THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:

Бұған
қатысты талдауымызды ерін үндестігін сөздің басынан
аяғына дейін сақтауды ұсынушылар пікірін
қарастырудан бастайық. Олардың пікірі бойынша
жоғарыдағы «ұтымдылығының», «үнемшілдігінің»
деген сөздер «ұтұмдұлұғұнұң», «үнөмшүлдүгүнүң»
деп айтылуы керек. Алайда адамдардың көп буынды сөздерді айтуына зер салсақ,
сөзінің соңын ернін бүріп, жағын қусырып, еріндік
дауыстымен аяқтайтын адамды кездестірмейміз. Демек, бүгінгі сөйлеу мәнерімізде
ерін үндестігінің сөз соңына дейін сақталмайтыны ақиқат.
Енді
орфоэпиялық сөздіктегі ұсынысқа келейік. Ол «ерін үндестігінің ықпалы алғашқы
бірнеше буында сақталады да, соңғы буындарда азайып, бірте-бірте жойылады»
деген пікірге негізделген. Бұл орайда біз де еріндік дауыстының өзінен кейінгі буындағы
і, ы, е дауыстыларына ықпал ететінін жоққа шығармаймыз, алайда ол ықпалдың
әсерінен бұл дауыстылар еріндік болып айтылады деген тұжырымға келіспейміз. Өйткені еріндік дауысты өзінен
кейінгі буындағы дауыстыны еріндікке айналдырады деп жоритын болсақ, бұл
бойынша бірінші буындағы еріндік дауысты екінші буындағы дауыстыны еріндікке
айналдырып, екінші буындағы еріндік дауысты үшінші буындағы дауыстыны еріндікке
айналдырып, осы үрдіспен ерін үндестігі сөз соңына дейін жалғасатын болады. Бұл
ерін үндестігінің сөз соңына дейін жетпейтіні жөніндегі ақиқатқа қайшы. Демек,
жоруымыз қате, яғни еріндік дауысты өзінен кейінгі буындағы і, ы, е дауыстыларына
әсер еткенмен, оларды еріндікке айналдырмайды. Бұдан тілімізде ерін үндестігі
сақталмайтынын, яғни А.Байтұрсынұлы тұжырымы дұрыстығын көреміз.
Сонда еріндік
дауысты өзінен кейінгі буындағы босаң дауыстыны еріндік дауыстыға айналдырмаса,
қалай әсер етеді, яғни ол қандай дыбыс болады?
Бұған
жауап беру үшін бірінші буынында еріндік дауысты келетін көжектері, үлгісінен
деген сөздерді айнаға қарап тұрып айтып көрсек, соңғы буыны еріндік емес,
езулік болып айтылатынына көз жеткіземіз. Енді осы сөздерді буындап асықпай
айтатын болсақ, екінші буында езуіміз алдыңғы буындағыдан гөрі
керіліңкірейтінін, алайда ерініміз әлі де сүйір қалыпта болатыны аңғарылады.
Ерін мен езудің екінші буындағы бұл қалпы езулік деуге де, еріндік деуге де
келмейді. Соған байланысты біз еріндік дауыстыдан кейінгі буындағы дауыстыны
езулік те, еріндік те емес, олардың аралығындағы реңкте айтылатын «жартылай
еріндік дауысты» деп есептейміз.
Көжектері
мен үлгісінен сөздерінің үшінші буынын айтқанда езуіміз тағы да керіліңкіреп,
еріннің сүйірлігі екінші буындағыдан да гөрі азаяды. Өйткені үшінші буындағы дауысты екінші
буындағы жартылай еріндік дауысты мен езулік дауыстының аралығындағы реңкте
айтылады. Осылайша ерін алғашқы буындағы сүйір қалпынан соңғы буындарға қарай
езулік қалыпқа ұмтылады, соған орай бірінші буындағы еріндік дауыстының ықпалы
келесі буынға өткен сайын азайып, бірте-бірте жойылады.
«Жартылай
еріндік дауысты» түрінде айтылатын дыбысты қалай жазған дұрыс? Оны еріндік
дауыстының таңбасымен жазсақ, еріндік дауысты түрінде айту керек болады, бірақ
ол еріндік дауысты емес дедік. Біздіңше,
езулік дауыстының таңбасымен жазған дұрыс, өйткені алдындағы еріндік дауыстының
әсерінен сөйлеу мүшелері езулікке ауысып үлгере алмайтындықтан оны бәрібір айта
алмай, өзінен-өзі жартылай еріндік дауысты түрінде дыбыстайтын болады. Олай
болса, еріндік үндестік ескерілмей жазылатын қазіргі дәстүріміз дұрыс. Ал
сөздің дәл айтылуын көрсетуге арналған фонетикалық жазбада оны ы, і, е-нің
еріндік реңкімен, яғни ыº, іº, еº түрінде көрсетуге болады.
Сөзіміздің
соңында «ерін үндестігінің сөз соңына
дейін сақталуы − тіліміздің бертінге дейін
келген табиғи заңдылығы, ал оның қазіргі кездегі әлсіздігі − жазуда
еріндік дауыстыны қолданбаудың салдары» дейтін пікірге көзқарасымызды білдіре
кетелік. Бұл пікірді жақтаушылар өздерінің тұжырымдарында түркі
тілдерін зерттеуші В.В.Радлов, П.М.Мелиоранскийлердің қазақ
сөздерін көңүлшөк, дөнөжүн, күлдүрөуүш,
төрөлөрдүң, төрөлөргө деп басынан аяғына дейін ерін үндестігін сақтай
отырып жазып көрсеткен деректеріне сүйенеді. Бірақ, біз ол
деректерді сенімді санамаймыз. Өйткені олардың зерттеу жүргізген кезеңінде ерін
үндестігі сөз соңына дейін толық сақталатын болса, мұны сол
кезде өмір сүрген А.Байтұрсынұлы да айтар еді ғой. Бірақ,
керісінше, ол пікірді А.Байтұрсынұлы теріске
шығарған. Бұл орайда тілі қазақша
шықпаған және оны күнделікті қолданбайтын орыс
ғалымдарының қазақша дыбысталымды ажырату мүмкіндігі
Байтұрсынұлынікінен жоғары деудің қисыны жоқ. Біздіңше, орыс
ғалымдарының жоғарыдағыдай деректер
қалдыруы еріннің жартылай еріндік қалпын еріндік
дыбыс айтылып тұр деп шатастыруларынан сияқты. Сондықтан
тіліміздегі
ерін үндестігі, тым әріректе болмаса, беріректе орыс ғалымдары көрсеткендей
дәрежеде болмаған деп есептейміз. Сондай-ақ
А.Байтұрсынұлының тілімізде ерін үндестігі жоқ деп түйіндеген
уақыты жазудың жетегінде кеткен кезеңге де жатпайды. Олай болса, тіліміздегі
ерін үндестігінің әлсіздігі жазудың салдары емес, табиғи дамудың нәтижесі.
Бұған ерін үндестігінің басқа қыпшақ тілдерінде де әлсіздігі дәлел бола алады.
Сонымен
қатар біз «еріндік дауыстыдан кейінгі буындағы дауыстының еріндік болып
айтылмауын тіліміздің бұзылуы» дегенге де келіспейміз. Өйткені оның еріндік те,
езулік те болмай, аралық дыбыс ретінде айтылуы арқасында алдыңғы буындағы
еріндіктен соңғы буындағы езулікке көшу бірте-бірте іске асады. Демек, жартылай
еріндік дауысты еріндік пен езуліктің арасындағы үндестікті үйлестіреді. Соған
байланысты сөз әуезді шығады. Сондай-ақ езулік і, ы, е дыбыстарын айтқанда
сөйлеу мүшелері өздерінің табиғи қалпында болатыны белгілі,
ал сөйлеу мүшелерінің табиғи қалпында келесі дыбысты айту жеңіл болады әрі
бет-әлпетіміз де еріндік ұ, ү, о, ө дауыстыларындағы ерініміздің бүріліп не
шүртиіп тұрғанына қарағанда көркемірек көрінеді. Сондықтан,
ерін
үндестігі сақталмайтын қазіргі сөйлеу мәнерімізді сөзді
айтуымыздың бұзылуы деп емес, жетілуі деп түсінген абзал.
Жоғарыдағы
уәждерімізді баяндай келіп, орфоэпиялық сөздіктегі еріндік дауыстыдан кейінгі
үш буындағы і, ы, е езулік дыбыстарын еріндік дыбыстармен алмастырып оқуды
міндеттеген нұсқауды бермеуді ұсынамыз.
ПІКІР АЛМАСУ
12/07/2025 12:51
“Ақымет Байтұрсынұлының ұлттық әліпбиі мен озық әліппесі “ атты моногрфия шықты
|
30/05/2025 12:33
Қазақ сөздеріндегі дыбыс тіркесімінің бұзылуын жасанды интеллект арқылы анықтайтын
|
08/04/2025 14:46
Орал қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті
|
ТЕКСТ