КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Шығыс Қазақстан аймағының топонимиялық жүйесі кез-келген басқа өлкелер топонимиясы сияқты көне, кірме және қазақ тілі негізінде қалыптасқан атаулардан тұратын күрделі жүйе түзген. Топонимист ғалымдар арасында этимологиялары дау тудырып келе жатқан Алтай, Ертіс, Күршім, Доланқара, Сеңгір, Сайқан, Жеменей, Бұқтырма, Тұрғысын сынды көне атаулармен қатар, аймақ топожүйесінің 10 пайызын құрайтын моңғол тілінен және 25 пайызын құрайтын орыс тілінен енген атаулар кездеседі.
ХІІІ ғасырдағы моңғолдар үстемдігі мен жоңғар қалмақтарының жорықтарына байланысты пайда болған топонимдер де бар. Мысалы, Тарбағатай атауы моңғол тілінің тарвага(н) – суыр сөзіне түркі тілдерінің тау//тағ//тай сөзінің қосылуы арқылы жасалған, Толағай атауы моңғол тілінің толгой – жер, төбе, төбешік, томпақ мәндес сөздерінен пайда болған, Қандағатай атауы моңғол тіліндегі хандгай – бұлан сөзіне -тай аффиксінің қосылуы арқылы жасалған, мағынасы – «бұланды». Моңғол және қазақ халқы арасындағы тарихи қарым-қатынастың нәтижесінде аймақ топонимиясы моңғол тілінен атаулардың енуімен бірге Жоңғар қақпасы, Төртқалмақ, Қалмақтас сияқты атаулар да пайда болды. Шығыс Қазақстанда басқа облыстарға қарағанда, моңғол елiмен ұзақ уақыт көршiлестiгiне, сондай-ақ тарихи оқиғалардың аталған өлкеден басталғандығына байланысты моңғол атаулары көбiрек кездеседi. Бұл топонимиялық атаулар қазақ тiлiнің заңдылықтарына сай өзгерiстерге ұшыраған.
XVII ғасырда Қазақстанның Ресеймен көршілес аудандарда алғашқы орыс елді мекендері пайда болып, оған орысша атаулар қойылып, қазақ топонимиясында орыс- тілді топонимдер пайда бола бастады. XVIIІ ғасырдың басынан Ресей империясының азиялық елдермен байланысты жақсарта түсу мақсатында қазақ жеріне ішкерілей енген «жаңа линиялары» өмірге келді. Бұл линиялар әскери бекіністер орнату арқылы жүзеге асырылып, бекіністерді өзара байланыстыратын аралық форпостар тұрғызылды. Линиялар бойында Ресейден қоныс аударғандардың елді мекендері орналасты. Ал Шығыс Қазақстан тарихына көз жүгіртер болсақ, «Ертіс казактары линиясының» қазақ шығысындағы алғашқы орыс елді мекендерінің өмірге келуіне себеп болғанын байқаймыз. Ертіс бойына біртіндеп қамалдар салына бастады. 1716 жылы – Омбы, 1717 жылы – Ямышевск, 1718 жылы – Семей, 1720 жылы – Өскемен қамалдары тұрғызылып, бұл қамалдардың араларына 1720 жылы 7 аралық форпост салынды. Осы Ертіс бойындағы линиялардың қанат жаюымен бірге, Алтайда кен өндіріле бастады да, Ресейдің түкпір-түкпірінен жаңа жерлерге қоныстанушылар келе бастады. Қазақстанның шығыс өңіріне Сібір казактары келді. Бұлардың есебінен Патшалы Ресейге ХІХ ғасырда қосылған территориядағы Зайсан, Алтай станицалары мен Өрел, Кендірлік, Чистый Яр, Баты поселкелері қоныстандырылды. 1760 жылғы Сібірдегі Өскемен қамалынан Бұқтырма өзені бойымен Телецкое көліне дейінгі жерлерге Уба, Үлбі, Березовка, Глубокое, т.б. өзен бойларына орыстарды қоныстандыру туралы сенат жарлығына байланысты сібір шаруалары келіп мекендей бастады. Архангельск губерниясының, Устюжск және Вятск провинцияларындағы мемлекеттік шаруаларға да рұқсат берілді.
1760 жылдың тамыз айындағы және 1765 жылғы жарлықтар бойынша помещиктерге басыбайлы шаруаларын айыпты істері үшін (предерзостные поступки) Сібірге қоныстануға және каторгаға жіберуге рұқсат берді. Осы жарлық бойынша келгендер негізінен Өскемен қамалы қарамағында (ведомствосында) орналасты. 1762 жылы Екатерина ІІ манифесінің негізінде сенат діни қудалаудан Польшаға қашқандарды шақырған жарлық шығарды. Осыған орай Кенді Алтайда «поляктар» елді мекендері пайда болды. Мысалы, Старолейское, Лосиха, Секисовка, Шемонаиха, Екатеринка, Бобровка, Малая Уба, Быструха, Черемшанка, т.т. Жоқшылық пен қанауға ұшыраған Алтайды қоныстанушылардың біразы «Ақсу» атты жер жұмағы бар деп естіп, Бұқтырма арқылы Алтай тауларына тереңдеп еніп орналаса бастады. Алтай тауларына тереңдеп ену – тасқа қарай кету деп түсінгендіктен, бұл қашқындар «Алтайские каменщики» деген атқа ие болды да, Ресей империясында «русские ясачные инородцы» деп аталатын жаңа категориялы адамдар дүниеге келді. Осы адамдар қоныстанған Берел, Бычково, Сенная, Коробиха, Печи, Белое, Фыкалка, Осочиха, Малая Красноярка деревнялары пайда болды.
XX ғасырда Ресейден қоныс аударушылар орын тепкен көптеген елді мекендер өмірге келді: Самарское – 1907, Веселовка – 1910, Добролюбовка – 1910, Московское (Құлұжұн) – 1915, Пантелеймоновка – 1902, Миролюбовка – 1908, Славянка – 1910, Камышенка (Усть-Курчум) – 1913, Орловка (Шанағатты) – 1897, Матвеевка – 1910, Левенцовский (Көктерекбұлақ) – 1913, Дмитриевский (Сарыбұлақ) – 1913, Владимирское – 1894, Непреступное – 1908, Тарутинское – 1908, Аққаба – 1910, Нижнее Зимовье мен Верхнее Зимовье – 1912, Северное – 1909, Крестовское (Ұранқай) – 1908, Топалевка – 1908, Верхняя Еловка мен Нижняя Еловка – 1908, Ключевое – 1908, Красивое – 1909, Ананьевское (Песчанка) – 1909, Воскресенское – 1902, Высокогорское – 1909, Саясу – 1913, Полтавское – 1909, Никольское (Бурабай) – 1913, Ключевское – 1913, Крутогорское – 1909, Варваринское – 1909, Кутузовское – 1909, Платовское – 1909 және т.б.
Ресей мемлекетінің саясаты мен экономикалық мүддесіне сай жаңа жерлерге қоныстану, елді мекендер салу XVIIІ-XIХ ғасырларда одан әрі дамып қазақ жерін толығынан қамтыды. Сонымен бірге орыс атауларының қойылуы да жоспарлы түрде жүргізіліп отырды. Қазақ даласында орыс атауларының пайда болуының Ресей өкіметінің саяси бағытымен ұштасып жатқандығын латыштың орыс тілінде жарық көретін «Родник» журналының 1993 жылғы №6 санында жарияланған 1894 жылы Петерборда басылған он төрт беттiк құжат-кiтапшадағы Ресей империясының барлық генерал-губернаторларына арналған мiндеттерінен алынған мына бiр үзiндi дәлелдейді: «… Елдi мекен атауларын мүмкiндiгiнше орысша қою. Ескерту: мүмкiндiк болмаған жағдайда елдi мекен аттарын жергiлiктi тiлден орыс тiлiне аударып, қағаз жүзiнде (әскери картаға, географиялық картаға, ғылыми мәнi бар еңбектерге, кеңсе және ic-құжат қағаздарына түскенде, т.т.) оның орысша баламасының орнығуын iске асыру қажет» (Дерек Ә.Меңдеке мақаласынан алынды).
Орыс атауларының ену уақытының жақындығына және қазақ халқы мен орыс халқының күні бүгінге дейін қоян-қолтық араласа тұрып жатқандығына байланыс­ты мағыналары айқын, түсінікті келеді. Шығыс аймақта жергілікті жер-су атауларын толық және жартылай калькалау нәтижесінде және қазақша атаулардың орыс тілі заңдылықтарына сай өзгеріске түсуіне байланысты қалыптасқан атаулар кездесіп отырды. Мысалы: Маралды – Маралиха, Теріскей Бөкенбай – Северный Бокенбай, Күнгей Бөкенбай – Южный Бокенбай, Ақмола – Белая Могила, Мараленок – «марал», Таловочка – «тал», Чаловка – «шал» сөздерінен пайда болған.
Өлкенің еліміздің басқа аймақтарынан өзіндік ерекшелігі – Қытай елімен ұзақ уақыт көршілестігіне байланысты қарым-қатынас нәтижесінде дүниеге келген Шүршітсу, Шүршітсай, Китайка, Қытай-Көксай, Шүршітөлген сияқты атаулардың кездесуі. Сондай-ақ Тарбағатай ауданында (бұрынғы Ақсуат ауданы) Уан деп аталатын елді мекен бар. Бұл атаудың өмірге келуіне сол аймақты мекендеген төрелердің біріне көршілес Қытай тұрғындары Уан деген өздерінің лауазымын берген екен. Сол төренің лауазымы мекенге атау болыпты.
Шығыс Қазақстан аймағының топонимиялық жүйесінің негізін қазақ ұлтының таным-түсінігінен туындаған тіл өрнектері қалыптастырған. Топонимиялық атаулардағы ұлттық айшықты теңеу, терең ой, тамаша талғам кімді болса да таңғалдырып, тамсандырғандай: сылдырай қатар аққан қос бұлақты – қанжығаға (Қанжығабұлақ), тастан қашалып жасалғандай әдемілікті – сәукелеге (Сәукелетас), оралып аққан суды – білезікке (Білезік) теңеу тек табиғатпен тыныстаған ұлтқа тән. Әсемдікті жете бағалап, жоғары эстетикалық талғам мен жүйрік қиял, асқақ сезімді ұштастыра білген халықтың атаулар жүйесі көңілге қонады.
Шығыс аймақтың топонимиялық жүйесін өлкенің төл иесі болып табылатын қазақ елінің атаулары мен кірме қабатты құрайтын моңғол және орыс топонимдері құраған. Әр мемлекеттің топонимиялық жүйесі қазіргі қайнаған өмірде мүлтіксіз қызмет атқарып тұруы шарт. Өткенін барлап, кешегісі мен бүгінін таразылай білген қоғам ғана заман талабына ілесе алмақ. Бүгінгі өмір талабы – киелі жеріміздің ежелгі тарихи атауларын қайтару десек, бұл бағыттағы жұмыстар тарих, әлеуметтану, геодезия, география мамандарымен бірлесе отырып, ономастикалық заңдылықтарға сай жоспарлы түрде сауатты жүргізуді міндеттейді.

Ана тілі

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 629 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 887 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика