THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Жиырмасыншы» деп айтып жүрген реттік сан
есіміміз бұрынырақта «жиырманшы» деп айтылған екен. Бүгінде соған қайтып
оралуды ұсынушылар бар. Қайткен дұрыс?
1.
Жиырмасыншы ма, жиырманшы ма?
Соңғы кезде
бірқатар ғалымдар: «Жиырма сөзін реттік сан есімге айналдырғанда қазіргі
қолданылып жүргендей жиырмасыншы деп жазу дұрыс емес, өйткені реттік сан
есімнің -сыншы деген жұрнағы жоқ. Сондықтан жиырмасыншының орнына бұрынырақта
қолданылғандай жиырманшы деп жазайық» деген пікір айтып жүр.
Жиырмасыншы
деп жазудың дұрыс еместігіне біз де қосыламыз. Алайда жиырманшы деген атауды да
көңілге қонымды дей алмаймыз. Өйткені жиырманшы сөзін басқа реттік сан есімдер
атауымен салыстырсақ, басқа сөздердің барлығы -ыншы, -інші деп аяқталса, жиырманшы
сөзінің жалғыз өзі ғана -аншы болып аяқталады, яғни көпшілік санға ортақ атау
жүйесінен бөлекше болып келеді. Бұл орайда «бұрынырақта да жиырманшы деп
айтылған, кейін сөздік жасалған кезде жиырмасыншы деп қате жазылып кетіпті»
деген сөз айтылады. Біздіңше, жиырманшы сөзін жиырмасыншы қылып өзгерту
жайдан-жай қателесуден емес, оны басқа реттік сан есімдердің айтылу жүйесіне
сәйкестеу мақсатында жасалған сияқты. Әйткенмен бұл өзгеріс те сәтті болмады,
жиырмасыншы сөзі де ортақ атау жүйесінен бөлекше, -сыншы деп аяқталып тұр.
Сонымен
жиырмасыншы деген атау да, жиырманшы деген атау да мінсіз емес.
2. Жиырманы
жерма деп жазсақ қайтеді? Жиырмасыншы мен жиырманшыны зерделеу барысында біз жүздеген
адамнан он тоғыздан жиырма тоғызға дейін санауды сұраған тәжірибе жасадық.
Сонда байқағанымыз: «жыйырма» деген үш буынды нұсқаны бірде-бір адам айтқан
жоқ. Сауал берген адамдарымыздың дені 20-ны «жерма» деп оқыса, бір-жарынан
«жирма» деген сөзді естідік, яғни бәрі де екі буынды сөз ретінде айтты.
Сондай-ақ Қазақстанның әр аймағында, сондай-ақ Монғолияда, Қытайда тұратын
қазақ әншілерінің жиырма бес туралы әндерін тыңдап қарау да «жиырма» сөзінің
жерма не жирма деп айтылатынын көрсетті, демек 20-ны жерма деп айту жергілікті
ерекшелік те емес.
Олай болса, оны
«жиырма» деп жазудың не мәні бар?! Сөздің жазылуы айтылуынан өзгешерек болған
сайын жазуда кететін қателік көбеймей ме? Балалардың «жиырма» сөзін қате
жазатынын бастауыш сынып мұғалімдері де айтады. Оның үстіне «жиырма» сөзі
етістік ретінде де қолданылады. Дұрысында, ұғымды омонимі бар сөзбен атағаннан
гөрі арнайы атауы болғаны тиімді. Тоқ етері, біз «жиырма» деп жазылып жүрген
сан есімді «жерма» деп айтылуынша жазуды ұсынамыз.
3. Кейбір
пікірлерге жауап. Айтып отырған ұсынысымызға орай «қалыптасып қалған сөзді өзгерту оңай
емес қой» дейтіндер болар. Алайда бұрынырақта «жиіркеніш» деп жазылған сөздің
бүгінде «жеркеніш» деп жазылып жүргені сөздің жазылуын өзгертудің мүмкін
екендігіне дәлел бола алады. Сондай-ақ «жиырма» сөзі қалыптасқан деуге
келмейді, керісінше, халық оны қабылдай алмай, сөздіктерде «жыйырма» деп айту
нұсқауланғанына қарамастан «жерма» деп айтып жүр. Сондықтан «жиырманы»
«жермаға» өзгерту қиын болады деп ойламаймыз. Оның үстіне 20 санын түріктердің йермі не йермә деп
айтатынын және олардағы сөз басындағы й қазақ тілінде ж-мен алмасатынын
ескерсек, «жерма» сөзін қолдану түркі халықтарынан да жырақтатпайды.
Жиырма деп
жазылатынына қарамастан бұл сөздің жерма, жирма болып айтылатыны несі? Мұны
кейбіреулер онда жалаң и-дің қолданылуынан көреді. Бұл сөздің екі буынды болып
айтылуы жалаң и-мен жазылуынан болса, осы сияқты қиындау, киінді, жиынтық,
биылша, сиыршы, қиырда, шиырлау деген сөздер неге үш буынды болып айтылады?
Тіпті, жиырма сан есімімен бірдей жазылатын жиырма деген етістіктің өзі де үш
буынды боп айтылады ғой. Бұл келтірілген мысалдар жиырма сан есімінің екі
буынды боп айтылуы жалаң и-мен жазудың салдары еместігін көрсетеді.
Жиырма сөзінің
жерма, жирма болып айтылуы жөніндегі біздің пайымымыз қандай? Жазу ережесін
құбылысқа баға беру арқылы немесе өзінің көзқарасына қарай жеке адамның
тұжырымдайтыны белгілі. Соған байланысты тұжырымдама кейде дұрыс болмай да
жатады. Ал сөйлеу тіліне келсек, жазу арқылы өзгеруі мүмкін болғанмен,
негізінен, табиғи заңдылықтар бойынша айтылып, табиғи түрде дамиды. Сондықтан
ол табиғи заңдылыққа сай келмейтін, яғни дұрыс тұжырымдалмаған ережеге бағына
бермейді. Біздіңше, 20 сан есіміне қатысты ережеге бағынбаушылықта осындай
жағдайға кездесіп отырмыз. Яғни, 20 деген сан есімінің жерма деп айтылуы қате
емес, оны жиырма деп жазу жөніндегі тұжырым дұрыс жасалмаған.
Жерма
сөзіне реттік сан есімнің жұрнағын жалғау. Бұл мәселені шешу үшін алдымен
реттік сан есімнің қандай-қандай жұрнақтары барын анықтап алайық. Емле
ережесінде реттік сан есімнің жұрнақтары -ыншы, -інші, -ншы, -нші делінеді.
Біздің -ыншы, -інші жұрнақтарына таласымыз жоқ, ал -ншы, -нші жұрнақтарының
қажеті бар ма? «Ол дауыстымен аяқталған
сөзге жалғанады» дерсіз. Онда «неше» сөзіне -нші жұрнағы жалғанып, нешенші болу
керек емес пе? Бірақ бұл сөз нешенші емес, нешінші деп айтылады. Бұған
қарағанда, неше сөзіне -нші емес -інші жұрнағы жалғанып, элизия құбылысының
әсерінен нешінші деп айтылып тұрған сияқты. (неше+інші=нешінші) Демек, реттік
сан есімнің жұрнақтары − ыншы, -інші деген екеуі ғана.
Мұны ескерсек,
жерма сөзін реттік сан есімге айналдыру үшін -ыншы жұрнағы жалғанады. Сонда
элизия құбылысы әсерінен жермыншы сөзі пайда болады (жерма+ыншы=жермыншы).
Иә, кей адамға
біздің ұсынысымыз орынсыз көрінер. Алайда мына жағдайды да ескеру керек. Кез
келген құбылыста белгілі бір жүйе болады, бұл оны түсінуді және еске ұстауды
жеңілдетеді. Бұл орайда жиырма сөзінің жазылуы басқа сандарды қамтитын жүйеге
үйлеспей тұр: басқа сандар бір не екі буынды болып келсе, жыйырма сөзі үш
буынды, басқа реттік сан есімдер -інші, -ыншы деп аяқталса, бұл -сыншы не
-маншы деп аяқталып тұр. Егер оны жерма, жермыншы деп жазсақ, басқа сандармен
бірдей жүйеде болар еді. Сондай-ақ бұлай қолдансақ, басқа сандардың реттік сан
есімге, нешенің нешіншіге айналу
заңдылығына да бағынар еді.