THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
404 - Ештеңе табылмады.
Кешіріңіз, сіз іздеген ақпарат бұл жерде жоқ.
Ұрпақ тәрбиесі үшін күрес: бесігімізді қалай түзейміз?
Авторы: Дінмұхамед Аязбеков
07/06/2017 16:09 0 50373 0
Қазақстан тәуелсіз ел болғалы бері білімі мен білігі ұштасқан интеллектуалды ұлт болуға, жаңа үлгідегі заманауи технологияларды игеруге, дамыған елдердің қатарына қосылуға талпыныс жасап жатыр. Десек те, мемлекет тарапынан білім мен ғылымды дамытуға қыруар қаржы жұмсалғанымен, мәдениет пен әдебиет, руханият салаларын дамыту мәселесі ат үсті қаралуда. Ертеңгі болашағымыз болатын ұрпағымыздың тамырына рухани нәр бермей, оларды ұлттық құндылықтарға қандырмай, біз ешқандай да «интеллектуалды ұлт» бола алмайтынымыз көптеген шенді ағаларымыздың көңіліне қона бермейді. Дегенмен, жуық арада ғана Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің жанынан құрылған Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестірмелік-әдістемелік орталығы «Бесігіңді түзе» атты жобаны қолға алып, ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін біріздендіру жұмыстарына белсене кірісті.
Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін біріздендіру бастамасы
Тілдерді дамыту орталығының директоры Бижомарт Қапалбековтың тікелей бастауымен «Бесігіңді түзе» атты жоба жүзеге асып жатыр. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, «Алтын Қыран» қоғамы бұл жобаға қолдау білдіріп, орындалуына ат салысуда. Жобаны талқылау мақсатында бірнеше апта бұрын ғана Алматы қаласында болған дөңгелек үстелде көп мәселенің басы ашылған еді. Міне, елордамыз Астана қаласында да мұндай дөңгелек үстел жалғасын тапты. Жобаның негізгі мақсаты – халық ауыз әдебиетінің кейіпкерлерін біріздендіру, қалыпқа түсіру. Мәселен, ауыз әдебиетімізде кең тараған кейіпкер Қобыланды батырдың 34 нұсқасы бар. «Бесігіңді түзе» жобасы аясында Қобыланды батыр, Алдар көсе т.б. кейіпкерлердің кейпін ашатын бөліктерін, осы батыр туралы жырды зерттеп жүрген ғалымдардың образға берген ғылыми тұжырымдарын жинап, суретшілерге беріп, суретшілер осы жинақтар мен зерттеулерге қарап кейіпкердің барлық нұсқасын салып шығады. Сол суреттердің ішінен балалардың психологиясына жақын, есінде жақсы сақталатын тек бір ғана бейнесін Мәдениет және ақпарат министрлігі бекітіп береді. Содан соң, сол бір ғана бекітілген кейіпкер негізінде мултьфильмдер түсіріліп, қуыршақтар, картиналар т.б. жасалатын болады.
Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін, жалпы ұлттық мәдени мұрамызды жас ұрпақтың санасына сіңіру жолында көтеріліп отырған бұл бастаманы фольклортанушы ғалымдар мен академиктер, ұстаздар толық қолдап отыр. Ер Төстік, Ер Тарғын, Қобыланды, Керқұла атты Кендебай, Алпамыс, Толағай т.б. батыр кейіпкерлер баланың жазбай тануына жол ашатын жобаның маңыздылығы орасан зор. Аталған образдар қаншалықты ұтымды, ұлттық бояуы қанық шықса, бала соншалықты халық әдебиетінің кейіпкерлерін есіне жақсы сақтап, әдебиетке жақын өсетіні белгілі. «Бесігіңді түзе» жобасы аясында осылайша бірі-бірінен асып түсетін халық ауыз әдебиетіміздің кейіпкерлері қазақ балаларының ертегі кітабында да, оқушының оқулығы мен электронды құралында да, ойыншықтарында да, анимациялық мультфильмдерде де бір кейіпте бейнеленеді. Сол кейіпкерлер арқылы ұлттық құндылықтарымыз балаларымыздың бойына сіңірілетін болады.
Бір ғана мысал, бүгінде балабақшада, бастауыш сыныптың оқушыларын оқытуда мультфильм кейіпкерлерінің үлесі зор. Ақтөбе қаласындағы Елек орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Сырымова Айгүл Жаулыбайқызы бастауыш сыныптарға «Мультфильмдер әлеміндегі математика» атты тақырыптық сабақ өту арқылы балалардың сабаққа деген құлшынысын жоғары деңгейге көтергенін тәжірибе ретінде ұсынады. Оқушылар осы сабақ арқылы геометриялық фигураларды, пішіндерді есіне жақсы сақтаған. Осыдан-ақ, балалардың мультфильмдерге деген құмарлығын, сол мультфильмдердегі кейіпкерлер арқылы оларға мотивация беріп, сабаққа деген құлшыныстарын арттыруға болатыны тәжірибе жүзінде дәлелденді.Анимациялық т.б. кейіпкерлер арқылы салт-дәстүрді, өзара қарым-қатынас этикасын, адамның ортада өзін ұстау мәдениетін, тілді меңгертуге болады. Кейбір дамыған елдер бұл әдіс арқылы математика, география, физика пәндерінің негіздерін бастауыш сыныптарға оқытуды баяғыда-ақ бастап қойған. Алайда, Елек орта мектебінің мұғалімі Айгүл Жаулыбайқызы өткізген сол бір тәжірибелік сабақтың өзінде қазақ анимациясының кейіпкерлері емес, шетелдік танымал Өрмекші-адам, Бэтман, Том мен Джерри, Маша мен аю т.б. кейіпкерлер көрнекі құрал ретінде пайдаланылыпты. Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлері атымен жоқ. Бұл дегеніміз, қазақ кейіпкерлері әлі танылып үлгермегенін білдіреді. Шетелдік кейіпкерлер бастауыш сынып оқушыларының сабаққа деген құлшынысын қаншалықты арттырғанымен, соншалықты ұлттық құндылықтарымызды бойларына сіңдіре алмайтыны мәлім.
Тәжірибеде көрнекі құрал ретінде қолданылған сол бір шетелдік кейіпкерлердің баршасы да ойдан шығарылған. Анимация саласында мұндай кейіпкерлерді «комикстер» деп атайды. Ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан «Жұлдызды соғыс» фильміндегі өзге планеталықтардың кейіпкерін жасаған продюсер, сценарист, режиссер Джордж Лукосты барша әлем таниды. Дәл осы фильмді қазақ балалары қызығушылықпен әлі күнге дейін көреді. Сонымен қатар, америкалық жазушы Боб Кейннің супер батыр «қара жарғанат (Бэтман)» кейіпкерін білмейтін адам аз шығар. Балалар мен жасөспірімдерге өте танымал Өрмекші адам, Россомаха, Темір адам, Халк, Фантастикалық төрттік, Х адамдар, Эластик әйел, Өрмекші әйел, Құмырсқа адам, Тор, Капитан Америка т.б. кейіпкерлерді жасағаны үшін жазушы Стэн Ли бірнеше рет марапатталды. Уольт Диснейдің Үйрек Дональд, Микки Маус кейіпкерлері де адамды өзіне тәнті етеді. «Конан батыр жауынгер, Қайраты асқан есіл ер» деп жас күнімізде жаттап өсіп, қылышына құмартқан Роберто Говардтың «Конан-варвар» мультсериялы әлі есімізде. Кевин Истман мен Питер Лэрдтің «Тасбақа Ниндьзиясы» сонау сексенінші жылдары салынған екен. Кем дегенде кейбіріне 30 жыл болып жатса, кейбір кейіпкерлердің дүниеге келгеніне бір ғасырға жуық уақыт болған. Бүгінде сол кейіпкерлердің танымалдығы арқылы түрлі версияда фильмдер түсіріліп, шетелдік кино ұсталары ақшаға батуда. Ал, қазақ халқының ауыз әдебиеті кейіпкерлері жас жағынан олардан әлдеқайда асып түседі. Кейбір кейіпкерлеріміздің жасы он ғасырға таяп қалған. Ендеше, олар неге танымал емес?..
«Қазір интернетті басып қалып, «Алдаркөсе» деп суретке іздеу салсаңыздар, сіздерге 24 түрлі Алдаркөсені береді. Сондай-ақ, басқа да халық ауыз әдебиеті кейіпкерлері бірнеше суретте кейіптеледі. Оған қараған бала қайсысының Алдаркөсе, қайсысының Қамбар батыр, қайсысының Қобыланды батыр екенін тек қана астындағы жазу арқылы ғана ажырата алады. Есесіне, Шрек, Кунг Фу Панда, Тасбақа Ниндьзия, Спандж боб т.б. шетелдік кейіпкерлерді тайлы-таяғымен жазбай таниды. Ата-бабамыз бізге ауыздан-ауызға жеткізіп, 100 том мұра тастап кетті. Оны «бабалар сөзі» деп кітапқа басып қойдық. Бірақ, ол академиялық басылым ретінде сөреден әрі аса алмады. Шын мәнінде, бүгінгі ұрпақты тәрбиелеп жатқан не нәрсе? Әрине, ол – электронды құралдар, интернет, теледидар. Ендеше, балаларымыздың басты нысаны болып отырған интернеттен, теледидардан бабаларымыздың қалдырып жатқан мұралары көріне ме? Көрінбейді. Сондықтан біз осы жобаны қолға алып отырмыз», - дейді Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту орталығының директоры Бижомарт Қапалбеков.
Аталмыш ұрпаққа берері көп «Бесігіңді түзе» жобасы екі кезеңнен тұрады. Ең бірінші, «бекіту» кезеңінде халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді анықтап, тізімін жасау, мәтіндегі сипаттамаларын тауып талдау жасау, филолог, этнограф мамандардан комиссия құрып, байқау жариялау, қорытындысын шығарып, халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлердің портреттік бейнелерін бекіту жұмыстарынан тұрады. Ал, екінші кезеңде ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында инновациялық құралдарды пайдалану арқылы кең ауқымды, ұзақ мерзімді жұмыстар жүргізу, түрлі-түсті суреттермен иллюстрацияланған кітаптар, монитордан бейнесін көру мүмкіндігі бар аудиокітаптар, мультфильмдер жасап шығару, жасалып жатқан жұмыстарды ресми орындардың көмегімен әлеуметтік маңызы бар шаруа ретінде жарнама өндірісін пайдалану арқылы насихаттау және ұлттық кейіпкерлердің қатысуымен компьютерлік ойындар, бояма кітаптар, дыбысталатын қуыршақ ойыншықтар шығару және т.б. жұмыстардан тұрады.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының директоры Өмірзақ Айтбайұлы: «Қазіргі кезде біз ұрпағымыз үшін күресудеміз. Шын мәнінде, біз көп нәрседен кешігіп келе жатқан халықпыз. Сонда да, ешнәрсені ұмытқан емеспіз. Арғысы ата-бабалар, бергісі біздер, Мұхтар Әуезов айтқан ғой «Ел боламын десең – бесігіңді түсе» деп. Сондықтан да, біз бүгін бесігімізді түзеу үшін ат салысып жатырмыз. Тілдерді дамыту орталығының жетекшісі Бижомарт ініміз бастама көтеріп отыр, біз әрқашан қолдау көрсететін боламыз. Бұдан былай біз барлық істі бірлесе, кеңесе отырып істесек - көп істі тындыруға болады», - дейді. Біріздендірілетін образдарды анықтау, мәтіндік нұсқаларға филологиялық сараптамалар жасау сияқты алдыңғы кезекте істелетін жұмыстар Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлерімен бірлесе отырып жасалады.
Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлері көпнұсқалы болып келетіні рас. Мұның өзі сол кейіпкерлерге анимациялық мультфильм жасайтын мамандардың өзін-өзі басын қатырып, бір кейіпкер бірнеше бейнеде суреттеліп, бүлдіршіндердің есінде сақталмай, танымалдығын жоғалтады. Мәселен, Қобыланды батырдың батыстық, шығыстық деген сияқты отыз түрлі нұсқасы бар. Сол сияқты, Алпамыс батырдың, Қамбар батырдың да ондаған нұсқалары тарап кеткен. Көп нұсқаның ішінен біріздендірілетін кейіпкерлерді сипаттайтын дұрыс мәтінді тауып, оған мамандардың (этнограф, фольклорист, суретші және т.б.) ортақ сипаттамасын беру, байқаудың ережелерін жасау, байқауға суретшілер атынан түсетін материалдарды сараптайтын комиссия мүшелерін анықтау, жобаның концепциясын ресми орындарға ұсыну сияқты дайындық жұмыстары қазірде жүргізіліп жаты
Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлері шетелдік комикстерге қарсы тұра алады ма?
«Бесігіңді түзе» жобасы, расында, ұрпақ үшін жасалып жатқан игі іс-шара. Ең алдымен, халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін біріздендіру арқылы балалардың есінде сол кейіпкерлерді сақтай аламыз ба? Бұл жобаны орындаушыларды ойландыратын басты мәселе болуы тиіс. Шетелдік кейіпкерлер Спандж боб, Том мен Джерри, Маша мен аю, Дора, Х адамдар, Россомаха, Өрмекші адам, Кунг Фу Панда, Тасбақа Ниндьзия, Темір адам, Шрек, Бэтман, Тор, Капитан Америка т.б. кейіпкерлердің ерекшелігі, танымалдығы неде? Неге олар біздің балаларымыздың санасына мықтап орналасып алды?..
Шетелдік анимация әлеміндегі кейіпкерлердің дені ойдан құралып, қиялдан туған дүниелер. Олар балалардың қиялын дамыту үшін, ой-өрісін кеңейту үшін қызмет атқара алатыны рас. Айтар болсақ, Өрмекші адам бейбітшілік үшін күресетін халық қамқоршысын сомдаса, Бэтман өз қаласын қылмыскерлерден тазарту үшін күреседі. Сол сияқты, Капитан Америка бейнесі бүкіл АҚШ армиясының брэнді болып, жеңімпаздықтың идеологиясын насихаттап жатыр. Дегенмен, бұл кейіпкерлер адамның ой-өрісі үшін қаншалықты пайдалы болғанымен, кері жақтары да жоқ емес. Яғни, әрбір шетелдік кейіпкер өз елінің құндылықтарын насихаттау үшін, әлемге идеологияларын жүргізу үшін де қызмет етеді. Балаларымыз қаншалықты «Супермен» болуға тырысса, соншалықты ұлттық құндылықтардан кері кетуге бейім болады.
