THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
«Алпамыс
батыр» жырындығы кейіпкерлер
Жыр туралы қысқаша мәлімет:
Алпамыс батыр жыры –
қазақ ауыз әдебиетіндегі орны биік, көркемдік ерекшелігі жоғары жырлардың бірі. Бұл жырдың нұсқалары
өзбек, қарақалпақ, башқұрт, татар, алтай халықтарында бар. В.М.Жирмунский,
Ә.Қоңыратбаевтың пікірінше жыр ежелгі шығыстық ертегілердің сарынымен пайда
болған.
Жырдың сюжеті қоңырат
тайпасында туған. Қоңырат-қият тайпалары ол заманда Алтайда тұрып, Орта Азия,
Кавказ жеріне дейін барған. Үш құрлыққа жайылған оғыз-қоңырат тайпалары
негізінде Осман империясы пайда болады. Алтайда тұрып, Шыңғыс ханға қыз беретін
қоңыраттар қазақ, өзбек ішіне сіңіп кетеді.
«Алпамыс батыр» жыры патриархалды-рулық
қауымның ыдырап, патриархалды-феодалдық қауымның жандана бастауымен тұспа-тұс
келгендіктен ғалымдар жырды XVI ғасырға жатқызып жүр.
Жыр оқиғасы Жиделібайсын
жерінде өтеді. Жиделібайсын — қазақ фольклорында жиі кездесетін
берекелі, қасиетті, құтты мекен. XVI
ғасырда Мұхамед Шайбани бастаған Дешті Қыпшақтың көшпелі түркі
рулары Орта Азия жерін басып алғанда, Жиделібайсын қазақ, қарақалпақ
халықтарының құрамындағы қоңырат тайпасының үлесіне тиген.
Алпамыс батырдың өмірде
болғаны не болмағаны туралы тарихта еш дерек жоқ. Алайда халық Алпамыс батыр
жырына шынайы сенген.
Құлтай
Жырдың бір нұсқасында Құлтайды Байбөрінің
сенімді құлы десе, бір нұсқасында:
«Жиделі
Байсын жер бопты,
Қоңырат деген ел бопты.
Сол елдің қалың ішінде,
Құлтай деген ер бопты.
Ер Құлтайдың баласы
Байбөрі деген шер бопты»
- деп, Байбөрінің
ретінде сомдайды. Бірақ қай нұсқада болмасын, Алпамыс өз тарапынан Құлтайды
қарт бабам деп сыйлап, алдында басын иіп тұрады. Құлтай жырда малдың жайын
білетін, қырда, малдың ішінде жүрген қария ретінде сипатталады.
Құлтай жырда ғасырлық ғұмыры бар
қарт баба ретінде сомдалады. Бір перзентке зар болған Байбөрі мен Аналық бала
тілеп, алыс сапарға аттанарында ел-жұртына Құлтай бабасын аманаттайды. Сол сәт
жырда:
«Төрт түлік малдан
алады,
Алтынын да салады.
Тоқсанға келген мүгедек
Құлтай да жылап қалады, - деп беріледі.
Гүлбаршынды іздемек болып жолға
шыққан Алпамыс жылқы таңдап Құлтайға келеді. Сонда Құлтай: «Балам, сенің жақсы
екеніңді көрейін. Еншіңді танып, ұстасаң, қолымнан ерттеп берейін» - деп
Алпамысты сынайды.
Алпамыс Гүлбаршынды іздер
сапарында да, кейін Тайшық ханның еліне аттанған тұста да Құлтайдан бата
сұрайды.
Суретші Құлтай бейнесін
сомдау барысында оның Ұлтанға қарсы тұрарлықтай қауқары болмағанымен кей жас
жігіттерден қарулы екенін есепке алуы керек деп ойлаймыз.
Қойдың соңында жаяу
жүрген Құлтай диуана кейіпте келген Алпамысты да бірден таниды. Алпамысты
көргенде қуанғаннан қуаты тасиды. Ұлтан құл беріп жатқан көкпарға қатысқысы
келіп, делебесі қозады. Құлтайдың көкпарға қатысуын оның Ұлтанға көрсеткен сесі
деп түсінген жөн. Алпамыстан Шұбар атты сұрап мінген Құлтай көкпарға тартылған құнан
атанды көп қарулы жігіттердің додасынан жұлып әкетеді. Құлтай бейнесін беру
барысында суретшілер осы мәселені де ескергені дұрыс. Құлтай – қалжыраған қария
емес, атбегілік қасиеті бар, малмен өріп, даланы жайлаған, бойынан әлі де қуаты
сарқыла қоймаған, жасы жүзге жуықтаған қарт ретінде берілуі керек.
Байбөрі
Жырдағы Байбөрі Қоңырат
елінен шыққан, Жиделі Байсынды мекендеген, мыңдаған малы бар, бір перзент үшін
зары бар, алпысты алқымдаған жан.
«Бала көрмей Байбөрі,
Көзінің жасы көл бопты.
Алпысқа келген жасында...
Тарығып өзі жүргенде,
Сартай деген біреуден
Бір бала онан туады.
Сартай деген ер еді,
Елуге ол да кеп еді.
Байбөрінің қоңсысы
Өзіне малай боп еді.
Маған бала болсын деп,
Сартайменен келісіп,
Аналыққа алып береді, - деп
суреттегендей, ол өзгенің баласын бауырына басуды да әбестік көрмейді. Алайда
асырап алған баласы тілін алмай, өзін қубас шал атап, қарсы шыққасын, жанына
бәйбішесін алып, мойнына бұршақ іліп, әулие-әнбиелерді аралап, ел кезіп, бір
перзентті тілейді.
«Бала
тілеп Құдайдан,
Жаһанды кезіп атталық.
Бала тілеп көрейік,
Тәуекел деп жөнейік.
Тілегіміз болмаса,
Айдалада өлейік» - деген жолдардан Байбөрінің намысқойлығы мен алған беттен
қайтпайтын бірбеткейлігі көрінеді.
Байбөрінің бойындағы аңшылық, мергендік қасиеті де басым. Жолбарыстың
жүрегіне жерік болған бәйбішесінің жерігін өз қолымен қандырмақшы болып, аңға
жігіттерін жұмсамай өзі аттанады. Ол жырда:
«Мылтық алды қолына.
Тәуекел деп жөнелді,
Аңның түсіп жолына.
Жетіп келген сияқты
Бір тоғайдың тобына.
Жатыр екен жолбарыс,
Келтірді Құдай оңына.
Бір ағашты паналап,
Атайын деді соны да, - деп беріледі.
Алпамыстың басындағы
шытырман оқиғаларға Байбөрінің қырсық мінезінің әсері жоқ емес. Жырдың кей
нұсқаларында Гүлбаршынның әкесі Сарыбайдың қалың қалмақ арасына көшуін
Байбөрінің өркөкіректігімен байланыстырады. Көкпарға таласқан Байбөрі ақыреттік
құда боламыз деп сөз байласқан Сарыбайдың басын қамшымен жарады. Соған
ашуланған Сарыбай ел ауып, көшіп кетеді.
Гүлбаршынды алып, алыс
сапардан аман келген ұлын қуана қарсы алудың орнына Байбөрі Алпамысты көргенде
бар қаһарына мінеді.
«Тумай кеткір, Алпамыс,
Көрінбе менің көзіме,
Жолама менің өзіме.
Малыңның бәрін жау алды,
Ойламады обалды – деп ата дұшпанында кегі кеткенін
ашулана жеткізеді.
«Қалмақ алды малыңды,
Шулатып ата-анаңды.
Бір қатынның соңынан
Қаңғытып кеттің далаға.
Сені Құдай берген соң,
Жарыдым деп ем балаға.
Қарамай кеттің, жүгермек,
Ата менен анаңа, - деген жолдардан «мал ашуын – жан
ашуына» балаған көшпелі елдің танымы мен мұндалайды.
«Жауға бердің еліңді,
Дұшпаннан алғын кегіңді» - деп намысқой қарт
баласын жауға жұмсайды. Осы оқиға жырдың кей нұсқаларында:
Тайшық алған жылқының
Артынан
қуып бар, - деді,
Тайшықтан
кекті ал, - деді.
Ала
алмасаң кегіңді,
Пенде
боп сонда қал, - деді» түрінде беріледі.
Жырдың
соңында Ұлтан құлдың тепкісіне қарсы тұрар қауқары жоқ Байбөрі түйе бағып
жүреді.
Байбөрінің
ісінде көп-дүр қатасы,
Сірә, қабыл болар ма енді батасы.
Айдасам да жөнге қарай жүрмейсің,
Иесіз қалған Алпамыстың ботасы,
Арай, жаным, арай!.. – деп зарлайды.
Байбөрі
бейнесін беруде суретші оның осы қайшылықты тұстарын дөп баса білуі керек деген
ойдамыз.
Аналық
Алып
анадан туады дегендей, Алпамыстың анасы да көркемдік құндылығы жоғары
бейнелердің бірі. Оның есімі Диваев нұсқасында Жантілес деп аталса, басқа
нұсқаларда Аналық деп айтылады.
«Әйелі
болды Аналық,
Қартайған мұның да уағы.
Елуді ол да жағалап,
Елу бірге шығады – деп
берілгендей, жырда Аналық Байбөрінің адал жары ретінде сипатталады.
«Асырады
Аналық,
Тәрбиелеп бала ғып.
Атын Ұлтан қойыпты,
Байбөрі қылды ағалық, - деп
жырланғандай Ұлтанды бауырына басып, аналық мейірімін төгеді.
Алайда Ұлтан тілазар болып өсіп,
өздеріне тіл тигізген тұста, ерімен бірге өзінің туған жерімен қоштасын, Құдай
қосқан еріне ілеседі.
«Ерім, сенен тіледім,
Тойғанымша жер едім,
Тауып берсең қабыланды.
Адалды көңлім қаламай,
Қалайды көңлім арамды
Не болса ауқат қылуға
Амалын жүрмін таба алмай.
Жүрегіме ас батпай,
Не ғыларым біле алмай,
Өлейін десем, өле алмай,
Өз жанымды қия алмай,
Қазы менен қартаңа
Келеді көңлім қарамай» деген
жолдар, яғни анасының жыртқыш етіне жерік болуы болашақ баланың да елден ерек,
батыр болып туылуын меңзесе керек.
Жырдағы
Аналық – мейірімді ана, ақылгөй ене. Алпамыс жары Гүлбаршын мен ішіндегі сәбиі
Жәдігерде де осы анасына тапсырып кетеді.
«Ер көгерер дуамен,
Жер көгерер жаңбырмен,
Қарағым аман келгенше
Күтемін сені тағдырдан, - деп батасын берген шерлі
ана баласының жолын тосумен болады.
Сарыбай
Сарыбай
– Шекті елінің байы. Ол жырда сертіне тұрақсыз жан ретінде сомдалады. Бірақ
оның сертін бұзу себебі жырдың әр нұсқасында әртүрлі беріледі.
«Далада
мен отырмын құрып өрмек,
Жалғызды қасымдағы қылып ермек.
Баламды жалғыз менің өлтіргенше,
Алсайшы Гүлбаршынды, қу жүгірмек.
Бекерге жұрт баласын қырып
жүрсің,
Ойыңа келгеніңді қылып жүрсің.
Сарыбай қызын бермей, кетті
қашып,
Несіне ойын ойнап, күліп жүрсің?!
– деп, өрмек тоқып отырған кемпірдің аузымен айтылатын оқиға Сарыбайдың
болмысын ашпағанымен, оның қандай адам екеніне сілтеме береді.
«Шекті деген елінде
Сарыбай деген баймен Байбөрі «бірімізде ұл, бірімізде қыз болса құда болар
едік» деп армандайтын. Кейін Байбөрі ұлды болғанда Сарыбай «Алпамыс жалғыз,
жазатайым өліп кетсе, қызым Ұлтанқұлға қор болар» деп елімен бірге көшіп
кетеді» деген үзінді Сарыбайды жалғыз қызы үшін басын қатерге тігіп, тәуекелге
бел байлаған әке ролінде көрсетсе, Диваев нұсқасында «көкпарға таласу
барысында, басына Байбөрінің қамшысы тиіп ашуланған өркөкірек жан ретінде
бейнеленеді.
Ашуға булығып, алты
айшылық, қырық күншілік жолдағы қалмақ еліне тоқсан нарға жүк артып көшпекші
болған Сарыбайды жары Алтыншаш тоқтата алмайды. Алтыншаш:
«Тоқсан кірсе, баудың
гүлі солмай ма,
Арлы жігіт намыспенен өлмей ме.
Ағайынмен кім ұрыспас, таласпас,
Абырой барда елге қайтсақ болмай
ма?»
«Кел, қайтайық енді абырой
барлықта,
Жаман болар дін білместің
қорлығы» - деп барынша ескерткенімен, Сарыбай бәйбішесіне бой бермей, көшіп
кетеді.
Алайда,
Тайшық ханның еліне бодан боп келген Сарыбай Гүлбаршының басы таласқа түскенде
өзінің қатесін түсінеді.
Сарыбайдың
отбасын жаудан қорғарлық қауқары жоқ. Оны жырдағы:
«Осы демнен өз деміңді
дем деме
Адам көрсең сен өзіңнен кем деме.
Жылай берме, ата, көңілім
бұзылды,
Баршынжаның барда ата, ғам жеме –
деген сипатта келетін Баршынның жұбатуынан көруге болады. Жалпы, жырда Сарыбай
бейнесі қосалқы кейіпкер деңгейінде ғана өрбиді.
Алпамыс
Алпамыс батыр – тумысынан
ерекше бейне. Оның ерекшелігі Байбөріге берілген аяннан байқалады.
Ұлыңның
аты – Алпамыс,
Қызыңның аты Қарлығаш.
Атса мылтық өтпейді,
Шапса қылыш кеспейді –
Қалмақтармен болар қас – деген
жолдар Алпамыстың ерекше жаратылыстағы адам екенін байқатады.
Тумысынан ерекше жаралған Алпамыс
:
«Бір жасына келгенде
Біл тасындай жайнады.
Екі жаста Алпамыс
Ер қаруын сайлады.
Үш жасына келгенде,
Ұшқан құстай ойнады.
Төрт жасына келгенде,
Төреге берді әділдік,
Алты жасқа келгенде,
Елдің қамын ойлады.
Жеті жасқа келгенде,
Қолына алды садағын.
Сегіз жасқа келгенде,
Шамалы жерге барады.
Тоғыз жасқа келгенде,
Туған айдай толады.
Он жасына келгенде,
Өзінің елін қорғады.
Он бір жасқа келгенде,
Әкесіне барады,
Ақ батасын алады».
Жырда
Алпамыстың балаң шағы мен ер болып толысқан кезеңі сомдалады. Суретші батырдың
бейнесін визуалдау барысында осыны еескергені жөн.
Өрмек тоқып отырған
кемпірдің жанында ұйықтап жатқан бала Алпамыстың түрткеніне шыдамай өліп кетуі
үшін қандай күш керек?!
Кемпірдің «менің баламды
өлтіргенше, жарың Гүлбаршынды ізде, қу жүгірмек» деген сөзіне намыстанып Гүлбаршын
сұлуды іздеуге шыққан Алпамыс әлі буыны бекімеген жас арыстан болатын, ал
Тайшық ханның елінен оралғанда ол әбден толысқан ер кейпінде көрінеді.
Алпамыстың ерекше күші құрық
тимеген Шұбар атты құйрығынан ұстап, жерге алып ұрып, жүгенге көндіруінен де
көрінеді.
Жырдың бір нұсқасында
Гүлбаршын сұлуды іздеп шыққан Алпамыстың Қаражанмен кездескен кездегі келбеті
былайша сипатталады: «Қараса жүзі құбаша, көзі алаша, өзі бір он төрт жасар
тамаша, бір кекілі алтыннан, бір кекілі күмістен, нақ он төрт жасындағы Алпамыс
батырды көрді»
Алпамыс батырдың ең алғаш
ұрысқа түскен кезі Қараманмен жекпе-жек шығуы. Алпамыстың келе жатқанын жауы
Қараман аттың дүбірі мен батырдың екпінінен сезеді. Сонда Қараман: «Тайшық
ханның әскері де, менің әскерім де қайтыңдар. Жақын жерге жау келіп қалды,
қырық мың қол, не қырық мың қолға татырлық біреу келе жатыр» – дейді. Бұл
сөзден біз Алпамыстың бала жаста болса да қырық мың қолды жалғыз өзі жайратып
салатын күшті екенін көреміз.
«Батыр атқа мінеді.
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі.
Дұшпандары мат болып,
Дос адамы күледі.
Түйедей тасты Алпамыс
Лақтырып қолымен,
Адамдардан асырып,
Атады қанша тобымен, - деген
жолдар оны айрықша күшін аңғартады.
Алпамыстың қаһарын, оның келе
жатқанын жаулары күні бұрын сезеді. Мәселен, оның дұшпандарының бірі Тайшық хан
түсінен жаман шошынғаны сонша, жұртын жинап одан құтылудың қам-қарекетін
жасайды.
-
Менің түсім қағынды,
Қағынбаса не қылды.
Қызыл үлек буыршын
Өзіме тура шабынды.
Түс мәнісін таппадым,
Тістеп қашты бір төбет
Атамның күрзі шоқпарын – деп
шошиды.
«Ауызына
қарасам
Сұлуды таңдап сүйгендей.
Келбетіне қарасам
Қымқапты таңдап кигендей.
Қабағы қалың сол бала,
Тіпті шұнақ қу бала
Шұбар ат мініп келеді, - деп қатты
сасады.
Осы
суреттен біз Алпамыстың бет-әлпеті келісті, «қымқапты таңдап киердей» ірі
денелі болғанын байқаймыз.
Алпамыстың
бойында батырлығымен бірге аңғалдығы да басым. «Қазақтың мен де қызы едім,
Мұсылманның ізі едім.
Қырық балам менің бар еді,
Алпамыс сенің сүйегің.
Қырық баламнан айрылдым,
Болмады қабыл тілегім.
Алпамыс қашан келер деп,
Жолыңда тосып жүр едім.
Тайшық хан құртты сорымды.
Тайшық ханды талқандап,
Теңдікке жеткіз қолымды, - деп жылаған мыстанның
сөзіне еріп, оны атына мінгестірмекші болады. Мыстанның жаман ниетін сезіп, оты
маңына жолатпай тарпыған тұлпарының басып кесіп те тастай жаздайды. Кемпірге
әбден иланған Алпамыс, отың отауына түсіп, түніменен тоғыз мес арақ-шарап ішіп,
әбден мас болып, көзі ұйқыға кіреді. Батырдың көзін жоймақ болған кемпір оны суға
салса, батпайды. Отқа салса, күймейді. Ақыры кемпір оны алдын ала қазылған зынданға
салады.
Алпамыстың есейген кезі – мыстан кемпірдің
арбауымен түскен терең құдықтан шыққан шағы. Жеті жыл зынданда жатып, енді
қайтіп алдауға түспестей кемелденген Алпамыс қапастан шығар жол іздейді.
Кейқуатты өз жағына тартып, оның серкелерін жеп тауысады. Серкенің сүйегінен
ғажайып сырнай жасап, оны Қаракөзайымға бергізеді. Осы жерде Алпамыстың алып
күштің ғана емес, асқар өнердің иесі екенін байқаймыз.
Алпамыс батырдың бойында
айлакерлік, қысылғанда жол табарлық ұтқырлық та бар. Өзін зынданнан Байшұбар ат
қана шығара алатынын біліп, Қаракөзайымға оны босатудың жолын айтады. Байшұбар
қамалған темір үйдің жанына диуана болып баруды, Тайшық ханды «Қырық күндік
тамағымды бер, қырық құлаш арқан бер, сонан кейін үйретіп беремін», - деп
алдап, тұлпарды оңашаға алып шығуды үйретеді.
Алпамыстың
ақылдылығы жырда былай беріледі: «Бір күні Алпамыс ата-ана, ел жұртын сағынып,
Кейқуатқа айтты:—Мен енді елге қайтамын,—деді. Кейқуат айтты:— Тақсыр, сіз
кетсеңіз, мен де бірге кетемін. Сізден соң мынау ел мені бір күн де қоймайды,
өлтіріп тастайды,—деді.
Сонда
Алпамыс айтты:—Саған олай болса, мен бір ақыл үйретейін, ертең «ханның шүлен
беретін тойы бар» деп той қылып, елді шақырып жыйыңыз. Ел әбден жиналған
уақытта мені шақыртыңыз. Мен келген соң айтыңыз: «Алпамыс, мен құс етін жегім
келеді. Маған қырық үйрек әкеліп бер»,—деңіз. Сонда мен айтайын: «Тақсыр, бұл
жердің құсы түгіл көлін де, жүрер жолын да білмеймін» дейін. Сонда сіз айтыңыз:
«Бәтшағар, ордан өзім суырып адам қылып едім. Бүгін менің сөзімді қайырасың де,
мені күнәкер қылып. Шұбар атыңа мін, тез кет еліңе»,—деп, елден шығарып
жіберіңіз. Бұл елдің рәсімін бұзарсың де. Онан кейін ел сізден қорқар,—дейді.
Сонда Кейқуат сол айтқанның бәрін қылып, ел Кейқуатқа қайран болып қорқып,
аузына қарап тұрды».
Міне, Алпамыстың тек қара
күш иесі емес, қиыннан жол табатын айлакерлігін де осылай байқатады.
Алпамыс – намысқой.
Намыссыз адамнан батыр шықпайды. Тайшық хан Алпамыстың елін шауып, жылқысын
айдап әкеткенін естіген Алпамыс жауға қайта аттанады. Ата сөзін жерге тастамай,
жаңа түскен жарына да қарамай, намысы жібермегендіктен жауға қайта шабады.
«Шымырқанды,
шырқанды,
Буырсанды, бұрқанды,
Мұздай темір құрсанды.
Түрегеліп орнынан
Сотаменен бір салды.
Асаменен басқа ұрды,
Тұра алмастай тас қылды.
Бес мырзаның бесеуі
Бес ұрғанды көтермей,
Жанын Хаққа тапсырды» - деген
жолдар батырдың ашулы қалпын дөп басады.
Алпамыстың бойында
көріпкелдік қасиеті де бар. Алпамыс еліне диуана кейпімен келіп, өзі жоқта елі
не күйге түскенін барлап білмекші болады. «Басы шырғалаңға түскен Гүлбаршын Мапия
дейтін сақау күңіне сегіз ділда пұл беріп, «маған бал ашсын» деп диуанаға
жібереді. Жолда келе жатып Мапия бес ділдасын алып қалтасына салып, «үш ділданы
берсем де, тақиясына тар келмес» деп, дуанаға келіп үш ділда берді. Сонда Дуана:
—
Ей, Ердімбай, Ердімбай,
Шақырғанда келдің бе-ай.
Гүлбаршындай бәйбіше
Сегіз ділда бердің бе-[ай]?
Мапиядай сақау қар
Бесеуін оның алыпты.
Үш ділданы түйіпті,
Езуіме сиіпті.
Әруағымды айдармын,
Қол-аяғыңды байлармын, - деп
қаһарлана ақырады. Әрине, Алпамысқа діллә қат емес, ол тек Мапияның арамдығын
әшкере етеді.
