КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Error 404

404 - Ештеңе табылмады.

Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.

Лиро-эпостық жырлардағы ғашықтар бейнесі

 

ЕСКЕРТУ: Ғашықтық дастандардағы кейіпкерлер бейнесін біріздендіруде бірқатар қиыншылықтар туындайтындығын айта кеткіміз келеді. Өйткені жырда кейіпкерлердің сипаты детальды түрде берілмейді. Олардың сұлулығын паш ететін теңеу, эпитеттер басқа сұлуларды сомдауда да қолданыла береді. Ғашықтық жырлардағы бас кейіпкерлер өздерінің ерен күшімен, есте қаларлықтай ерекше қасиеттерімен сипатталмайды. Жыршы үшін оның батырлығы, қайсарлығы маңызды емес. Ғашықтық жырларда ең алдымен екі жастың бір-біріне деген ынтызарлығы, олардың шынайы сезімдері сөз болады.  Бұл жерде біз жырдың жалпы мазмұнын, ондағы оқиғалардың дәуірін, кейіпкерлердің мінез-құлқын ескере отырып қана сипаттамасын бере аламыз. 

Жыр кейіпкерлерінің киім үлгісі қандай болу керек деген мәселеге келсек, бұл жерде жырдың дәуіріне талдау жасаған дұрыс. Мәселен, «Қозы  Көрпеш-Баян  Сұлу»  жырының  дәл қай кезеңде дүниеге келгені туралы ғалымдардың пікірі әртүрлі. Бір ғылыми болжамдарда жырдың  пайда  болу  кезеңін  Жошы  дәуірімен байланыстырса, ғалымдардың бір тобы бұл шығарманы Ноғайлы дәуірінің жемісі деп есептейді. Жырды қазақ хандығы құрылғаннан кейін пайда болған деген пікірді қолдаушылар да жоқ емес. Бір анығы бұл жыр лиро-эпостық жырлардың ішіндегі ең көнелерінің бірі. Сол себепті жыр кейіпкерлерін бояумен беру барысында суретші олардың киім үлгілерінде сол Жошы, Ноғайлы дәуірлерінің элементтерін бергені дұрыс деп есептейміз. Ал Ләйлі-Мәжнүн жырында шығыстық сарын басым. Айман-Шолпан жырында тарихта болған Көтібар, Арыстан батырлар көрініс алады. Сол себепті де лиро-эпостық жырлардағы бас қаһарманның бейнесін біріздендіру мәселесінде жан-жақты талдау жүргізілуі қажет.

 

«Қозы Көрпеш–Баян сұлу» жырындағы кейіпкерлер

 

Жыр туралы қысқаша мәлімет:

«Қозы Көрпеш - Баян Сұлу жыры» жанры жағынан ғашықтық жырларға жататын қазақ фольклорындағы көне мұралардың бірі.

Түрлі нұсқаларды зерделей келе, жырдың сюжеттік желісінде белсенді орын алған кейіпкерлердің төмендегі топтамасын жасадық: Қарабай – Баянның әкесі, Сарыбай – Қозының әкесі, Қодар – Қозының басты қарсыласы, Мысжан – Баянның ағасы Қоғанның әйелі, Айсұлу – Баянның үлкен ағасы Сағынбайдың әйелі, Ай менен Таңсық – Қарабайдың өгей қыздары, Айбас – Қозының аталас ағайыны, ал кей нұсқаларда Сарыбайдың құлы болып суреттеледі, Майлыбай – Қарабайдың досы. Бұл кейіпкерлердің бір тобы Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаты жолында қолынан келген жәрдемен жасаса, енді бір тобы жастардың арасын алшақтатуға барынша күш салады «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қолда бар нұсқаларындағы кейіпкерлерді жинақтау барысында басқа кейіпкерлерден оқ бойы озық тұратын, жан-жақты ашылған төрт кейіпкерді кездестірдік. Олар: Қарабай, Сарыбай, Қозы, Баян, Қодар. Біріздендіру нысаны ретінде де осы кейіпкерлерді алған жөн деп есептейміз.  

 

Сарыбай

           Сарыбай – Қозының әкесі. Жырда Сарыбайдың дәулетті адам екендігі айтылғанмен, кескін-кейпі, болмыс-бітіміне толық сипаттама берілмейді. Қай нұсқада болмасын Сарыбай аттан құлап қайтыс болады. Бірақ аттан құлауының себебі әртүрлі түсіндіріледі. Бір нұсқаларда Сарыбайдың аттан құлауы жай ғана бақытсыздықтың салдары болса, енді бір нұсқаларда аттан құлауының себебі жазықсыз буаз малдың киесіне ұшырау деп түсіндіріледі.  Буаз маралды атуға бата алмай, обал, сауап ұғымдары мен құдасының өтініші таразы басына қатар түскенде Сарыбайдың пенделігі басым түсіп, Қарабайдың өтініші қисынсыз болса да көңілшектігінен мылтықтың шүріппесін басады. Мылтықтың кері теуіп, Сарыбайдың қайтыс болуын аңшылықтың қағидаларын сақтамаудан деп қабылдауға болады. Құдасының бір ауыз тілегін қайтармаймын деп Сарыбай оққа ұшқанымен Қарабайдан сертке беріктік, сөзге табандылық танылмайды.  

Қытайдағы қазақ фольклорының бір үлгісі ретінде танылған нұсқасында басқа нұсқалардан айтарлықтай айырмашылық бар. Алдымен осы нұсқадағы кейіпкерлерге тоқталайық. Жырда Қарабайды Қозының әкесі, ал Сарыбайды Баянның әкесі деп береді. Ол туралы жырда:

Қатыны Сарыбайдың туыпты қыз,

Әңгіме құлақ салып тыңдасаңыз.

Кеңесіп Баян қойды қыздың атын,

Халықтан артық көріп оның затын.

Үлкен қатын бәйбішеден екі ұлы бар,

Баянды тапқан екен тоқал қатын.

           Қарабай бір күндерде аң қуыпты,

Сейілмен жүрген жерін шаң қылыпты.

Қатыны өзі жоқта ұл туыпты,

Сүйінші сұрағандар даң қылыпты [113], - деп жырланады.

Бұл нұсқа жырдың басқа нұсқаларынан тек кейіпкерлерінің атымен ғана емес, сюжеттік желідегі өзгешеліктерімен де ерекшеленеді.

-Қарабай Қалтай деген елден екен,

Қаракөк жеті атасы кеңнен екен.

Сарыбай бағыс деген рудан боп,

Екеуі де дәулетті көрген екен, - деп басталып,

-Маралды екеуінің көзі көрді,

Ырымдап әрбір түрлі ой жіберді.

«Атуға сескенемін батыреке,

Қарабай, сен атсаңшы мұны», - деді

Қарабай жауап берді Сарыбайға:

«Атпасақ бәрекелді болар пайда.

Әйелім менің үйде жүкті еді,

Ырымдап тұрып едім осы жайда».

Екеуі сол маралға кеңлік берген,

Есіркеп залал қылмай қоя берген

Әйелінің жүктілік себебінен,

Маралды әдейі атпай қоя берген, - делінеді.

           Қозының әкесі Қарабайдың мерт болу себебі былайша түсіндіріледі:

Келеді біреу шапан, біреу атқа,

Бере берсе, кім келмес ондай затқа.

Қарекең мойны үзіліп өлген екен,

Қуанып ауылына шапқан шақта.

           Ал Б.Мақанов жырлаған нұсқада:

           Сұрасаң, менің атым – сорлы Баян

Бәндеге жазықсызым өзіме аян,

Әкем атын сұрасаң хан Қарабай,

Қайырсыз мал жинаған бақа-шаян, - деп Баянның әкесі Қарабай, Қозының әкесі Сарыбай түрінде суреттеледі.

           Алайда біз өз елімізде кең таралған нұсқаға және ел ішінде Қарабай бейнесі сараңдық символына айналғанын ескере отырып, Қозының әкесі Сарыбай деп аламыз. 

 

Қарабай

           Қарабай – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы басты ұнамсыз кейіпкерлердің бірі. Жырдың алғашқы эпизодтарынан-ақ Қарабай сараң, өз бас пайдасын ғана ойлайтын жақсылық атаулыдан жұрдай адам ретінде сипатталады. Буаз маралды атпайық деген Сарыбайдың уәжіне құлақ түрмей, Қарабай Сарыбайды маралды атуға мәжбүрлейді. Маралды атамын деп, мылтығы кері теуіп Сарыбай мерт болады. Құлап жатқан бел құдасына қарамастан Қарабай маралдың ішін жарып, обалсынбастан егіз екі қозысын тыпырлатып мауыздап, өз жөніне кетеді. Осы үзіндіден-ақ Қарабайдың ашкөздігі аңғарылады.

           «Қатының қыз тапты» деп алдынан сүйінші сұрай шыққан жалшы әйелдің қамшымен басын жаруы, бесікте жатқан Қозы Көрпештен «менің малымды жұтатын бәле туыпты» деп бақа айғырына міне қашуы, жетімге қыз бермеймін деп үдере көшуі Қарабайдың сертінде тұрмайтын тұрақсыздығын көрсетумен бірге, малдан басқа ешнәрсені ойламайтын пасықтығын байқатады.

           Қарабайдың қайырсыздығы жырдағы кейіпкерлердің аузымен де нанымды етіп өріледі.

           «Аласа, тапал бойлы кәрі тазша,

Сұрайды айранымды депті ойы.

Теріс қарап, қыңыртықтап жауап берді:

-        Қайырсыз хан Қарабайдың қойы». Қарап тұрсақ, тазшаның осы сөзі-ақ көп жайды аңғартып тұр.

Қарабай жалшыларға аса қайырымсыз. Ол жырда:

«Қой жаймай отырсың!» - деп ақырады

Қамшымен тарсылдатып сорлы тазды.

Мейлінше қиянаттап бақырады, - деп бейнеленеді.

           Қарабай әлі жеткенге әлімжеттік танытып, күші жетпегенге жағымпазданатын қорқақ, малдан басқаны ойламайтын сараң жан.

           Жалшыларына қатал болғанымен, басына қиыншылық түссе, одан асқан қорқақ, жігерсіз адам жоқ.

           Қарабай Аққайыңмен омыраулатты

Ұстап ап, шоқтығынан басып қалса,

Аққайың шөге түсіп, жатып қапты

Қорықты Қарабайдың өңі қашып,

Атынан түсе қалды асып-сасып, - деп суреттеледі.

           Жетім балаға қыз бермеймін деп ата қонысынан өре көшуі Қарабайдың сертінде тұрмайтын екі сөзділігін көрсетсе, шөл далада құдық қазып берген Қодарға күшін сатқаны үшін Баянды беремін деп келісуі оның малынан жанын арзан бағалайтынын танытады. Бұл сәт Жанақ ақын нұсқасында:

«Сен шөлдетпей малымды алып өтсең,

Ақ Баянды беремін, саған Қодар»,- деп жырланады. Қарабай мал үшін жанын да, арын да сатады.

           Не дейді, тоба Құдай, әстаупіралла,

Қарақтарым, малды бақсын, тазшаны алда.

Сөзінің не десе де керегі жоқ

Болады жайлы болса маған малға,

немесе

-        Біреу бай, біреу жарлы, күндемелік,

Дананың қылған ісін мін демелік.

Басымды табақ түгіл жарса-дағы

Кетеді малды бақпай, үндемелік, -   деп өз құлқынын танытады.

           Фольклордың халқымыздың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кеткендігі сонша ел арасында әлі күнге дейін іші тар, сараң, кісіге болсын деуді білмейтін тас жүрек адамдарды Қарабай деп атау кездесіп жатады.

           Қарабайдың ақымақтығы жырдың өн бойынан көрініс алып отырады. Осындай опасыз, ақымақ, қара басының қамын ғана күйттеген сараң адамнан Баян сынды ақылына көркі сай хас сұлу туады дегенге адам сенбес. Жыршы мұны  Айбас батырдың аузымен:

           «Туат» деп сіздей асыл ойлаушымек,

Ақылсыз әкең сынды Қарабайдан, - деп береді.

 

Баян сұлу

           Баян қыз сұлу екен мақтағандай,

Қара қасы қағазға қақтағандай.

Сұңқардың форымындай мойыны бар,

Көзіне гауһар отын жақтағандай.

Өзі ашылып біреуге сөйлемесе,

Аузынан ешкім ләззат татпағандай.

Баянның айтып тауысқысыз сұлу көркі.

Баянжан кімге тисе өзінде еркі.

Көрген жанның көңілі майдай еріп,

Айығар іште қатқан беріш дерті - деген жолдар Баянның сұлу келбетін аша түседі.

           Баян сұлудың бейнесін сомдауда суретші басты басшылыққа жырдағы мәтінді алуы керек. Жыршы:

Баян сұлу он төртке келген екен,

Тал шыбықтай бұралған ол бір керім.

Беті аппақ, ұшы қызыл, қара көзді,

Қиғаш қара қасы бар сондай көрім.

Аппақ, көрік маңдайлы, қолаң шашты,

Шашының ұзындығы тізе басты.

Аузы гүлдің шашағындай, тісі меруерт,

Мұндай сұлу жаһанда жаралмас-ты...- деп жырлайды. Демек, Баянның бейнесін біріздендіруде жас шамасын 14-те, ал Қозының жасын 16-да етіп сомдаған жөн.

Жырда Баян көркіне ақылы сай ару болып көрініс алады. Қарабай сертінен тайып, жетім балаға қыз бермеймін деп ауа көшкенімен Баян сертінен таймайды. Ол өзі көрмесе де Қозыға ғашық болып, басқа жанға көңіл бөлмейді. Қозы іздеп келеді деген үмітпен күн өткізеді.

... Тоқсан құл Қодар менен сере бойдақ,

Бәрін де бір сұлулық қойды байлап.

Баянға алмақ түгіл, сөйлескен жоқ,

Күлмейді езу тартып, Баян ойнап

Қодар құлды да ашуландырмай, ұзын арқау кең тұсауға салып қойып, өзі Қозыны тосумен болады. Бұл оқиға жырда:

-        Есігімде он жыл құл болып жүрсең,

Тиемін, - деп ұзақты туралайды.

Егерде тірі болса ер Қозыке,

Он жыл бойы келер, - деп, - бір хабары.

           ... Қодарды Баян солай алдап өтті,

Арада неше жылдай жалған өтті... – деп суреттейді.

«Қара  көзін  қан басып  қарағанда,

Маңына жоламайды, Қодар үркіп, - деген жолдардан Баянның бойындағы қайсарлық айқын аңғарылса,

«Киіңіз  кебіңізді арланбаңыз,

Осылардан басқаға сыр бермеңіз,

Кішіліктен еш нәрсе  кемімейді.

Аңдып жүрген дұшпан бар, еш сенбеңіз, - деп, тазша кебінін киюге арланған Қозыға «сақтықта қорлық жоқ» екендігін ескертеді. Суретші Баянның бейнесін сомдағанда оның сұлулығына ғана мән беріп қоймай, ақылдылығы мен қайсарлығына, сондай-ақ қысылғанда амал тауып, айла-әрекеттен де құр алақан еместігіне назар бөлгені жөн деп есептейміз.

           Қодар сынды қара күштің иесіне бой бермей Қозыны тосуы; Қодарды айламен өлтіріп, Қозының кегін алуы; Қозы қайтыс болғаннан кейін, амал тауып, оның басына күмбез тұрғыздыруы, өз жанын өлімге қиюы өз тұсындағы кез-келген қыздың қолынан келе бермес ерлік. Осындай қайсар қыздар бейнесінің болуы қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында әйел адамның алар орны жоғары болғанын, оларды ерекше қадірлеп, қастерлегенін көрсетеді.

 

Қозы Көрпеш

           Әкесі Сарыбай мен қайын атасы Қарабайдың арасындағы серттен, өзінің Баян атты жесірі барынан Қозы Көрпеш он алты жасқа дейін бейхабар өседі. Жырда Баян туралы ең алғашқы мәліметті Қозы ағат қылық жасап, бейтаныс адамнан естиді. Бұл – қазақ фольклорында кең тараған мотивтердің бірі. Бір нұсқада:

Бір күні шешекені ойнап жүріп,

Өрмегін бір кемпірдің кетті үзіп.

           Ол кемпір ашуланды түрегеліп:

-             Қашан жалғап тоқимын, - деп, - қайта керіп,

Дерендей боп үзгенше өрмегімді,

Баянды неге алмайсың қалың беріп!?

           Іздесең әлің келер, жас емессің,

Бұл сөзге ерімейтін тас емессің.

Обалыңа қалайын, не сауапқа,

Жетерлік малың бар ғой, аш емессің!, - деп, Баянның хабарын өрмек тоқып отырған кемпірден естіртсе, екінші нұсқада:

-        Қу жетім, тумай шөккір, тудың қайдан?

Әкеңді тумай жатып жұтқаныңнан

Төбеңнен менің балам құй қазды ма,

Іздеп ал, жесіріңді Қарабайдан, [116] - деп, абайсызда Қозының қолынан жазым болған баланың шешесінің аузынан естиді. Намысқа булыққан Қозы шешесінен істің анық-қанығын сұрастырып, Баянды іздеуге бел буады.

           Жырда Қозы:

 «Қас түлек Қозым сұңқар қанат жайған...» деп ақ сұңқар, қас түлек, хас батыр түрінде суреттеледі.

           Жас Қозы аң атуға асқан шебер,

Өзінің қайратына әбден сенер, - деп оның құралайды көзінен атқан мерген, бойына күш тасыған алып екендігін әйгілейді.

           Қолға алып жалаң найза шаптым жауға,

Олжалап жанға талай бердім сауға

Ел шауып, еге болып, кісі өлтірсе,

Төрелік беріп едім талай дауға, - деген түрде келетін Қозының өзін өзі таныстыруынан да оның сөзге шешен, ойға жүйрік, білекті әрі жүректі ер екені көрінеді.

           Жырдағы:

           Ер Қозы барлық сырды шалдан ұқты,

Ер Қозы өз ісіне өзі мықты, - деген жолдар, Қозының Қарабайдың аулына тазша түрінде жасырын баруы, Қодарды күші асып жеңуі бас қаһарманды өзге кейіпкерлерден ерекшелендіріп-ақ тұр.

 

Қодар

           Жырдағы Баянға ғашық кейіпкер, Қозының басты қарсыласы – Қодар. Жырда Қодарды құл деп суреттегенімен, ол Қарабайдың басы байлы құлы емес, Баянның сұлулығына тәнті болып, Баянды алу үшін Қарабайға күшін сатып, құл болған қара күштің иесі. Жыршы:

Тартынбас еш адамнан Қодар тайып,

Естісе, бұл сөзіңді, салар айып,

Қодардың атасы жел, анасы көл,

Кез болған сар далада ол бір ғайып, - деп асқан күш иесі етіп суреттейді.

«Өзінің денесінің молын қара,

Сыңар ғана жұдырығы қол ағаштай»... Қол ағаштай жұдырықтың алыптың алыбына тән екенін сезінумен бірге, Қодардың жалпы болмыс бітімінің де зор екенін байқайсың.

Қодарға тамашалап көзі түсті,

Серейген бір нәрсе екен сойдақ тісті.

Қақпақтай жауырыны еңкірейген,

Құрғырың зор денелі, болар күшті.

Ақылы аз аңырайған көрінеді,

Аша бұт, қуыс кеуде, тораңғы іші.

Алты құлаш ала бие астында бар,

Көргендер қалпынан үрейі ұшты.

Аңғалсоқ, адыр-күдір мінезі бар,

Анықтап біле алмайтын құпия істі, - деген жыр жолдарында Қодардың болмыс-бітімі анық сомдалған.

           Болса да Қодар дұшпан ғашық еді,

Баянның дидарына болған жерік.

Сол үшін шеңгел қылып шығарыпты

Құдірет еңбегіне қылған серік, - деген жолдар арқылы жыршы Қодарды мүсіркеген кейіп танытса,

Қодар құл тілеу тілеп жүрген жылап,

Қозыке келе ме деп елден сұрап,

«Бір кек алып, сол мезет өліп кетсем,

Тырнақтай арман қалмас менде бірақ.

Дүние ісі дүниеге кетпеуші еді,

Баян үшін құлағым болды шұнақ.

Дариға-ай, армансыз ақ болар едім,

Тістесем қолым жетіп мен де құлақ»

           ...Кейде ойлап тілеу тілеп жүреді екен,

Кейде жылап, кейде арсыз күледі екен

Күшпенен зорлық қылып алмаса да,

Амалдың болатынын біледі екен, - деген жолдар арқылы оның асқан кекшіл, сұрқия сипатын бір-ақ ашады.  

Қозыны өлтіргеннен кейін, Қодар Баянның өзіне тиетініне аса сенімді болуы, Қодардың өзін жоғары бағалайтынын көрсетеді.

...Жылқыны көп жалшылар суарады

Сені көріп көңілім қуанады.

Алған байың өлді ғой сұлу Баян,

Енді сені мен алмай кім алады? – деп астам сөйлейді.

Сан ғасыр өтсе де жыр кейіпкерлерінің өз көркемдік құндылығын жоймай, оқырмандар жүрегінен жол табуының басты сыры махаббат, адалдық, өшпенділік тәрізді мәңгілік тақырыптың қиыса келуінде деген ойдамыз. Қарабай бейнесі оқырмандарды сараңдықтан сақтандырса, Сарыбай бейнесі жалтақтықтан жирендіреді, Қозы мен Баян бейнесі сұлулық пен адалдық атты сезімдермен сусындатса, Қодар бейнесі көрсе қызарлық пен зұлымдықтан аулақ болуға шақырады.

«Атаңа сіңіспейді адал күшім,

Құл болдым есігіңе сенің үшін.

Ертеден қара кешке қылсам дағы,

Бір аллаға жақпады менің ісім.

Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян,

Әке-шешем жылатып келдім, Баян.

Тіл ұшымен мені сен жақын қылып,

Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян», - деп зарланған Қодарға Баян:

           «Әкеме сіңіп  еді сенің күшің,

Құл болдың есігіме менің үшін.

Шоқ белбеу, алтын айдар  мырзам қайда,

Шұнақ құл өлтіремін соның үшін, - деп жауап береді. Мұнда сұлудың дұшпанына есесін жібермейтін өктемдігі де, махаббатына деген адалдығы да, ыза-кегі мен өкініші де бар. 

          

Айсұлу мен Мысжан

           Жырда Қозы мен Баянның табысуына өз септігін тигізетін кейіпкерлердің бірі – Айсұлу. Ол – Баянның жеңгесі.

Айсұлу жеңгесімен тату-тәтті,

Тілеулес бір-біріне сенеді екен.

Кісі өлтірдің десе де шынын айтып,

Айбынды ақылдасы көнеді екен, - деген жолдар Баян мен жеңгесінің бір-бірімен қаншалықты тату екенін көрсетеді.

           Ал екінші жеңгесі Мысжан – Айсұлуға қарама-қарсы кейіпкер. Екеуі де Баянның жеңгелері, Мысжан – Баянның кіші ағасы Қоғанның әйелі де, Айсұлу – Баянның үлкен ағасы Сағынбайдың әйелі. Айсұлу көркіне ақылы сай келісті жан, адал жар болса, Мысжан бала күнінен-ақ қиқар мінезмен елдің сөзіне іліккен, адуын мінезді, былапын ауызды әйел. Ол күйеуі Қоғанды «ынжық деп жас қайыстай илеп қана қоймай, Қодарменен көңілдес, ынтымақтас болады.

Көрінгенмен бір ұрысып қыңыратқып,

Кісі аузынан басқаға симейді екен.

Баян менен ауылды өсек етіп,

Обал, сауап дегенге күймейді екен.

Иығына не түссе іле салып,

Бай болып қымбат киім кимейді екен.

Өш екен Баянменен бекер босқа,

Қодарға бар дейді екен малғұн шошқа.

«Бике мұндай қылды» деп атақ тағып,

Жүреді жала жауып дұшпан-досқа, - деп суреттеледі. Айсұлу жырда Қозы мен Баянның тілеулесі болып, екі жасқа жәрдем берсе, Мысжан оларға мейлінше кедергі болады.

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика