КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ жастарының барлығы дерлік қазақша КВН-нің жанкүйерлері. Бүгінде қазақша КВН еліміздегі ең үлкен жобалардың біріне айналып үлгерді. Қазір Қазақстан бойынша қазақ тілінде ойнайтын 200-ге жуық студенттік, 500-ден астам оқушылар КВН құрамалары бар екен. Бұл дегеніміз, Қазақстанның барлық аймағында, кез келген мектепте, ЖОО-да құрамалар бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар, кез келген аймақта қазақша КВН жастардың арасында үнемі ойналып тұрады. Ендеше, өз кезегінде жастарымыз КВН-нен не тәлім алып жатыр? Қазақша КВН не тәрбие беріп жатыр? Осы сынды сұрақтар тосыннан қойылатыны сөзсіз.
2005 жылы «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігін құрып, қазақша сатираға жаны құмар жастардың басын қосқан Есен Елеукен екені көптің есінде қалған. Оны еліміздегі жастарымыз және әзілге жаны жақын адамдар қазақша КВН-нің атасы ретінде таниды. Қазақша КВН-нің сапасын көтеріп, оған «Жайдарман» деп қазақы атау беріп, «Қазақстан» ұлттық арнасының қолдауымен «Жайдарман» үлкен жобаға айналуы тікелей осы Есен Елеукеннің арқасы. Бүгінде бұл кісі Қазақстан КВН одағының президенті саналады.
Кезінде тіл жанашырлары «Клуб Веселых и Находчивых (КВН)» деген орыс тілінен алынған атаудың қолданылуын қатты сынға алған болатын. Бұл мәселелер өз уақытында баспасөзде талай көтерілді. Олар КВН-ді КТК, яғни «Көңілді Тапқырлар Клубы» деп атауды ұсынған еді. Дегенмен, КТК атауы ұзаққа бармады. Оны қолданушылар мүлде аз болды. КВН атауы жастардың тілінде сақталып қала берді. Әрине, елімізді тұншықтырған түсініксіз шетелдік бренд атауына қарағанда КВН бренді тәп-тәуір. Мұндай елге танымал үлкен жобалардың атын өзгерту дұрыс емес деген пікірлер де болды. КВН ойыншыларының орысша сөздерді араластырып сөйлейтініне қатысты да көптеген сындар Қазақша КВН-нің мазасын алды. Сын түзелмей мін түзелмесін ескерсек, өз уақытында айтылған бұл сындар бүгінде Қазақша КВН-нің өз-өзін түзеуіне ықпал етті. Қазір қазақша КВН атауы «Жайдарман» болып өзгеріп, құрамаларды редакторлықтан өткізгенде ойыншылардың әрбір сөзіне, орысша араластырмайтындығына, қазақилығына мән беріле басталды. «Қазақстан» ұлттық арнасында әр апта сайын «Жайдарман» ойындары эфирге ұзатылып тұрады. «Жайдарманның» бүгінде қазақ тіліне мән беруі жастарымыздың тілге деген құрметін оятатыны сөзсіз.
«Жайдарман» ойындарынан жастарымыз тілге шешен болып, кез келген ситуациядан әзілмен шығып кетуді үйретеді. Сонымен қатар, бүгінгі «Жайдарманда» саясатқа, экономикаға, еліміздің әлеуеті мен қоғам арасындағы түрлі келеңсіздіктерге байланысты сыни әзілдер айтыла басталды. Бұл Қазақша КВН-нің сапасының өскендігін білдіреді. Ойыншылардың тілімен қатар, сахналық мәдениеті, жүріс-тұрысы да қадағаланғандықтан, бұл жастарымызға жақсы нәтиже беруде. Газет-журнал оқымайтын бүгінгі жастар үшін «Жайдарман» қоғамда болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды халыққа әзіл-сықақ түрінде жеткізетін құрал ретінде де қызмет атқарып жатыр. Қазақша КВН-де бастапқы кезде жеңіл әзілдер көп болғаны рас. Алайда, Қазақша КВН-нің түп негізінде құрылған бүгінгі «Жайдарман» мүлде басқа.
Өз уақытында Қазақстан мен Ресейдің КВН-нін салыстыратындар өте көп болған. Дегенмен, Ресейдегі КВН-нің 51 жылдық тарихы бар екенін көп адамдар біле бермейді. Ол жақта КВН-нің өз дәстүрі, өз мектебі қалыптасқалы қашан?! Бүгінде Ресейдің элитасы болып жүрген қаншама белгілі актерлар, шоумендер бұрынғы КВН-шілер. Мәселен, Александр Масляковты Ресейден бөлек Қазақстанның өзінде көп адам жақсы таниды. Бұл кісі елге танылуын КВН-нен бастаған. Ресейдің КВН ойындарына елдің президенті де, премьер-министрі де, атақты кәсіпкерлері мен шоу-бизнес жұлдыздары да келеді. Бұл олардың КВН-нің өте жоғары деңгейде тұрғандығын білдіреді.
