THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
ЖАҢА ӘЛІПБИ ТІЛ БОДАНДЫҒЫН ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕ МЕ?
Авторы: Бексұлтан Нұржекеұлы
23/10/2018 15:21 0 7221 0
Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Оның басты себебі –
жазуымызға «и» (ұзын й) әрібін енгізу. Бұл әріп – қазақ тіліне жат, тілімізде
тек «й» (шолақ й) ғана бар. Әріпті өзерту белгілі кезеңдегі тарихты, ғылымды,
ой-пікірлерді ұмыттырады. Солай екенін біле тұра, ендеше біз латын жазуына неге
көштік?
Басты себебі: орыс
тілінің ендеп кеткен ықпалынан құтыламыз деп сендік. Өйткені «Қазақ тілінің
негізгі емле ережелерінде» былай деп жазылған: «Орыс тілінен енген атау
сөздердің тұлғасы негізінен сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей
жазылады» (3 – тарау, §18).
«Арап, парсы тілдерінен
енген сөздер негізінен қазақша дыбысталып, өзгерген күйінде жазылады» (сонда,
§19).
Байқап отырған
боларсыз, бұл ереже бойынша орыс тілінен енген атау сөздер арап, парсы тілінен
енген сөздердей бөтен сөз саналмайды, өз сөзіміздей.
Осы өрескел ереже
тәуелсіздік алған 27 жыл бойы өзгертілген жоқ. Өзгертетін А.Байтұрсынұлы
атындағы Тіл білімі институты мен Білім және ғылым министрлігі еді. Өкінішке
қарай, бұл екі мекеме де жалақы алумен айналысты да, тілдің тағдырына
араласпады. Сондықтан тіл бодандығы 27 жыл бойы сақталды.
Тіл білімі институтының
қызметкерлері жаңа әліпбиді «бір дыбыс – бір әріп» пірінсібі бойынша түзейміз
деп жариялаған болатын. Алайда онысы алдау болып шықты.
Себебі «и» әрібі қазақ
тілінде орыс патшалығы билеген кезде де, кеңес өкіметі билеген алғашқы кезде де
болмаған, ол дәстүр 1940-жылға дейін сақталып келді. 1929 жылы латын
әліпбиіне көшкен кезде де «и» әрібі болған жоқ, ал әліпбиімізде 29 ғана әріп
болды. Енді «и» әрібінің міндетіне тоқталайық.
Негізгі міндеті – қазақ
тілінің табиғи заңы болып саналатын үндестік заңын бұзу.
Ал үндестік заңы
дегеніміз не?
Қазақ тілі – жалғамалы
тіл (аглютинативті). Сөздің негізі түбір болса, оған жұрнақ пен жалғау қосылу
арқылы сөздер бір-бірімен байланысады. Мысалы: ақыл+шы+лар+дың (ақыл – түбір,
-шы – жұрнақ, -лар – көптік жалғау, -дың – септік жалғау). Түрік тілінде, оның
ішінде қазақ тілінде артикіл, суффикс, предлог секілді сөз байланыстырушылар
жоқ. Сондықтан қазақ тілі созылмалы, әуезді болып келеді. Дауыс екпіні алғашқы
буынға түспейді. Сол себепті сөздің ортасы, соңы созылмалы айтылады да, құлаққа
әуезді үнмен естіледі. Сөзінің өзі әуен болып тұрғандықтан, қазақта ақын,
жырау, сазгер өте көп болатын.
Үндестік заңы бойынша,
әр буында бір дауысты дыбыс болады. Мысалы: а-дам-гер-ші-лік, мем-ле-кет-ке,
т.с.с.
Ал «и» әрібі осы
үндестік заңына қалай қайшы келеді.
Қазақ халқының төрт
түлігінің бірі – сыйыр. Жоғарыда аталған заң бойынша, біз оны осы уақытқа дейін
«сиыр» деп жазып келеміз. Жай жазып келе жатқамыз жоқ, үндестік заңын бұзып
жазып келеміз. Қалайша? Бірінші буын –си. Мұны «сій» депте, «сый» деп те оқуға
тиіспіз. Бұл жолы «сый» деп оқимыз, себебі келесі буын «-ыр», «-ыр» жуан буын
болғандықтан, оның алдындағы «сі»-ні де жуан буын етіп оқимыз. Тілге зорлық
деген – осы. Егер тіліміздің табиғи төл ерекшелігін ескерсек, бұл сөзді былай
буынға бөлген болар едік: сы – йыр. Өйткені буын үндестігінің заңы бойынша,
алдыңғы буын жуан болса, оған жалғанатын буын да жуан болады.
Осы зорлыққа
бағындырып, қиын, тиын, жиын, сиын, мисыз, биыл, шипа, сипала, қиқыл, сипат,
пима тәрізді қыруар сөзді орыс тілінде бар, қазақ тілінде жоқ «и» әрібімен
байлап-матап келдік. Тілімізде жоқ «и»-ді орыс тілінде бар «и»-мен тіл
ғалымдары, алдымен – 1940-шы жылы, кейін 1957-ші жылы «ый», «ій» секілді төрт
әріптің орнына зорлап енгізген болатын. «Бір дыбыс – бір әріп» емес, төрт дыбыс
бір әріпке мінгесті. Соның салдарынан созып, әуендетіп сөйлеудің орнына
дік-дік, зірк-зірк сөйлейтін болдық, «ы – йық» деп әуезді үн қатудың орнына
«иық» деп дық еткізе салатын болдық. Сөз басында келетін «ый», «ій»
дыбыстарының бәрін бір «и» – мен алмастырдық та, өз тіліміздің үндестік заңынан
өзіміз адастық та қалдық. «Ійне»-ні «ине», «ійт»-ті «ит», «іймек»-ті «имек»,
«ійрек»-ті «ирек» деп жазатын болдық. Сөйтіп, орыс тіліне тән «и» әрібі қазақ
тіліне тән бола бастады. Енді, міне, жаңа әліпбиге еніп, тілімізді алда да
азғындата бергелі отыр.
Нотаның аты «мій» мен
баста болатын «мый» – екеуін де «ми» деп жазып келдік. Соны да ажырата алмаған
ғалымдарға қалай өкпе айтарыңды білмейсің. Тілдің қыр-сырын тіл ғалымдары
білмесе, енді кім біледі? 27 жыл бойы оқулығымыздың оңбай келе жатқандығы да
соларға байланысты емес пе?
Мен мұны жазғанда, тіл
мамандары жаңа әліпбиді өзгерте қояды деп сеніп отырғаным жоқ. Өйткені билік
Тіл білімі институтын қолдайды. Ал олар қазақ тілінің табиғатын не білмейді, не
білсе де, биліктің ығына жығылады. Ал билік қазақ тілінің табиғатын түсінбейді.
Тілге халық емес, біз иеміз деп ойлайды. Ғалым билікке тәуелді болған соң,
ғылым өз мүдесінен жаңылады. Біз сондай кезеңді бастан кешіп отырмыз. Мұндай
ойға мені итермелеп отырған не?
Сөз басында келетін
«ый», «ій» дыбыстарының ізін жасыру үшін, ғалымдар сөз басында келетін «ы», «і»
дыбыстарын да жазбайтын қағида ойлап тапты. Соның нәтижесінде, «Ырысқұл»
дегенді «Рысқұл», «Ырысты» дегенді «Рысты», «ырас» дегенді «рас», «Ілескүл»
дегенді «Лескүл», «Ілесбек» дегенді «Лесбек», «ылас» дегенді «лас» деп жазуды
жолға қойды. Түптеп келгенде, тіл ғалымдары тілімізге қарсы шабуылды жан-жақты
үдетті.
Соның бәрін латын
қарпіне көшу үстінде қайта қалпына келтіретін шығар деп оларға сеніп едік,
онымыздың бекер болған түрі бар.
Кеңес заманында, біздің
бала кезімізде, сотты халық сайлайтын. Сонда «судья» деген сөздің орнына «сот»
деген сөз жүретін. Ол омоним, яғни көп мағыналы сөзге жататын. Оны өзгерткен
Тіл білімі институты да, халық та емес, билік. «Электір энергиясы» дегенді
ежелден «электір қуаты» деп келе жатқанбыз, ал Экспо-17 электір энергиясына
арналған соң, бұл халықаралық термин деген сылтаумен «электір энергиясы» дей
бастадық. Билік солай айтқызды. Демек, қазақ тілінің қожасы – билік. Халық та,
ғалымдар да емес.
Осындай биліктің ыңғайы
мен ызғарын сезгендіктен Тіл білімі институтының ғалымдары тілді талап жатсаң
да қыңқ демейді. Бәлкім, бәрін билікке аударып құтылады. Олай дейтінім, тіпті
дау-дамайға салмай-ақ түзейтін нәрселерге де тұяқ серіппейді.
Орыстың «газета» деген
сөзі бар. Ол біздің тілге аударылмайды, сондықтан оны өз тіліміздің үндестік
заңына сәйкес өзгертіп қабылдауға тиіс едік. Кеңес өкіметі кезінде өзгертуге
қорықсақ, тәуелсіздік алғаннан бергі 27 жылда өзгерту өз қолымызда еді.
«Га-зет» деп алдыңғы буынды жуан, соңғы буынды жіңішке етіп жазып келеміз.
Бірақ жөн білетін, тіл білетін қазақтың бәрі «гәзет» деп үндестік заңын сақтап
сөйлейді. Соны да түзетуге шамасы жетпеген бұл институт қандай институт?
«Кітәп» деудің орнына
«кітап» деп жазып жүрміз. «Кітап+қа» демей, «кітәп+ке» деп дағдылансақ, бөтен
сөзді өз сөзіміз етіп жібермес пе едік ендігі?
«Облыс» деп жазып
жүрміз. Буынға бөлсек, «об-лыс» болады. Ал қазақ тілінде «об» деген буын
болмауға тиіс. Болса, «оп» деген буын болады. «О-блыс» деп буынға бөлуге де
болмайды. Онда буын үндестігі жоқ. Дұрысы «о+бы+лыс» қана. Демек, «облыс»
демей, «обылыс» деп жазуымыз керек еді. Соны да реттеуге 27 жыл бойы шамасы
жетпеген тіл ғалымдарына не айтуға болады?
«Министр» сөзінің де
мән-жайы осындай. Буынға бөлсек, «ми-нистр» болып шығады, «нистр» деген буынды
буынып кетсең де айта алмасаң, онда ешқандай үндестік жоқ. Ал қазақ тілінің
табиғаты бойынша, ол «мі-ніс-тір» болып жазылуы да, айтылуы да тиіс-ті.
Кезінде тілімізге
енгізуге Халел Досмұхамедов қарсы болған, ал егер қабылдай қалсақ, «махабат»
деп бір ғана «б» арқылы жазуға тиіспіз деген сөзді біз «махаббат» деп
тіліміздің табиғатына жат ереже бойынша жазып жүрміз. Себебі қазақ тіліндегі
атау сөздердің ешбірінде ешқашан қатарынан екі дауыссыз дыбыс айтылмайды да,
жазылмайды да. Шындап келгенде, ешкім «махаб-бат» деп сөйлемейді, бәріміз
«махабат» дейміз. Осыны да шешу ғалымдарымызға қиын ба еді? Әрине, қиын емес,
тек тілге жандары ашымайды. Бәлкім, оларға бәрібір. Әйтеуір бір-бірімізді
түсінсек болды ғой деген болу керек.
Қазақ айта алмайтын
дыбыс жер бетінде, тегі, жоқ шығар?! Солай екен деп, өзімізге жат дыбыстарға
да бір әріп пен таңба беріп, өз тіліміздің негізгі дыбыстарын «ң», «ә», «қ»,
«ө», «і», сыйақтыларға жеке таңба бермегеніміздің өзі-ақ ойландырады. Бұл
әріптер ұлт үшін емес, кәмпүтер үшін солай жазылыпты. Жаңашыл ғалымдардың
қылығы қандай ғажап!?. Әліпбиді тілге емес, техникаға ыңғайлау қай елдің
үрдісінде бар екенін мен білмеймін, сірә, біздің ғалымдар бірінші шығар?
Айта берсем, тіліміз
бен әліпбидің түйткілі көп. Оның мән-жайын билік ақын мен жазушыдан сұрамайды, тіл
ғалымдарынан сұрайды. Ал тәуелсіздік алғалы 27 жыл бойы мемлекеттік
ісқағаздарды жүргізу және ресми жиындарымыздың дені орыс тілі арқылы жүзеге
асып келеді. Осы кезеңдерде Тәуелсіздіктің басты тірегі – тілдік тұрғыдан
рухани жаңғыра алмай келе жатқанымыз жанға батады.
Жалпы үндестік заңының
үнін өшіру – қазақ тілінің үнін өшіруге апаратын жол. Өкінішке қарай, солай…
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