THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Осыдан бір-екі жыл бұрын Қазақстан ұшақтарымен ұшқанда борт мониторында Қырғызстан астанасы Фрунзе деп бадырайып көрініп тұратын. Фрунзенің – Пішпекке, Пішпектің – Бишкекке айналғанына не заман?
Сонда қырғыздар өз астанасын қағаз түрінде ауыстырғанымен, әлемдік әуе картасында әлі дұрыстай алмапты ғой деп күлуші едік. Өзгелер енді бізге күле ме деп қорқамын.
Алматыдан Астанаға ұшар болсаңыз: барар бағытыңыз Астана екені анық, алайда сол Астана деген тұста халықаралық TSE деген белгі тұрады. Ол не деп көп адам бас қатыра бермейді. Бұл – Целиноград деген қаланың белгісі.
Жақында Астанаға жол түскен. Астанаға барған адамның суретке түспей тұрмайтыны белгілі. Қолымызда – iPad. Сырт-сырт еткізіп бірнеше сурет түсірдік. Бұл қондырғының кереметтігі сол: қайда барғаныңыз, қайда тұрғаныңыз, қайда жүргеніңізді айдай ашық көрсетіп тұрады; америкалық спутниктің кіндігіне байлап қойған бір сиқыры бар секілді, ешкімнен ештеңені жасыра алмайсыз. Сонымен, суретке түсуін түсірдік. Қондырғының бетіне – «Целиноград. Қазақстан» деген жазу шығып тұр. «Ау, Астанамыз қайда?» деген ойдың басыңызға сарт етіп келе қалатыны анық. Шынында, не қылған Целиноград? Бұл атау баяғыда Ақмолаға, одан Астанаға ауыстырылмап па еді?!.
Жоқ, біз өз елордамыздың атауын Астана деген атауға ауыстырып алғанбыз деп жүргеніміз бекер екен. Халықаралық әуе қатынасы белгілерінде сол – TSE, яғни – Целиноград. АҚШ ойлап тапқан iPad жүйесінде де – Целиноград. Сонда Астана қайда?
Бала кезімізде бір жартасқа «күн көсеміміз» Лениннің аты жазылғанын, сол жазуды қанша өшірсе де «Ленин» деген сөз шыға беретіндігі туралы ертегіге бергісіз оқиғаны оқып өскен едік. Бұл пролетариат көсемінің «мәңгілігін» әйгілейтін шығарма болатын. «Целиноград» атауы да тап сол «Ленин» деген сөз секілді өшпейтін нәрсе ме? Астана – Астана болғалы да 20 жылға жақындап қалды. Бірақ Целиноград атауы Лениннің жартасқа қашалып жазылған есімі секілді өзгермей келеді...
Қашанғы?!.
Бізде Көлік және коммуникация деген сала бар. Сол салада небір қасқа бас мықтылар жұмыс істейді. Біз көрген Целиноград атауын олардың да көрмеуі мүмкін емес. Олар халықаралық әуе қатынастарының заң-зәкүндік мәселелерін бізден гөрі жетік білетіндігіне еш дауым жоқ. «Ай, Астанамыз – Астананы қашанғы Целиноград қалпында қалдыра береміз, осыны өзгертейік те» дейтін бір жанның табылмағаны ма? Қайтіп, қалай өзгерту жөнінде олар білмейді деп айта алмаймыз. Бірақ сол шіркіндерде ешқандай намыс қалмады ма? – деп қайран қалудан басқа амал таппаймыз.
Еліміз егемендігін алды. Елорданы ауыстырды. Оған Астана деген атау бердік. Басқа жұрт басымен қайғы болып жатқанда әп-әдемі Астананы тұрғызып алдық. Азғантай уақыт ішінде! Қазақ – қазақ болғалы өз қолымен салған тұңғыш қала. Аз уақытта салғасын құрылыс сапасында «әттеген-айлары» да бар шығар, алайда бұл – қазақтың өз қаласы, өз Астанасы! Қазір қазағы басым қаланың бірі және бірегейі. «Тәуелсіздік алғалы не бітірдік?» дейтін болсақ, бірінші кезекте осы Астана құрылысымен мақтанып, марқайамыз.
«Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» деуші еді ауылдың шалдары. Сол айтқандай, елорда атауы өзгергенімен оның ен таңбасы өзгермегені қалай?!. «Бұл қалай?» деп былайғы жұрттың бас қатырғаны болмаса, Қазақстанның осы саланы қадағалайтын Көлік және коммуникация тарапындағы құрылымының басшылары неге ойланбайды? Неге әрекет етпейді?
Әлде, әлгі Лениннің аты өшпейтіні секілді, «күн көсемнің» бізге қалай өмір сүруді үйреткісі келетін дзю-дошы ұрпағы қарамағына алатын күнді күтіп жүргендер бар ма?!. «Баяғы берген сертке – беріктігіміз» сол кезде керек бола ма?!.
Қалай десек те, «Целиноград» атауының қосамжарланып қалмай келе жатқаны тәуелсіз қазақ баласы үшін ұят нәрсе. Басқа – басқа, тап осыны бір жағына шығарар кез келді. Осы жағын ойласып, қоспақ атаудан тезірек арылудың кесімді де шешімді жолын табу керек дейміз.
aikyn.kz