КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

    Телевидениеде санаулы «көкжалдар» болады, қалғандарының жүгін солар көтереді. Әрине, олар өз терісіне «сыймайды». Ел сойылын соғады әрі перзенттік парызын терісімен өтейді. Осылайша халықтың ықыласына, махаббатына бөленеді. Сондай «көкжал қасқырлардың» бірі Серік Әбікенмен болған сұхбатымызды ұсынамыз.
    А.: Серік аға, сіздіңше, қазақ қызы кім? Сізді қайран қалдыратын қыздардың мінезі қандай?
    С.Ә.: Қазақ қызы – қазақ намысының қайрағы. Мені таң қалдыратыны ерлердің бойынан жоғала бастаған өжеттік ана-қарындастарымыздың жанарынан әлі де ұшқындап тұрады. Осы күнгі кез келген әлеуметтік мәселе төңірегіндегі дауда шырқырап жүретін солар. Ерлері көрінбейді?! Ұясын қорғаған ұябасардай жанұшырып жүрген – аналар. Соларға қарап «Алып анадан туатынына» сенемін.
    А.: «Әйел десе, әжем де кетеді» деген қанатты сөз тағы бар. Осы сөздің астары нені меңзейді?
    С.Ә.: Менің түсінуімше екі мағынасы бар: біріншісі, әйелге тіл тигізбе, сен түгілі әкеңді де туған жан – әйел; екіншісі, «әйел» деген сөздің өзіне байланысты болуы мүмкін. Бағзы түркілік түсінікте «әйел» деген аса жақсы сөз емес, жүрісі жеңіл жандарға қатысты айтылған. 
    А.: «Хан тілін халқы алғанымен, әйелі алмас» дейді. Әйелдер ерлерді өзгерте ала ма? Ер азаматтар ше?
    С.Ә.: Баяғыда екі ағайынды жігіттің отбасы өте тату-тәтті өмір сүріпті. Бір күні ағасы үйінде шай ішіп отырғанда келіншегі: «Міне, келін екеуміздің арқамызда жақсы өмір сүріп жатырсыздар» - депті. Ері: «Бауырыммен тату болғаныма сенің қатысың қанша?!» - деп мысқылдайды. Абысын бұған күліп, келінімен келісіп екі ағайындыны бір-біріне жамандай бастайды. «Ағаңның баласы біздің ұлды ұрды», «Інің біздің балаларды бөлектей береді» дегендей сыпсыңнан құлақтары тыншымайды. Ақырында екі ағайынды бір-біріне тұра ұмтылатын дәрежеге жетіпті. Сонда екі әйел күйеулеріне басу айтып: «Көрдіңіздер ме, біздер тату болсақ, сіздер де тату» - депті. Осы мысал әйел затының отбасыдағы рөлін жақсы көрсетсе керек. Отбасы – шағын мемлекет екені рас болса, әйел үлкен мемлекеттің тізгінін ұстап отырған адамға ықпал ете алатыны да рас. Ә.Кекілбаевтың «Ханшадариясына» арқау болған аңызға сенсек Ұлы қағанның да тағдырына қара таңба түсуіне, өз күйеуінің болмысы зорая түсуіне әйел әсер еткен. ...Ал, еркектерге келер болсақ тым берекесіз, күйгелек, зымиян азаматтардың жақсы әйелді жер ететіні бар. «Жібекті түте алмаған жүн етеді». 
    А.: «Оппозиция деген – мәдениеттің ең жоғарғы түрі. Егер баяғыдай бір партиялық болса, оның кемшілігін ешкім айтпаса, сонда ол қалай түзеледі? Оппозиция – әйеліңнен басталады. Ол – сенің жанашырың» - депті Қадыр аға. Қазақ әйелдері бұл міндетті қалай атқара алды?
    С.Ә.: Әйелдер қауымы – мықты оппозиция. Үйдегі «оппозицияң» жымиып отырып, өз позициясынан ақыл қосқанда ғана отбасына қатысты шаруа дұрыс шешіледі. «Мен білемге» салып біраз буырқанған отағасы былай шыға бере желкесін қасып тұрып қалады да, әйелінің сөзінің жаны барын түсінеді. Сосын өзінің ойымен ұштастырып жүріп, тындырады. Ақылды «оппозиция» мұндай кезде: «Е, бәсе, мен не білуші едім, мынауың дұрыс екен» - деп аңқауси қалады. Ал, ақылы шалалау болса «Ақыры менің айтқанымды істепсің ғой!» деп күйеуінің шымбайына шоқ тастайды. Қадыр ағамыз үйдегі «кіші саясатты» реттей алмаған адамның үлкен саясатқа араласып та мандытпайтынын керемет жеткізген.
    А.: Әйелдердің бәрі сүйікті жар болғысы келеді. Отағасы тек мені ғана «жалғызым» деп өтсе дейді. Бірақ қандай керемет болса да, сүйіктілердің «жалғызы» болу мүмкін болмай тұр? Бүгінгі таңда ажырасудың басты себебі осы мәселеге тіреледі. Отбасының тыныштығы үшін «көрмеген,   білмеген» болып жүре берген дұрыс па? Қайтсе болады?
    С.Ә.: Ұрғашыдан үйір жинайтын хайуаннан адамның айырмашылығы – санасы барлығында. Мұны бөріктілер жақсы түсінеді. Сондықтан азаматтардың бәрін бір қалыпқа салуға, бұл мәселеге біржақты қарауға болмас. Өкінішке орай, батыстық «мәдениет» халқымызға қиын тиді. Еліктеп кеткен ерлер де, әйелдер де жетерлік. Отызға келгенше ой түймеген, аңдығаны ойын-сауық болған жігіт қандай отағасы, түнгі клубта шылымды бұрқыратып, шарап ұрттап жүрген қыздан қандай отанасы болмақ? «Жалғызым» дегенің жалмауызың болып шыққаны екі тарапқа да оңай тимесі анық. Содан барып шаңырақ күйрейді. Десекте, ажырасудың басты себептеріне мұны қоспас едім. Статистика жастардың әлеуметтік қиындықтарға шыдамағандықтан көп ажырасатынын байқатады. Жұмысы жоқтық, баспана тауқыметі мөлдір сезімнің тас-талқанын шығарады да, жастар саяқ өмір сүруге бел буады. 
    А.: Есті деген, елі аузына қараған ағалар жас қыздарға көз салуды, некеге шақыруды ыңғайсыз санамайды. «Жұрттан ұят болады деген сөздің өзі ер адамдарды жанұяға еріксіз қайта оралтатын», - дейді үлкендер. Бұған да қыздар кінәлі ме? Әлде демократия ма?
    С.Ә.: Шын арсызға ешқандай демократия, анархия, монархияның қажеті жоқ. Ол ешқандай мемлекеттік құрылымға да, жынысқа да кірікпейтін топтың өкілі. Ұят пен инабат оларға бұйырмаған. Ал үлкен адамның жас қызбен некелесуіне үрке қарайтын уақыттан өтіп кеттік-ау деймін. Осы күні үш-төрт әйел алған азаматтар баршылық. Бақытты өмір сүріп жатса, оларға неге мүсіркей қарауымыз керек. Дініміз де, дәстүріміз де рұқсат етеді. Бұл адамның ырзашылығымен ғана жүзеге асады ғой. Ал, ересек адам көшеде, кафеде жас сұлуға «өліп-өше» бастаса, тексіздігі. Баяғыда бір қу «тай тебеген болса, ту сыртынан айналмас едім» деген екен. Сондықтан қыздар да «Осы неге қадала қалды?» деп өз мінез-құлқын електен бір өткізіп қойса болар. 
    А.: «Әйелдің қаруы – сұлулығы» деп жатады, сіздіңше, ерлердің қаруы не?
    С.Ә.: Ақыл-парасаты, жүректілігі шығар. Негізі «көркіңе көже құйып ішемін бе?» дейтін қазекемнің ұрпағымыз ғой. Заманында қыздардан да кемел ой, ақыл, көрегенділік талап етілген. Әйтпесе, баласына жар болатын дана қыз іздеген данышпан бабаларымыз туралы көптеген аңыз-қиссалардың бәрі бекершілік болар еді.
    А.: Серік аға, біз қазақ азаматтарының арасынан сұлтандарға көз саламыз. Журналдың дәстүрлі сауалы: сіздіңше, Қазақта жігіттің сұлтандары көп пе?
    С.Ә.: Қазақтың бар жігіті – сұлтан. Шымболаттың шыңдалуы, қайралуы ұстаның шеберлігіне байланысты. Мен сөз басында «қазақ қызы - қазақ намысының қайрағы» дедім. Демек, қазақ намысының алдаспаны – қазақ жігіті. 
    А.: Сұхбатыңызға рахмет! 

Арнайы mtdi.kz оқырмандары үшін!

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 278 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 575 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика