КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

                Еңбек қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыру, қалыптану, өзгеруі туралы тың әрі мол ақпарат береді. Авторлар Қазақстанда соңғы жылдардағы орфографиялық сөздіктің жиі шыққанымен, тілдегі жүйенің бұзылып, қалыптасқан нормалардан ауытқып жатқандығын алдыға тартады. Кітаптың негізгі талдау обьектісі – қазақ тілі жүйесінің 2013 жылы жарыққа шыққан «Орфографиялық сөздігі». Ғалымдар бұл еңбекті А.Байтұрсынұлы, Р.Сыздық сияқты тұлғалардың ұстанымдарымен салыстыра, сабақтастықта талдап, сөздіктің 6-шы басылымындағы сөздердің берілуіне ерекше назар аударады.

                Жалпы, орфографиялық сөздіктердің негізгі функциясы сол – дұрыс жазу нормаларын, қиындық тудырып жүрген сөздердің дұрыс жазылуын көрсетумен қатар тіліміздің байлығын да, көркемдігін де танытуы қажет. Алайда, жарыққа шығып жатқан сөздіктердің бұл үдеден шыға алмай қалатын кемшін тұстары да жоқ емес. Атап айтатын болсақ, 2005-2013 жылдары дүркін-дүркін жарыққа шыққан орфографиялық сөздікте жазылуы күмән тудырып тұратын қиын сөздер мен сөз тіркестерінен гөрі күнделікті қиналмай қолданатын сөздер көптеп берілгендігін тілге тиек етеді. Сондай-ақ жазу барысында көп қолданыла бермейтін  жағымсыз мәндегі эмоционалды, экспрессивті сөздер көп берілген деп көрсетеді. Мұндай сөздердің қарапайым тілді қолданушы адамнан гөрі көркем шығарма жазып отырған жазушы мен ұрысқысы келіп отырған адамның ғана қолданатындығын атап көрсетеді.

                Еңбек авторлары қазақ тілінің жүйесін талдау барысында А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов, А.Ысқақов, Ы.Маманов, С.Исаев, Ә.Жүнісбек сынды ғалымдардың теориялық еңбектерін негізге алып отырады.

                Сөздікте орыс тілінен калька аударманың нәтижесінде пайда болған баламалардың тілдік санаға жат екендігін айта келе, сөздікті құрастырушылардың бұл мәселеге де салғырт қарағандықтарын атап өтеді. Жергілікті өңірде ғана айтылатын сөз қолданыстарының да көп екендігі, өзге тілге тән, қазақ тіліне жат сөздердің де аз берілгені жөн дейді ғалымдар.

                Сөздікті пайдаланушы әр сөзді сөздіктен қарап отырмауы керек. Сөздер қазақ тілінің жүйесіне, заңдылығына сәйкес бірізділікпен берілуі тиіс.Тілдегі жүйені түсінген маман сөздікке қарамастан-ақ нақты жүйе бойынша жазып дағдылануы керек. Дегенмен, 2013 жылы жарыққа шыққан сөздіктен ондай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Тілдің жүйесін түсінетін адамдардың өздері де сөздікте қалай берілгеніне әрдайым үңіліп отыруға мәжбүр болады.

                Ғалым Ы.Мамановтың пікірінше: «Емледе бірізділікті сақтау – сауатты жазуға тез төселдірудің кепілі». Бірақ сөзтізбеде берілген сөздерде бірізділік сақталмаған. Есім сөздерде тәуелдік жалғауы негізінен зат есімдердің реестрінде берілгенмен, зат есімдер немесе затсымақтанған сөздер тәуелдік жалғауынсыз берілген, тәуелдік жалғаулы сөздің жеке берілген тұстары, барыс септігі мен табыс септігі жалғанған позициясы, зат есіммен бірге сын есім ретіндегі қызметі қатар берілген кездері де көп кездесетіндігі айтылған.

                Сонымен қатар, сөздікте шартты белгілер мен тыныс белгілердің ерекше қызмет атқаратыны да белгілі. Шартты белгілер мен тыныс белгілер сөзтізбедегі сөздіктің мағынасын, қызметін, қолданысын нақтылауда маңызды орын алады. Ал, ғалымдардың пайымдауы бойынша тыныс белгінің бұл қызметі көп жағдайда назардан тыс қалып кеткен. Мәселен: ағаның алды ақ жайлау, аға өлсе, іні мұра; ай дер ажа, қой дер қожа жоқ, т.б.

                Фонетикалық және морфологиялық ұстанымдардың сақталуына ерекше назар аударған ғалымдар сөздікте тілімізге жат өзге тілдің ықпалымен жасалған, тілдегі нормаға сәйкес келмейтін сөздер мен сөз тіркестерінің берілмеуі қажет екендігін атап өтіп, авторлар сөздік құрастырушылардың оған мән бермегендігін сынға алады.

                Академик Р.Сыздық «Қазақ тілінің анықтағышы» атты еңбегінде сөздердің қай кезде бірге, қай кезде бөлек жазылатынын нақтылап берген еді. Ғылымның әр алуан саласына жататын күрделі терминдердің компоненттерінің бөлек жазылатыны және ол күрделі атаулардың бірнеше тәсілмен жасалатындығын көрсеткен, сонымен бірге 1988 жылы орфографиялық сөздікке редакторлық еткенде де осы ұстанымды басшылыққа алған екен.

                Ал, соңғы жылдары көпшілік қауым сөздікке енгізіліп жатқан өзгерістерге, әсіресе бұрын бөлек жазылған сөздерді біріктіріп жазуға қарсы екендігі еңбекте айтылады. Осыған байланысты нақты сараптау жүргізу мақсатында авторлар 1988 жылы академик Р.Сыздық редакторлық еткен «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» мен  2013 жылы профессор Н.Уәлидің редакторлығымен жарық көрген сөздікті салыстырып өтеді.

                ХХ ғасырдың басында жиі талас тудырған қазақ зиялыларының еңбектерін, тілтанымдық мұрасын әрдайым назарда ұстап жүрген еңбек авторлары шет сөздерді таңбалау мәселесінің де өзекті екендігіне баса назар аударады. Шеттен енген термин сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеуде А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхаммедұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы сынды терминолог ғалымдардың ұстанымдарын басшылыққа алу керектігіне, сингорманизм заңдылықтарының сақталуына да ерекше көңіл бөледі.

                «Шет сөздердің імләсі жайында» атты мақаласында Телжан Шононов: «Жат сөздер халық айтуына жеңіл, құлағына жағымды, түсінігіне үйлесімді, қат тануына оңтайлы болуы үшін, жат тіл імләсін тіліміздің заңына үйлестіруіміз керек. Осы күні бір жат сөз әр түрлі құбылып жазылады. Мысалы: камисериет, камисе-рет, камөнес т.т. Мұнан қалың бұқараның қат тануына, шет сөздерді түсінуіне зиян көп, тіліміз заңына келмеген соң қалық тілі күрмеліп айта алмайды, сондықтан шет сөздер белгілі ережемен жазылсын... Шет сөзді дыбыс негізіне тіліміздің заңына сүйеніп жазу үшін тілімізге қалық арқылы кірген араб, парсы және ескіден кірген орыс сөздері дерек болсын. Бұл күнгі газет жорналдар қалықтың шет тілге тілі қалай келуімен санаспаған. Сондықтан бұлар өзгертіп алған сөздер імлә жасауға дерек бола алмайды. Тілдің неге келмеуі әр тілде әр түрлі дыбыс жолы (артикулляционная база) болуынан. Қалық өзінің дыбыс жолына үйлестіріп, тілін келтіріп шет сөз алады. Тілі келмейтін газеттегі шет сөзден халыққа зияннан басқа пайда жоқ: қат танып, тілін ұстартуға бөгет», - деп жазғанын келтіре отырып, 2013 жылғы сөздіктегі осы мәселенің берілу ерекшеліктеріне шолу жасайды.

                Қорыта айтқанда, еңбек авторларының негізгі мақсаты – аталған сөздіктің жетістігі қайсы, кемшіліктері неде дегендердің басын ашуға тырысып, сол арқылы келешекте сөздіктің жақсы жақтарын одан әрі жетілдіре түсуге, кемшіліктерін түзетуге септіктерін тигізу.

                Еңбек авторлары: «Орфографиялық сөздік шын мәнінде дұрыс жазуға көмектесетін, басшылыққа алынатын, ұстанымдары нық, әркелкілікке жол бермейтін тілдік жүйеге негізделген, бір де бір қатесі жоқ сөздік болуға тиіс», - деп ойларын қорытып, құрастырушылардың ең бастысы тілдегі жүйе мен норманы терең түсіну керек екендігін баса айтып кетеді.

                Тіл мәдениетінің мәртебесін айқындайтын негізгі  көрсеткіштердің бірегейі – жазудағы бірізділік десек, бұл кітаптың ана тілінің мәртебесін көтеріп, жазу мәдениетін дамытудағы орны орасан десек қателеспейміз.

 

 

 

 

 

 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 661 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 947 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика