THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
2024 жылы 14
мамырда Мемлекеттік тілді дамыту институтында «Қазақ мектептері мен
педагогикалық колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі» атты семинар-кеңес
өтті. Іс-шараға әдіскер ғалымдар, «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімдері, мемлекеттік
тілді зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты. Жиынды Қазақ ұлттық
қыздар педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Тыныштық Ермекова
басқарды.
Семинар-кеңесте төмендегідей мәселелер
көтерілді:
-
Қазақ мектептері мен педагогикалық
колледждердегі тілдік жағдаят;
-
Қазақ мектептері мен педагогикалық
колледждерге арналған мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы қазақ тілі:
мазмұны, сағат саны
-
Үлгілік оқу бағдарламаларындағы
білім мазмұны;
-
Педагогикалық колледждегі қазақ
тіліне қатысты пәндер;
-
5-11 сыныптардағы қазақ тілі,
факультатив сабақтар мен авторлық курстар;
-
Қазақ мектептері мен педагогикалық
колледждерде қазақ тілін оқыту мен тіл дамытуға қатысты өзекті мәселелер;
Семинар-кеңесте алғаш болып сөз алған ф.ғ.к. Бижомарт Қапалбек «Жаңартылған бағдарламаны жетілдіру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, Қазақ тілі пәнінің мақсатына тоқталды.
- Біріншіден, дұрыс,
шебер сөйлеуге үйрету, екіншіден, сауатты жазуға үйрету, үшінші мақсаты - қазақ
тіл білімінің метатілін орта мектеп деңгейіне сай меңгерту (орта мектепке сай
лингвистикалық білім беру, тіл бірліктерін тану, талдау, мәтінтану, мазмұнын,
құрылымын, стилі мен жанрын ажырата білу), төртіншісі, ұлттық құндылықтарды
сіңіру, (аялық білімді меңгерту, әлемінің қазақ тіліндегі бейнесі), - деді.
«Тереңдетілген
мектепте қазақ тілін оқытудағы мәселелер» тақырыбын сөз еткен Абай атындағы
республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған орта
мектеп-интернатының директоры Нүсіпжан Жеңісгүл Темірханқызы аталған білім
ордасында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін тереңдетіп оқыту жүйесі қолға
алынғандығын атап өтті.
«Қазақ тілін
оқытудағы жүйелілік, сабақтастық және коммуникация» тақырыбында сөз қозғаған
Алматы облысы, Талғар ауданы №36 ЖББОМ директоры, қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі Гүлжанат Тоқтыбаева қазақ тілін оқытудағы жүйелілік жайлы сөз
етті.
- Қазақ мектептерінде мемлекеттік тілді оқытудың негізгі мақсаты – оқушыларды оқуға, сауатты жазуға үйрету, негізгі тілдік ұғымдармен таныстыру, өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын жеке тұлға тәрбиелеу. Әр мекеменің мақсат, міндеттерін айқындап алу. Қандай лексикалық минимум болуы керек? Грамматикалық құрылымды қалай беру керек? Қандай тілдік құзіреттілікке жауап беру керек? сынды сұрақтарға жауап ала білуі керек. Ақпараттық оқу құралдарын тиімді пайдалану, оқушылардың оқуға деген ынтасын ашып, қызығушылықтарын арттыра түсетіндігі анық.
Сонымен қатар,
семинар кеңесте «Қазақ мектептеріндегі тілдік жағдаят» туралы баяндама жасаған Алматы
облысы Талғар ауданы №39 жалпы білім
беретін орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Рамазан Айдана бүгінгі
күнде тілдік жағдаяттың қазақ мектептерінде сапалық және бағалық тұрғысынан мәз
еместігін тілге тиек етті.
-
Оқушылар арасында тілдің
қарым-қатынастық қызметі мен көркемдігі және мәдени қадірі арта қоймады. Осы
тұрғыда, қазақ мектептерінде тіл дамыту жұмыстары басты проблемалық мәселеге айналып отыр.
Қазақ тілі сабағында оқушыларға сөйлеу
әрекетінің төрт түрі ұсынылса, айтылым
дағдысында сөйлеу тіліне ерекше назар аударылады. Әсіресе диалогтық
тапсырмаларда оқушыларды ауызекі
сөйлеуге дағдыландыруға бірнеше әдіс-тәсілдер тізбесін ұсынамыз. Ондағы мақсат
– оқушының сөздік қорын дамыту, өз ойларын еркін жеткізе білу, еркін сөйлей
білуге үйрету.
Сондай-ақ, дөңгелек
үстелде Алматы облысы, Талғар ауданы Қ. Әбдіғұлов атындағы №34 орта
мектеп-гиназиясының Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Гүлбақыт Малдыбекова қазіргі
балалардың сөздік қоры жұтаң екенін атап өтті.
«Шығармашыл,
ізденімпаз ұстаз ғана жаңалыққа құштар,
жаңа идеялар ағымын тудыратын шығармашыл тұлға тәрбиелей алатыны анық. Ал
шығармашылық жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі, ол өте күрделі психологиялық процесс. Мұғалімдерге
қойылатын талаптардың бірі – шығармашылық. «Баланың ынтасын арттыру үшін
оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек»,- деп Ж.Аймауытов айтқандай,
мұғалім өз шығармашылығы арқылы оқушы шығармашылығын ұйымдастырады», - деді.
«Қазақ тілін шенеуіктер меңгерсін. Билік
оларды сөйлетуге мәжбүрлесін» деген пікірін ортаға салған философ Қанағат
Жүкешов:
-
Бала отбасынан тіл біліп шықпайды.
Балабақша тіл үйрете алмайды. Мектеп арнайы бағдарламамен, оқулықпен, әдістеме
қолданып, мұғалімнің күшімен, бағамен ынталандырып, регламенттеп оқытып
шәкіртке тіл білгізіп шығармайды. Бағдарламалық материалдарды ғылыми стильде
жеткізе алатын мұғалім жоқ, - деп сөзін қорытындылады.
Семинар-кеңеске
офлайн және онлайн қатысқан тіл мамандары көтерілген мәселе бойынша өз пікірлерін
білдіріп, ұсыныстар айтты. Жиын «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді
оқытудың жүйесі (деңгейлері мен сатылары)» атты 2023-2025 жылдары орындалып
жатқан гранттық жоба аясында өтті.
ПІКІР АЛМАСУ
10/11/2023 15:04
Бижомарт ҚАПАЛБЕК: ӘЛІППЕНІҢ АТАСЫ АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ САЛҒАН АРНАҒА ҚАЙТА ОРАЛУЫМЫЗ КЕРЕК
|
12/04/2024 15:42
«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНЫЛУЫ, ОҚЫТЫЛУЫ, ЗЕРТТЕЛУІ» атты дөңгелек үстел өтті
|
01/04/2024 13:22
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕР МЕН БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» атты семинар-кеңес өтті
|
ТЕКСТ