THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Сүмбіле туралы не білеміз? Сүмбіле атауы қайдан шыққан? Ол қандай мағына береді? Бұл атаудың этномәдени мәнділігі неде? «Сөзтаным» айдарында біз Сүмбіле туралы сөз қозғауды жөн көрдік.
Сүмбіле – бұл жұлдыз. Халық танымында жарқырап, көкжиекке ең жақын тұратын жасылдау жұлдыз сүмбіле деп аталады. Ғылым тілінде оны «Үлкен Арландағы жұлдыз» деп те атайды. Бұл жұлдыз орыс тіліндегі «Дева» дегенге қарап, кейде Бикеш деп атау дұрыстыққа жатпайды. Сүмбіле сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Сүмбіле атауының қайдан шыққанына көңіл аударар болсақ, мынадай деректерге сүйенуге тура келеді. Ертеректе егін жинайтын қыркүйек айында Күн айналасына жиналған топ жұлдыздарды жұлдыз картасына түсіріп, оны бау бидайды құшқан бойжеткен (Бикеш) бейнесімен таңбалаған. Осы лек жұлдыздар парсы тілінде Сүмбіл деп аталған, ал орыс тілінде Дева деп қолданылған. Осындай науқан кезінде түн ортасына дейін жарқ етіп көрінетін бұл жұлдызды Сүмбіле атауды жөн көрген. Халық танымынан туған осындай көне атаулар тілімізде этнографизм ретінде ұғынылады. Қазақ арасында бұл жұлдызды суық жұлдыз деп те атайды. Себебі күзде көтеріліп, қыс бойы жоғарылай береді. Тамыздың 20-сы қарсаңында таң алдында, сағат 5-те туған Сүмбіле күннен-күнге ертелетіп, қыркүйекте таңғы сағат 3 кезінде, қазанда түн ортасы ауа, қарашаның басында ел жатпай-ақ көкжиектен қылтиып көрініп тұрады. Мамырдың 10-да жерге түсіп, үш жарым айдай жерде жатады.
Сүмбіле туғаны – қоңыр күздің белгісі. Бұл Шортанбай жыраудың өлең жолдарында айқын берілген:
Сүмбіле туып, күз болмай,
Көкорай шалғын болар ма?
Кәрілік келсе қайтадан,
Жасарып адам толар ма?
Сүмбіле туса, жаз аяқталып, мал семіреді, Сүмбіледе сорпа майлы, сүмбіле туса су суыр деп жоритын қазақ халқы Сүмбіле туа бастағаннан қысқа қамданып, отын-суын бірыңғайлауға кірісе бастайды. Демек, бұл жұлдыздың да жыл мезгілін айғақтайтын белгілері бар. Және оны қазақ халқы дәл бақылай білген. Ал мысырлықтар Сүмбілені Сотис-Ниль жұлдызы деп атайды да, Ұлы Сотис көкте жалтырағанда арнасынан шығып Ниль тасиды деп болжайтын болған.
Есепшілер Сүмбіле жұлдызы туып, Үркер жұлдыз шоғыры көкке көтерілген уақыт аралығын «қыс» айларына жатқызып, қыс есебін күн мен түн теңелген қыркүйек айындағы мизан тоғыстан (19 тоғыс айы) немесе қазан айының басындағы тоғыстан бастайды. Сондықтан бұл тоғыс есепшілер тілінде мизан түскен кезең деп аталған.
Қазақ ұғымында Сүмбіле екеу: Лақсүмбіле (Кішісүмбіле) және Текесүмбіле (Үлкенсүмбіле). Айтушылардың түсіндіруінше екеуінің туу арасы 10-15 күн. Алдымен Лақсүмбіле туады. Өзі – жылтылдаған, кішірек ақ жұлдыз. Ал Текесүмбіле үлкен. Ол кейінірек туады. Жұлдыздардың бұлай аталуының себебі мынада: жазғытұры туылған лақ, күз айында қашады, буазданады, жыл аяғында екеу болады. Малдың ерекшелігінде болатын осы белгілерді негізге ала отырып, күз айында туатын кіші жұлдыздың атын Лақсүмбіле деп қоюды ұйғарған малшы қауым Түнде лақ бақырып шықты, Лақсүмбіле туды деп айтады. Лақсүмбіле жұлдызының тууына қарсы малшылар қозы-лаққа күйек байлай бастайды. Елдің Лақсүмбіле деп жүргені Кіші Арландағы жұлдызы (Процион) болуы керек. Текесүмбіле, Үлкенсүмбіле, Сүмбіле атаулары жарыса қат-қабат қолданыла береді.
Сүмбіле туған соң жаз аяқталып, мал тынышын алады, шыбын-шіркей кешікпей жоғалады.
Мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар үшін Сүмбіленің тууы мен жерге түсуі ерекше белгі деп саналады. Мысалы, түйе бағатын малшылар Сүмбіле тумай, тау етегіне түспейді. Себебі түйе жылы су ішсе қараөкпе ауруына шалдығады, ал Сүмбіле туса, су салқындайды, ол кезде мал өкпе ауруына ұрынбайды. Сүмбіле туған кезде тау етегі салқын тарта бастайды. Осы табиғаттың құбылысын жұлдыз арқылы бақылап отыратын халық өз қамына қарай көш бастайтын болған. Оны мынадай халық қағидаларынан аңғаруға болады: Сүмбіле туса су суиды, бидайды үсік шалады.
Бұған қоса, Сүмбіле туғанда болатын ерекшеліктердің бірі – малдың семіру белгісі. Жаз бойы жайылымда көк шөп, қарық болған төрт түлік, күн салқындай бастағанда түлеп, бойына қуат ала бастайды. Әсіресе, жылқы малы ерекше қуаттанып, семіретін мезгілі – осы Сүмбіле туар шақ. Осыған орай халық арасындағы Сүмбіле туар жылтиып, Ат семірер құнтиып деген қағидасы мақалға айналды. Жылқы тұқымы – жарық түнде, самал желмен жайылғанды ұнататын жануар. Осы ерекшелікті негіз еткен бұл мақал Сүмбіле туды сүмпиіп, ат тойынар құнтиып деген нұсқада да айтылады. Сүмбіле туғанда жаз бойы ауырған, бозөкпеге шалдыққан малдар қырыла бастайды. Күн астында көп жайылған ұсақ малдарда күн өткеннен өкпеде қан болмайды. Олар Сүмбіле туғанда су ішсе өле бастайды. Сүмбіледе су суиды деп айтылуының себебіне келсек, түні бойы тұрған суға мұз қатады, суға зіл түседі. Мұздай суды ішкен малдың өпкесі көтермейді. Осы секілді Сүмбіле туғанда малдың жайына қатысты халық қағидасы көп-ақ. Мысалы, Сүмбіле туғанда буаз биеге адам мінгізбейді. Сүмбіле туғанда күн ыстық, түн барынша салқын болады. Мұздаған суды бойы жылынып, терлеп келген буаз бие ішсе, құлын тастайды екен. Сүмбіле туғанда болатын бұл құбылыстар халық тәжірибесінде жиі кездесетіндіктен, шынайы болған жағдаяттардан алынған қағидалар екені даусыз.
Сонымен қатар Сүмбіле туғанда қазақтың тұрмыс тіршілігінде болатын елеулі ерекшеліктердің негізінде туған мынадай мақал бар: Сүмбіле туған соң сұңғыл әйел жатар ма немесе оның екінші түрі Сүмбіледе күн шыққанша сұмырай қатын ұйықтайды. Бұл мақал күз айындағы қазан-ошақ маңында болатын тіршілікке қатысты айтылған. Сүмбіле туған соң, түн ұзарып әрі салқындайды, жауын-шашын көбейеді. Сондықтан құрт, ірімшік жаю, отын-тезек теру жұмыстарын ерте тұрып, ертерек істемесе, түс ауа жауын-шашында қалып қоюы мүмкін, жауында қалған отынның кебуі қиын деген сияқты қиыншылықтар туындай бастайды. Осыған орай келіндердің енелері Шілдеде ұйықта, Сүмбіледе таң ұзарады, ұйқың қанады, ерте тұр дейтін сөзі осыдан қалған. Осымен мағыналас, жуысатын Жаман қатын құрт пенен май алады, Сүмбілеге жеткізбей жеп салады деген тағы бір сөз бар.
Сүмбіленің өзіне тән белгілерінің бірі тосыннан жарқ етіп жарқылдап туады. Жалт еткендегі жарығы басқа жұлдыздардың жарығынан едәуір үлкен, халық «Күн секілді аппақ болып шығады» деп түсіндіреді. Осы қасиетіне орай ауыз әдебиетінде жарқ еткен сұлуды теңеуде жиі қолданыс табады. Мысалы: Соңында сұлу қыз Құртқа, Сүмбіледей жылтылдап… («Қобыланды»).
Халық поэзиясында өзінің қасиетімен танылған Сүмбіленің жырлануы кең таралған:
Қабағы төмен салбырап,
Еңсеңді езген түн мынау.
Жабағы бұлттан жаудырап,
Сүмбіле шықты мұңдылау.
Жазықсыз жанар жатсында-ау
Қараймын зорға ұрланып,
Өзгеден гөрі ақшылдау
Қос жұлдыз еді тым жарық.
Шығатын қатар таласып,
Аспанның ерке елігі.
Қалды екен қайда адасып,
Кішкентай ғана серігі?
Кетті білем екі отар араласып,
Шопан жігіт, тезірек далаға шық.
Ақ жаңбырға айналған қара нөсер
Үш тәуліктен мінеки барады асып,
Тұңғиыққа шым батқан жалақ-шыңы
Сатылы естен тандырды сарапшыны
Ит-құсың да мұндайда қағынады,
Не қылады қалқиған қарақшыны.
«Су, суытар Сүмбіле тұсы» дейді
Қара түннің басады мысы үрейлі
Шыңырауда шыңғырып жатыр өзен,
Арғы беттен бір құлын кісінейді.
Ана тілі