Ал бізде қазақша КВН 1999 жылдан бастау алып, дәстүрлі түрде әр жылдары өткізіле бастады. Қазақша КВН-нің ең жемісті жылдары 2005-2007 аралығы болатын. Осы жылдары ең мықты КВН ойыншылары көзге көрінді. Бүгінде «Нысана», «Базар жоқ», «Шымшыма» т.б. әзіл-сықақ театрлары актерларының барлығы дерлік сол уақытта КВН ойыншылары болғандар. Олардың барлығы КВН мектебін аяқтағандар. Әрине, көптеген ойыншылар КВН-нің енді кемеріне жеткенде, әдетте оқуын бітіреді. Диплом алғаннан кейін, КВН ойыншыларының 80-90%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, КВН-нен қол үзеді. Ал 10-15%-ы шоу-бизнеске, телеарналардағы әзіл-сықақ бағдарламаларға жұмысқа тұрады екен. Қазір мұндай телебағдарламалар көбейіп кеткені белгілі. Шынында, бұған дейін үлкен тұлғаларды ойынға шақыратындай КВН-нің сапасы жақсы емес еді. Бірақ бүгінгі «Жайдарман» ойындарын тамашалауға қандай дәрежедегі шенеунік келсе де, қандай қоғам қайраткері келсе де жерге қаратпайтын құрамалар бар. Мәселен, солардың бірі «Элит.кз» құрамасы.
Қазақстан Ұлттық телеарнасының журналисі Қанат Әуесбай «Массагет.кз» сайтына берген сұхбатында: «Көбіне Шымкенттік командалардың, әсіресе Түркістандық команданың әзілдері сәтті шығып жатады. Өйткені, олардың әзілдері барынша қазақи. Тіпті, орысша КВН болса да, шымкенттіктер әзілдерін қазақ акцентімен орысша жеткізгені өздеріне тән бір ерекшелік. Ал бізде орысша сөйлеп кетсе, ешбір акцентсіз тап-таза сөйлейтін құрамалардың ресейліктерден ешбір айырмашылығы жоқ. Қазақша КВН болған соң таза қазақ тілінде сөйлеулері керек» - дейді. Дегенмен, шымкенттіктерден бөлек, таза қазақ тілінде ойнайтын, қазақилығы өте мықты құрама Алматыдан да шықты. ҚазҰУ-дың филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенттерінен құралған «Элит.кз» құрамасы бүгінде барша жастардың сүйікті командасына айналған.
Көптен бері «Жайдарманның» сәнін келтіріп, қазақилыққа тән, қазақ тілі лексиконына бай құрама Қазақша КВН-ге қажет болатын. «Элит.кз» құрамасы дер кезінде құрылды. Әдеби тілмен қазақ әзілдерінің сәнін келтіріп, мақал-мәтелдер, қалжың өлеңдерді бүгінгі заманмен астастырып, әдебиет тарихында, қазақ тарихында болған тұлғаларды өз деңгейінде әзілге қосып, көркем тілмен жастардың құрышын қандыратын керемет құрама дүниеге келді. Ең негізгісі, бұл құрама бірде-бір орыс тіліндегі сөзді араластырмай, тек қазақ тілінде әзілдерін жеткізеді. Бүгінде «Элит.кз» құрамасы бірнеше жетістіктерге жетіп үлгерді.
Жуық арада Студенттер мерекесіне орай өткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың факультетаралық КВН сайысынан бас жүлдені айтулы құрама «Элит.кз» алды. Әрине, құраманың филфактан екені ойында астарлы әзілдері арқылы жақсы көрінді. Әдеби сөздерге шөлдеген жастар да бұл құраманың әзілдеріне еріксіз күліп, қошеметтер жаудырды. Құрама капитаны Нұрсұлтан Жақсыгенов «Мистер КВН», яғни «ең үздік КВН ойыншысы» атанды. Бұдан бөлек, филфактың бұл құрамасы бірнеше премьер-лига ойындарының финалистері болған. Тілдерінің өте бай екендіктері туралы әділ-қазылар алқасы, көптеген танымал адамдар бірнеше рет атап өткен болатын. Мұндай құрамалардың шығуы Қазақша КВН-нің өскендігін білдіретіні рас.
Әрине, құраманың атауына сын тағатындар бар. Бірақ атау өте астарлы мағынада жасалған. Мұндағы «элит» сөзі «үлгі, өнеге» дегенді білдірсе, қысқартылған «кз» сөзі «қазақ» мағынасын білдіріп тұр. Яғни, құраманың атауы «қазақы үлгі, қазақы өнеге» деген сөздердің түпкі мағынасы. Атаудың заманға, одан қалса жастарға жақындатып «Элит.кз» деп атауының өзі өте ойлы жасалған сапалы дүние. Құрамаға факультет қолдау білдіргендіктен алдағы уақытта да «Элит.кз» қазақилығымен көзге түсетін болады. Ендеше, идеологиялық түрде жасалған бұл құрама жастарымызға дұрыс үлгі көрсете берсін деп тілейік!..
Жалпы, «Жайдарман» ойындарының сапасы түзеліп келе жатқандығы қуантады. Себебі, бүгінде жастарымыздың барлығы дерлік Қазақша КВН-нен сусындап жатыр. Бұл ретте, Қазақша КВН жастарға тәрбие беретіндей ойындар, қазақи әзілдер көрсетуі керек. «Элит.кз» сияқты ұлттық бағытта ойнайтын құрамалардың санын көбейтіп, жастарды қазақтың көркем тіліне баулып, қазақилыққа тәрбиелесек, нұр үстіне нұр болар еді. Ақиқаты сол, Қазақша КВН алдағы уақытта да жастардың қол үзбей тамашалайтын үлкен жобасы болып қала береді. Ендеше, Қазақша КВН сияқты тәрбие құралын жастарымызды тәрбиелеуде дұрыс пайдалана білейік...

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 350 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 607 0











31/05/2017 10:11

Бұлтартпас ақиқат
0 26549 0










14/06/2017 15:56

Фейсбукте
0 6475 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика