THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Жаңа алфавит жасау барысында қазақ тіліндегі дыбыстардың қолданылу жиілігіне еш мән берілмеуі өрескел қателік. Ұсынылған екі алфавит те қазақ тілінде өте сирек пайдаланылатын Фф, Вв дыбыстарына жеке әріп беріп, жиі қолданылатын дыбыстарды диграф не апостроф арқылы жазулары, әрі латын алфавитінің кейбір әріптерін мүлдем пайдаланбаулары дұрыс емес. Әрине, әр дыбысты жеке таңбамен белгілеуге латын алфавитіндегі символдар жеткіліксіз. Сонда да, алфавитті қазақ тіліне бейімдеп, жазуды, мәтінді ұзартпаудың, қосымша символдарды мейлінше азайтудың амалын табуға болады ғой. Осы айтылғанның барлығын ескере келе өз нұсқаммен бөліскім келеді.
Бәз біреулер “тіл маманы емессің, нең бар”–деп сөгуі мүмкін, шыны керек осы уақытқа дейін бұл мәселеге араласпай келдім. Бірақ, “тіл мамандарының” талқылап жатқан алфавиттеріне қарап қарным ашатын. Бекітілген шикі алфавит бұдан әрі бейтарап қалуға болмайтынына көзімді жеткізді. “Tіл мамандары” мүмкін ақша үшін, мүмкін мансап үшін, әлде билікке жағыну үшін бе екен? қазақ тілін құрдымға сүйреуге, халқына қастандық жасауға дайын екені белгілі болды.
Әрине, менің нұсқам дертке дауа деуден аулақпын. Бірақ, осы уақытқа дейін “тіл мамандары” ескерусіз қалдырған қателерге, қарапайым математикалық анализдің жетіспеушілігіне халықтың назарын аударғым келді. Тіл мен математиканың тығыз байланысын кезінде Әл-Фараби бабамыз айтып кеткен. Ыңғайлы алфавитке қол жеткізу үшін бұл мәселемен математикалық ойлау қабілетіне ие мамандардың айналысқаны жөн болар еді.
Сонымен бұл нұсқадағы дыбыстардың жазылу ерекшеліктеріне тоқталып өтейін.
1) Ә, І дыбыстары, тілімізде жиі қолданылады, бірақ жеке символдың жетіспеушілігінен апостроф нұсқасын қабылдауға тура келеді.
2) Ғ дыбысы, қазақ тілінде жиі қолданылады. Өте сирек қолданылатын Ф-тан жеке әріпті тартып алып, F f –мен белгіледім. Жаңа қазақ алфавитінде Ф дыбысына жеке әріп берудің еш қажеттілігі жоқ. Ағылшын тіліндегі дыбысталуы басқа ғой дейтіндерге айтарым, біз латын алфавитінен дыбыс емес, бар болғаны символ алып жатырмыз. Алфавитті өз тіліміздің жиі қолданылатын дыбыстарына сай адаптация жасап, бес-алты әріптің дыбысталуын өзгерткенде тұрған ештеңе жоқ. Мысал үшін: Jj – әр тілде әрқалай дыбысталады, х, ж, й, дж деген варианттары бар, Z z – З з, Ц ц; С с – Ц ц, К к, Дж, С с; S s – С с, З з, т.с.с. Яғни латын алфавитіндегі символдаp жиынтығын әр тіл өз ерекшеліктеріне сәйкес бейімдеп алған.
3) В дыбысы да қазақ тілінде жоқтың қасы, сондықтан менің нұсқамда оған жеке әріп бұйырмады. Есесіне Ү дыбысы жеке әріппен белгіленді – V v.
4) Неге екені белгісіз, алфавит жасаушыларымыз латын алфавитінде әріп аз дей тұра, кейбір әріптерді мүлде қолданбапты. Бұл ысырапшылдық. W w әрпі менің нұсқамда Ұ дыбысын білдіреді.
5) Й дыбысына ұсынылған алфавиттерде жеке әріп берілмеген. Латын алфавитінің Х әрпі екі алфавитте де мүлде қолданылмаған екен, неге осы әріпті Й дыбысына бермеске? Әрі бұл әріпті диграфтарды жазғанда көмекші әріп ретінде қолдануға болады. Сонда Ashana-ашана деген сияқты жаңылыс оқулардан да құтыламыз. Диграф негізінде алфавит құрған мамандардың басты қателігі диграфты ағылшын тілінен өзгеріссіз ала салғанымен қоймай, көмекші әріппен қазақ тілінде жиі қолданылатын дыбысты белгілеуінде.
6) Ң дыбысын диграфпен (бірақ ng диграфы жарамсыз, оған кейбір Европа тілдері дәлел, Сол себептен диграф ретінде nx қолдандым)не апострофтың көмегімен белгілеуге болады. Жазбашада неміс тіліндегідей аяғы созылыңқы n (ŋ) мен белгілесек мәтіндегі символдар санын әжептеуір қысқарта аламыз.
7) U u әрпіне өзінің үйреншікті дыбысы У у ды, І і әрпіне өзінің үйреншікті дыбысы И и-ді қайтардым.
8) С с – К к, К к – Қ қ, Q q - Ө ө. Бәрі Қ-дан басталды. Қға Qды жарастыра алмадым. Оның себептерін KazakGrammar талдап жазған, бұл жерде қайталамай-ақ қойғаным жөн шығар. Нәтижесінде Ө дыбысы өзінің сыңары О-ға ұқсас символды еншіледі – Q q.
9) Жиі қолданылатын тағы бір дыбыс – ш-ға жеке әріп бұйырмады, диграфпен жазуға тура келеді.
10) Қалған диграфтар қазақ тілінде аса қолданыла бермейтін Фф, Вв, Чч. Оларды диграфпен белгілегеннен жазуымыз айтарлықтай ұзарып кетпесі анық. Көмекші әріп ретінде Х-ны қолдануымыз «шарапхана» сияқты сөздердің дұрыс оқылуына кедергі келтірмейді.
Латын алфавитіне көшуді қолдап дауыстары жер жарғандардың басты уәждерінің бірі латын алфавитінің комьютермен жұмыс істеуді анағұрлым қолайластырады-мыс болатын. Бірақ, ұсынылған алфавиттердің бірде-бірі бұл шартты қанағаттандырмайды. Диграф, апострофтар мәтінді тым ұзартып, символдар санын көбейтіп жібереді, ал ноқаттар болса клавиатураға арнайы символдар енгізуге мәжбүрлейді, әрі түрік алфавитінен, сол алфавитті қолданып жүрген түріктердің және Түркияда, Германияда оқып жүргенде өзімнің жиған тәжірибемнен байқағанымдай ноқаттардың кесірінен көптеген қателер мен түсінбеушіліктер туындайды. Менің нұсқамда ноқаттар жоқ, апостроф екі-ақ әріпте бар, диграфтар ш мен ң ды санамағанда сирек дыбыстарды белгілеуде қолданылған.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