КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Сұхбаттасқан: Мейрамбекқызы Динара

Қазіргі қазақ қоғамында тіл мәселесі – тек лингвистикалық қана емес, ұлттық сана мен мемлекеттілікке тікелей қатысты стратегиялық мәселе. Әсіресе терминология, латын әліпбиіне көшу, тіл мәдениеті және ғылыми стиль қалыптастыру сынды бағыттарда нақты ғылыми ұстаным мен жүйелі көзқарас ауадай қажет. Осы орайда біз тіл саласының кәсіби маманы, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Тілдік пәндер кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты Төлеубек Зайсанбаевпен сұқбаттасып, бүгінгі қазақ тілінің жағдайы мен болашағы жайында кеңінен сөз қозғадық.

 

1. Қазақ терминологиясының қалыптасу тарихында әр кезеңнің өзіндік бет-бейнесі бар, әңгіме медицина терминдері жайлы болмақ. Қазіргі кезеңдегі терминжасам үдерісін кешегі кеңестік тәжірибемен және тәуелсіздік жылдарындағы ізденістермен салыстыра отырып, бүгінгі ахуалды қалай бағалайсыз?

 

Медициналық терминнің қалыптасуы туралы сөз болғанда ең алдымен ойымызға Х.Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі» деген оқу құралы түседі. 1927-жылы Қызылдорда-Мәскеуде басылып шыққан бұл кітап, КСРО-дағы түркі тілдес халықтар арасындағы ұлт тілінде жарық көрген ең бірінші медициналық оқу құралы болды. Ол бұған дейін 1922-жылы Ташкентте «Жануарлар», яғни зоология оқулығын да шығарған. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мақсатында ғылым әр саласына қалам тербеген жан-жақты ғалым, осы «Жануарлар» деген оқулығында: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Олай-бұлай созуға өте ыңғайлы келе беретін тіл. Тек сөздері ғылым жолына салынып іреттелмеген тіл. Қазақ тілі ғылым жолына салынып іреттелсе, ешбір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз толық»,- деп тіліміздің бай екенін, тек сол тілді ғылымға икемдеуміз керек екенін айтып кеткен. Х.Досмұхамедұлының қазақ тілінің байлығын, икемділігін керемет пайдаланғанын мына терминдерден көруге болады. Мысалы, қазір медицинада қолданылып жүрген фагоцит сөзін ғалым опқыр деп берген. Бұл гректің «phagein» (φαγεῖν) – «жұту», «жеп қою» «kytos» (κύτος) – «жасуша», «қуыс» деген сөздерінен жасалып, орыс тілінің заңдылығымен жазылып тұрған сөз. Оған мынандай анықтама беруге болады: «Фагоцит – ағзаға түскен бөгде заттарды, бактерияларды және өлі жасушаларды жұтып, қорытатын иммундық жасуша. Бұл жасушалар иммунитеттің маңызды бөлігі болып табылады. Олар ағзаны зиянды заттардан «тазалау» қызметін атқарады». Яғни, ағзаға зиян беретін заттарды жұтып, обып қояды. Х.Досмұхамедұлы бұл терминнің ұғымын дәл беретін сөзді тапқан, бірақ кеңестік оқу өтіп кеткен ғалымдарымыз «бұл халықаралық термин, халықаралық терминді аударуға болмайды» деп баяғы сүрлеулерінен шыққысы келмейді. Х.Досмұхамедұлы стоматология ғылымында қолданылып жүрген эмаль сөзін кіреуке деп аударыпты. С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры И.Құлмамбет осы кіреуке сөзімен бірге  коронка сөзін тіссауыт деп аударып терминологиялық сөздікке кіргізді. Термиком бекіткен бұл терминдердің біріншісі орфографиялық сөздікте эмаль күйінде қалдырылған, ал тіссауыт сөзі мүлде сөздікке енбеген. Бұл орфографиялық сөздік жасаушылар, яғни тіл мамандары басқа ғылым салалары жасап жатқан терминдерден бейхабар екенін көрсетеді. Бекітілген терминдер орфографиялық сөздікке енуі керек және ғылыми мақалалар мен оқулықтарда бекітілген нұсқасы ғана қолданылуы тиіс.

Терминком.кз сайытына қарасаңыз бір терминнің бірнеше түрлі болып бекітілгенін, тіпті осы терминнің орысша нұсқасы да қолданылып жүргенін көруге болады. Мысалы дезифекция термині залалсыздандыру (2016 жылы бекітілген термин), вагонды зарарсыздандыру (көлік және қатынас жолдары) (2015 жылы бектілген термин), аластау (пән сөздері), зарарсыздандыру (биология), соңғы, қорытынды дезинфекция түрлері (медицина), дезинфекциялау пункті (медицина) деп әр түрлі қолданылған. Тіпті аударылған нұсқасындағы залалсыздандыру мен зарарсыздандыру терминінің қайсысы дұрыс дегеннің де басын ашып алу керек.

Медицина мен биология ғылымы тығыз байланысты. Осы екі ғылымға ортақ терминдер бірізділікпен қолданылуы тиіс. Ғылымның әр саласында термин қалыптастырып жүрген ғалымдар үлкен жұмыстар атқарып жатыр, бірақ оларды үйлестіру қолға алынбағандықтан осындай ала-құлалықтар болып жатыр.

Еліміз тәуелсіздік алып медицина ғылымы қазақ тілінде оқытыла бастағаннан бері медициналық оқулықтардың сапалары да жақсарып келеді, дегенмен үйлестіру жұмысы дұрыс болмағандықтан, осындай кемшіліктер болып жатыр.

 

2. Латын графикасына көшу туралы шешім қабылданған сәттен бастап, бұл үдерістің тілдік жүйеге, әсіресе ғылыми терминология мен ұлттық жазу дәстүріне әсері жайлы түрлі пікірлер айтылды. Сіздіңше, бұл көшу ұлттық тілдік сана мен мәдени кодқа қаншалықты әсер етеді және біз не ұтамыз, нені жоғалтуымыз мүмкін?

 

Латын әліпбиі туралы сөз болғанда көпшілігіміз әлемге ортақ тіл болып тұрған ағылшын тілін тез меңгереміз, түркі тілдес елдермен, солардың ішінде ең озық тұрған Түрік елімен қарым-қатынасымыз жақсара түседі деп ойлайды. Ортақ әліпби арқылы олармен байланысымыз арта түсетіні сөзсіз. Бұл, әрине, ортақ әліпби болса болды түркі тектес халықтар бір-бірімізбен емін-еркін сөйлесіп кетеміз деген сөз емес. Себебі туыстас тілдердің өздері де бір-бірінен дыбыстық құрылымы, сөздік құрамы жағынан өзгешеленіп тұрады. Дегенмен, әліпби ортақ болса, оларды меңгеріп кету тілге бейімі бар адамдарға онша қиын болмайды және туыстас тілдер арасында ақпарат алмасу оңайлап, ғылым мен білімді дамытуда ортақтастық көп болар еді. 

Кезінде Алаш зиялылыры қазақ әліпбиі мен емлесіне (жазуына) қатысты мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан сөз етіп кетсе, қазіргі уақыттың бірқатар ақын-жазушылары мен ғалымдары тарапынан да соның жалғасын тауып, қолдау көріп жатқанын көреміз. Демек, сол ой-тұжырымдардың әлі де өз құнын жоймағанын, әлі де аса маңыздылығын байқаймыз. Сондықтан да қазіргі қазақ қоғамы ғылыми-технологиялық, компьютерлік-бағдарламалық, қоғамдық-әлеуметтік,  тарихи-мәдени байланыстық (түркілік ұлттардың бірдей әліпби пайдаланып тұтасуын) және т.б. жанама себептерді алға тарта отырып, негізінен ұлттық-танымдық, ұлттық-лингвистикалық мәселелерді қазақ жазуын латынша ауыстыру арқылы шешуге болады деген тұжырымға келіп отыр. Ол үшін тілдің табиғатына сәйкес келмейтін дыбыстарды әліпби құрамынан шығарып тастау керек. Алайда қазіргі кирилше әліпбиді пайдаланып отырғанда олай істеу мүмкін емес. Себебі оған көзі де, өзі де үйреніп, әбден бауыр басып қалған қазіргі қазақ қоғамы – өзгетілдік сөздерді, ендігі уақытта тіліміздің төл дыбыстарымен қазақша жазып-айтуды бірден қабылдай алмайды. Ол үшін әліпби ауыстыру қажет. Ал әліпби ауыстыру, шындығына келгенде, орыс жазуына немесе оның тіліне деген қарсылық емес. Ол – ұлттық-танымдық, ұлттық-лингвистикалық мәселені шешіп, рухани тәуелсіздік алуға бағытталатын аса маңызды қадам. Тіліміздің дыбыстық жүйесіне негізделген төл әліпбиін құрастырып, емле мәселелесін оңтайлы шешіп алған соң ғана жазуымыз өзінің төл табиғатымен табыса алады.

Жаңа әліпби, жаңа жазу, жаңа ереже арқылы ғана кирилл әліпбиінен, сол арқылы күштеп ендірілген жат тілдік дыбыс-әріптерден, сол дыбыс-әріптер қолданылатын өзгетілдік сөздер орысша қалай жазылса, қазақ тілінде сол қалпында жазуға мәжбүрлейтін емле ережелерінен, айналып келгенде, орыс тіліне тәуелділіктен құтылуға болады.

Тілімізге жат, тілдің табиғатына келмейтін дыбыстарды әліпби құрамынан алып тастасақ, қазіргі «халықаралық» деп аталып, орыс тілінің үлгісімен жазылып жүрген терминдерімізді қазақ тілінің дыбысталуына бейімдеп жазатын едік. Мәселен, медициналық терминдерді алайық. Медицина ғылымының еуропада ерекше дамуы, сондай-ақ бір кездері ғылым атаулының латын тілінде жазылуы осы саладағы терминдердің латын тілі арқылы қалыптасуына себеп болды. Ал орыс тіліне келетін болсақ, бұл тілдегі медициналық терминдердің 95%-ы латын, грек, ағылшын т.б. тілдерден кірген сөздер десек те болады. Бірақ бұлар орыс тілінің дыбыстық заңдылығына бағынып енгендіктен, әуелгі тұлғаларынан мүлде өзгешеленіп, орыс сөзі болып кеткен. Орыс тіліндегідей жазылуы тиіс деп күштеп таңған ереже бойынша жазылып жүрген «халықаралық терминдерді» қазақ тілді адамдарға дұрыс дыбыстау да, қатесіз жазу да қиын. Онымен қоса, терминдерге сөйлем құрамында әртүрлі жалғау жұрнақтар жалғануы тиіс. Міне осы жағынан да қиындықтар туады. Оған орысша-қазақша медициналық сөздіктердегі, медициналық оқулықтар мен оқу құралдарындағы дистальды-дистальді-дисталды; латеральды-латеральді-латералды; ракке қарсы - ракқа қарсы (рак деген терминді қазақша обыр деп аударып еді, орыс тіліне басы айналып қалған дәрігерлер өре түрегеліп қарсы болды), бронхқа - бронхыға сияқты қосымшалар әртүрлі жалғанып жүрген сөздер дәлел бола алады. Осы сөздерді латерәлді (тіпті ләтерәлді демей-ақ қояйық, қазақ тілінде құрмет (дұрысы құрымет, қасиет (дұрысы қасыйет)) т.б. сияқты бір немесе бірнеше буыны жуан, соңғы буындары жіңішке немесе керісінше, бастапқы буындары жіңішке, соңғы буыны жуан сөздер бар, тек аралас буынды сөздер болмайды), дійстәлді, бронхыға деп жазу арқылы қиындықтан оп-оңай шығуға болатын еді.

Тіліміздің табиғатын бұзып тұрса да, көзіміз үйреніп қалған әліпбиден басқа әліпбиге ауысудың өзіндік қиындығы бар екенін жоққа шығармаймын. Көз үйренбеген әліпбимен жазылған сөзді бірден жүгіртіп оқып кету де, жылдам жазу да қиын. Бірақ «алыс деп ауылыңа бармайсың ба» дегендей тілдің тазалығын сақтау үшін әліпби ауыстыруға тура келеді. Жаңа әліпбиге көшкенде қазақша екі сөздің басын қоса алмай жүрген басқа ұлт өкілдерін қойып, ел басқарып отырған, қазақша әрең-әрең бірдеңені былдырлайтын биліктегілер біржола сауатсыз болып қалады. Сондықтан ең әуелі биліктегілердің кәлимаға тілдері келулері керек. Билік қазақша сөйлемей тұрып латын әліпбиіне ауысамыз деу бос әурешілік. Онда бүгінгі күнімізге зар болып қаламыз.

 

3. Қос сөздердің морфологиялық әрі морфонологиялық сипаты туралы ғылыми зерттеуіңіз қазақ тіл біліміндегі қандай олқылықтардың орнын толтырды деп ойлайсыз? Бұл тақырып қазіргі лингвистикада өзекті ме?

 

Шығу тегі, жасалу жолы жағынан сөз тіркесіне барып тірелетін күрделі сөздердің құрылымдық түрлеріне, сөзжасамдағы рөліне ғалымдар көптен бері ерекше назар аударып келеді. Сондай күрделі сөздердің ерекше бір түрі – қос сөздер. Дегенмен, қос сөздердің жасалуында басқа күрделі сөздерге ұқсас жақтарымен қатар, көптеген айырмашылықтары да бар болғандықтан, оны зерттеушілер әр қырынан, яғни біреулері семантикалық, енді біреулері лексика-грамматикалық тұрғыдан қарастырып келеді. Бірігу, тіркесу нәтижелерінде пайда болған күрделі сөздерді айтпағанда, құрылымы және жасалу тәсілдері бірдей, бір семантикалық топқа кіретін қос сөздердің өздері де кейде, бір-бірінен өзгешеленіп жатады. 

Қос сөздер әр түрлі екі лексеманың қосарлануынан және бір сөздің екі рет қайталануынан жасалуына байланысты қосарлама қос сөздер және қайталама қос сөздер болып үлкен екі топқа бөлінеді. Әр түрлі екі лексеманың қосарлануынан жасалған қосарлама қос сөздер өздерін құрап тұрған компоненттеріне тән қасиеттерді бойына жиып, негізінен жинақтау, топтау, саралау мағыналарын береді. Дегенмен, олардың арасында лексикаланып, жаңа мағынаға ие болғандары да бар, ал сөздерді қайталап қолданудан жаңа мағына тумайды, тек грамматикаланады деген көзқарас қазақ тіл білімінде қалыптасып қалған. Алайда, қос сөздер жайлы түркі тілдерінде, сондай-ақ қазақ тіл білімінде жазылған зерттеулерге сүйене отырып, жан-жақты зерттеу барысында қайталама қос сөздердің де лексикалық мағынаға ие болып, қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде елеулі қызмет атқаратыны анықталды

Көп уақытқа дейін жалғамалы түркі тілдерінің түбірлері тұрақты, жаңа сөздер осы түбірлерге әр түрлі қосымшалар жалғану арқылы жасалды деген көзқарас үстемдік алып келді. Соның әсерінен тілде болып жататын көптеген өзгерістердің сыры кей жағдайларда дұрыс ашылмай, қате тұжырымдарға жол берілген кездері де болды. Түбір мен қосымшаның аражігінде, сөз бен сөздің аралығында, сөздің өз ішінде болып жатқан дыбыстық өзгерістердің барлығын тек фонетикалық заңдылық арқылы түсіндіруге тырысу кейде қате қорытындылар жасауға әкеп соқты.

Адамзат баласы сөйлеу барысында айтылуы қиын сөздерден қашқақтап, оларды ықшамдап айтуға немесе айтылуы қиын, яғни артикуляция, акустика жағынан онша сәйкес келмейтін дыбыстардың арасына қыстырма дыбыстар қосып, жеңілдетіп айтуға тырысады. Сөз құрамында, сөздердің аражігінде, тіркестерінде болатын мұндай өзгерістер барлығы бірдей дыбыстау мүшелерінің мүмкіндігіне тікелей қатысты емес. Дыбыстау мүшелерінің мүмкіндігіне тәуелсіз, сөйлеу барысында пайда болатын осындай өзгерістерді тіл білімінде морфонологиялық (немесе фономорфологиялық) құбылыс деп атайды. Бұл құбылыс түбірі тұрақсыз, қопарылмалы үнді-еуропа тілдеріне тән деп есептеліп келді. Қос сөздерді зерттеу барысында түркі тілдерінің де түбірлері соншалықты тұрақты болмағаны, морфонологиялық құбылыстар да бұл тілдерде болатыны белгілі болып отыр. Бір-екі мысал келтірейік. Қос сөздер туралы жазған ғалымдар у-шу сөзін қосарлама қос сөзге жатқызып жүр. Шындығында, бұл сөз шу-шу сөзінің алғашқы ш дыбысы түсіп қалуы арқылы жасалып тұр. Шу-шу десек біртектес шуды естігендей боламыз, ал у-шу десек әр түрлі шулар екенін байқаймыз. Осындағы ш дыбысының түсіп қалуына ешқандай да фонетикалық заңдылық әсер етіп тұрған жоқ.

«Барақ аңлау-саңлауларынан уілдеп желмен бірге қар кіріп тұр»,- деп жазады С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында. Автор аңлау-саңлау деп қолдану арқылы барақтың тесіктерінің (саңлауларының) әр түрлі екенін көрсетіп тұр. Жазушы бұл тәсілді жаңа мағына беру үшін қолданған.

Көптеген зерттеушілер қос сөздерді саласа байланысқан күрделі сөздерге жатқызады. Бала-шаға, қыз-қырқын, телегей-теңіз, телі-тентек сияқты қос сөздерді айтпағанның өзінде, ата-ана, әке-шеше, қайта-қайта, сөйлей-сөйлей, үзіп-жұлып сияқтыларды салаласып байланысып тұр деп айту қиын. Ал ат-мат,шай-пай, мата-сата, сарт-сұрт, қып-қызыл т.б. сияқтылар туралы сөз қозғаудың өзі артық.  Біздіңше, біртектес, бірұғымды білдіретін сөздер жарыса қатар қолданылып оларға жеке-жеке қосымшалар жалғанған. Бірте-бірте олардың мағынасы басымдау сыңары бірінші айтылатын болып, екінші сыңары осы негізгі мағынаны беретін компонентін толықтырып, жинақтау, топтау мағынасын беретін болған. Бұлардың осылайша қосарлана қолданылуына тайпалар тіліндегі азды-көпті өзгешеліктердің де әсері болған сияқты. Бір тайпада қолданылатын сөзді екіншісі түсінбей қалып жатқан кездері сол сөзге жарыса оның екінші тайпадағы атауы қосарлана айтылса керек. Бұндай ерекшеліктер, көбінесе, зат есімдердің қосарлануна тән деп ойлаймыз. Кейін осы тәсіл қайталама қос сөздердің жасалуына да негіз болған деп ойламыз.

Жалпы қай тілде болсын, фонетиканың да, морфологияның да зерттеу аясынан шығып кететін сөздер көп. Морфонологиялық деп аталып жүрген бұл құбылыстарды зерттеу – тілдегі көптеген өзгерістердің сырын ашуға көмектеседі деп ойлаймын.

 

4. Қазіргі қазақ тіліне шетел (орыс) терминдерін қабылдау мен оларды игеру үдерісінде тілдің ішкі заңдылықтарын сақтауға байланысты сіз қандай ғылыми не практикалық шешімдерді ұсынар едіңіз?

 

Бұл сұрағыңыздың жауабы жоғарыда біраз айтылған сияқты. Мәселе біздің әліпбиімізде және емле ережелерімізде болып тұр. «Тілді бұзатын – оқығандар», яғни тілде жоқ дыбыстарды әліпбиге күштеп қосып бұқара халықтың тілін бұзатын тіл мамандары. Бір тілден екінші тілге дыбыс енбейді, сөз енеді. Енген сөз өзі кірген тілдің дыбыстық заңдылығына бағынып кіретіндіктен, оның басқа тілден сөз екенін қарапайым біле де бермейді. Оны білудің қарапайым халыққа керегі де жоқ. Басқа тілден енген сөз тұтынушыға қажетті ұғымды берсе болды.

Басқа тілден енген сөздердің қазақ тіліне бейімделу туралы айтқанда тағы да медициналық терминдерге келейік. Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери-медициналық академияны үздік бітірген, орыс тілін жетік білген Х.Досмұхамедұлы медицинадағы амеба терминін әмебі деп, дентин терминін дентійн деп қолданған. Қазіргі дәрігер-ғалымдарымыз арғы түбі латын, грек тілдерінен шыққан, қазір тілімізде орыс тіліндегідей болып қолданылып жүрген терминдерімізді Х.Досмұхамедұлы сияқты тілге бейімдеу артта қалғандық, кері кеткендік деп түсінеді. Тіпті пійлм десек құлаққа жағымсыз естіледі, филім десек жұмсақ естіледі деп пікір айтып жүрген филология ғылымдарының докторлары да бар. Осыдан-ақ «өз тіліміз өзімізге қаншалықты өгей» болып кеткенін байқауға болады.

«Халықаралық терминдерді аударуға болмайды» деп аламызда біреулерін аударып, енді біреулерін аудармай қолданамыз. Мәселен, аорта деген грек тілінен шыққан терминнің қолқа деп қазақша баламасын қолданамыз. Бұл жағдайда халықаралық терминді аударып қолданып тұрмыз ғой. Артерия, вена терминдерін аударуға болмайды дейді де, капилляр терминін қылтамыр деп аударамыз. Капилляр латынның capillus – шаш деген сөзінен шыққан. Халықарылық деп тастай жабысып қалатындай керемет сөз емес. Бұл сөзді аударуға болады да жоғарыда екі терминді қазақша күретамыр, көктамыр деп қолдануға болмайды дейді. Қандай терминді аударуға болады, қандай терминді қазақ тіліне бейімдеп алу керек дегенге нақты ұстаным жоқ. «Халықаралық терминді аударуға болмайды» дегеннен аспайды. Ал аударылып қолданылып тұрған терминдерді көрмейді. Жалпы термин жасаушылардың көпшілігі әр тілдің өзінің дыбыстық заңдылығы бар дегенді онша түсіне бермейтін сияқты.

 

5. Кейбір мемлекеттік құжаттар мен БАҚ материалдарында терминдердің қолданылуында ала-құлалық байқалады. Бұл мәселе – нормаланбаған тілдік саясаттың салдары ма, әлде кәсіби мамандардың пікірінің ескерілмеуі ме? Өзіңізге таныс медицина саласы туралы айтсаңыз болады.

 

Бұл сұрағыңызға да жоғарыда жауап беріп кеткен сияқтымын. Терминдер жасалып жатыр, бірақ бектілген терминдер ескерілмей жоғарыда көрсеткеніміздей кей жылдары басқаша болып қайтадан бекітіліп жатуы да кездеседі. Осы терминдердің барлығын үйлестіріп, бір жүйеге салып , бақылап отыру болмай тұр. Ал орфографиялық сөздік жасаушылар термин саласында болып жатқан өзгерістерді ескермейді. Тіпті олар Терминком.кз сайты бар екенін де білмейтін сияқты. Ал терминком.кз сайтында жоғарыда көрсеткеніміздей бір термин бернеше нұсқада бекітілген жағдайлар да бар. Осының бәрін реттемей терминдерде бірізділік болмайды.

 

6. Сіз "Қатонқарағай ма, Қотанқарағай ма?" деген мәселе төңірегінде пікір білдірдіңіз. Осы жағдайға сүйене отырып, қазақ топонимдерінің тарихи, лингвистикалық және этномәдени негіздерін қалай ескеру керек деп санайсыз? Топонимдерге антропонимдерді қоюға бола ма? Мәселен, Қапшағай – Қонаев.

 

«Жер-судың аты – тарихтың хаты» дейді халқымыз. Жер-су атаулары ұлттың тарихынан, дәстүрінен, байқампаздығынан хабар береді. Қазақ жерге атау бергенде сол жердегі өсімдіктерге, жан-жануарларға байланысты қояды. Мысалы, Аюлы, Бөрілі, Сарқамыс, Көкпекті, Теректі, Қарағайлы, Қарғалы, Шыңғыстау, Орда т.б. Тарихтын сыр шертетін, флорасы мен фаунасын айықындап тұратын атауларды кісі аттарына ауыстыра беруді дұрыс емес деп ойлаймын. Кеңестік шала сауатты, қанішерлер кезінде бір-бір қаланы иемденіп алды ғой. Қазақтың жерін қарашекпендерге сыйлай салатын Петр мен Павел кім еді сонша! Тіпті қазақ халқына еңбегі сіңген адамдарға да қала атын беруге сақтықпен қараған жөн сияқты. Жаулап алушы, басқыншылардың атын иемденіп тұрған қалаларды ондай кісілердің атына ауыстырса болатын шығар.

 

7.Ғылыми және кәсіби тілде қазақша сөйлеу мен жазудың дағдысы әлі де болса жүйелі қалыптасып үлгермегендей. Осы бағытта мамандар даярлау ісі мен жоғары оқу орындарындағы әдістемелік базаны қалай жетілдіруге болады деп есептейсіз?

 

Кеңес Өкіметі кезінде орыс тілінен енген дыбыстар тілімізді байытты, жаңа буын түрлері пайда деп тіліміздің дыбыстық жүйемізді бұзып тұрған жат дыбыстарды мақтадық. Мен ойлаймын, болып табылады, домбырада ойнайды, үлкен рахмет сияқты сөз тіркесін  орыс тілінің игі ықпалы деп мақтадық. Тіпті хакас тілінің маманының орыс тілінің игі ықпалының арқасында хакас тілінде «буравой скважина» деген жаңа сөз тіркесі пайда болды дегенін де оқығаным бар. Терісті дұрыс деп миға құя бергендіктен, осылай ойлайтын «ғалымдар» пайда болды.

Өзім білетін медицина саласына келейік. Қазақ тілінде жазылған медициналық еңбектердің тілінен орыс тілінің синтаксистік құрылымының ықпалы байқалып тұрады. Оның себебі қазір қазақ тілінде медициналық оқулықтар жазып жүрген ғалымдар медициналық оқу орындарын орыс тілінде бітіргендер. Ол кезде қазақ мектебін бітірген түлектер де емтиханды қазақша тапсырғанымен, ары қарай медициналық жоғары білімді тек орыс тілінде алатын. Орыс тілінде білім алу олардың сөз саптауларына да әсер еткен. Оның себебін  А.Байтұрсынұлының: «Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша етіп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандықтан. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды»,– деген сөзімен түсіндіруге болады. Бұл кемшіліктерді жою үшін, тілдік емес жоғары оқу орындарында кәсіби қазақ тілі пәнін қазақ бөліміндегі студенттерге оқыту керек. Мысалы, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да орыс тобына кәсіби қазақ тілін мамандық беруші кафедралар оқытады. Өздері тілді дұрыс білмейтіндер, қазақ тілінде екі сөздің басын құрай алмайтындаға қалай кәсіби тілді үйретеді?! Бұл кәсіби қазақ тілін оқытып жатырмыз деп есеп беру ғана. Мейлі, «Кәсіби қазақ тілі», мейлі, «Академиялық жазылым» деп аталсын оны тіл мамандары оқытуы керек. Шымшық сойса да, қасапшы сойғаны дұрыс.

 

8. Жеке зерттеулеріңіз бен тәжірибеңіз негізінде қарастырар болсақ, бүгінгі жас буынға – болашақ лингвистер мен филологтарға қандай бағытта ізденіс жасау маңызды деп санайсыз? Жастарға банда ғылыми және рухани бағдар берер едіңіз?

 

Қазақ тілінің, қазақ жазуының мәселелеріне байланысты әр түрлі дөңгелек үстелдерде, конференцияларда ғалымдарымыздың көпшілігінің кеңестік тіл білімінің ықпалынан шыға алмай жүргенін байқаймын. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесі, грамматикалық құрылымы туралы көзқарастарымызды түбегейлі өзгертуіміз қажет. Құлдық санадан арылып, ұлтымызға ғана тән тілдік ерекшелігімізді ескеріп, тілді ұлттық тұрғыдан зерттеуге бағыт берер едім. Олардың ұлт ұстазы, А.Байтұрсынұлы салған сара жолды ары қарай дамытқанын қалаймын.

 

Әңгімеңізге рақымет!


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз
















07/11/2024 12:26

Хабарландыру!
0 3005 1



02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 236531 0

26/06/2017 12:02

Жалындаған жастық шақ
0 234101 0

28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 229989 0









19/05/2017 14:36

Қазақта қанша сөз бар?
0 123587 7




ТЕКСТ

Яндекс.Метрика