Алпамыстың тағы бір
ерекшелігі – оның мейірімділігі. Ол да ел-жұртын сағынады. Құлтай бабасы мен ата-анасының
алдында ерке перзентке айналады. Бауыры Қарлығашқа аға болып еміренеді. Ал құл
боп жүрген ұлы Жәдігерді көргенде қатты қиналады.
«Үш жүз алпыс тамыры
Алпамыстың иіді.
Енді танып баланы,
Атынан түсіп барады.
Танды ақылдан Алпамыс,
Баласы басын сүйеді» - деп
суреттеледі. Бойында әкелік мейірімі мол Алпамыс жүдеу баласын көргенде, тіпті,
естен танып қалады.
Халық арасында қас
батырдың болмыс-бітімі ерекше жаралады. Ғайыптан туып, өзіне тән ғана айрықша
белісі болады деген наным бар. Осы наным жырда былайша көрініс табады: Еліне
Диуана кейпінде келген Алпамыс Құлтай бабасынан «балаңыздың қандай белгісі бар
еді?» – деп сұрайды. Құлтайдың:
– Ақша бір жауған қар
еді,
Ғаріптің көңілі тар еді.
Заманында бар болса,
Рүстемнің пары еді.
Қайсы бірін айтайын,
Жалғызымның белгісі,
Жауырынының үстінде
Дөңгелек қалы бар еді – деген
жауабын естігеннен кейін, туа біткен қалын көрсетіп, жылап көріседі.
Жырда Алпамыстың
қару-жарақ, сауыт-сайманы да ерекше суреттеледі. Мәселен, «белдігі алтын кісе»,
«қызыл найза қолға алып», «ақ қанжарын суырып», «мойнындағы сотамен, әрқайсысын
бір салды», «мұздай темір құрсанды» сынды тіркестер батырдың қолға ұстаған қаруын
белгілейтіндей. Десек те мұндай тіркестердің барлық батырлық жырларда
кездесетінін де естен шығармаған дұрыс.
Тағы бір қаперде
сақтайтын мәселе – еліміздің бірқатар өңірлерінде Алпамыс батыр
ескерткіштерінің бой көтере бастауы. Мәселен, Шымкент қаласының іргесінен
өтетін жолдың бойында, сондай-ақ Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында Алпамыс
батырдың ескерткіші бой көтерді. Осы жерде «Ескерткіштер бір-біріне қаншалықты
ұқсайды?» «Ескерткіштегі бейне мен жоспарланып отырған суреттегі бейне бір-біріне
қаншалықты жақын болуы керек?» деген сұрақтар туындайды. Осы мәселені жақсылап
ойланған дұрыс. Ұрпақ санасында сақталып
қалу үшін Алпамыс батырдың өзіне тән болмыс бітімі болуы керек. «Мынау Алпамыс
батыр», «мынау Қобыланды батыр» деп жыға танитын күнге жету біздің басты
міндетіміз екенін естен шығармауымыз керек.
Гүлбаршын
Гүлбаршын эпикалық
дәстүрге лайықты бейне, адал қалыңдық, сенімді жар, нәзік те сұлу әйел.
Жырдағы Гүлбаршын бейнесі
екеуі өмірге келмей тұрып, бел құдалық жолымен атастырған жары Алпамысқа
адалдығымен басталады. Ол Алпамыстың келетін жолындағы жатқан тасқа өз аты мен
Алпамыстың есімін жазып қалдырып, сүйген жарына бағыт білдіреді.
Тайшық хан мен Қараман
өзара таласып, Гүлбаршынға кісі жібергенде, екеуін де алдап, қысылтаяңнан шығар
жол табады. Ол жырдың бір нұсқасында:
Арадан алты ай өткенше,
Арығы болса, семіртсін,
Семізі болса, таптасын,
Ақ найзасын саптасын...
... Қырық күншілік
байрақтан,
Аты озып келгенге
Бақыты қара Баршынмын,
Хан-қараңа айтып бар
Өзім соған тиемін, - деп
шешімін айтады. Алты ай мәулет сұраудағы ойы Алпамыс іздеп келер деген үміттен
туған еді.
Гүлбаршынның
«Алпамыстың келгенін естіп, батырдың жүзін бір көруге асыққаны, сөйтіп майдан
алаңына жүгіріп баруы оның қайсарлығын білдіреді. Ол жауларынан тайсалмай,
атастырған жарына деген құрметін көрсетеді.
М.Ғабдуллин: «Гүлбаршын
асқан көркемдік, сұлулықтың бейнесі ғана емес. Ең алдымен ол ел сүйген батырға
жар-жолдас, кіршіксіз таза, айнымас дос тұлғасында жырға қосылады. Жырда
Гүлбаршын асқан ақылды, әдіс-айласы мол, досына сенімді серік, адал ару
бейнесінде көзге түседі. Ол досының алдында болсын, дұшпандарының алдында болсын өзінің де, Алпамыстың да абыройын
түсірмей, көтере ұстайды. Нешелер қысылшаң кезде, ақылмен жол тауып, төніп келген
қауіптен құтылып отырады» деп қорыта сипаттайды.
Гүлбаршын – сертке берік
жан. Қараманды жеңген Алпамыс өзін алып кетпекші болғанда:
Қара
нәркес көзім бар,
Алмадай қызыл жүзім бар.
Батырым келместен бұрын
Дін білмеген қалмаққа
Алдап бір айтқан сөзім
бар – деп, Алпамыстың Байшұбарды жарысқа қосуын сұрайды. Жарыстан аты озғанға
тимекші болған сөзін ұстайтынын білдіреді. Құртқадай атбегі болмағанымен,
қазақы ем-домды білетін, сұңғыла Гүлбаршын бәйгеден жадап-жүдеп келген
Байшұбарды баптап, аяғын қойдың құйрығымен сылап, қайта жаратады.
Гүлбаршын – өте төзімді
әйел. Алпамысты жеті жыл күткенде оның көрмеген қорлығы, шекпеген азабы жоқ.
Ұлтанқұлдың көрсеткен қорлығы, күң етіп, ауыр жұмысқа жегуі оның сағын сындыра
алмайды. Сертіне, еріне адалдығын сақтап, аштық пен ауыр бейнетке төзеді.
Диуана кейпінде келген Алпамысқа:
– Белгілі осы Байсын
жерім болсын,
Жарқырап жалғыз ұлым керім
болсын.
Сөзіне сол құлыңның құлақ салсам,
Некелеп әкем келіп ерім болсын,
деп өзінің адалдығын білдіреді.
Гүлбаршын – сезімтал
әйел. Диуана болып келген Алпамысты алыстан көріп, «Мына диуананың басындағы
лыпысы болмаса, құдды менің еріме ұқсайды екен-ау» – деп Мапия сақауды бал аштыруға диуанаға жібереді.
«Апырым-ай, дүниеде жоқ
мұндай Шұбар,
Кеуілім бегім келіп қашан тынар.
Атына Алпамыстың ұқсайды ғой,
Алтыннан мойнындағы таққан тұмар.
Алпамыс менің бегім ер бола ма,
Қу қайғы ішімдегі шер бола ма?
Қалып тұр осы кезде той жақындап,
Ақ денем Ұлтан құлға жем бола ма? – деп ішіндегі қайғысын білдіреді.
Қаракөзайым
Алпамыс батырдың образын
ашу үшін жыршылар оның жауларының қыздарын немесе қарындастарын оған ғашық етіп
қояды. Сондай арулардың бірі қалмақ ханы Тайшықтың қызы Қаракөзайым.
«Алпамыс батыр» жырындағы
Қаракөзайым өз теңін таппай, әке үкімінен шыға алмай жүрген ару. Батырлар
жырындағы хандардың қызы көбіне бас еркіндігі жоқ, әкесі кімге берсе соған
тәуелді болып қалады. Міне, осы
тәуелділіктен құтылу үшін хандардың қызы өзінше әрекет жасайды, бас бостандығы
үшін небір сынақтардан өтуге тәуекел етеді. Мәселен, «Ер Тарғын» жырындағы
Ақжүніс, «Қобыландыдағы» Қарлыға, «Алпамыстағы» Қаракөзайымдар осындай өз
еркіндігі үшін күрескен әйелдер санатын құрайды. Қаракөзайымның қаһарлы әкенің
қатал талабынан қаймықпай өзінше әрекет етуі, әділетсіздікке қарсы тұруы нәзік
жанның қайсарлығын көрсетеді. Әрине, Қаракөзайымның әкесін шауып алатындай
қайрат, күші жоқ. Бірақ сол алып күштен де үстем айла, амалы бар. Сол ақыл,
амалын орынды пайдаланып өзі қалаған нәрсеге жұмсайды.
Әділетсіз хандар мен
елдің шығарған қатал заңынан құтқаратын бір-ақ жол бар. Ол ел қорғаған батыр.
Міне, Қаракөзайымның жүрек қалауы, іңкәр сезімі Алпамысқа түседі.
Тайшық ханның Алпамыс
батырды өлтіруіне Қаракөзайым түбегейлі қарсы болады. Тайшық ханды шабуға келе
жатқан Алпамысты жол ортадан арбап, құрығына түсірген мыстан кемпір бастатқан
қырық қыздың ішінде Қаракөзайым да болады.
Қала менен даладан,
Әр жерден сұлу кеп еді.
Ұзын да емес, қысқа емес,
Бойы да бірдей тең еді.
Жаңа шыққан он бірге,
Бір жылда туған төл еді.
Ханның қызы Қаракөз
Ішінде жүрген пері еді,
Заты адам десе де,
Көргендер пері дер еді – деген
суреттеу арқылы жыршы оның сұлулығын арттыра түседі.
Ниеті адал Қаракөзайымның
Алпамысқа жанашыр жан екендігі қырық қыз құйған шарапты ішпе деп айтуға неше
мәрте оқталған сәтінен байқаймыз. Алайда мұны сезген қу мыстан Қаракөзайымды
мас күйіндегі Алпамысқа жолатпайды. Тіпті, шарапқа мас болған Алпамысты бір рет
оятпақшы болып шымшып кетеді. Оны көрген мыстан Қаракөзайымды батырдың қасына
енді қайтып маңайлатпайды. Бұл қылығыңды қайта қайталасаң әкеңе айтамын деп
ескертеді. Әдебиеттанушы Қ.Жұмалиев: «Қаракөзайым дүниеге, малға, баққа құмар
емес, тек өзіне шынайы қосақ болар жарға ғана ынтызар. «Арқасы күнге күймеген,
табаны жерге тимеген» ханның ерке де сұлу қызы өзінің сүйгенін іздейді, теңіне
қосылуды армандайды. Алпамысты алғаш көргенде-ақ «Ақылмен аңғарып, ер екенін»
білген: «Ханның қызы Қаракөз, Алпамыс ердің жүзіне» ғашық болып қалады.
Ынтызарлық, сүйіспеншілік бүкіл жанын шарпып, махаббат оты жанына жалын берген
Қаракөзайым сүйгеніне, батырдың жолына басын бәйгеге тігеді. Ақылмен талай
айла-амал жасайды. Батырды құтқару үшін неге болса да пейіл» - деп, оның хан
қызы болса да адал ару екенін ерекше баға береді.
Батырлар жырында кейіпкер
мақсат, мұратына жету үшін уақыт созады. Ол үшін әр түрлі амал, айлаға барады.
Қаракөзайымның да осындай сан түрлі айласы бар. Тайшық хан Алпамысты алдап
қолға түсірген мыстан кемпірдің таз ұлына Қаракөзайымды беруге уәде еткен
болатын. Бірақ жасының тым кіші екенін сылтауратады.
– Тыңда сөзді, анамыз,
Он бірде биыл баламыз,
Жиырмаға келген соң,
Той-томалақ қыламыз.
Тоғыз жыл мәулет беріңіз,
Оған дейін шыдаңыз.
Балаға бала үйренсін,
Сізбенен біз құдамыз [62, 105] –
деп кемпірді үйіне шығарып салады. Осыны пайдаланып Қаракөзайым әкесінен
емін-еркін далада отау құрып, тоғыз жыл өткенше қызықты өмір сүруіне рұқсат
сұрайды. Қасына қырық қыз бен мал-мүлік беруін өтінеді. Қаракөзайымның елден
бөлек жыраққа кетуі біріншіден уақыт созудың амалы болса, екіншіден құдыққа
тасталған Алпамысты іздеп табу еді.
Қаракөзайым өте сезімтал.
Ол Кейқуат тазшаның қолындағы сырнайдың шебер жасалғанын көріп, мұның бір
мәнісі барын түйсінеді. Қырық қыз тазшаны қалай қинаса да ол ешкімге тіс
жармайды. Қаракөзайым мұны біліп, тазшадан оңашада сұрайды.
Қолыңдағы сырнайды
Кім қылды екен, Кейқуат?!
Сұрағанда шын айтсаң,
Сені тәуір көрейін.
Шыныңды айтшы, Кейқуат,
Не тілесең берейін – деп, тазшаны
алдап-сулайды.
Әдебиеттанушы Сұлтанғали
Садырбаев: «Қазақтың көшпелі дәуірінде қыздарды, әйелдерді жоғары бағалаған.
Олар өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі
деп қаралған. Қыздардың есімдерін жарық жұлдыздарға, айға теңеп атаған, анаға
тіл тигізілмесін деп серт айтылған» дейді. Сол сияқты Қаракөзайымның да
еркелігі, нәзіктігі бір басына жетерлік. Жырда қыздың ерекшеліктері «Арқасы
күнге күймеген, табаны жерге тимеген», «қыздың беті гүлденді», «кер маралдай
керілген» «қыз да болса дана еді» деп суреттеледі.
Сондай ерке де сұлу
болуымен қатар, оның бойында бір кісілік күш-қайраты да да бар. Алпамысқа
апаратын жолда, өтірік шаршадым деп, жүрісін өндірмей қойған Кейқуатқа:
«Ашылған бақта гүл, - дейді,
Сізге берейін пұл, - дейді.
Шыныменен шаршасаң,
Айналайын, Кейқуат,
Кел мойныма мін, - дейді».
Сөйтіп, Кейқуатты Алпамыс жатқан зынданға дейін мойнына мінгізіп әкеледі.
Қаракөзайым ақылдылығы
мен сұлулығының арқасында өзі аңсаған мұратына жетеді. Мыстан кемпірдің қасына
жан жуымайтын таз ұлынан біржола құтылады. Оның Алпамысқа ғашық болғаны
күлімдеген жүзінен байқалады. Жыршылар Қаракөзайымның ару бейнесін ерекше жырлайды:
Ортада отыр Қаракөз
Он бесте туған айдай боп.
Қызыл күрең іреңі
Құбылып отыр жындай боп.
Адамзаттың баласы
Туады екен мұндай боп.
Оқтаудай бойы бұралып,
Тартып қойған сымдай боп.
Сөйлеген сөзі қырмызы,
Қамырдан тартқан қылдай боп.
Сүйкеніп өтсе денесі,
Тиеді жұмсақ ұндай боп.
Арманы бар ма жігіттің,
Қосылса жары сондай боп
Қорыта
айтқанда, Қаракөзайымның бейнесін сомдау барысында оның сұлулығымен қатар
бойындағы алған беттен қайтпайтын қайсарлығы мен еркелігі сезіліп тұру керек
деген ойдамыз.
Байшұбар
Батырлар жырындағы
батырлардың ең адал серігінің бірі – астындағы аты. Батырдың мінгені адал әрі
жүйрік болмаса, ол көздеген мұратына жете алмақ емес. Осындай төрт аяғын тең
басқан, алты айлық жерді алты күнде алып беретін тұлпарлардың бірі – Байшұбар
ат. Байшұбар аттың Алпамысқа қанатты серік болу барысы әр жырда әркелкі сипатталады.
Бір нұсқада Алпамыстың қасына бір жаман жабы айналып келе береді. Қуса да
кетпейді.
«Ұстайын деп жақындап,
Қасына таман келеді.
Мойынсұнып жануар,
Жүгенге басын береді.
Сол уақытта Шұбар ат
Төрт аяғы тең болат.
«Дұшпан ұстап алар» деп,
«Өкіммен құрық салар» деп,
Жасырып бойын жүр еді» деп жырланса, бір нұсқада
«Жалы құлағынан асқан, төрт аяғын тең басқан, құйрығы бір қолтық сексеуілдің
шырпысындай, жал-кекілі жібектей, жеті жасар Байшұбарды Алпамыстың Құлтай
бабасы сыйлайды.
Ал
енді бір нұсқада Байбөрі жылқаларын өзен жағасына айдап әкелгенде судан бір
шұбар жануар шығып, жылқының үйіріне қосылады. Мұны көрген Байбөрі:
«Аман туса Алпамыс,
Ат қылайын шыраққа.
Судан шыққан жануар
Жылқыдағы пырақ па, - деп іштей ырым етіп, құрық
тигіздірмей, бөлек бақтырады.
Осы жерде қазақ тұлпарларының
өзгеге ұқсамайтын бітімі болғанын айта кеткіміз келеді. 1998 жылы археолог
Зейнолла Самашев ашқан Берел қорымынан осыдан 2500 жыл бұрын өмір сүрген аттың
тұқымы табылған. Ол жылқының қазіргі жылқыдан ерекшелігі құланға келіңкірейтінінде.
Бойында артық ет жоқ. Жалы тықыр, құйрық жүні де аса ұзын емес болса керек.
Алпамыс
батыр жырының бір нұсқасында Мыстан:
«Айналайын,
Алпамыс,
Қазанат тауып берейін.
Қарабайыр ат екен,
Алпамыс, саған не дейін.
Аяқ-қолы қысқа екен,
Жабыдан туған нұсқа екен.
Жау қаптаса қамалап,
Өзіңді жауға тастайды.
Астыңдағы тұлпарың
Аяғын артық баспайды, - деп сынайды. Жалпы, тұлпардың
бейнесін сомдауда мыстанның сипаттауына да мән берген жөн-ау деген ой келеді.
Жылқы малын зерттеп
жүрген ғалымдар Кеңес Рақышев пен Түгел Сәдібектің еңбектерінде Қазанаттың
төзімді болғанын алға тартады. «Қазақстан жерінде халық аузында Қазанат деп
аталып кеткен жылқы тұқымы мол болған. Шынында да олар өзінің жүйріктігімен,
төзімділігімен ерекшеленген. Оның тегі туралы: «олар өздеріне күтім жасаған
иелеріне, қасиетті туған жерін ашық шайқастарда жан сала қорғаған, батырлардың
сенімді серігі атанған жай ғана жылқы емес, нағыз қанатты тұлпар еді» деген сөз
бар. Сол Қазанаттардың даңқы әлі көмескі тартқан жоқ, керісінше қазақтардың
жүрек түкпірінде, жадында сақталып қалды» дейді.
Байшұбардың сезімталдығы,
төзімділігі тіпті ерекше. Өзіне мінбекші болып үзеңгіге жармасқан қу кемпірді аузымен
тістеп, аяғымен тебеді. Алпамысқа төніп келе жатқан қауіпті ескертіп, көзінің
жасын төгеді. Достыққа берік шұбар атты Тайшық хан темір үйге қамайды. Жеті жыл
өтсе де, еш пенденің қолынан тамақ жемей Шұбар ат өлесі халге жетеді.
Сөйте
тұра Алпамыстың иісін сезіп, темір үйді бұзып шығады. Қырық құлаш арқанмен
терең зындандағы Алпамысты сүйреп шығарады.
Шұбардың жүйріктігі жырда
арнайы суреттеледі.
Бір күн шапса Шұбар ат, Айлық
жер алып береді – деп оның жүйріктігін асыра бейнелейді.
Байшұбар
жылқы малына жеткізбейтін аса жүйрік тұлпар. Оның шабысы көз ілістірместей
жылдам. Тіпті, аяғының жерге тиген тимегені белгісіз.
Тұяғы қызды Шұбардың,
Аяқты нұқып басады.
Жайпаңдау жерден зырғытып,
Ойпау жерден ырғытып,
Екі көзі телмеңдеп.
Омырауын көрсең есіктей,
Мойын еті бесіктей,
Талдап өрген жібектей
Кекілі сұлу Байшұбар
Базардағы мақпалдай.
Сымбаты сұлу жануар
Ойға тіккен ордадай.
Сауырыны сұлу жануар
Молда қиған қаламдай.
Құлағы сұлу жануар
Орыстан келген легендей.
Тұяғы сұлу жануар
Жалтыраған қояндай, - деген жолдарды оқып отырып,
көз алдыңызға тұтас сурет елестейді.
Байшұбар
– мінезді ат. «Ол жеті күн бұрын кеткен жүйріктерге қиналмастан шауып жетеді.
Өте беріп Тайшық ханның Тарлан атына
шоқтықтан ауыз салады. Артық туған Тарлан ат майрылып қалады».
Міне, осындай осы ерен шабысымен
Байшұбар Алпамысты өз мақсатына жеткізеді. Жаулардан кегін алып, елін азат
еткізуге үлкен септігін тигізеді.
Байшұбар тұлпардың жырда
ең бір ақыл тапқан жері Қараманды көргенде үстіндегі Алпамысты алып қашуы.
Аңғал Қараман менен қашты деп өзінің Қара атымен Алпамысты қуа жөнеледі. Алайда
Қара ат Байшұбарға жете алмай болдырады әрі Қараман жол-жөнекей астындағы атына
жеңіл болуы үшін қаруының барлығын тастайды. Міне, осы кезде ғана Байшұбар
қайта айналып Қараманға қарсы шаба жөнеледі. Алпамыс қарусыз қалған Қараманды
оңай жеңіп кетеді. Батырдың жеңіске жетуіне Шұбар аттың үлкен септігі тиеді.
Құдайдан соңғы жолдасым
Астымдағы Шұбар ат.
Астымдағы Шұбарым,
Тар жерде жолдас шырағым,
- деп Алпамыстың өзі айтқандай, Жырда батыр мен тұлпар бейнесі қатар жүреді.
Бастарына ауыр іс түскенде дереу бір-біріне көмекке келеді.
Жалпы жырда жылқы түсіне
ерекше көңіл бөлген. Олар, «бурыл», «шұбар», «қара қасқа» т.б. бөлінеді. Оның
себебі бұл түс пен түрдің сирек кездесетінінде болса керек. Жырда жылқының ақ
боз ат немесе шұбар ат болып келуі көпке ұқсамай даралануынан деп түсінгеніміз
абзал. Сондықтан Байшұбардың да осындай шұбар түсті иеленуі заңдылық.
Жанып тұрған жалындай
Құбылып тұрған сағымдай,
Шабылып Шұбар терледі – деп
жырлағандай оның шабысында да өзге жылқы малына ұқсамайтын даралық бар.
Қараман
Қараман (кей нұсқаларда
Қаражан) аса күшті батыр. Ол Баршынның сұлулығын естіп ғашық болады. Баршын
өзін таңдайды деп дәмеленеді. Сол үшін ханға да қарсы шығады.
« Ханның ісі елменен,
Патша зорлық қыла ма,
Не ісі бар қызбенен?
Нәсіп болса, Баршынжан
Дәурен сүрер бізбенен, - деп өзін
қызға тең санайды.
Баршын сұлудан дәмелі Қараманның
сырт бітімін жыршылар сұрықсыз етіп береді. «Қараса Қаражанның астында
Байшұбарды көрді. Үстіне қараса, қайнатқан темір реңді, түрі жап-жаман, бұрын
бір де көрмеген қара қалмақты көрді. Көріп уайымдап, Байшұбар атты шырамытып,
көңілі бұзылды, көзінен жасын төгеді» деген жолдар Қараманның Баршын сұлуға тең
еместігін білдіріп-ақ тұр.
Қараман оқиғаның басында
Алпамыстың жауы болып суреттелгенімен, кейін досына айналады. Қараманның
Алпамысқа жаулығы Гүлбаршын сұлуға таласқанынан басталады. Қараман
«Гүлбаршынның елін шабамын, сұлуды аламын» деп әкесіне елші жібереді. Алайда,
Алпамыстың келетінінен күдер үзбеген Гүлбаршын оны алдарқатып, уақыт оздырады. Жырдың
бір нұсқасында Алпамыс жауды қойдай қырып жатқанда бір қалмақ қашып Қараманға
жетеді. Мұны естіген Қараман ашуға булығады.
Ал енді бір нұсқада ол өз
күшіне сеніп, «қырық мың қол немесе қырық мың қолға татитын батыр келе жатыр»
деп Тайшық ханның әскері мен өз әскерін қайтарып жібереді. Осыған қарап-ақ
Қараманның күшін салмақтай беруге болар.
Ашуланып
Қараман
Мінеді тұлпар қарасын.
Ер-тоқымын саймандап,
Басынан алды дорбасын.
Қараманның күштілігі
сондай «найзаны сәскелік жерден шаншиды». Ол Алпамыстың ерлігін естігенде
үйінде байыз тауып отыра алмай, қара атына мініп, жол ториды.
«Ақ сауытым киейін,
Ат құйрығын түйейін.
Кім де болса көрейін
Қаражан атым құрымаса,
Бір шетінен қиғаштап,
Аш бөрідей тиейін, - деп Қара атына қонып, ашудан күйіп-піседі.
Үстіне киген ақ сауыт тәніне сыймай кернейді. Батыр қолын сермейді. Қараманның
ашуға мінгендегі кескіні адам қорқарлық. Бір қарағанда Алпамысты жазым
ететіндей.
Қараманға
қараса,
Түсі де суық темірден.
Қайратына мас болып,
Тізесін шайнап кемірген – деп оның дүлей күш иесі
екенін сездіреді. Жырдағы:
«Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Ат тізесін бүгісті,
Бүге-бүге тұрысты.
Қараман мен Алпамыс
Төрт күн, төрт түн ұрысты», - деген жолдар
Қараманның осал жау еместігін аңғартады.
Жетіп келді Қараман
Алпамыстың қасына.
Қолындағы күрзімен
Кетті салып басына.
Осы ұрған күрзіге
Құлар еді шапқанда,
Қойқаптың тауы, тасы да, - десе де,
Алпамыстың күші басым түсіп, ажал алқымдаған тұста Қараман Алпамыстан шыбын
жанын қиюды сұрайды. «Аман қой менің жанымды, Сындырмағын сағымды. Дос болайын
өзіңе, Алдыңа салып барымды» деп Алпамыстай батырға жалынады.
Жырдың бірқатар нұсқаларында
Қараман басында Алпамыспен қастасқанымен, кейін дос болып қалады. Бір нұсқада жанынан
қорыққаннан Алпамысқа дос болған Қараман Алпамыс кейін Тайшық ханмен соғысқанда
көмекке келмейді. Ал бір нұсқаларда Қараманның жекпе-жектен кейінгі өмірін
сипаттамайды.
Тайшық хан
Жырдағы қалмақ Тайшық хан
– өз ақылымен ештеңе шеше алмайтын қорқақ, залым билеуші. Алпамыс жоқта барып
елін шапқанымен, батырдың өзімен жекпе жекке шығарлық қауқары жоқ жан.
Тайшықтың бойындағы
ерекше қасиеті – түс жорығыштығы. Ол кек алғалы келе жатқан Алпамысты түсінде
көріп, өзінің тағы үшін үрейленеді. Байбөрінің елін шауып, жылқысын алып кеткен
Тайшық хан Алпамыстан құтылудың жолын іздейді. «Жылқысын қайырып берсем бе
екен?» әлде «қызымды берсем бе екен?» деп әр түрлі ойға шомып, қиналған сәті:
Алдынан шығып сол ердің,
Жылқысын берсем ала ма?!
Жылқысының кегіне
Қызымды берсем бола ма? – деп
суреттеледі.
Оған мыстан кемпір
көмекке келеді. Зәресі ұшқан Тайшық хан қу мыстанның сөзіне сеніп, оның ұлына
қызы Қаракөзайымды бермекші болып уәделеседі.Тайшық хан Алпамысты терең құдыққа
тастатады. Алпамыс құдықта жеті жыл жатып шыққанда Тайшық хан қатты сасады.
Өзінің Таймас сынды батырларын Алпамысқа қарсы жібереді. Одан ештеңе шықпаған
соң қалың әскер алдырады. Таймастың басын Алпамыс батыр қағып жібергенде
Тайшықтың көзіне жас келеді.
Тайшық хан енді жылады,
Қайғымен көзін бұлады.
– Жүз мың әскер келсін, – деп,
Жан-жаққа мойнын бұрады.
Бұл жүз мың әскері
жеңіліп қалғанда Тайшық хан кірерге тесік таба алмай қаша жөнеледі.
Алпамыстың аруағы
Тайшықтың үстін басады,
Мұны біліп Тайшық хан,
Қалаға қарай қашады.
Осылай
өзіне-өзі ор қазған ашкөз хан тойымсыздықтың кесірінен өліп тынады.
Ұлтан
Ұлтан – жырдағы ұнамсыз
бейнелердің бірегейі. Ол тегіне тартқан жетесіз жан. Байбөрі мен Аналық оны
бауырына басып, ұлындай асырағанымен бала күнінен ақ өгейлігіне басып,
тумағандығын көрсетеді.
Жырда Ұлтанды:
«Басы болды қалқандай,
Аузы болды талқандай.
Мұрны болды кепедей,
Екі құлағы төбедей.
Мұнарадай бойы бар,
Кәлласы үлкен түйедей.
Аяқ-қолы шынардан,
Беті қара күйеден.
Қозғалған төбе сықылды,
Құлаған тауды сүйеген.
Ұлтан құл келді жетіге,
Адам қарап болмайды
Арыстанның бетіне.
Мысалы бөрі төбедей
Қораның жатса шетінде» - деп суреттейді. Алып
денелі Ұлтан шаруаға қырсыз, жалқау болып өседі. Сегіз жасында малға бар деп
жұмсаған Байбөріні «қубас» деп тілдеп, тілазарлық танытады.
Ұлтанның
қорқаулық кейпі Алпамыс Тайшық ханның еліне кеткеннен кейін анық танылады.
«Сен
кеткен соң, шырағым,
Ұлтан төрең құтырды.
Бабаң Құлтай қой жайып,
Байбөрі әкең түйеде.
Күллі малдың бәріне
Біз емеспіз ие де.
Қарындасың Қарлығаш
Құрт қайнатып, жүн түтіп,
Сорлы шешең сорлап жүр,
Қайғыменен қан жұтып.
Алғалы жатыр Ұлтан құл
Некелеп алған жарыңды» - Тортай
ағасының шағымданғанындай Ұлтан құл Алпамыстың жеті жасар Жәдігерін көкпарға
тартпақшы болады. Ал қарындасы Қарылғашты бәйгеге тігеді.
Ұлтан
– әлсіздерге мықты болғанымен, Алпамыстың алдында қауқарсыз. Жыр соңы:
Ұстап
алып Ұлтанның
Денесінен тіледі,
Бәйтерекке іледі.
Құлағын кесті құнтитып,
Мұрынын кесті мұнтитып.
Қояндай көзін бадырайтып,
Бүйректей бетін бұлтитып.
Қылыштай мойнын қуартып,
Тоқпақтай басын сымпитып.
Жүр едің мас боп Ұлтан құл,
Құдайдың берген бағына.
Ас ішпесең өлер деп,
Қылмадым зиян жағыңа.
Кесілген жерің жайласып,
Боларсың адам тағы да.
Осылай деп Ұлтанның
Алпамыс көзін байлады.
Ерегесіп батырмен
Ұлтанның соры қайнады.
Тұлып қылып терісін,
Ұлтанға қылды келісім.
Қылышпен шапты тілгілеп,
Ұлтанның қырқып желісін» - деген жолдармен аяқталады.
Қарылғаш
Қарлығаш – Алпамыстың қарындасы.
Жырда Қарлығаштың бейнесі жан-жақты ашылмағанымен, оның сұлулығы:
Қыздың аты – Қарлығаш,
Арқасын жапқан қолаң шаш.
Ол замандағы адамда
Өзі әдемі, қаламқас.
Шашы – сүмбіл, көзі – нұр,
Жаннаттағы мысал үр.
Қарлығаштың сипатын
Ел аузында айтып жүр – деп ерекше жырланады.
Жәдігерді
өлтірем деген Ұлтан құлға:
Ұлтан
атты төреміз,
Айдауыңа көнеміз.
Бірге туған жалғызды,
Қайтып ұстап береміз?
Ұлтан атты бегіміз,
Тараған жоқ па кегіңіз?
Екі бірдей қос жетім,
Қолыңызда келеміз.
Ерік өзіңде болған соң,
Не қылсаң да көнеміз,
Ашуың кетпей бойыңнан,
Кегің кетпей ойыңнан.
Бес байталдық күң еді
Бұрынғы ата-тегіңіз.
Құл болсаң да бұл күнде
Болдың ғой біздің
бегіміз.
Құлағы кесік, қу зұлым,
Теңгерілді кеміңіз.
Дәулет бастан ұшқан соң,
Болдық қой әзір жеміңіз
– деп тайсалмай қарсы тұрады. Жәдігер үшін Ұлтан құлға қарсы шығып,
бауырмалдығын танытады.
Жәдігер
Жәдігер – Алпамыс батыр мен
Гүлбаршынның жалғыз ұлы. Әкесі Тайшық ханның еліне аттанғанда іште қалған
жәдігер Ұлтанның тепкісін көріп өседі.
Алпамыстай
батыр туар деп қорыққан Ұлтан құл оның мойнына шынжыр тағып, екі қолын байлап, қозыға
салады. Қанша бұғаулап ұстаса да Жәдігерді жасыта алмайды.
Жәдігердің
жігері жасымағаны алдынан шыққан Ұлтанға қолындағы көкбарын бермеуінен
көрінеді.
Бұл
сәт былайша жырланады:
«Жәдігердің
Ұлтан алдынан шығып: –Қайда барасың? – [деп] қолынан көкпарды тартып алайын деп
еді, оған көнбеді. Бірақ тартып алды. Жәдігер анда сөйледі:
–
Ұлтан атты төреміз,
Не десеңіз көнеміз.
Екі қолым байлаулы,
Босанар емес денеміз. Анда Ұлтан:
–Көкпарға атанды қойып, адам беремін. Сондықтан Алпамыстың баласын көкпарға
тартыңдар, –дейді.
Жәдігер:
Алпамыстың төресін
Әлі-ақ
ертең көресің.
Ұлтан
құлдың тіліне
Құдай
ұрып ересің.
Ертең
әкем келгенде,
«Жалғызым
қайда?» дегенде,
Не деп
жауап бересің,
Тарта
бер, жұртым, тарта бер! - деп басына сауға сұрамай, қасқайып қарсы тұрады.
Апасы
Қарылғашты ұрып, өзін де өлтірмекші болып ұмтылған Ұлтанға қарсы тұрады.
«Жеті жасар балдырған,
Жағасынан
алады.
Бүркіттей
ақ саусағы,
Тырыстырып
барады.
Қарлығаш
көріп жүгірді,
Өкпесін
алып қолына,
Ұлтанға
жетіп келеді.
Таяқ
жеген жетімді
Арашалай
береді.
Әлі
келмей Ұлтанның
Араша
беріп жөнеді» - деп суреттеледі.
Алпамысты көріп, жалт етіп қашқан
Ұлтанды артынан келіп, найзаменен шаншиды. «Әке, маған бер!» деп сұрап алып, тышқан
алған мысықтай, тамашасын көреді. Домалатып ойнап, үйге әкеліп, ағашқа
байлайды. Сөйтіп, Жәдігер Алпамысқа лайық перзент екенін танытады.
Кейқуат
Кейқуат
– Тайшық ханның серкесін баққан қойшы. Жырда оны:
«Кейқуат
деген бар еді,
Жасы да қарттау шал еді.
Елуден асып алпысқа
Жасы да кеп қап еді, - деп суреттейді.
Кейқуаттың
бағып жүрген бір серкесі абайсызда Алпамыс жатқан зынданға түсіп кетеді. Серкені
шығара алмасын сезген Кейқуат зындандағы Алпамыстың үстіне ауыр қой тасты
домалатып әкеп, тастап жібереді. Қойтасты кері лақтырған Алпамыстың ерен күшіне
тәнті болып, оған көмектесуге бел байлайды.
«Заты қойшы демесең,
Патшаның еді еркесі.
Кейқуаттың ақтығы,
Семірген еді желкесі – деп
суреттегендей, Кейқуат Алпамыс үйреткен сырнайды тартуды тез-ақ үйреніп,
зеректігін байқатады. Қаракөзайымның қасындағы қырық нөкері қанша қинап, сабаса
да жағын ашпай, сырды тек Қаракөзайымның өзіне ғана жеткізеді.
Кейқуаттың
бойында ханға, оның қызына деген ашу-ызасы да бар. Қаракөзайымның Алпамысқа
ынтықтығын сезгеннен кейін «аяғым ауырды» деп қулыққа басып, жүрмей, қызды
мойнына мінгізуге мәжбүрлейді. Қыздың мойнына мінгенімен қоймай, оны екі
өкпесінен тепкілеп, әбден қалжыратады. Тайшықтан кегін алған Алпамыс Кейқуатты
хан қылып, Қырық қыздың басы Нарзанкүлді Кейқуатқа некелеп мұратына жеткізеді.
Бадамша
Бадамша
– өзі сақау, өзі ақымақ әйел, Ұлтанның қосағы. Ұлтанды ешбір адам мақтап өлең
айтпағасын, қасына Мапия сақауды ертіп, өзі тойбастар айтқан Бадамшаның әрбір
сөзінен ақымақтығы анық байқалады. Байбөріні түйе баққан құлымыз деп тасып
сөйлейді. Гүлбаршынды тоқал деп кемсітеді. Диуана кейпінде келген Алпамысқа:
Айшақ
мүйіз ақ сейке, Қойды бастай, жай-жай.
Белі қыпша жігіттей Тойды бастай, жай-жай.
Бізді мақтап ойен айт, Бек бойдың деп диуана,
Көңиі кейсе Бадамша Теңге тастай, жай-жай.
... Тоқай бойған
Күйбайшын, Білмеймішін, шикін-ау,
Құтты бойшын тоқайың, Деп айтыңыз, жай-жай, -
деп, мақтана тіл қатады.
Бісміллә
деп тойыңа, Келе алмаймын, жар-жар.
Байың тегін берсе де,
Сені алмаймын, жар-жар.
Әлі де болса, сен
күңсің, Ал Гүлбаршын – бәйбіше,
Сені бәйбіше болады Дей алмаймын, жар-жар – деп жауап берген диуананы «Ұлтаным төбеңді теседі» деп қорқытпақшы болады.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