Спандж Боб мультфильмін қараңыз, теңіз түбіндегі балықтар, шаяндар, медузалар сынды тіршілік иелерін басты кейіпкерлері етіп, кішігірім қаланың өмірін көрсетеді. Бұл жердегі басты кейіпкер − Спандж Боб өзінің көтеріңкі көңіл-күйімен жан-жағына шуақ сеуіп жүрген ойдан шығарылған бейне. Соған қарамастан, ол әлемдік брендке айналды. Қазіргі жас ұрпақ «Тасбақа-Ниндзялар», «Трансформер», «Мегамозг», «Халк», «Аватар» сияқты құбыжықтарды құрметтеп, солардың тәлім-тәрбиесімен өсіп келе жатқандығы баршамызды алаңдатарлық жәйт болу керек. Әлемді құтқаратын құбыжықтар емес, қарапайым ғана, мейрімді, жомарт, бейбітсүйгіш адамдар екенін шетелдік мультфильм жасаушы идеологтардың өзі естен шығарып алады.
Шетелдік кейіпкерлерді сарапқа салсақ, «Өрмекші адам» кез келген ғимараттың үстіне оп-оңай өрмелеп шыға алатын және өзінің торы арқылы ғимараттан ғимаратқа ұшып жүре алатын, қаланың халқына қауіп төндірген мақұлықтарды торымен орап тастай алатын қасиеті бар. «Өрмекші адам» болып жүрген Питер Паркерге бұл қасиет өрмекші шағып алғаннан кейін жұғады. Қарап тұрсақ, ақылға қонымсыз кейіпкер. Ал, бүлдіршіндеріміз белдігінен-ақ ажырататын «Тасбақа Ниндзиялардың» ерекше қабілетке ие болуы химиялық дәрінің әсерінен. Жәй ғана кетіп бара жатқан төрт тасбақаның үстіне лабораториядан машинамен алып келе жатқан химиялық дәрі үстеріне төгіліп кетеді. Дәрі әсер беріп, төрт тасбақа екі аяқтап жүре алатын, бірақ сол бейнесі сақталған кейіпке енеді. Оларды ұстаздары егеуқұйрық тауып алып, төрт тасбақадан бірнеше жүздеген адамдарға қарсы тұра алатын «ниндзя» етіп тәрбиелейді. Жаратылысынан қимыл-қозғалысқа икемсіз тасбақалар осылайша Нью-Йорк қаласының жеңімпаз ниндзяларына айналады. Шын мәнінде, жас бүлдіршіндерді қызықтыратын олардың негізгі қасиеті – ақылға қонымсыздығы, сценарийдің фантастикаға құрылғандығы.
Халық ауыз әдебиетіміздің кейіпкерлері арасында жоғарыда аталған шетелдік кейіпкерлерге қарсы тұра алатын образдар бар. Мәселен, «Ертөстік» ертегісіндегі «Желаяқты» алайық. Кейіпкерді осы заманға бейімдеп, бойына қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтап, керемет анимациялық фильмдер жасауға болады. Мәселен, жүгіргенде шаң жуытпайтын халық ауыз әдебиетіміздің кейіпкері «Желаяқты» Алматы қаласын ұрылар мен қылмыскерлерден тазартатын батыр етіп шығаруға болады ғой? Сол сияқты, мыңдаған әскерге бір өзі қарсы шабатын Алпамыс, Қобыланды батырлардың да туа біткен батырлық қасиеттері балаларымызды қызықтыра алады. Тек бұл кейіпкерлерді бүлдіршіндердің психологиясына жақын етіп, біріздендіру қажеттілігі туып тұр. Бұл орайда, «Бесігіңді түзе» жобасы дер кезінде дүниеге келіп отыр.
Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін біріздендіру – анимация саласында жүрген мамандар мен режиссерлердің шығармашылық қиялын шектеп қою мүмкіндігін тудырып отырғанын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай айтып өткен болатын. Жазушы анимацияда режиссерлердің бір образбен ғана шектеліп қалмайтынын, олардың кейіпкер бейнесін жұмыс барысында әртүрлі жағдайға байланысты өзгертіп отыруы заңды құбылыс екенін айтады. Ал, М.Әуезов атындағы Өнер және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов: «Ертегі мен аңыз кейіпкерлерлерін бірізге түсірген дұрыс. Бірақ, олардың бейнесі әдебиетте тұрақты болғанымен, экранға шыққанда өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сол үшін әрбір кейіпкер бейнесін өзіндік болмысы арқылы бере білуіміз керек. Мәселен, «Маша мен аю» мультфильміндегі Машаны басындағы шыты арқылы болмаса, баланың тани қоюы екіталай. Міне, қазақ ертегілеріндегі образдарға да осындай ерекшелік беру керек. Бала оларды сол белгілері арқылы ажырататын болады», - дейді. «Фольклорда тұрақты кейіпкерлер болады. Мәселен, бай, батыр, би, тіпті, мутант (күңнің баласы – Ұлтан). Образ түпнұсқа болуы міндетті емес, бірақ сақталуы қажет. Мәселен, Құнанбайдың бір көзі соқыр, ол соқыр болып қалуы қажет. Тазша бала – оның басында таз кепеші болуы қажет. Батырларды қалай ажыратамыз: Қобыланды – қыпшақ, қыпшақ этносының өзіне тән белгілері бар қазақтың өзі, Ер Тарғын – ноғай, ноғайлардың да өзіндік мол ерекшелігі бар, Алпамыс – қоңырат, оғызтектес. Сондықтан, образға алатын детальдар, бірінші, этнографиялық ерекшелігі, екінші, жеке портреттік ерекшелігі (көзі соқыр, құлағы қалқан), үшінші, суретшінің қолтаңбасы. Сол сияқты анимация жасауда, бірінші, образы қалыптасуы қажет, екінші – идея, үшінші – сюжет болуы қажет», - деп пікірлерін түйіндейді.
Шетелдік кейіпкерлерге қайта оралсақ. «Өрмекші адам» сонау 70-жылдары жарыққа шықса, Тасбақа Ниндзялар 80-жылдары, ал Бэтман 90-жылдары ойлап табылды. Дегенмен, өткен ғасырдың ортасынан бері аталмыш кейіпкер туралы анимациялық фильмдерді түсіруді бүгінгі күнге дейін жалғастырып келеді. Олардың әр нұсқасын әртүрлі режиссер, әр түрлі кино компания түсірген. Солай бола тұра, олардың кейіпі барлық нұсқасында бірдей. Тіпті, қимылдары, сөйлеу ерекшеліктері, қарсыластарымен төбелестері де сол қалпында сақталады. Бұл дегеніміз, олар қиялына қарай кейіпкерді емес, кейіпкерге қарай қиялын бейнелейтіні мәлім. Біздің анимация мамандары да олардан үлгі алғандары жөн. Яғни, бірізге енген кейіпкерге қарай сюжет құрап, соның бейнесі, мінез-құлқы, сөйлеу ерекшелігі, қимыл-қозғалысы негізінде фильм жасап шығарса, кейіпкерлердің танымалдығы артады және шоу-бизнес нарығында сол фильмдерге деген сұраныс өсетіні сөзсіз.
Жарнама – кейіпкерлерді танытудың басты құралы
Қазақ мультфильм кейіпкерлерінің балалардың есінде жақсы сақталмауының бір себебі – жарнама мен пиардың жоқтығында. Мәселен, шетелдік мультфильмдердің қай кейіпкерлері болсын тв-дан түспейді. Оларды біздің ел ғана емес, бүкіл әлем көріп жатады. Шетелдік комикстардың сұлбасы бейнеленген футболкалар, ойыншықтар жетіп артылады. Мұның бәрі жарнама деген сөз. Бір өкініштісі, Шығыс Қазақстанда сүт өнімдерін өткізу үшін сүт пакеттерінде шетелдік мультфильм кейіпкерлері басылып, сол арқылы тауарларын өткізу идеологиясы жүргізіліп жатыр. Бұл бір жағынан сүт өнімдерінің жақсы өтуіне пайдасын тигізсе, екінші жағынан шетелдік комикс кейіпкерлерінің жарнамалануына алып келіп отыр. Ендеше, неге сол сүт пакеттерінде халық ауыз кейіпкерлерін жарнамаламасқа? Әлде, сүт өнімдері өтпей қалып жүрер ме екен?... Бір қызығы, отандық балаларға арналған танымдық «Мультфильм кейіпкерлері» атты қазақтілді энциклопедияда қазақтың анимациялық кейіпкерлерінің жоқтығына не айтасыз?..
Қазіргі таңда теледидар, интернет ойындарын, газет-журналдарды былай қойып, балалардың ойыншықтары мен киімдерін түгелдей шетелдік кино мен анимация кейіпкерлері жаулап алған. Қазіргі тілмен айтқанда олардың әрқайсысы – «бренд» болды. Жақсы жарнама арқасында олардың әрқайсысы өз елінде ғана емес, сонымен қатар дүниежүзіне тарап, үлкен сұранысқа ие болып отыр. Осындай жолдармен көрермендерді қызықтырып, өздеріне тартып, рейтингтік көрсеткіште үлкен жетістіктерге жетіп, өз жемістерін көруде. Алайда, сол кейіпкерлердің салт-дәстүрі, менталитеті бізге жат екенін жоғарыда айтып өттік.
Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінен әлемдік «бренд» жасап шығуға болады. Жарнамасы мен пиары жақсы болса шетелдік комикс кейіпкерлерін басып озатынына «Бесігіңді түзе» жобасының орындаушылары да сенімді. Мәселен, Астана қаласындағы «Думан» ойын-сауық орталығындағы шегіртке мінген адам бейнесі балалар түгілі үлкендердің өзін қатты қызықтырып отыр. Елордамыздың бүлдіршіндері «Қырық өтірік» ертегісінің кейіпкері туралы ата-анасынан сұрап «Бұл кім?», «Бұл бала шегерткеге қалай мініп алған?» деген сияқты сауалдар қойып, тыным бермеуде. Дәл осы ескерткіш жарнаманың рөлін керемет атқарып жатқаны сөзсіз. Балаларымызды қызықтыратын халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінен қызықты мүсіндер жасап, неге республика көлемінде ескерткіштер тұрғызып тастамасқа?
Бүгінде ертегі, анимация кейіпкерлеріне арнап, көптеген елдерде ескерткіш тұрғызылған. Атап айтсақ, даңқты қаламгер Ганс Христиан Андерсен шығармасындағы «Су перісі» кейіпкеріне 1913 жылы 23 тамызда «Carlsberg» сыра қайнату бизнесінің негізін қалаған кәсіпкердің ұлы Карл Якобсен ескерткіш орнатады. Ертегідегі сол кейіпкерге соншалықты қызыққан Карл қолөнер шебері Эдвард Эриксенге мүсін жасауға шұғыл тапсырма беріп, көлдің жағасына «Су перісінін» керемет ескерткішін қойдыртады. Жүз жылдан бері тұрған мүсін бірнеше рет зұлымдықтан зардап шексе де, жергілікті билік пен еріктілердің арқасында қазірге дейін сипатын сақтап келеді. Дәл осындай тағы бір кейіпкер көпір астына жасырынған – Тролль. Скандинав аңыздарының бас кейіпкері болып табылатын алып тұлға 1990 жылы орнатылған 6 метрлік «Фримон троллі» АҚШ-тың Сиэтл қаласында Джордж Вашингтон көпірінің астына орнатылған. Жергілікті төрт суретшінің туындысы көпірлерді көріктендіру жобасында жүлде алған. Есесіне, көпір астында ұдайы тазалық сақталатын болды. Қазақстанда да көпір салу сәнге айналып тұрған шақта тау көтерген Толағай, Алпамыс батыр, Қобыланды батыр, Ертарғын секілді кейіпкерлер тым болмаса неге көпірді көтеруге септігін тигізе алмады? Әлде көпірді салатын сәулетшілердің бұған ой-қиялы жетпей ме?..
1912 жылы Лондонның Кенсингтон саябағындаМәңгілік бала бейнесін аңсаған тағы бір кейіпкер орнатылған. Шотланд жазушысы Джеймс Барридің шығармасына негізделген кейіпкер мүсінші Джордж Фрэмптонның арқасында жұртты қайран қалдырды. Мұның көшірмелері Ливерпуль, Брюссель, Торонто және әлемнің басқа қалаларында да көрініс тапқан. Сонымен қатар, белгілі ағылшын ертегісі «Ғажайыптар елінен келген қыз» – Алисның бейнесі Нью-Йорктегі саябақта 1959 жылы орнатылған. Жазушы әрі математик Льюис Кэрроллдың кейіпкері мүсінші Хосе де Крифтдың арқасында жұрт назарын өзіне аудартты. Мұны Джордж Делакорт есімді азамат балаларға тарту еткен. Көрші жатқан Ресейдің астанасы Мәскеу маңындағы Раменское қалашығында жазушы Эдуард Успенский шығармаларына арқау болған Чебурашка мен Генаға 2005 жылы мүсін тұрғызылды. Тіпті осы қалада ел сүйіспеншілігіне бөленген «Винни Пух и все-все-все», «Каникулы в Простоквашино», «Ну, погоди!» секілді мультфильм кейіпкерлеріне мүсін қойылып, олардың танымалдығы, бүлдіршіндер арасындағы сұранысы жоғары деңгейге жеткен.
Жарнама – кейіпкерлерді танытудың басты құралы. «Бесігіңді түзе» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жоба негізінде халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін танытудағы «жарнама» шет қалмауын қадағалау керек. Кейіпкерлер бірізге түскеннен соң, жарнама мен пиар идеологияларының жүргізілуі бірден басталып, қазақ бүлдіршіндерін қызықтыратын болса, онда халық ауыз әдебиеті кейіпкерлері мәңгі есте қалып, ұлттық құндылықтарымыз сол кейіпкерлер арқылы ұрпақтардың бойына беріліп отырады деген сөз.
Халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін қалай «брендке» айналдырамыз?
«Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай әрбір кейіпкердің өзіндік «стилі» болғаны маңызды екенін атап өткен болатын. Бұл ретте, филология ғылымдарының кандидаты Жұмашай Рақышева: «Қамбар батырдың ерекшелігі – аңшылығында, Ер Төстіктікі - жауынгерлігінде, тіпті олардың жан серігі тұлпарларының да айрықша қасиеттерінің барын білу қиын емес деп ойлаймын. Сонымен бірге, қазақ батырлары жерге, руға байланысты аталады ғой. Мәселен, Қыпшақ Қобыланды, Қаракерей Қабанбай батыр деп айтамыз. Қазақта әр рудың еліне, жеріне байланысты өзіне тән киім үлгісі де сақталған. Киногерлер соны пайдаланып, әр батырдың өзіне ғана тән бейнесін, стилін жасауына әбден болады», - дейді. Расында, халық ауыз әдебиеті кейіпкерлері түрлі нұсқадағы бейнелері әртүрлі болғанымен, стильдері өзгермегенін байқауға болады. «Дегенмен, қазақ жырларындағы кейіпкерлер бейнесінің ұқсастықтары да кездеседі. Мысалы, «Ертарғын» жырындағы Ақжүністің портреті, «Қамбар батыр» жырындағы Назым сұлудың бейнесі және «Манас» жырындағы Айшөректің келбеті бір-біріне ұқсас, үш жырда да бірдей жырланады...», - дейді сөзін жалғап. Әрине, аталмыш сұлулардың бір-бірлерінен ажырататын қасиеттерін мамандар тауып, бірізге түсіріп, өзіндік стиль берулері қажет. Сонда ғана әрбір кейіпкер «бренд» ретінде қалыптасуына мүмкіндік болады.
