдері емес қой. Жоқ, әлде, бір жасар сәбиін үйге қамап тастап, жас босанған әйел жұмысқа шыға ма? Халық санын қайтсек көбейтеміз деп бас қатырғанша, әуелі жас отбасыларға қамқорлық жасап, олардың жағдайын түзеуіміз керек. 
Бәленбай мың долларға сырттан атақты спортшылар жалдап әкелуде. Оларға жұмсалған көп қаржыны қалалар мен ауылдарда тегін спорт үйірмелерін ашуға, суға жүзу бассейндері мен спорт залдар салуға жұмсаса, қаншама жас спортшылар өсіп шығар еді ғой! Ертең дүбірлі жарыстарда елдің намысын солар қорғамағанда, ақша үшін жүрген келімсектер қорғай ма? Тіпті, балалар атақты спортшы боп кетпесе де, сабақтан тыс уақыттарында босқа сенделмей, компьютер ойындарына жіпсіз байланбай, денсаулықтарын шыңдар еді. Ал ұрпағымыздың дені сау болса, одан еліміз ұтпаса, ұтылмасы түсінікті. Рухы биік, дені сау жастар сан алуан діни ағымдардың жетегінде кетер ме? Рухани тәрбиеде жіберген олқылықтарымыздың орынын толтырмасақ, кеш қаламыз, кешігіп те қалдық.
    Халықтың ауызекі тілінде айтылатын «Заман бұзылды» деген тәрізді бүгінгі налудың астары неде, болашаққа сенімсіздікке негіз бар ма? Әрине, бар. Бұл ойлар әрбір зерделі адам түйсігінде болары, толғандырары сөзсіз.
    Қазіргі дамыған елдерде, ХХ ғасырдың 30-жылдарынан мемлекеттік саясат негізіне адам мүддесі қойылады. Оның жеткілікті тұрмыс-тіршілігі үшін барлық мүмкіндіктер жасалады. Кедейлікке қарсы күрес жүргізіледі. Өндірілген өнімнің 60 пайызы жалақы ретінде жұмысшының қолына тиеді. Өндіргіш күштердің қарқынды дамуына деген еңбек адамының ынтасы артады. Қоғам өз дамуында болымсыз тұрмыс дегеннің не екенін білмейтін дәрежеге көтеріледі. Батыс бірігу, әлеуметтік қамсыздандыру, құқықтық мемлекет, мемлекеттік реттеу ұстанымдарымен ғылым мен білімді дамытып, гүлденуде.
    Тарихи дәуірде, Батыс елдерімен қатар өмір сүрген кеңес үкіметінде ХХ ғасырдың 30-жылдарында қалыптасқан, кейін 60-жылдары өз мүмкіндіктерін барынша сарыққан қоғамдық қатынастар, ол құлап қалғанға дейін өзгеріссіз сақталды. Үстем билік өзіне тиімді, өміріне қауіпсіз қалыптасқан қоғамдық қатынастарды өзгертуге, жетілдіруге қызығушылық білдірмейді. Байлықпен күрескендер уақыт өте келе, табиғи шикізат көздерін ессіз пайдаланып, мемлекетті, халық қазынасын тонаумен айналысып, іріп-шірігендерін өздері де ұқпай қалды. Кеңес елінде өндірілген өнімнің тек 8-16 пайызы ғана еңбекшінің қалтасына түсетін. Қоғамда адал, өнімді еңбек орнына «өмір сүре білетін» алаяқтардың іс-әрекеттеріне қызығушылық артты. Халық өндіргіш күштердің дамуына қызығушылық білдірген жоқ. Тіршілік бастаулары тоқырауға ұшырап, ел басқару өнері нас тірлікке айналған еді. Бүгін бәріміз де осы айтылғандардың Қазақстандағы салдарының қандай екеніне куәгерміз.
    Белгілі бір уақыт аралығында күрделі оқиғаларға, ауқымды проблемаларға кезіккен қоғамның болашағы туралы пайымдаулар жан-жақты ойдың, әмбебап парасаттың жемісі. Сондықтан арнайы әдебиеттер өмірдің «біз болашақта сондай боламыз» дегенмен емес, бүгінгі өзекті мәселелерді дұрыс түсінуден, соған барабар шешімді табудан тұратынын көрсетеді.
    ...Әлемдік қауымдастық мүшесі болған еліміздегі техникалық прогресс, өндіргіш күштер дамуын, адам тіршілігінің жеңілдеуін жоққа шығаруға болмас, ол мүмкін де емес, дегенмен, елдің елдік дәрежесі, рухани өміріміздің шыңдалған шегі қандай, ол туралы не айтуға болады?
    ХІХ ғасырдан бастап ұстанымдары билікке ұмтылу, пайда, ақша көзін табумен байланысты болған батыс құндылықтарына еліктеудің бізде дөрекі түрі бар тәрізді... Абай айтқандай, бас-басына би болған өңшең қиқымның, елдің сиқын бұзуы, нарық қатынастары қиындықтарын пайдаланып, қалталарының қамын ойлаған, билік пен ақшадан басқаның бәріне немкетті қараған басшылардың «өзім білемі» жеткілікті. «Көсемсіген» биліктен Мемлекеттік, Ұлттық мүдде аяқ асты болды. Дамыған елдерде, кеңес үкіметі тілімен айтқанда, «империалистік» елдерде, ұлттық байлықты құрайтын, стратегиялық маңызы бар нысандардың 50-60 пайызына дейіні мемлекет қолында болса, ал бізде не қалды?!
    Билік иелерінің бассыздығына халықтың тәубешілігінен туындаған енжарлық та себеп болар... «Қайғысыз қара суға семіреді» деген тәрізді адамның белсенділігін шектейтін, енжарлыққа тәрбиелейтін, тәубешіл «қанатты сөздерді» ең кертартпа ой деп пайымдаймын. Бізге ел мүддесін, өз мүддемізді заң көлемінде қорғайтындай белсенділік керек. Тек осы ғана елді енжарлықтан сақтап, болашаққа жіті көзбен қарауға жетелер.
    Бүгінгі Батыс ойшылдары Шығыстың оянып келе жатқанын, рухани құндылықтарын сақтаған бұл елдердің болашақ өркениет үлгісіне айналуы мүмкіндігін мойындайды. Осыдан Жапонияны айтпағанның өзінде, қазіргі Қытай және басқа Шығыс елдері дамуына, жетістіктеріне зер салады, қадағалап зерттейді. Қашаннан руханилығын сақтаған, дініне берік Шығыс елдерінің жетістіктерін білу, олармен жақын араласу мәңгүрттіктен құтылудың жолы болары, қарқынды дамуы салдарларын көру, аңғару, біздің де ел болып, есімізді жиюымызға септігін тигізері сөзсіз. Рухани мұралар өмір тұтқасына айналса, онда Шығыстық құндылықтар бізде де жеткілікті. Кешегі кеңес империясының зорлық-зомбылығы, аштығы мен кемсітулерінің неше атасын көрсе де, бізде де «жаным арымның садағасы» деген арлылық, адамгершілік, ізеттілік, жанашырлық, қол ұшын беруге дайын тұру басым. 
    Елдіктің, болашаққа алаңсыз қараудың тірегі тіл мен дінді сақтауда болар. Тіл мәселелері туралы қоғамда көп айтылды, айтыла да береді. Қазақ тілінің қолданылу аясының тар екені белгілі. Дегенмен, оның тек билік иелері арасындағы қолданылымы төмен дегеніміз дұрыс шығар. Қанша уақыттан бойға сіңген құлдық психологиядан арылу оңай болмас.
    Тарих тереңіне үңілсек, ерте заманнан діннің қоғам өмірінде негіздік бастау болғаны жайлы мәліметтерді көреміз. Қауым, ру, тайпа, отбасы тәрізді құрылымдардың қалыптасуымен, туыстық байланыс барынша нығайып, оның өлген мүшесінің жаны зиянсыз, қорғаушы, құдіретті күшке айналып, ата-баба рухына трансформацияланды. Тотемдік орталықтар орналасқан, ата-баба сүйегі жерленген кеңістік киелі саналды. Міне, дін сонау ерте замандардан адамның өз ортасына деген сүйіспеншілігін қалыптастырды, өзара әлеуметтік бірлігін нығайтты, оны қорғаудың өзектілігін айқындады.
Бүгінгі жетістігінен жетімсіздігі басым әлеуметтік орта адами құндылықтардың да көпбағыттылығына әсерін тигізіп отыр. Бұл ұлттық тәрбие, ұлағатты ұстаным болмағасын, тәрбиенің бетімен кеткенін, төмендігін көрсетсе керек. Қазақстан азаматтарының әр түрлі діни секталарға кіруі, жас қыздарымыздың сүреңсіз сұр, қара көйлектерді шұбалта киіп, бет-ауызын қара орамалмен тұмшалауы, жас жігіттеріміздің атасында жоқ сақалды қойып, бала-шағасын шұбыртып, өзге мемлекеттерге «жиһадқа» аттануы, жазықсыз жандармен қоса өзін-өзі жаруы, басқа да ауыр қылмыстарға баруы, жеткіншектердің өзіне-өзі қол жұмсауының астарында әлеуметтік проблемалар жатқаны сөзсіз.
    Бүгінгі ғылым кез келген елдің өз дамуында жоғарғы жетістіктерге жетіп, қатарға қосылуына 25-30 жыл керек екенін көрсетеді. Кейде «біздің ел жас ел, тәуелсіз болғанымызға енді жиырма жыл болды» деген тәрізді сөздер айтылады. Отарлық езгіден құтылғанымызға жиырма жыл болды, әйтпесе, тарихымыз тереңге кетеді. Сондықтан дұрыс, объективті жолмен құрылған қоғамның жиырма, отыз жылда жас та болса, бас елдер қатарына қосыла алатынын естен шығармауымыз керек. Ол үшін шешімдер қоғамдық өмір салаларының объективті зерттеулері негізінде қабылдануы тиіс.
    Шығыс елдерінің ояну үдерісі негізінің қайда жатқанын аңғару арқылы біздің де ел болып, есімізді жиюымыз мүмкін. Болашақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды аңсап қоймай, оның жолында малын, жанын пида еткен бабалардың рухы біздің бойымызда әлі бар. Одан күдерімізді ешқашан үзбек емеспіз.
    Қазіргі кезде тек біз ғана емес, әлемде көптеген елдердің өткір экономикалық проблемаларға кезігіп отырғаны кімге де болса белгілі. Дегенмен, осы дағдарыс қазақ қоғамының болашағы туралы аңыздардан арылып, көрегендік бастауларға бет бұрудың алғышарты болса ғанибет. Ақ бас тарих уақыты келгенде кімді де болса өз орнына қояды, оған ешкімнің күмәні жоқ шығар. Қандай түрде болса да, тарих тоқырауларға, кері кетулерге ұшыраса да, соңғы нәтижесінде шыңдалу жолына келетіні ақиқат.

Қазақ әдебиеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 348 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 604 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика