КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Алпыс екі мәуелі шынар ағаш,

Ағашқа біткен бұтақ жалғас-жалғас.

Және де екі тесік бір мешітте,

Қаланған кірпіші бар іргесінде.

Бір әйнек шыны да емес, темір де емес,

Жасауы сынып кетсе қолдан келмес.

Жұмбағым тез ойланып тауып берші,

Сен-дағы жігіт едің өзім теңдес.

/Адамның жаратылысы/.

 

 

Бір “әліп” мұнарадай көзім көрген,

Екі “мәт”, екі “сәкін” оған ерген.

Болғанда “иа”ден камал, нұрдан гауһар,

Болады кім данышпан мұны білген.

/Адам, көз, жас, екі құлақ,cөз/.

 

 

 

Бір таудың алпыс сегіз саласы бар,

Он екі жанында қаласы бар.

Бау-бақша түрлі өсімдіктер,

Барлығын билеп тұрған анасы бар.

/Алпыс сегіз тамыр, он екі мүше/.

 

Ағады алпыс екі бұлақ бір қайнардан,

Он екі бұлағы бар шыр айналған.

Ісіне таң қаламын құдіреттің,

Бәрі де бір нәрсеге ыңғайланған.

/Алпыс екі тамыр, он екі мүше/.

 

 

Меккеде бір ағаш бар түбі жуан,

Он екі ұл, алпыс екі қызы бір күні туған.

/Он екі мүше, алпыс екі тамыр/.

 

 

Бір қария жерде де емес, көкте де емес,

Болғанда түбі терең, аузы кемеш.

Ішіне ит түссе де арам емес.

/Көз/.

 

Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,

Бұзылса оны адам түзер емес.

Кезінде өзі ашылып, жабылады,

Мағынасы қымбат нәрсе, арзан емес.

/Көз/.

 

 

Әрі жүрер қараша ат,

Бері жүрер қараша ат.

Су бойында тұнық су,

Таңдап ішер қараша ат.

/Көз/.

 

 

Жар қабақта екі бастау,

Жапсар тастың астында

Жасыл ала құс жатыр.

/Көз/.

 

 

Кішкене ғана тостаған

Жер дүниені бастаған.

/Көз/.

 

 

Көріп едім бір үлкен дарияны,

Барша қыз мекен етіп жатыр оны.

Ішінде ерлі-байлы екі аққу бар,

Жарықтық жеті сарбас балалары.

/Көз/.

 

 

Кіп-кішкене қараша,

Тұрған жері тамаша.

Бір секундта жер-көкті

Алады шарлап қараса.

/Көз/.

 

 

Кішкене ғана бетерім,

Жер түбіне жетерім.

/Көз/.

 

 

Құстан ұшқыр, тездігі оқтан бетер,

Бес жүз жылқы аспанға оқтай жетер.

Ақылменен ойланып қарасаңыз,

Жылдамдыққа нәрсе жоқ онан өтер.

/Көз/.

 

 

Бір тауда жанады екі шырақ,

Бір жанады, бір өшеді.

/Көз/.

 

 

Ала арқаным жетпес жер жоқ.

/Көз/.

 

 

Кішкентай бір мақұлық торы ала,

Ағаштан атрапына соққан қала.

Ішінде сол қаланың өмірі өтер,

Сабыр қып сахараға шықпас жана,

Жаралған өзі ғана артық болып,

Болжайды әр нәрсені айтып шама.

/Көз/.

 

 

Екі бала қатар тұрса да,

Бірін-бірі көрмейді.

/Көз/.

 

 

Екі ағайынды,

Екеуі де бір үйде,

Бірін-бірі көрмейді.

/Көз/.

 

 

Көреді бәрін өзгенің,

Көрмейді бірақ өздерін.

/Көз/.

 

 

Ала тайынша шаң көтермейді.

/Көз/.

 

 

Ағайынды екеу болыпты,

Екеуі тату жүріпті.

Ортасында тау болып,

Бірін бірі көрмепті,

Екеуінің міндеті орындайтын бір бопты.

/Көз бен мұрын/.

 

 

Көрші отырған көршілер

Бірін бірі көрмейді.

Қара түнек қос үңгір

Діңгегі асу бермейді.

/Көз бен мұрын/.

 

 

Қара суда суат жоқ,

Қалың талда бұтақ жоқ.

/Көз бен кірпік/.

 

 

Сырты қылшық,

Іші былшық.

/Кірпік пен көз/.

 

Ары жүгір қаратай,

Бері жүгір қаратай.

Тал түбіне барғанда,

Тайып жығыл қаратай.

/Көздің қарашығы/.

 

 

Бір көлде екі түрлі сүт бар.

/Көздің ағы мен қарасы/.

 

 

Таудан тас құлады.

/Көз жасы/.

 

 

Таудан тары домалайды,

Оны он екі қаз қуалайды.

/Көз жасы/.

 

 

Бір таудың екі күзетшісі,

Екі тыңшысы, отыз екі бөрісі бар.

/Көз, құлақ, тіс/.

 

 

Қабақта қара бурам шөгіп жатыр,

Етектеп құмалағын төгіп жатыр.

/Қас, көз, жас/.

 

 

Тұнық суға ши ұстадым.

/Кірпік/.

 

 

Екі жар бірін бірі шамалаған,

Тал шығып, жағасына сабалаған.

/Кірпік/.

 

 

Сәуле астында жүз кісі.

/Кірпік/.

 

 

Алпыс кісі аяқтасты,

Ертеменен таяқтасты.

/Кірпік/.

 

 

Күндіз шайқасады,

Түнде айқасады.

/Кірпік/.

 

 

Бір нәрсе жегеніне тіпті тоймас,

Адамның ол нәрсесіз күні болмас.

Жіберсе қарап қалар жердің бәрі,

Кішкене болса-дағы кемдік қылмас.

/Ауыз/.

 

 

Дарияның інжу-маржан шеттерінде,

Не кітап, оқу жоқ беттерінде.

Қайын ба, қарағай ма, яки тал ма,

Тармасқан тоғай таудың бөктерінде. 

/Адамның бет-аузы, келбеті, сақал-мұрты, сөзі/.

 

 

Бір тобықта жеті жыртық.

/Екі танау, екі құлақ, екі көз, бір ауыз/.

 

 

Беткейде бес есік.

/Екі танау, екі көз, ауыз/.

 

 

Ағады тау басынан сегіз бұлақ,

Төртеуі ащы, үшеуі тәтті тым-ақ.

Ащы да емес, төртеуі күшті де емес,

Екі жапырақ өспейді тіпті бірақ.

/Екі құлақ, мұрын, екі көз, ауыз/.

 

Бір нәрсе жегеніне тіпті тоймас,

Адамның ол нәрсесіз күні болмас.

Жіберсе қарап қалар жердің бәрі,

Кішкене болса-дағы кемдік қылмас.

/Ауыз/.

 

 

Бір сарай, бір миыммен тазаланған,

Екі серік бір досы бар қасына алған.

Болғанда еден гауһар, желден самал,

Жер жүзі сайран болған жалғыз талмен.

/Ауыз, сөз, ерін, тіс, таңдай, леп. т.а./.

 

 

Абайлап жүргін алдында,

Аңқайған ұра тұрыпты.

Ол ұраның ішінде,

Гауһардан қора тұрыпты.

Ол қораның ішінде

Ақылды дана тұрыпты.

Ол дананың түбінде,

Білімді бала тұрыпты.

Асты менен үстінде

Балаға пана тұрыпты.

Барлығына пана болып,

Ата менен ана болып,

Қаулаған сора тұрыпты.

/Ауыз, тіс, тіл, көмекей, таңдай,сақал 

менен мұрт/.

 

 

Бір ұраның аузында

Бір бау сора.

/Ауыз бен сақал, мұрт/.

 

 

Бір төбеде үш бастау,

Біреуінің суы - тәтті,

Біреуінің суы - ащы,

Біреуінің суы - сор.

/Ауыз, жас, сор/.

 

 

Айтайын мен бір жұмбақ ая батыр,

Болғанда асты гауһар, үсті шатыр.

Қазандай қара тастың сол түбінде,

Бір түрлі адам таппас заһар жатыр.

/Тіл, тіс, ауыз/.

 

 

Бір отаудың ішінде отыз бөрі,

Бар жалғыз қызметкері өте епті.

Он жігіт алып барып тастағанда,

Отаудың бүлкілдейді екі жері.

/Тіл, тас, саусақ, ерін/.

 

 

Мен жұмбақ айтайын табасын ба,

Айналып ақ қаланы шабасын ба?

/Тіл, тіс/.

 

Қыдыр ата тас қойдым,

Қызыл өгізді бос қойдым.

/Тіс, тіл/.

 

 

Екі тақта арасында

Қимылдайды қызыл тақта.

/Тіл/.

 

 

Жағалай-жағалай тас қойдым,

Жирен атты бос қойдым.

/Тіс, тіл/.

 

 

Үнемі ауызда бұлтыңдайды,

Бірақ жұтылмайды.

/Тіл/.

 

 

Қатар-қатар ақ күріш,

Тұрған жері қақтығыс.

/Тіс/.

 

 

Айдын көлде алтын тас,

Ау салса да алынбас.

/Тіс/.

 

 

Тамға таяқ сүйедім,

Отыз жерден сыр-сырлап.

/Отыз екі тіс/.

 

 

Үсті тақтай,

Асты тақтай,

Ортасында әбзел тақтай.

/Тіс,тіл/.

 

 

Ти, ти десем, тимейді,

Тиме десем тиеді.

/Ерін/.

 

 

Үлкен ой,

Үлкен ойдың ішінде

Кіші ой,

Кіші ойдың ішінде,

Балуан би.

/Ерін, тіс, тіл/.

 

 

Үлкен үй,

Үлкен үйдің ішінде

Кішкене үй.

Кішкене үйдің ішінде

Досқана би.

/Ерін, тіс, тіл/.

 

 

Туғаннан біргемін

Бірақ санын білмеймін.

/Шаш/.

 

 

Асқар тауда қара орман.

/Шаш/.

 

 

Томпағымның басында тоқсан қыз бар.

/Шаш/.

 

 

Жас кезінде қара орман,

Жыл өткен сайын ағарған.

/Шаш/.

 

 

Басында Қаратаудың қап-қара шөп,

Атаймыз тау демесек әлде не деп.

Ағарып ақырында кете ме екен,

Ол таудың әлде шөбі тұрғанда көп.

/Шаш/.

 

 

Білмеймін ерке ме екен, есер ме екен,

Қалпынан артық бойлап өсер ме екен.

Өсірме деп біреуге бұйырмасам,

Таудағы тоғайымды кесер ме екен.

/Шаш/.

 

 

Бір тауға әрі қайың,

Әрі тал өседі.

/Шаш, сақал/.

 

 

Майтөбеде ол сусыз,

Өскен қамыс буынсыз.

/Шаш,бас/.

 

 

Кішкене ғана тегене,

Сырты толған балауса.

/Шаш, бас/.

 

 

Беткейге қар жауды,

Кетпеске айналды.

/Шаштың ағаруы/.

 

 

Қараша тауым қарлы болды,

Бір жауса кетпейтұғын зәрлі болды.

/Шаштың ағаруы/.

 

 

Қар жауды тау басына кетпейтұғын,

Аяқ жерге қақ тұрар кетпейтұғын.

Отыз шаһар қаласы ойран болды,

Ел бар ма ебін тауып септейтұғын. 

Ағарған шаш, көздің жасы, отыз түскен тіс/.

 

 

Қар жауар пәкене таудан кетпейтұғын,

Басында бұлағы бар кеппейтұғын.

Тас қорған тәңірім соққан бұзылмайтын,

Болар ма оны адам ептейтұғын.

/Ағарған шаш, көздің жасы, тіс/.

 

 

Қар жауды Қаратаудың басына кетпейтұғын,

Етекте екі бұлақ кеппейтұғын,

Бір тауда бір диірмен босқа қалды,

Бар ма екен сол диірменді ептейтұғын.

/Ағарған шаш , көздің жасы, тіл, тіс/.

 

 

Қар жауды таза жерге кетпейтұғын,

Түбінен қайнар шықты кеппейтұғын.

Алтыннан соққан қала бұзылыпты,

Бар ма жан оны соғып ептейтұғын.

/Ағарған шаш, мұрынның сорасы, түскен тіс/.

 

 

Қары бар Қаратаудың кетпейтұғын,

Ішінде бір бұлақ бар кеппейтұғын,

Бұзылып алтын кісен босқа қалса,

Ұста жоқ ол кісенді септейтұғын.

/Ағарған шаш,мұрын сорасы,тіс /.

 

 

Қара айғырым шабады қамшыламай,

Қара жерге аяғын шаншып алмай.

Бір төбенің басына шығып алып,

Мың қойды қасқыр жепті қан шығармай.

/Ұстара, шаш, бас/.

 

 

Шығыпты тау басына бір топ раң,

Төбенің бірі -қара, бірі-қылаң,

Қылышын қынасынан жылмаңдатып,

Раңның бірін қырмай,бәрін қырам.

/Шаш,ұстара/.

 

 

Мың қойым суға кетті ,

Байжан ақсақал қуа кетті.

/Шаш ,ұстара/.

 

 

Мың қойымды бір шыбықпен айдадым.

/Шаш, ұстара/.

 

 

Бір төбеге қойыпты шынар жайып,

Қолына қылыш алды бір ғажайып,

Екі жақта шынардың қалқаны бар,

Кетпесін қалқанына қылыш тайып.

/Шаш,ұстара, екі құлақ/.

 

 

Алпыс қанат ақ орда,

Алпыс атанға сыймайды.

Алпыс атаным қысқа дейін десем,

Тәңертең ұшқан құс,

Кешке әрең қонады.

/Шаш, тарақ/.

 

 

Бір тауға әрі қайың,

Әрі тал өседі. 

/Шаш , сақал/.

 

 

Қос бұлақ бір қарауыл салғаны бар,

Мойнында үш жүз алпыс арқаны бар.

Ақ тоғай, қара тоғай қалың ағаш,

Тоғайдың әр мезгіл де тарқары бар.

/Сақал,шаш/.

 

 

Қарамасаң жайлауға,

Қабан келер шайнауға.

/Бас пен бит/.

 

Бір тауда мекен еткен отыз бөрі,

Ол кісі отызының қызметкері,

Жанында екі адам қарауына

Жүрмейді бірі ілгері, бірі кейін .

Тағы да екі адамнан тыңшысы бар,

Есітіп келіп тұрған әңгімені,

Бірінің ортасында бағлан қозы,

Секіріп ойнап тұрған әрі-бері

Істейді біреуді екеу, қиынды оңай,

Қозыдан пәрменменен шыққан желі ,

Сол тауда мекен еткен бөрілердің,

Бойы бар ұстап көрсең екі-ақ елі.

Жалмаймын жер жаһанды десе-дағы,

Көрсетпейді қымтап тұрса екі тері.

/Бас,отыз тіс, екі көз, екі құлақ, тіл, ерін/.

 

Бір таудың басында бар бір топ тоғай,

Ойлаған ақыл-ойға жұмбақ оңай.

Сол таудың етегінде бір сарай бар,

Жүк әкеп түсіреді он бай ноғай.

/Бас, ауыз, қол/.

 

Бір жанды мақұлық көрдім формы бөлек ,

Бір тау бар ортасында дөп-дөңгелек.

Үстіне шыққан шөбі бәрі тегіс,

Мал жемес, шауып алып неме керек.

Ол таудың ортасында екі өзен,

Астында бұлағы бар, алды кезең,

Не астына, не үстіне шыққан шөп жоқ ,

Адамзат көргені жоқ ондай өзен.

Ол таудың етегінде жалғыз құдық ,

Беткейде асыл таспен аузын қиып,

Ішіне кірген нәрсе тірі шықпас,

Асыл тас жібереді бәрін қиып.

/Бас, бет, ауыз, тіс/.

 

 

Бір таудың адам жүрмес қиясы бар,

Екі самұрық ,қос қыран ұясы бар.

Бітіпті етегіне құрма ағашы,

Басында бұлбұл құстың ұясы бар.

/Бас, көз, құлақ, тіл, ауыз,сақал/.

 

 

Үрпек-үрпек тау,

Үрпек таудың астында екі жарық жұлдыз,

Оның астында екі тышқақ тоқты,

Оның астында жатқан тағы бір құндыз.

/Шаш, көз, қас, мұрын, мұрт/.

 

Қалың қамыс, қалың қамыс,

Астында қия қамыс.

Пысылдауық, пысылдауық,

Астында сақылдауық.

/Шаш,қас, мұрын, ауыз/.

 

Бір топ қамыс,

Бір топ қамыс астында қиған қамыс,

Қиған қамыс астында жылтырауық.

Жылтырауық астында пышылдауық,

Пышылдауық астында тебендеуік,

Тебендеуік астында қатар-қатар тас,

Ортасында жылмаңдауық.

/Шаш, қас, көз, мұрын, ерін, тіс, тіл/.

 

 

Асқар бел,

Асқар белдің аржағында ақ өткел,

Ақ өткелдің аржағында кішкене тау,

Кішкене таудың аржағында қиған қамыс,

Қиған қамыстың аржағында мидай дала,

Мидай даланың аржағында қара қопа,

Қара қопаның ішінде қара шошқа,

Қара шошқаны алады жалғыз тоспа.

/Иек, ауыз, мұрын, қас, маңдай, шаш,бит, тарақ/.

 

 

Күмбір-күмбір қарағым,

Қартайғанша жарадың.

/Құлақ/.

 

 

Екі кісі ерегісіп келеді.

/Құлақ/.

 

 

Ғаудыр-ғаудыр шанашым,

Қартайғанша көрмедім.

/Құлақ/. 

 

 

Құла бетте қисық астау.

/Құлақ/. 

 

 

Тауда жарбайып тұр.

/Құлақ/. 

 

 

Жар басында жарты кепе.

/Құлақ/. 

 

 

Жар басында жарты сыпыра.

/Құлақ/. 

 

Қарағай басына қатық ұйыттым.

/Ми/. 

 

 

Қиын-қиын қиялар,

Қияға жұмыртқа ұялар.

/Ми/. 

 

Бар екен бір жыланның отыз іні,

Түп-түзу бұл жыланның жоқ дүр міні.

Ғажайып бір мінезі тағы да бар,

Шықпайды бір інінен күндіз-түні.

/Жұлын/.

 

 

Екі достың бірі ыңғайлы,

Біреуінен ебі жоқ.

Екеуін де бірдей көрем,

Маған артық-кемі жоқ.

/Екі қол/.

 

 

Қимылда қос шебер,

Талай-талай іс бітер.

/Екі қол/.

 

Бес балалы екі досым,

Біреуінің ебі жоқ,

Екеуінде бірдей көрем,

Маған артық кемі жоқ.

/Екі қол/.

 

 

Кезек-кезек сермейтін,

Жүргенде қанатым ол.

Түрлі еңбекке икемдейтін,

Ауырсынбай баратын сол.

/Екі қол/.

 

 

Шашбау,

Шашбаудікі бес бау.

/Қол, бес саусақ/.

 

 

Бірі үлкен,бірі кіші,

Туысқан бірге бес кісі.

/Бес саусақ/.

 

Адам боп жаратылған бес арыстан,

Бойлары бесеуінің бір қарыстан.

Құдайдың құдіретіне таңғажайып

Бесеуінің арасына тас жабысқан.

/Бес саусақ, тырнақ/.

 

 

Бес сауысқан,

Бес сауысқан басына тас жабысқан.

/Бес саусақ, тырнақ/.

 

Бес жанды бір жансызға мінгескен,

Айналып ақ тақырдан із кескен.

/Бес саусақ, қалам/.

 

 

Бір күнде туған туыс бес,

Бойлары неге тең емес.

/Бес саусақ/.

 

 

Бес ат,

Бесеуі де қасқа ат.

/Бес саусақ/.

 

Бес адам бірі есекке мінгесіп жүр,

Мінгессе де талай жермен тілдесіп жүр.

/Бес саусақ/.

 

 

Бес көсеуім басы ақ күміс.

/Саусақ/.

 

 

Бес ат,

Бесеуі де қасқа ат.

/Бес саусақ/.

 

Бес адам бір есекке мінгесіп жүр,

Мінгессе де талай жермен тілдесіп жүр.

/Бес саусақ/.

 

Бар екен бәйтеректе екі аша,

Болмайды бар шақасы оннан аса. 

Біреуі біреуінен икемдірек,

Құдайдың құдіретіне қыл тамаша.

/Он саусақ/.

 

Бір тауды мекен еткен отыз бөрі,

Он кісі отызының жұмыскері.

Сол таудың ортасында бағлан қозы,

Масайрап секіреді әрі-бері.

/Он саусақ, отыз тіс, тіл/.

 

 

Бір тауды мекен еткен он бөрі,

Бес-бестен қызметкері.

/Он саусақ/.

 

 

Ағайынды он,

Кигені екі тон.

/Он саусақ пен екі қолғап/.

 

 

Бісміллә онға берді,

Он отызға берді,

Отыз Митанға берді,

Митан Шитанға берді,

Шитан ары қарай итере салды.

/Он саусақ,отыз тіс,көмей,тамақтану/.

 

 

Оным отызға берді,

Отыз үлпекке берді,

Үлпек шөлпекке берді,

Шөлпек жұтып қойды.

/Он саусақ, отыз тіс, тіл, кішкене тіл, көмей, тамақтану/.

 

 

Бес ағайын бар еді,

Бәрі бірдей жас еді,

Біреуі бірақ бас еді,

Бәрінен бойы пәс еді.