Расында, кейіпкердің әлемдік «брендке» айналуы оның стиліне, қызықты мінез-құлқына, сөйлеу ерекшелігіне тікелей байланысты. Әлемдік деңгейде ең қымбат анимация кейіпкерлерінің басында үйрек «Скрудж Макдак» тұр. «Үйректің оқиғалары» атты мультсериалдың басты кейіпкері болып табылатын Скрудж Макдак қаратабан балапан үйректің бай ата үйрекке айналу жолын суреттейді. Кішкентай кезінде біреудің өте лас етігін жалтыратып, тазалап бергені үшін алған бар-жоғы 10 центі оның АҚШ-қа қоныс аударуына ықпал етеді. Ол қай кезде де, қандай жолмен болмасын байлыққа қол жеткізуді басты мақсат санайды. Қанша жерден алтынға шомылып жүрсе де, оның көзіне аз көрінеді. Оқырмандар мен көрерменге осы мінезімен де сүйкімді болар. Өйткені, авторлар қарапайым үйрек арқылы адамдардың тойымсыздығын, ашкөздігін керемет суреттей білген. Оның байлығы туралы да түрлі пікірлер бар. Авторлар кейіннен үйректің байлығы шексіз асырып жібереді. Скрудж өзінің шексіз байлығын Дакбург қаласының маңайындағы өзінің қоймасында сақтайды.
Әлемдік деңгейде таралатын «Форбс» журналы өзінің ең бай ойдан шығарылған кейіпкерлерге арналған тізіміне Скрудж Макдакты бірнеше рет кіргізген. Бала кезінде оқуды тастап кетсе де, ол алдына қойған мақсатына жету үшін жан-жақты ізденіп, жаңалықпен таныс болып отырады. Тіпті, бизнесін жүргізу үшін бірнеше тілді де меңгерген. Басты мақсаты - байлықты іздеп табу болғандықтан, ол тарихи кітаптар мен қолжазбаларды кеңінен зерттейді. Қанша жерден бай болса да, ол отбасылық құндылықтарды жоғары қоя алады. Міне, байлықтан басқаны білмейтін үйректің бойындағы жағымды қасиеттер. Авторлар үйректің басынан кешкен оқиғаларын жан-жақты құбылта отырып, оның оқырманға деген сүйкімділігін жоғалтпауға тырысады. Сонымен қатар, байлыққа деген құштарлығы Скрудж Макдактың негізгі стилі болып табылады.
Скруджді сонау 1940 жылы суретші Карл Баркс ойлап тапқан. Белгілі жазушы Чарльз Диккенстің повесіндегі көпестің фамилиясын алған бұл үйрек, расында, бүгінгі кейбір тойымсыз адамдардың кейіпін танытады. Ол басында «Уолт Диснейдің» студиясының жай ғана қосымша кейіпкерлерінің бірі еді. Скрудж Макдак өзінің ерекше стилі арқылы, қызықты қылықтары арқылы оншақты жылдың ішінде «Уолт Дисней» студиясының басты кейіпкері ғана емес, өзі жеке әлемге айналды. 1952 жылдан жарық көре бастаған «Скрудж ағай» комикстерінің сериясы бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Танымалдылығы артқан сайын ол телевидениеде, фильмдерде, түрлі видео-ойындарда шыға бастады. Дакбург қаласының басқа да тұрғындарымен бірге әлемге аты шыққан Скрудждың комикстері әлемнің көптеген тіліне аударылған. Ең қызығы, әлем балалардың арасындағы Скрудж Макдактың танымалдығы кейбір шынайы даңқты тұлғалардан асып тұр. Мәселен, жер-жаһанның жартысын жаулаған жиһангер қолбасшы Шыңғысханды балалардың басым бөлігі білмеуі мүмкін, бірақ үйрек Скрудж Макдакты білмейтін бала жоқ. Міне, бұл нағыз «бренд».
Шетелдік мультфильмдердің бір ерекшелігі – терең, оқиғалар шиеленісіп кететіндей мазмұн болмайды. Бұл балалардың есінде жақсы сақталуына зор көмегі тиеді. Шетелдің қай анимациясын, балаларға арналған қай фильмін алып қарасаңыз да, кейіпкерлерінің стилі, фильмнің сюжеті өте жеңіл әрі қызықты. Скрудж Макдак тәрізді көптеген туындылары, асып-тасып бара жатқан ерекшелігі болмаса да, кейіпкерлері ойдан құралса да, керемет танымалдыққа ие болған. Олардың ерекшелігі де осында, яғни, ең бастысы, сюжет аса күрделі болмау керек, балаларға түсінікті тілмен жазылуы тиіс және әзіл-қалжың араласуы қажет. Ал, жарнама мен пиар жағында мықтап қолға алуы керек. Сол арқылы танымал болады.
Расында, кейіпкердің психологиясы балаларға өте жақын болуы керек. Ол туралы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға қызметкері, ф.ғ.к. Қайрат Ғабитханұлы: «Мұндай туындыларды дайындауда негізгі бағытымыз – балалар игілігі үшін болғаннан кейін де баланың психологиясына, бала қабылдау дәрежесіне байланысты ыңғайлауымыз қажет. Қарапайым сөйлеу тілінде немесе басқалай тәсілдер арқылы ұғынықты қылуымыз қажет. Ал сол инновацияланған туындының классикалық үлгісін өзі кітаптан оқып алады. Мәселен, қазіргі орыс анимациясында «Маша и медведь» жаңа заманға лайықталынып алынған. Қазіргі заманның өзі соған ыңғай танытқан: фильмді көру арқылы кітап оқитын заман», - дейді. Расында, анимация саласындағы халық ауыз әдебиеті кейіпкерлері қаншалықты балалардың психологиясына, ойлау қабілеттеріне сай етіп түсірілсе, өзіне тартатын «стильдік» ерекшеліктерін «Бесігіңді түзе» жобасы аясында қалыптастырса кейіпкерлердің танымалдығы, «брендке» айналу мүмкіндігі өседі.
Америкалық ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, қазіргі таңда адамзат уақытының үштен бір бөлігі теледидар көру, компьютерлік ойындар ойнау мен интернетте отыруға кетсе, мектепке бармайтын балалардың уақытының басым бөлігі теледидар алдында мультфильм көрумен өтетіні әлдеқашан дәлелденіп қойған. Киноиндустрия мен анимация қарқынды дамыған батыста белгілі бір кино немесе анимациялық фильм жарық көрсе, міндетті түрде осы фильмдегі кейіпкерлер туралы компьютерлік ойындар шығады. Қазақ ертегілерін қарық қып оқып немесе балаларға оны жан-жақты таныстырып, қиял-ғажайып дүниелерді насихаттап жатқанымыз шамалы. Біз халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің компьютерлік ойынға айналғанын телеарна жаңалықтарынан естігеніміз болмаса, сол таспалардың қолдан-қолда жүргенін көрген жоқпыз. Компьютерлік ойындар жасаумен айналысатын маман Максим Иванченко: «Компьютерлік ойындардың баланың дамуына пайдасы зор. Жаңа заманға сай баланың интеллектуалды мүмкіндігін арттыру жолында виртуалды ойындар ең қажет дүние. Әрине, сапалы ойындар жасап шығару үшін, ең алдымен, қазақстандық компьютерлік ойындар базасын жетілдіру керек», – деген болатын. Мәселен, халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінен бөлек, шынайы өмірде болған, аты аңызға айналған «Қажымұқан Мұңайтпасов» туралы керемет анимациялық фильмдер түсіріп, компьютерлік ойындар шығаруға болады. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ балаларының көпшілігі балуан аталарын білмейді. Оны ертегі кейіпкері, аңыз адам деп ойлайтындар бар. Спорттық жетістіктерінен басқа да цирк қойылымдарын көрсеткені, лом темірді майыстырып галстук сияқты таққаны, жиырма адамды пойыздың рельсіне отырғызып көтергені, трактор сүйрегені жас балаларға өтірік сияқты көрінеді. Қажымұқан – нағыз «бренд», ол фильмге сұранып тұрған тұлға болса да, жер шарының төрт бұрышында күрескен тұңғыш қазақ туралы жібі түзу фильмдер дүниеге келген жоқ. Бір ғана балуан атамызды жарнама мен пиар арқылы, анимациялық фильмдер арқылы керемет дүниелер тудыруға болады.
Шетелдік бір ғана кейіпкер түскен бір емес, бірнеше мультфильмдер бар. Өрмекші адамның 30-дан асатын мультсериялы болса, киносының өзінің 4-5 нұсқасы түсіріліп үлгерді. Түсірілімдер әлі де жалғасып жатыр. Аталмыш нұсқалардың әрқайсысын әр режиссер түсіргенімен, кейіпкерді барлығы да бір негізде, бір қалыпта ойнатады. Ал, бұл бүкіл балалардың есінде қалатыны сөзссіз. Бұл ретте, халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерін біріздендіру үшін жұмыс жасап жатқан «Бесігіңді түзе» жобасының ұйымдастырушыларына үлкен сәттіліктер тілейміз!.. Елдің болашағы саналатын бүлдіршіндеріміздің, бесігіміздің жақсы болуы «Бесігіңді түзе» жобасының сәтті орындалуына тікелей байланысты.
ПІКІР АЛМАСУ
08/06/2017 10:21
Балықтың басынан шіруі: Құраннан кейінгі кітабымыз конституциямыздан қате табылып отыр
|
ТЕКСТ