THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Отандық аударматанудың тарихы,
бастау көздері, ғылыми негізінің қалыптасуы мен тәржімешілік тәжірибе туралы
сөз қозғасақ, ХХ ғасырдың бас кезінде еңбек еткен Алаш оқығандарының еңбектерін
айналып өте алмаймыз. Өйткені отандық аударматанудың негізін қалауға олар үлкен
үлес қосты. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы
аударманың қайнар бастауында Ыбырай, Абай тұрса, ХХ ғасыр басында Шәкәрім мен
Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Мұхтар сынды Алаш оқығандары қазақ аударматануының қаз
тұруына, қалыптасуына, тәржімешілік тәжірибенің орнығуына айрықша атсалысты.
Шәкәрім А.Пушкиннен тәржімелеген «Дубровский» романын
«Дубровский әңгімесі», «Метель» повестін «Боран» деп атады. Ұлы орыс ақынының
қарасөзбен жазылған бұл екі шығармасын да Шәкәрім өлеңмен аударды. Ол
Америкалық жазушы Гарриет Бичер-Стоунның «Том ағайдың балағаны» романын,
Л.Н.Толстойдың «Асархидон-Лаэли», «Үш сауал», «Криз патша», «Пан-Жи-Зан хан»,
«Ұждан», «Қолшатыр бұйрығы» әңгімелерін де қазақ оқырманына өлеңмен жеткізді.
Бұл кезеңде әсіресе көркем аудармаға көбірек мән беріліп, Алаш оқығандары әлем
әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырманының ұлттық таным-түсінігіне лайықтап
жеткізуді мақсат етті. Түпнұсқаның тілдік өзгешеліктері мен оның авторының жеке
стиьдік ерекшелігін сол қалпында жеткізуден гөрі, шығарманың сюжеті мен
құрылымын сақтай отырып, негізгі мазмұндық-идеялық ой желісін қазақы сөз саптау
мәнеріне салып аудару осы кезеңде жасалған аудармалардың көбіне тән сипат.
Олардың арасында Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов сынды түпнұсқа авторына
тән жеке стильдік ерекшелікті барынша сақтауға ұмтылған, бұл талапты аударма
жасау барысында ұстанатын негізгі өлшемшарт ретінде таныған қаламгерлер мен
аудармашылар да болды.
Алайда мұны өткен ғасыр басындағы тәржімешілер тарапынан жаппай басшылыққа
алынған қағидат деп тану қиындау. Қайта қара сөзбен жазылған прозалық шығарманы
өлеңмен аудару, түпнұсқа мәтінінің кейбір тұстарын аудармай қалдырып кету,
ықшамдап алу немесе өз тарапынан ой қосып толықтыру, өзге мәдениетке тән
ұғымдар мен түсініктерді қазақ ұғымдарымен алмастыру, аударма мәтінді төлтума
шығарма тәрізді қабылданатындай етіп қазақ оқырманына бейімдеу, ұлттық нақышқа
салу мен ұлттық бояуды қоюлау жағу жиірек көрініс береді. Бұл құбылыстан да
Алаш оқығандарының не өндірсе де, не жазса да солардың бәрінің қазаққа қонымды,
қазаққа қолайлы болуын ойлағанын, олардың ұлттық көзқарасы мен ішкі ниетін
көруге болады.Алаш оқығандарының шығармашылығынан өзге мәдениетке бейімделуден
гөрі өзгенікінің бәрін өзімізге бейімдеп, лайықтап, икемдеп, жерсіндіріп
қабылдау байқалады. Олардың әдеби-ғылыми шығармашылығы мен ағартушылық ісінен
өзгелердің озық дүниелерін алып, өнері мен білімін үйренуді насихаттаумен
қатар, қазақтың өзге мәдениет ықпалына қатты ұшырап кетуінен сақтандыру
харекетін де анық аңғаруға болады. Қазіргі кезеңнің ғылыми-шығармашылық
қауымымен салыстырғанда олардың ұлттық иммунитетінің әлдеқайда күштілігін,
қазақы таным-түсінігінің негізі беріктігін әр ісінен, әдеби-ғылыми
шығармашылығынан да айқын аңғарылады. «Жапон тыңшылары» деген жалған айып
тағылған олардың қазаққа өзіндік ұлттық кескін-келбетін сақтай отырып өркендеу
жолын таңдаған жапон жұртының даму үлгісін ұсынуынан да сол кезең зиялыларының
болмыс-бітімі, ұлттық ұстанымы байқалады. Қазіргі
жаһандану заманында төл мәдениетімізді, ұлттық бет-бейнемізді сақтап қалудың
өзектілігі артып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде Алаш оқығандарының мұрасын
жан-жақты зерттеп, олардан ғибрат алу – өткенді көксеп, артқа қарайлай беру
емес, келешекке де ұлттық келбетімізді жоғалтпай жету үшін қажет. Олар ескішіл,
кеңестік кезеңде айыптағандай өз ұлтының рухани байлығынан өзгені көргісі
келмейтін әсіреұлтшыл немесе халқын әлемдік ғылым мен әдебиеттің үздік
туындыларымен таныстыруға қарсы кертартпа болса, өзге жұрттардың көркем-әдеби
шығармалары мен ғылыми-оқулық әдебиеттерін аударып, қазаққа таныстырып,
олардан үйренуге үндемес еді. Қазір бізде жүз үздік кітапты аудару қолға
алынып, бұл ұлт руханияты үшін аса маңызды іс деп бағаланып жатыр. Біле білсек,
бұл игілікті істі алғаш бастап, әлем әдебиетінің жауһарлары мен өз кезеңінің
озық ғылыми еңбектерін ана тілімізге аудару арқылы жаһан жұртшылығының
жетістіктерін ұлтының қажетіне жаратудың жарқын үлгісін көрсеткен де ХХ ғасыр
басындағы ел мүддесін бәрінен жоғары қоя білген Алаш зиялылары еді.
Алаш
оқығандары әлем әдебиеті мен ғылымының үздік туындыларын қазақ тіліне аудару
арқылы мәдениетаралық қатынастарды нығайтумен бірге, тәржімешілік тәжірибенің
таралуына, кәсіби аудармашылар мектебіне бастап апаратын жолдың жасалуына
айрықша қызмет етіп, ұлттық аударматанудың негізін салып кетті. Сондықтан
аударма тарихы мен аударматану ғылымының даму, қалыптасу кезеңдерін зерттеу мен
оқытуда алаш мұрасына жете мән беріп, аса мұқият болғанымыз абзал.
Араға бір ғасыр уақыт салып барып, Алаш зиялыларының бастаған
ісі жалғасын тауып, қайта жаңғырып жатыр. Мұны алаш өнегесінің, алаш мұрасының
қилы-қилы кезеңдерді басынан өткізген ұлтымыздың қазіргі кезеңдегі рухани
жаңғыруына алтын арқау, қайнар көз болып отырғандығының көрінісі деуге толық
хақымыз бар. Алаш қайраткерлері бұл істі тікелей өз мойындарына алып, өз
қолдарымен атқарды. Мәселен, Алаш көсемі Әлиханның Л.Н.Толстойдың «Қажы-Мұрат»,
«Кавказ тұтқыны» Ги де Мопассанның «Симонның әкесі», «Күзетте», «Жарасын
жасырған ана», О.Уайльдтың «Жұлдыз бала», А.П.Чеховтың «Қамелеуін»,
В.Г.Короленконың «Мақардың түсі», Д.Н.Мамин-Сибиряктың «Баймақан», «Қара
ханым», Эзоп мысалдарын, Н.А.Маркстің «Ескі Қырымның сөздері» атты еңбектерін
аударуы, А.Байтұрсынұлының И.А.Крыловтың мысалдарын, А.С.Пушкиннің «Балықшы мен
балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармалары мен И.И.Хемницердің
«Ат пен есегін», Ж.Аймауытовтың Джек Лондонның «Күштілердің күші», «Теңсіз,
телегей аттаныс», Г. Мопассанның «Су жүзінде», В.Гюгоның «Бейшаралар»,
Р.Тагордың «Балжан», А.С.Пушкиннің «Сараң сері», «Тас мейман», Н.В.Гогольдің
«Бақылаушы», Ф. Дюшен «Дәмелі» және басқа да бірқатар шығармаларды аударуы,
сондай-ақ М.Жұмабаев, М.Дулатов, М.Әуезов, І.Жансүгіров және басқа да алаш
оқығандарының көптеген шетелдік көрнекті қаламгерлер мен ғалымдардың ең үздік
еңбектерін қазақшаға аударуы соның айқын дәлелі.
Тек көркем
аударма ғана емес оқулық әдебиеттер мен ғылыми әдебиеттерді қазақ тіліне аудару
ісі де ХХ ғасыр басында мақсатты түрде қолға алынып, бұл шаруа Алаш
оқығандарының тікелей атсалысуымен жолға қойылғанын атап айтқан абзал. Ғылыми,
ғылыми-техникалық мәтіндерді қазақ тіліне аударудың бастауын, яғни ғылыми
аударманың негізінің қалануын да осы кезеңмен байланыстыруға тура келеді. Оған
Алаш зиялылары қазақшаға аударған шетелдік ғалымдардың жекелеген ғылыми, ғылыми
танымдық мақалалары мен оқулықтары, көлемді ғылыми еңбектері нақты дәлел бола
алады. Мәселен, Әлихан Бөкейхан француз ғалымы К.Фламмарионның «Астрономия
әліп-биі» («Общедоступная астрономия». Мәскеу, 1924), мен Д.Гравенің «Дүниенің
құрылысы», Т.Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» еңбектерін, Х.Досмұхамедұлы
Ю.Вангердің «Денелеріміздің түзелуі мен жұмыс қылуы» («Рассказы о том, как
устроено и работает наше тело», 1924), «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзелуі
туралы әнгімелер» («Рассказы о том, как живут и устроены растения», 1924)
кітаптарын, Қошке Кемеңгерұлының П.Лебедевтің «Химия» (Қызылорда, 1929)
оқулығын, М.Әуезов Ю.Вагнердің «Жер жаратылысы жайындағы әңгімелерін» аударды.
Біз бұл жерде мысал үшін Алаш оқығандарының бірнеше аударма еңбектерін ғана
келтіріп отырмыз. Олар жасаған аудармалар осы аталғандармен ғана шектелмейді,
бұл тізімді әлі жалғастыра беруге болады.
ХХ ғасыр
басында еңбек еткен алаш оқығандарының аударма ісін жолға қоюға қосқан айрықша
үлесінің бірі – олардың екі тілді аударма сөздіктер мен терминологиялық
сөздіктерді шығаруы. Аударма жасау үшін және аудармадағы бірізділікті сақтау
үшін екітілді аударма сөздіктерін жасаудың маңызы өте зор. Аударма ісін жолға
қою ең алдымен осыдан басталады деуге болады. Осыны жақсы түсінген алаш
оқымыстылары бұл істі де өз қолдарына алып, көп іс тындырды. Қ.Кемеңгерұлының
жетекшілігімен жарық көрген «Қазақша-орысша тілмаш» (Мәскеу, 1925),
«Орысша-қазақша әскерлік атаулары» (Қызылорда, 1926), «Атаулар сөздігі»
(Қызылорда, 1931), А.Байтұрсынұлының басшылығымен дайындалып, Н.Қаратышқанұлы
құрастырған «Пән сөздері» (Қызылорда, 1927) солардың қатарына жатады.
Алаш оқығандары өздері аударма жасап, аударма сөздіктерін дайындаумен қатар
сол кезеңде жасалған аудармалардың сапасы, теориясы мен практикалық мәселелері
туралы мақалалар мен сын-пікірлер де жазды. Өткен ғасыр басындағы мерзімді
басылымдарда жарық көрген Ә.Бөкейханның аударма еңбектер туралы жүйелі түрде
жазып тұрған сын-пікірлері, Ж.Аймауытовтың «Аударма туралы» мақаласы мен өзге
де авторлардың тәржіме туралы ой-пікірлері осы бағыттағы алғашқы ғылыми
ізденістер екендігі еш күмән туғызбайды.
Бұл аталғандармен қатар Алаш оқығандары тарапынан көптеген саяси еңбектер,
публицистикалық мақалалар, шағын кітапшалар, ісқағаздары, нұсқаулықтар мен
ережелер де, халықтың құқықтық сауатын ашу мақсатында жекелеген заң баптары да
аударылды. Яғни бұл кезеңде қажетіне қарай ресми-іскери аудармалар да жасалды.
Бірақ олар аударманың бұл түрін қазіргі кезеңдегідей қазақ тілінің қолданысын
шектеп, оның құрылымдық-стильдік қалыбын бұзатындай кең таралуына жол ашқан жоқ.
Аударманың бұл түріне қажетіне қарай ғана жүгінді деуіміздің мәнісі сонда
жатыр. Негізінен көркем аударма мен оқулық, ғылыми, ғылыми-танымдық
әдебиеттердің көп аударылуынан да соны көруге болады.
Қорыта келгенде айтарымыз, ХХ ғасыр басы отандық тәржіматану ғылымының
қалыптасу, іргетасы қалану кезеңі болды. Алаш оқығандары әлем әдебиеті мен
ғылымының үздік туындыларын қазақ тіліне аудару арқылы мәдениетаралық қатынастарды
нығайтумен бірге, тәржімешілік тәжірибенің таралуына, кәсіби аудармашылар
мектебіне бастап апаратын жолдың жасалуына айрықша қызмет етіп, ұлттық
аударматанудың негізін салып кетті. Сондықтан аударма тарихы мен аударматану
ғылымының даму, қалыптасу кезеңдерін зерттеу мен оқытуда алаш мұрасына жете мән
беріп, аса мұқият болғанымыз абзал.