/Бас бармақ/.

 

 

Салдым бесақамды,

Аштым дарбаза үйді.

/Бес бармақ/.

 

Он терек отыз буын нұсқасы бар,

Бірі үлкен, бірі кіші қысқасы бар.

Бәріне лайықты атты қойған

Адамның тілі шешен ұстасы бар.

/Он саусақтағы отыз буын/.

 

Басында тас құдықтын серке ойнаған,

Жегенмен дүниеге еш тоймаған.

Бар екен бір кісінің он баласы,

Не үшін екеуіне ат қоймаған.

/Екі сұқ саусақ/.

 

Он үйрек, отыз аққу көлде жатқан,

Себеппен қаршыға құс дәмін татқан.

Алыстағы лашын құс ілмей қалмас,

Жақсылар ақылымен білмей қалмас.

/Он саусақ, тіл, тіс, көз/.

 

 

Ағайынды он,

Кигені екі тон.

/Он саусақ пен екі қолғап/.

 

 

Қолымда он жүзігім, ал шығармай,

Бір бөрі мал жейді екен қан шығармай.

Төрт торы , екі сала жұмбағым бар,

Мұны тапқан мені алсын мал шығармай.

/Он тырнақ, ұстара, жылдың төрт мезгілі/.

 

 

Екі батыр қазына іздейді,

Екі батыр жол іздейді.

/Қол мен аяқ/.

 

 

Болғанда ыран-қыран,

Жабыса кетер сондай қыран,

Бір биікке қатар-қатар жайлайды,

Бірге ұмтылады шықса ұран,

Кейде жым болып түйіледі,

Айтқанына көніп иіледі.

/Оң қол, сол қол/.

 

 

Жиырма баласы бар төртеуі ана,

Бірі ұзын, бірі қысқа дара-дара.

Қандайлық істі қоссаң ерінбейді,

Білімпаз мамандығы болған сара.

/Аяқ, қол, саусақ/.

 

 

Он айда мен аламын он жаңа айды,

Он жаңа айды алсам да ол таусылмайды.

/Тырнақ/.

 

 

Он кемпір мұз арқалап тұр.

/Тырнақ/.

 

Бір үлкен тау бар, басы қара,

Жан-жағында төрт сала бар,

Бәрі дара.

Басында даралардың күміс тәж бар,

Жігіттер, зейініңмен ойлап қара.

/Қол-аяқ, тырнақ/.

 

 

Он атты,он жаяу, қырық найзалы,

Қыздың сөзі пайдалы.

Асыққаның аяңдай тұр,

Асықпасаң бір-біріңе таялмай тұр.

/Аяқ, он саусақ, қырық қабырға және тіс/.

 

 

Бесеуі қашып бара жатыр,

Бұлдырық қуып бара жатыр.

/Башай, өкше/.

 

Бірге жатып бірге тұрар,

Озуға тұра ұмтылар.

Екеуі мәңгі жарысып,

Көрген жоқ әлі қалысып.

/Екі аяқ/.

 

 

Алпыс аналы қасқыр,

Жетпіс балалы қасқыр,

Ол да көп жүр құр-құрлап.

/Ішек-қарын/.

 

Мысыр деген шаһардың ортасында бір қонақ.

/Кіндік/.

 

 

Жалама таста

Жалғыз қурай.

/Кіндік/.

 

 

Денеңде бар,

Ойыңда жоқ.

/Кіндік/.

 

 

Тақырда тайдың ізі.

/Кіндік/.

 

 

Егіз қозы сүйексіз.

/Емшек/.

 

Бір дән бар дастарханда салынбаған,

Дәмінен татпай ешкім қалынбаған.

Бір ағашқа бітіпті екі бұтақ,

Қанша жан ықтаса да алынбаған.

/Ананың емшегі/. 

 

Табаққа түспес,

Қазанға піспес

Оны ішпей адам өспес.

/Емшек сүті/. 

 

Бір жерден кішкене тесік көрдім,

Тесіктен алтын сарай есік көрдім.

Тесіктен бір өгіз дәу шыға келді,

Қайтадан кірем десе, кіре алмады.

/Сөз, лебіз/.

 

Ереймен жерейменнен озбайды екен,

Асы алтын, қасығы күміс болып,

Өмірі бітіп мүлде тозбайды екен.

/Сөз/. 

 

Бір шыққан соң орнына қайтып кірмес,

Қай жақтан келерін де адам білмес.

Азаттыға сонымен дүниенің,

Онсыз тірі ешкім де дәурен сүрмес.

/Сөз/. 

 

 

Еккенім бір танапқа жалғыз бидай, 

Аққурай қанасына кетті сыймай.

Біреудің аманатын алсаң-дағы,

Тұрасың береріңде көзің қимай.

/Адамның жаны/.

 

 

Балдан тәтті,

Удан ащы,

Тәрбиесіз, ата-анасыз.

/Жан/.

 

 

Балдан тәтті,

Мақтадан жұмсақ,

Базарға апарып сатсаң,

Бір тиындық бағасы да жоқ.

/Ұйқы/.

 

 

Базарда сатылмайды,

Таразыда тартылмайды.

Өзі балдан да тәтті,

Өмірге бір шапағатты.

/Ұйқы/.

 

 

Суға салсаң - батпайды,

Отқа салсаң - жанбайды,

Жерге көмсең - шірімейді.

/Адамның аты/.

 

 

Өлсең де-өлмейді,

Өлмесең де-өлмейді.

/Адамның аты/.

 

 

Жаралғанға жабысқан.

/Адамның аты/.

 

Атқа мінбейді, жаяу жүрмейді,

Күніне мың шақырым жерге барып келеді.

/Көңіл/.

 

Бір нәрсе кейде сопы,кейде залым,

Сиқырлар бір сағатта жанның бәрін.

Бір уақыт патша болып отырады,

Тар жерде әркімнің де ойлар қамын.

/Көңіл/.

 

 

Сары ат міндім, саз кештім,

Сарқыты маған тимеді

Қара мақпал тон піштім,

Қиқымы маған тимеді.

/Түс/.

 

Бір жүйрік ат әркімде бар кетер шауып,

Үстінен ер-тоқымы қалмайды ауып.

Десем де қайда барам лезде барам,

Жартастан жығылмайды,қылып қауіп.

/Ойлаған ой/.

 

Көтеріліп қампияр қиыстырсаң,

Майдаланар қимылсыз жиыстырсаң,

Мұның да шешімі бар келісімді,

Ойланып ақылына сыйыстырсаң.

/Ой/.

 

 

Бір минутта дүнияны аралайды,

Сонда да шаршамайды.

/Ой/.

 

 

Алты аяқты, төрт көзді,

Екі ауызды,бір сөзді,

Ынтымақ үшін ел кезді.

/Атқа мінген адам/.

 

 

Арқасы екеу,

Аяғы алтау.

/Үстелде отырған адам/.

 

 

Бір адам көрдім,

Жүрмей тұрған жабысып.

Түсін танып тұрсаң да,

Жауап айтпас танысып.

/Адамның суреті/.

 

 

Көрінеді бір бәйтерек басы сыңар,

Сүйкімді адамзатқа ол бір шынар,

Дағ түбінен басынан жеткенінше,

Жүз бұтақ, мың екі жүз ұясы бар.

Төрт басқыштың бұтағы қырық тоғыз,

Мәуесі иіліп жерге балы тамар.

Бес басып, шыққасын алтыншыға,

Жылымшып аппақ болып жауады қар.

Жеті бұтақ басқанда, жер жарылып,

Жайы қамап болмаса жан қиналар.

Сегізін тәмәм қылып басқан жанның

Артында тоқсан жеті бұтақ қалар,

Үш бұтақтан сақтанса, соған келіп,

Ұясы мың екі жүз тәмәм болар.

/Адамның бір жастан жүз жасқа дейінгі мүшел жастары/.

 

 

Айтайын мен жұмбақ ақыл ойлап,

Қойыпты бір терекке дүлдүл байлап.

Қайнайды ар жағында дария,теңіз,

Тапқанша бір сасарсыз ақыл ойлап.

/Адам,тіл,көңіл/.

 

 

Қарт басқан қара нар,

Жез бұйдалы нар тайлақ,

Бауыры сүтті сары інген,

Сұм қарағай бұтақсыз,

Мысыр деген шаһардың ортасында бір қонақ.

/Атасы, баласы,емшегі, шаш,кіндік/.

 

 

Күніне бір өліп,бір тіріледі,

Ақырында тұра алмай кідіреді.

Ойлағанға келісімді шешуі бар,

Ойланбаса мұны да кім біледі.

/Адамның ұйықтағаны,оянғаны/.

 

 

Көз көрмей қоймайды екен тірі адам,

Ғаламды жұта берер түрі жаман.

/Көр/.

 

Құдайдан басқа адамның баршасы да теп-тегіс,

Адамнан аласы бар, аурудан қаласы бар.

/Жынды/.

 

 

Бар болса - жоғым дер,

Жоқ болса - барым дер,

Жар жағалап жүрсе де,

Бір шырақтай жаным дер.

/Бишара/.

 

 

Турасаң да бөлінбейді,

Қараңғыда көрінбейді.

/Көлеңке/.

 

 

Жүрсем-жүреді,

Күлсем-күлмейді.

/Көлеңке/.

 

 

Шапса-шабылмайды,

Көмсе-көмілмейді.

/Көлеңке/.

 

 

Қайда барсаң ереді,

Жер бауырлап келеді.

/Көлеңке/.

 

 

Қуып едім,

Мойын бұрмады.

Ұстайын деп едім,

Қолға тұрмады.

/Көлеңке/.

 

 

Алам аяқ,алам аяқ,

Жүгірсем жеткізбейді жалаң аяқ.

/Көлеңке/.

 

 

Ербекей де,сербекей,

Ауыз үйге кірмейді.

/Көлеңке/.

 

 

Жаңа-жаңа шекпенім,

Жанымнан қалмас шекпенім.

Ескі-ескі шекпенім,

Бұлтты күні қайда кеткен шекпенім.

/Көлеңке/.

 

 

Жаман-жұман жармағым ,

Жанымнан қалмас жармағым,

Ескі-құсқы жармағым,

Есімнен қалмас жармағым.

/Көлеңке/.

 

 

Ерте, кеште бой жазып,

Дәл талтүсте жантайған.

/Көлеңке/.

 

 

Сыпырамын, сыпыра алмаймын,

Тазартамын , тазарта алмаймын.

/Көлеңке/.

 

 

Қараңдап,қусаң қашады, жеткізбейді,

Өзіңнен алыс ұзап көп кетпейді.

Тез өсіп , тез қысқарад жарықпенен

Қолыңа ұстасаң да ілінбейді.

/Көлеңке/.

 

 

Тұрсам-тұрады,

Жүрсем-жүреді,

Жатсам-жатады.

/Көлеңке/.

 

 

Еңкейсем-еңкейеді,

Шалқайсам-шалқаяды.

/Көлеңке/.

 

 

Сен жүрмесең ол да сірә жүрмейді,

Күнде жаңа, ескеріп көнермейді.

Көлге түсіп қуанға аунаса да ,

Тәніне шық,етіне шөп енбейді.

/Көлеңке/.

 

 

Жаратқанға жабысқан,

Жалпағынан қабысқан.

/Көлеңке/.

 

 

Артыңнан еріп қалмайды,

Қараңғыда жалмайды.

Кейде ұзын, кейде қысқа,

Шаршамайды талмайды.

/Көлеңке/.

 

 

Тамға шықсам қыпша белім талады,

Кет-әй десем жары жорам қалады.

Екі түрлі ел маған таласып тұр,

Бірін сүйсем бірінің кеулі қалады.

/Көлеңке/.

 

 

Қараңғыда біреу едім,

Күн шыққан соң екеу болдым.

/Көлеңке/.

 

 

Әбен аяқ, тіллә таяқ,

Жүгірдім, жете алмадым.

/Көлеңке/.

 

 

Кішкентай ғана өзі бар,

Мыңнан да көп көзі бар.

/Түкірік/.

 

 

Ақ күшігім арбадан қарғып түсті.

/Түкірік/.

 

 

Аң десем атып түсер алтын асық,

Келмейді шақырсам да алыс қашып,

Түскен соң жерге барып бағасы жоқ,

Жүремін аяғыммен еркін басып.

/Түкірік/.

 

 

Айдалада ақ тотым,

Жүгіріп барсам жоқ тотым.

/Түкірік/.

 

Топ етті, дөңгеленді,

Ақ мамыққа бөленді.

/Түкірік/.

 

Топ етті,

Тонға оранды.

/Түкірік/.

 

Былқ-былқ, былқ семіз,

Сүйегі жоқ, нық семіз.

/Адамның боғы/.

 

Мысыр атты бір шаһар,

Ортасында қырық бұлақ.

Төскейден балық ұстадым,

Құралықсыз құр-құрлап.

/Адамның өмірі/. 

 

Көзге түсіп көріне жүрмейді,

Сүйтсе де бірден танып кідірмейді,

Күні-түні барады тынбай жүріп,

Қалғып-мүлгіп бір сағат кідірмейді.

/Өмір/. 

 

Сандығымның ішінде сақам бар,

Бүк екенін, шік екенін білмеймін.

/Әйелдің ішіндегі бала/.

 

Бір нәрсе жатқан жері сондай берік,

Қорығын көреді екен бөліп-бөліп.

Ұйқыдан оянған соң тұра салып,

Кезеді адамзаттың соңына еріп. 

/Іштегі бала/.

 

Ел ішіне келді, аты жоқ,

Ел оған ат берді,

Еті бар, сүйегі жоқ,

Соғымына екі зат береді.

/Жаңа туылған бала/.

 

Құлақ сал, бұл сөзіме, ау жамағат,

Бір күні елге келді көп жамағат.

Бір шақта халық ішіне өзі келді,

Жалаңаш, өзі жаяу бір азамат.

Көрді де бұл адамды, болды шатта,

Құрметтеп құп сыйлайды адамзат та,

Сүйегі жоқ екі қой азық беріп,

Мінгізді ол адамды жалғыз атқа.

/Жаңа туылған бала/.

 

Дүниеде күйме көрдім төрт аяқты,

Дөңгелек екі басы ай сияқты.

Төрт есік мәткесі бар, уығы жоқ,

Үзік жоқ, туырлық жоқ, түндігі жоқ,

Құс төсек, мамық жастық, біреу жатыр,

Көңлі уайымсыз жай сияқты.

/Бесіктегі бала/.

 

 

Ақ қозы,

Құмалағы көп қозы.

/Бесіктегі бала/.

 

 

Ағай-ағай, ағай құс,

Аяғынан таңған құс.

Көгей-көгей құс,

Көкірегінен таңған құс.

/Бесіктегі бала/.

 

Бір өзі іштен шығады тіл білмеген,

Ақ отау тегін берді дүмбірлеген.

Бір күні жолға түсіп жүріп кетті,

Еш бұйым қалдырмады бүлдірмеген.

/Бала/.

 

Қырық жұма қараңғы үйде тұрдым,

Алты жұма ауырып жаттым,

Жиырма жұма мені байлады,

Бір жыл асылып тұрдым.

/Бала/.

 

Таңертең төрт аяқты,

Түсте екі аяқты,

Кешке қарай үш аяқты.

/Адамның балалық, есі кірген, қартайған кезі/. 

 

Бақ-бақ бақасы,

Бақылдайды сақасы.

Екі торсық азығы,

Қақаңдайды қазығы.

/Бала, шешесінің екі емшегі/. 

 

Сақырлаған шатыры,

Ішіндегі батыры.

Астында киіз қазығы,

Екі торсық азығы.

/Бесік пен бала/.

 

Таудан құлан ұстадым,

Жүген-құрықсыз құр-құрлап.

/Қалыңсыз қыз/. 

 

 

Бір атым Оралда,

Не қамым боранда.

/Қалыңдық/. 

 

Ақ киік ауа жайлап шиыр қаққан,

Жігіттер, болса әр іс қадыр хақтан.

Біреудің асыранды балапаны

Патша еді заманында атайды тақтан.

/Ұзатқан қыз/. 

 

Бір қыз бар дүниеде шынарланған,

Со қызға елдің бәрі құмарланған.

Бір адам, бір хайуан, бір жануар,

Ақыры сол қызды үшеуі алған.

/Адам, ат, бүркіт/.

 

Маған да, саған да,

Жақын туыс — бес адам.

Үш әріптен тұратын,

Оңға оқы, солға оқы,

Өзгермейді еш одан,

Бәрі де өз жұратың,

Айтады кәне: кім атын?

/Ата; Ана; Апа; Аға; Іні/

 

Даладай

Кімнің кең пейілі?

Данадай,

Кімнің мол мейірі?

/Ана/

 

Отынсыз, сусыз піскен ас,

Адамның бәрі ішкен ас.

/Ана сүті/

 

Іші ақ айдын,

Екі ағайын.

/Ана емшегі/

 

Сырты орман,

Алды жазық, құрлықты,

Араласаң,

Табасың жеті құдықты.

/Бас/

 

Сыртқа шығар жолы тұйық,

Түсі шымқай қызыл сұйық.

/Қан/

 

Таппайтын тағат,

Тығулы сағат.

/Жүрек/

 

Көрмеген ешкім,

Дәмін татып.

Қара орман асты,

Ұйыған қатық.

/Адамның миы/

 

Құрамалы сырық,

Берсең ырық.

Кетесің тұрып,

Барасың жүріп,

Қаласаң,

Отырасың бүгіп.

/Аяқ/

 

Бунақты көсеу,

Тармағы бесеу.

/Қол мен Саусақ/

 

Бір бұтақта — бес тармақ,

Бәрінде бар мүйіз қалпақ.

/Бес саусақ/

 

Белдеуде бес ат,

Бесеуі де қасқа ат.

/Саусақ/

 

Қатар өскен дос құсап,

Екі жақта қос бұтақ.

Әрқайсысында

Бірі қысқа

Бірі ұзын

Бес бұтақ.

/Қол мен Саусақ/

 

Дәу үңгірдің қақпасы,

Жабылады, ашылып,

Жоқ болса да топсасы.

/Ауыз/

 

Бір беткейде екі көл.

/Көз/

 

Жағасы құрақ,

Мөлдір суат.

/Көз/

 

Қос дөңгелек мөлдіреп,

Ішінде бар қарашық,

Алғы жаққа елжіреп,

Қарайды ылғи таласып.

/Жанар/

 

Сөз ұққыш –

Қос тұтқыш -

/Құлақ/

 

Бір таудың екі жағына,

Екі қалқан жабысқан.

Жақын барсаң маңына,

Сезе қояр дыбыстан.

/Екі құлақ/

 

Күміс қазықтың

Асы алтын.

/Тіл мен Сөз/

 

Үңгір түбінде жалбырап,

Өсіп тұр жалғыз жапырақ.

/Тіл/

 

Есігін ашсаң,

Сайраған бұлбұл.

Есігін жапсаң,

Жайраған құр күл.

/Тіл/

 

Үңгірді жайлаған,

Сүйексіз, тиексіз,

Жылмаңдап сайраған.

/Тіл/

 

Үсті шарбақ,

Асты шарбақ,

Ортасында

Тұрар сарнап,

Жалғыз бармақ.

/Тіс пен Тіл/

 

Үңгір толы асыл тас.

/Тіс/

 

Отыз екі батыр,

Екіге бөлініп,

Қамалып жатыр.

/Тіс/

 

Қамалда бар

Алақандай қызыл от,

Отыз жаугер,

Көрсетеді қызымет.

/Тіл мен Тіс/

 

Екі көл — кіл тынған,

Екі ну — құлпырған.

Жатса да қатар жарысып,

Көрмепті бірде танысып.

/Екі көз, Екі қас/

 

Дөңнің сыртқы қабаты —

Қарлығаштың қанаты.

/Қас/

 

Қабақта бар қалың тоғай,

Жолсыз-ақ табарсың оңай.

/Қас/

 

Тау басы тұнық,

Қаптаған шыбық,

Қойсаң да қырқып,

Өсе береді,

Қайтадан шығып.

/Шаш/

 

Шыңда бар орман,

Құсы жоқ қонатын.

Тек қана қолмен,

Шөбі көп оратын.

/Шаш/

 

Мөлдіреп екі көл жатыр,

Ортада дөңес бел жатыр.

/Мұрын мен Көз/

 

Екі көрші,

Бірі — пысылдауық,

Бірі — сақылдауық.

/Мұрын мен Ауыз/

 

Алқапта бар биік тау,

Алды тік жар қиық тау.

Қос үңгірі желдетіп,

Ауа жұтар селдетіп.

/Мұрын/

 

Қатар жатқан қос ін,

Аң кірмейтін бос ін.

/Танау/

 

Қос жиек,

Ортасы

Ақ сүйек.

/Ерін/

 

Өсіп тұратын демде,

Бұтақ сайын теңге.

/Тырнақ/

 

Бәрі таныс,

Көз алдымда тұр.

Бәрі қалыс,

Үнсіз қалпында тұр.

/Сурет/

 

Жотада бар,

Кеуіп жатқан,

Жалғыз оқпан.

/Кіндік/

 

Күндіз

Қасыңнан қалмайды.

Бірақ

Ешкім ұстай алмайды,

Қорқақ па,

Қараңғыға бармайды.

/Көлеңке/


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 180 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 701 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 967 0














31/05/2017 16:34

Тіл мен тарих тамырлас
0 48846 10

02/05/2017 12:29

Қостілділік мәселесі
0 46652 0





05/06/2017 11:24

Абылайханның күйлері
0 44410 3


ТЕКСТ

Яндекс.Метрика