THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Көптілді қоғамда адамдарға бір тілді ғана меңгеру аздық етеді. Сондықтан адамдар қарым-қатынасындағы тілдер меңгерілу дәрежесі мен қоғам өміріндегі рөліне қарай әр түрлі атауға ие болып, түрліше түсіндіріледі. Тілдің қоғамдық қызметі мен әлеуметтік мәнін қарастыратын тіл білімінің бір саласы – әлеуметтік лингвистика оларды: ана тілі, этнос тілі, екінші тіл, негізгі тіл, қосымша тіл, аралық тіл, меңгерілген (усвоенные) тіл, үйренген (выученные) тіл т.б.деп бөліп көрсетеді. Тілдерді осылайша бөліп ажырату біріншіден, адамдардың тіл, оның мәні мен қызметі, рөліне байланысты таным-түсінігін кеңейтеді; екіншіден, тілдің қоғамдағы орнын, қолданылу аясын анықтап, мәртебе беруге септігін тигізеді; үшіншіден, тілді оқыту, меңгерту жолдарын, өлшемдері мен деңгейлерін анықтауға мүмкіндік береді. Енді осыларға қысқаша тоқталайық.
Адам өз қарым-қатынасында қандай тілді қолданса да солардың ішіндегі ең маңыздысы, ардақтысы – ана тілі.
«Ана тілі» ұғымы жөнінде, оның өзіндік анықтамасы туралы сөз қозғау бір қарағанда оңай көрінеді. Өйткені қалыптасқан, үйреншікті түсінікте ол адамның ата-анасының тілі, әрі кеткенде сол адамның өзі енетін этносының тілі ретінде ұғынылады. Міне, осындай жалпыға танымал түсінік негізінде тіл туралы заңдар қабылданып, осы принциппен тіл саясаты жүзеге асады, тілдер теңдігі жарияланады, тілдердің мәртебелері белгіленеді.
Бұл сырттай қарағанда көңілге қонымды. Алайда мұның бәрі айна-қатесіз дұрыс па? Бұл мәселеде тағы да қандай ұғым-түсініктер бар?
Күнделікті қолданыста, баспасөз беттерінде, кейде ғылыми еңбектердің өзінде осы ұғымды басқа мағынада да жұмсайды. Мысалы, «Кейінгі жастар өз ана тілдерінде бірде-бір сөзді түсінбейді», «Қалалықтар ана тілдерін ұмытып барады». Мұнда ана тілі түсінігі этноспен байланыстырылған, яғни ана тілін белгілі бір этностың тілі ретінде көрсеткен. Олай болса мұны этнос тілі деп те атауға тура келеді.
Кейде адам бала күнінен екі тілді де жақсы меңгеріп, екеуінде бірдей дәрежеде қолдана алатын жағдайға жетеді. Мұндай жағадайда екі тілді де ана тілі деп есептеуге болады.
Енді бір жағадайда, әсіресе, қоныс аударуда (эмиграция) бала күнінен біртілді адам өзге тілді білу, сол арқылы қарым-қатынас жасау қажеттігінен немесе өзге тілді білмеудің ауыр жолын басынан кешіруден есейе келе өзге тілді меңгеріп, сосын толықтай сол тілге ауысып кетеді де бала күнгі тілін мүлдем ұмыт қалдыруы мүмкін. Мұндай жағдайда оның ана тілі кейіннен меңгерген екінші тілі – бөгде тіл болуы мүмкін.
Жалпы ана тілінен кейін меңгерілген барлық кез келген тіл екінші тіл деп аталады. Мұндай анықтамаға сүйенсек, екінші тілдің саны да бірнешеу болуы мүмкін. Оларды, яғни екінші үйренген тілін үшіншісінен айырып көрсетудің қажеттілігі жоқ, өйткені бөгде тілдердің қызметі, оларды меңгеру дәрежесі адамдардың оларды қолдана бастау тәртібіне бағына бермейді.
Көптілді қоғамда тілдердің теңдігі сақтала бермейді. Қоғамдық өмірде, кәсіптік қызметте, достарымен және отбасы мүшелерімен болатын қарым-қатынаста адам түрлі тілдерді қолданады. Дегенмен бір тіл ылғи да басымдылық танытады. Мұндайда басым тілді негізгі (доминирующий) тіл, ал қалған тілдерді қосымша тіл деп атайды. Негізгі тілге қарағанда қосымша тілдерді қолдану өте сирек байқалады. Бір этносқа жататын адамдарының өзара қарым-қатынасы негізгі тілде жүзеге асады. Кейде ондай қызметті екінші тіл де атқаруы мүмкін.
Жеке адамның тілдік дағдыны қабылдауына байланысты оның пайдаланатын тілдері күнделікті жанды қатынас арқылы меңгерген (усвоенные) тілі және адамның мектепте немесе өздігінен арнайы үйренген (выученные) тілі деп бөлінеді. Міне, осыларға назар аударсақ және бүгінгі таңдағы құндылықтарымызға қатысты қайта пайымдаулар жүргізілуіне қарай бұл ұғым да нақтылауды қажет етеді. Өйткені бұл ұғымды жақын зерттей келгенде түсініксіз жайттар көп екендігі көрінеді. Айталық, жоғарыда айтып өткеніміздей, кез-келген адам үшін оның ана тілі – оның туған ұлтының, этносының тілі деген түсінік басым. Ал туған этнос дегеніміз не?
Қандық жағынан туысқандық белгіге алғашқы қайымдық құрылыста мынадай құрылымдар: ру мен тайпа тән екендігі жұртшылыққа аян. Одан кейінгі олардың орнына келген құрылымдар (ұлыс, ұлт) ондай белгілерге, яғни қандық бірыңғайлыққа ие емес деген пікірлер бар. Бұл көзқарастағылар олардың пайда болуы биологиялық не генетикалық емес, әлеуметтік қалыптасу болып табылады дейді. Мұның да жөні бар сияқты. Өйткені «ана тілі» ұғымында да іштей өзара қарама-қайшылық бар екендігін аңғаруға болады. Бір жағынан бұл ұғым адамның қандық туыстық этносына қатыстылығын көрсетсе, екінші жағынан бүгінгі таңда ел-елде мұндай қандық жағынан туыстаспайтын этностың тілін де ана тілі ретінде тану, қабылау кездесіп отырады.
Бір қызығы мұндай қарама-қайшылық тіл-тілде осы атаудың өзінен де байқалады. Мысалы, орыс тілінде родной язык терминінің мағынасы адамның этникалық тегін қандық туыстықпен анықтауға міндеттемейді. Дәл осындай жағдай өзге тілдерге де, айталық, цахур, долган т.б. тілдеріне тән. Ал енді кейбір тілдерде бұл ұғым тікелей сол қандық туысқандық белгісімен байланысты болып келеді. Бұл әсіресе түркі тілдеріне, сондай-ақ құмық, лезгин, табасары, лак, даргин және кавказ тілдерінің кейбіреулеріне тән болып келеді. Бұларда ол термин «ана тілі», «сүт тілі», «туған тілі» деген мағынаны білдіреді. Ана тілі этноспен тікелей байланыстырылады.
Демек, ана тілі лингвистика мен әлеуметтанудың (бүгінгі күні саясаттанудың да) әлі де нақтыланбаған, бір ауызды анықталмаған негізгі ұғымдарының бірі деп тұжырымдауға болады. Бұл бүгінгі біздің елімізде ұлтаралық қатынастарда да көрініс беріп отырған жағдай. Көріп отырғанымыздай бұл жерде проблема көп, демек, оны шешу қажет.
Алдымен мынаған назар аударсақ: бүгінгі еліміздегі этностар биологиялық немесе туыстық негізде емес, жалпы әлеуметтік тұрпаты жағынан қалыптасады. Басқаша айтқанда, адам сол халықтың арасында оның рухани болмысы мен психологиялық ерекшелігін қабылдай отырып, сол халық өкіліне айналады. Өзінің рухани әлемінде өзі өмір сүрген этникалық қауымдастықтың мәдениетін, дәстүрін, ғұрыптарын, өмір тәжірибесінің ерекшеліктерін танытады. Қоршаған этникалық орта қандай болса, адамның нақтылы ұлттық тегі де сол болады.
Бұл айтылған ойды растауға дәлелдер жеткілікті. Жас кезінен өзінің туған этикалық қауымдастығынан айрылған адам (ғылымда мұндай жағдайлардың болғаны жөнінде мәліметтер баршылық) ешқандай ұлтқа жатпайды. Сондықтан қандық туыстығы бөтен этникалық қауымдастықта еніп, сол этностың өкіліне айналады. Демек, бұл құбылыстың биологиялық немесе туыстық емес екендігі айдан анық. Осы тұрғыдан қарағанда адамның этникалық тегінің өзі биологиялық тұрғыдан емес, әлеуметтік негізде қалыптасатын болса, оның негізгі белгісі болып табылатын ана тілі де әлеуметтік болып табылады.
Осы мәселені өзінің бір нысанасы етіп қарайтын әлеуметтік лингвистикада, ондағы зерттеулерде ана тілі деп алғашқы меңгерген тілді, адамның бала кезінде ересектерден үйренген тілді атайды [1]. Бірақ бұл да жалпы түсінік. Нақтылы анықтама деуге келмейді. Ана тілінің өзіндік сипаттамасын толық бере алмайды. Демек, оны нақтылау үшін адамдардың қандай тілді ана тілім деп санайтын мүмкіндіктерін қарастыру керек. Айталық, ана тілі деген не, оның өзіндік түсінігі, ерекшелігі қандай дегенге белгілі ғалым Б.Хасанұлы өзінің «Ана тілі – ата мұра» атты еңбегінде адамдардың ана тілі ретінде танитын тілдері мыналар деп, санамалап көрсетеді:
1. Бір этносқа жататын ата-анасының тілі.
2. Әр түрлі этносқа жататын ата-анасының біреуінің тілі (көбіне ұрпақ қуалай, бірыңғай әке тілін ана тілі ретінде тануы).
3. Әр түрлі этносқа жататын ата-анасының біреуінің тілі (анасының тілін ана тілі ретінде тануы).
4. Әр түрлі этносқа жататын ата-анасының тілдері (екі тілді де ана тілі ретінде тануы).
5. Ата-анасының қай этносқа жататындығы белгісіз, балалар үйінде тәрбиеленген баланың тәрбие тілі.
6. Тіл саясатының сөз жүзінде ғана ана тілін дамытуды уағыздап, іс жүзінде оны білуге қажетті жағдай туғызбаудың жүйелі сипат алуы, соның негізінде адамның бала кезінде-ақ ана тілін менсінбеуі, содан өзге тілді ана тілі деп тануы.
7. Табиғи тілдік ортаның болмауы немесе тіл беделінің құлдырап түсуі, халық арасында болашағы жоқ тіл ретінде пайымдалуынан өзге тілді ана тілі деп тануы [2].
Біздің елімізде (бұрынғы кеңес заманында да солай болған) әрбір жеке адамның ана тілі ата-анасынан тіркелген ұлттық тегіне қарай анықтау қалыптасқан.
Осы айтылағандарды тұжырымдай келе біз ана тілі ұғымына мынадай анықтама ұсынамыз: Кез-келген адам үшін ана тілі - барынша толық әрі терең меңгерген, өз ойын жеткізуде, тілдік қарам-қатынаста өзге тілге қарағанда оңай, жылдам және ыңғайлы болатын, үйреншікті тілі.
Мұнан шығатын қорытынды сол - өз ана тілін білмейтін адам болуы мүмкін емес. Ол адамға этникалық әлеуметтік қауыдастық арқылы және этникалық ерекшелігінен саналы жеке адам ретінде нақтылы қалыптасу ортасы арқылы берілген.
Ал адамның ана тілінің өзге қандық жағынан туыспаған этностың тілі болуы жағдайы ана тілін анықтауда, көріп отырғандай, маңызды роль ойнамауы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. –Москва: Советская энциклопедия. 1966.
2. Хасанұлы Б. Ана тілі – ата мұра. Алматы, 1992