КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


Қай кезде көрсең де қайыр сұрап, өткен-кеткенге жәутеңдеп тұратын сол бір арақкеш көптен таныс. Осы жолы күре жолдың бойын торуды жөн санаса керек, өткен-кеткен көліктің терезесіне үңіліп, біреу қолына бірдеме ұстатса, алақанына қыса ұстап, көзі жайнаң-жайнаң ете қалады да, қолындағысын қалың күпәйкесінің қалтасына сүңгіте сала, келесі терезеге қарап телміреді. Біздің көлікте отырған бір әйел шопырдан терезені ашуды өтініп, бір уыс қара бақырларды қайыршыға бермек болып еді, кісі қолынан ақша алудың өзін ұмытып қалған ол, алақанын жая берді. Апамыздың бергені бақыр болса да, қомақты екен, қайыршының уысын толтырып-ақ тастады. Іле жасыл түс жанды да, біз мінген көлік алға жылжыды. Бәріміз үнсізбіз, алайда, бәріміздің де ойымыз уысындағы тиынын шашып алғысы келмей, ағылған мәшиненің ағынында қимылсыз қалған қайыршыда. Қолындағы ескі дорбасына құнжыңдап бірдемені салып қойып, өткен-кеткенге алақан жайып жүрген қайыршы туралы сөзді екінші бір жолаушы айтты. Дәлірегінде қайыршыға ақша ұсынған апайға шүйлікті: «Маңдай теріңізбен тапқан ақшаңызды қайдағы бір қайыршыға ұсынып! Сол ақшаны араққа жұмсайды ғой, харам жолға жұмсалған соң, берген қайырымыңыз да есепке алынбайды». Апай үнсіз, әлде әлгі «айтқышымыздың» сөзін естімеді, әйтеуір көліктің терезесінен сыртқа қараған бойы жақ ашпады. Әлдебір уақыт өткен соң, есін іле жинап алған жанша, «сөз иесіне» ашулы жүзімен бұрылды: «Олай деме, балам. Әлгінің сол күйге неге түскенін екеуміз де білмейміз. Ертең сол арақкештің орнында сен де, мен де тұруымыз ғажап емес. Басымызға не салғанын, болашағымыздың қандай болмағын кім біліпті? Құдай басымызға қара нәубетті төндірсе, адамшылығымыздан айырылмаспыз деп те айта алмаймыз. Алланың құдіреті шексіз, сені де қаңғытып жібере алады. Сондайда Құдайды ұмытпаймын деп сен де айта алмайсың. Мен де олай дей алмаймын. Пендеміз ғой бәріміз. Сен де пендесің. Қазір өзіңді ана қайыршыдан биік, пәк санап отырғаныңмен, кімнің кім екенін шешетін де сен емессің», – деп салды.

Бұл – менің халқымның дүниетанымы. Мүсә­пірге көмек көрсету, оның мүсәпірлігіне тыжырына қарамау, менменсінбеу – ата жолы. Уақыт өзгерсе де, қазақы осы мінез әлі де кейбір жандардың бойынан табылатынын байқайсың. Байқаған сәтте, қазақтың адамзаттық адамгершілік ілімінде қалдырған үлгі-өнегесіне бас иесің. Сол ата жолын бүгінгі біздер лайықты жалғастыра алдық па? «Қазақ әдебиеті» де әдебиеттегі аталарымыз көрсеткен бағытынан айнымады ма екен? Сексен жылдың үлкен белесіне көтеріліп келе жатқан біздерге, «сексенге келдік» деп ұялмай айтуымызға құқық берген осы басылым еді ғой. Ендеше, сол басылымның сексен жылдық салтанатын да біздің маңдайға бұйырған болар. Сексен жылдың ащы тері мен тұщы көз жасы да бүгінде біздің алақанымызға құйылып жатқандай. Сондайда көліктегі әнебір жігітше айдаладағы сөзге сусап қалған халықты бақсыз, талайсызға теңей салып, менменсіп кетпеу үшін де, әлгі апайдай «тізгін тежегішіміз» – басылымның өткен тарихы, ұстан­ған азаматтық бағыты барына шүкіршілік айтатынымыз да рас. 

Сол қазағымның тағы бір мінезі – не нәрсені де жақсыға жорығыштығы. Жаны күйзеліп, жабырқап тұрсадағы, не нәрсені де жақсының хабаршысына балайды. «Жағдайы нашар, ауыл көркінен айырылды» деп күңіренеміз ғой. Ал сол елге қыдырып барғанда көрші-қолаң, ағайын-туыс бары мен жоғына қарамай, қоңыртөбел тіршілігін жалғап, барға мәз болып, жоққа қанағат етіп тіршілік кешіп жүрген шүкіршіл қалпын байқағанда елдің іздеп жүрген Атлантидасы осы қазақы ауыл емес пе екен деп қалатын сәттерің болады. Сол Атлантиданы өзіміз қолдан жоғалтып жібермес пе екенбіз деген бір күдік те сол тұста қылаң береді. Себебі белгілі, ауылдағы ағайынның оқитыны, көретіні, тыңдайтыны не екеніне ауыл барған сапарларда жиі көз жеткізесің. 

Ал біздің елдің оқитыны әртүрлі дүниелер. Жас ақын-жазушылардың шағын әңгімелерінен басталып, жылтыр басылымдардың өсек-аяңына дейінгі материалдарды шолып отыратын олардың талаптары мен сұраныстары да ала-құла. Абайдың жолын іздеп, жазғанын жүрегіне қаттап алған кәріқұлақ қариялар мен жас әншінің бар өлеңін әуенімен даланы жаңғырықтыра айтар балашағаның сан түрлі сазды үнін де естіген сәтте «Осы біздің жұлдызымыз жоғары-ау» деген бір желікті ойдың басымызға келетіні бар. 

Махамбеттің, Абайдың заманына тереңірек үңілгенде байқайтынымыз – халықтың өр мінезі мен ер рухын, Абай «жақтырмаған», Махамбеттің басын алған халықтың әр түрлі әрі-сәрі мінезі мен болмысы түрі мен сыры, мұңы мен жыры халық ауыз әдебиетінде, өлең-жырларда қатталып, ХХ ғасыр басындағы қазақ көшінің керуенбасшысы бола білген ұлт зиялыларының қаламында да төгілмей-шашылмай, мөл­діреп жетіпті. Қазақтың болмысы мен мінезі сол заманалардың үні болған түрлі әдеби-публицистикалық шығармалардың арқауы да бола біліпті. «Аталы сөзге арлысы тоқтаған» халықтың одан кейінгі де мінезіне бажайлап қарасаң, түбінде әйтеуір бір сөздің жатқанын байқайсың.

Ендеше, сол сөз халықтың мінезін, болмысын бүгін қалай қалыптастырып отырғанын кім біледі? Бүгінгі басылым, басылымның бәрін айтпай, өзіміздің-ақ жүрегімізге үңілейікші, «Қазақ әдебиеті» адам жанын, адам болмысын ашып көрсете алды ма, адам тағдырына арашашы бола білді ме? Анталаған сұрақтардың жауабын табу үшін де кешегімізге жиі қайырыламыз. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен жылдарда өз жаны үшін өзгені «қоғамға жат қылғызған» біздердің сондағы тапқан жақсылығымыз қане? Сол аласапыран жан алыс, жан берісте ешкім ешкімнен жеңілген жоқ. Атылғаны да, аман қалғаны да. Және ешкім ешкімді жеңген де емес, о дүниелігі де, мына жақтағысы да. Неліктен? Себебі, ол уақытта күйрей жеңілген халықтың рухы еді. Өзгерген де – халықтың мінезітұғын. Ал біздер, сол мінездің өзгеруіне, «жаным – арымның садағасы» сөзінің халық дүниетанымынан жоғала жаздауына қызмет еттік! Ауыр әрине, алай­да шындығы осы. Осы күні шекеміздің шылқығаны шамалы. 

Кеудемізді бір мұң, бір шер толқытқан сәтте, біздің шүкіршілік ететін, өткенге салауат айтанын екінші бір мінезіміз бой көтереді. Өзгесі өзге, «Қазақ әдебиеті» өзінің азаматтық ұстанымын адал өткеріпті. 

Сондайда бойымызды мақтаныш сезімінің де кернеп кетенінін айтпасқа болмас. Иә, «Қазақ әдебиеті» қазақтың қазақтығын сақтап қалу жолында бейбіт заманда қарусыз, қаламмен аянбай еңбек ете алыпты. «Қазақ әдебиетіне» жетекшілік еткен қай редактордың да жүріп өткен жолына қараңыз, әрқайсысының еңбегі ерекше жарқырай көрінеді. Бәлкім, ол заманаларда, үлкендер айтатындай, «Өмір шынымен де өзгерек» болды ма екен? Әйтеуір ол заманның оқырманының әр әрпінен де ақ жүрегі елжіреп тұрғандай болады да тұрады. Сарғайған газет тігіндісін қолыңа ұстасаң, сол заманның аңқылдақ иісі сезілетіндей. Ол заманда елдің бәрі кеңпейіл, елдің бәрі ақжүрек, адал сияқты. Ол заманның шалағайлары мен Шығайбайының өзі сүйкімді көрінетіндей ме? Тіпті, әлдебір оқырмандар – шопан ба, сауыншы ма, мұғалім бе – жазған «жұп-жұмыр, тегіс» емес өлеңдері де жүрекке жылы тиеді. Шын жүрегінен шыққан сезім. Ақын емес, әттең. Тіпті, газет бетіне жарияланған суреттерден де бір тазалық байқалады... 

Осы күндері... Әлде жүрегімізге шаң қонды, әлде тұтас өзгердік кей-кейде айналаң сенімсіз, көріксіз көрінеді де тұрады. Шырттай киініп алып, шекірейе қараған біреулердің назары сені тәкәппарлана бір шолып өткенде, төбеңнен мұздай су құйылғандай болады. Ығыжығы жұрттың кейде ызақор, кейде мағынасыз жанарлары да бей-жай қалдырмайды. Сондықтан біреудің жүрегіне үңілмек түгілі, жанарына қарағың келмейді. Ал біз бүгінгі жүректердің не деп лүпілдейтінін жазуға міндеттіміз. Елдің бағыты қайда бет алғанын, халықтың болмысы қалай өзгергенін біз білмегенде, немесе білетін біреулер арқылы біз жеткізбегенде не болмақ? Біз қаптаған адамдар ағынынан өз заманымыздың кейіпкерін, өз заманымыздың қаһарманын, өз заманымыздың мінезін іздейміз. Табу, таппау – тағы да «Құдайдың қалауына байланысты» ма екен? Құдайдың да ниет еткенге, жүрегі тазасына ықыласы түсер. Ендеше, елдің мінезін басылымдардағы шынды-өтірікті дүниелерімізбен өзгерткен біздер, ұлттың болмысын ұғар жанды қайдан іздейміз? Бізді қызықтырған жан – ұлтты ұйытқан батыр, тұлға кім? 

Иә, қазіргі замандағы батыр, тұлға туралы түсінігіміз, батырлық, ерлік туралы ұғымымыз бұрынғыдан өзгерек болуы керек. «Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы – Бекет», өйткені. Қазір өзінің жүректілігін, күш-қайратын ел басына күн туғанда дәлелдейтін жеке батырлардың заманы өткен. Отты қарулардың жетілуіне, адам болмысының ұсақталуына байланысты адамзаттың да іс-әрекеті тұтастай өзгерді. Біздің замандардағы келеңсіз әрекеттердің барлығы батырлықты қажет етпесе керек. Тұлға жайлы әңгіме де солай. Күллі қазақ атаулыдан жаны ізгі тұлғаны қалай даралап алуды да ешкім білмейді. Алайда, тұлға туралы әңгіме қозғағанда қоғамның, елдің дертін, жан жарасын анықтап берер, үлкен істерге апаратын жандардың біздің елге керек екенін сезінесің. Біз сондай жандарды іздедік пе, іздесек таптық па, тапсақ, оның өнегелі жолын елге көрсетіп, үлгі қылып ұсына алдық па? Оған күніне ғарыштық жылдамдықпен ағылып жатқан ақпараттар тасқынын қосыңыз. Біз рухсызданды деп жақтыра бермейтін Батысыңыз осы күні руханиятын толықтыру үшін, біздердің Атлантидамызға, ел-елдің жадында жатталып қалған көне жыр-әңгімелерімізге қызығушылығын арттыруда. Біздің басылымның да о бастағы бағыты осытұғын, идеология жаппай керексіз қылып тастаған уақытта да, халықты жауһарынан айырып алудың бұрыстығын тайсалмай дәлелдеуге барын салған еді, басылымдағы ата әріптестер. Иә, ұлт руханиятын насихаттауды, ұлттың жоғын жоқтауды, ұлттың сөзін сөйлеуді басты мақсаты етіп алған «Қазақ әдебиетінің» еңбегін білмейтін қазақ жоқ шығар. Дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қазақтың әрбір баласының жүрегінде сағыныш қылын шерткен еді деп асқақ сөйлеуге жүрек дауаламайды. Алайда, қазақтың бойындағы аталық бір мінезінің өзгермей сақталып жетуіне «Қазақ әдебиетінің» де елеулі үлес қосқаны рас. «Жақсы әке баласын қырық жыл бойы асырайдының» мысалын «Қазақ әдебиетінен» көрсек те болады. Себебі, қазақ баласының жүрегіндегі ең асыл сырларын ақтаруға тырысқан газетіміздің сарғайған парақтарында ұлттың ең аяулы ұлдарының жып-жылы алақанының табы сақталған. Сол жылылықтан халықтың аталық мінезін сақтап қалуға деген үлкен жүректі сезінесің. Сондықтан болар, «Қазақ әдебиеті» дегенде көз алдымызда өткен ғасыр басындағы қазақ әдебиеті алыптары тізіле қалады. 

Иә, «Қазақ әдебиетінің» де үнсіз қалған сәттері баршылық. Алайда, мәселе сын сағаттарда сөйлей алуда немесе үнсіз қалуда ғана емес шығар. Мәселе, өз іс-әрекетіңе жауап бере алуда, өзіңнің қадамың үшін ертең, керек десеңіз сіз о дүниеге аттанып кетіп, жазған-сызғандарыңызды өзге біреу оқығанда да арғы жақтан қарап тұрып жан азабына түспеуде болса керек. Әлихан Бөкейханұлы «Қазақ» газетiне жариялаған «Ашық хат» деп аталатын мақаласында: «Еуропада газета – ғұмыр айнасы. Ғұмыр не болса, бәрi газетада көрiнiп тұрады. Газетаны оқып, жұрт өзiн-өзi көредi, өзiн-өзi бiледi... «Қазақ» газетасы қазақ ғұмырына айна болмаса, қазақ өзiн-өзi қалайша таниды?», – дейдi. Біз өткенімізге үңіліп, айнамызға қараған сәтте осы күні қандай күй кешеміз? Ертеңгі ұрпақ айна есебінде біздің қаламымыздан төгілген дүниеге қарап, біздердің жан-дүниемізді іздегенде, мінезіміздің өзгергенін, жәркештігімізді, жалпақ­шешейлігімізді, жалғаншы мінезімізді байқап қалса, қайтпек-дүр? Себебі, біз жасырғанымызбен, ұлттың бойындағы осы күнгі мінез осы күнгі басылымнан бір көрінері анық. Еліміздің тұлғасы, қаһарманы бола білген жандарды біздің қаламнан таппай қалған уақыттың да жауабын берер кез келер. 

Халық ертегі-жырларындағы қас батыр­дың қасынан табылатын Таусоғар, Желаяқ, Көлтауысарлар есіңізде болар? Әрқайсысының қандай қызмет атқаратынын қайталап жатпайық, ертегінің қаһармандығына даңқ қосар сол жолдастарының ерлігіне риза болатын біздер осы күні Ертөстіктерді ғана емес, оның айналасындағы қалың қауымды да елге лайықты таныстыра алдық па осы? Ал елдегі ағайынның құлағы мен көзі адам жанын зерттеген емес, адам жанын жаралайтын, біреудің жүрген жүрісі мен киім киісіне қатысты жазған дүниелерінде. Біздің қоғамның жүрегіне жабысқан дерттің дауасын біздер, қалам иелері неліктен таба алмай жүрміз? 

Тіл тек қана сөйлесу құралы ғана емес, ол халықтың жадысы, тарихы, мәдениеті мен дүниетанымы дейді білетіндер. Сол тілді бізге берген Тәңірінің қызметіне қаншалықты адалдық танытып, қаншалықты жанкештілік көрсетіп жүргенімізді уақыт елеп-екшер. Мерейтой қарсаңында халықтың мінезінің, болмысының қаз-қалпында, тұма бұлағында сақталуына еңбек еткен «Қазақ әдебиеті» туралы сөз қозғай отырып, әлі де заманымыздың қаһармандары, Ертөстіктері мен Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысарларын іздеп жүргенімізді айтқымыз келеді. Жерұйықтан іздесек, табылар да еді, тек Атлантидамыз – ауылымызға жиі ат басын бұра бермейтініміз өкінішті-ақ. Әйтпесе, бүгінгі халықтың нағыз мінезін сол жақтан тап басып танитынымызға сөз жоқ.

Қазақ әдебиеті


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 307 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 583 0








28/04/2017 12:30

Біз іздеген ертегі
0 23913 0


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика