КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әбдіғани БӘЗІЛХАНҰЛЫ
Көпбосын Сәскен деген ұстазымыз бар еді. Ол кісінің ерлігі, қазіргідей техникалық мүмкіндік жоқ сол заманда өтіп жатқан айтысты бірден қолмен жазып алатын, оны екі дана етіп көбейтіп, біреуін өзіне, біреуін облыстық мұрағатқа тапсырып отырған. Ағамыздың талай жылдық қолжазбасымен мейлінше сусындадым. Қасында көп жүрдім. 
Айтыстың ірі мектебі ретінде – Қытайдағы қазақтардың соны соқпағын айтуға болады. Таңжарық, Көдектерден бастау алып, күні кеше өмірден озған Құрманбектермен биік белестерге көтерілген, Қайрат, Еркіндермен толыққан өнер сапында өзіндік мәнерімен ел көзіне ерекше түскен ақынның бірі Әбдіғани Бәзілханұлы болатын. Әбдіғани ақын сахнаға көтерілгенде жұрт сілтідей тынып, не айтар екен деп оқталушы еді. Сұлу сөз, сыңғырлы саз, шымыр ұйқас, тұнық дауыстан бөлек, орамды ой, өрелі таным мен талғам құп жарасып, өзгеден бітімін оқшау көрсететін. Өзіндік мектебін қалыптастырып, соңынан шәкірттер ерте білген ақын қазір Атамекенге оралған. Қазір Алматы облысы Талғар аудандық Мәслихатының депутаты. Арнайы жолығып, әңгімелесудің орайы келіп еді.

– Айтыс өнерін ұлттың рухани жады деп қарастыратындар да бар. «Әу» демейтін қазақ жоқ» дегенімізбен, шаршы топтың ортасында суырылып шығып бақ сынау, айтысу оңай емес. Әңгімемізді арырақтан бастасақ. Айтысқа алғаш қалай келдіңіз? Кімдерді ұстаз тұттыңыз?

– Адамды ақын ететін Алла берген сыйдың арқасы ғой. Бұған қоса өскен ортасы мен туған жер табиғатының орны бөлек. Мен Іле аймағы Тоғызтарау ауданына қарасты Ешкілік тауының баурайындағы Тастөбе ауылының Ілгідай деген қыстағында дүниеге келіппін. Табиғаты тамаша, қырқа-қырат, бел-белестеріне көз тойғысыз, тауларына қарасаңыз, асқақтығына талпынып, арманыңызды жанығыңыз келеді. Шағын ғана елдімекеннің бітпейтін қызығы да, таусылмас шыжығы да жеткілікті еді. Туған топырағымызда кішкентай ғана Қайнар дейтін бұлақ бар. Сол Қайнардың суын ішіп ержеттік. Атына заты сай, Қайнардың қайнарынан қанып ішкен жұрттың өлеңге, ән мен күйге әуестігі басым еді... Ауылдың той-томалағы тарқамайтын, жаз бен қоңыр күздің мамыражай сәтін сағынамын әлі күн. Той болған үйге сән-салтанатты үйлер қаз-қатар тігіліп, ырду-дырдуы басталатын. Той екі күн болушы еді. Бірінші күні той мал сойылып, алыстан ат терлетіп жеткен ағайын-туысын күтумен өтеді. Сол күні кешке өлең басталады. Үлкендер ауылдың айтысын бастап кеп жібереді. Бірінен бірі жаттаған, яки есінде қалған бұрынғы шумақтарын айта ма, әлде өз жандарынан суырып сала ма, білмеймін, шынымен де әу демейтін қазақ жоқ еді. Осындай тойлардағы қызықты, айтыстағы ұтымды сөздерді ел тез жаттап: «Пәленше Түгеншемен айтысқанда былай деді, пәленнің сөзі мірдің оғындай екен, оған ана келіншек те былай деп жал тапты, ұстатпай кетті» десіп жүретін. Осының бәрін бала кезімізден тыңдап, көріп өстік. Үлкендер өлең бастағанда, келесі бір киіз үйде жастар жағы жыр толғайтын. Үйдің туырлығын түріп қойып, жігіттер сыртында, қыздар ішінде тұрып айтысатын. Екі қыз бен екі жігіт қатар отырып, қапелімде бірі жаңылса болмаса сөз таппай қалса, екіншісі жауап қатып, бір-біріне көмектесе отырып, өлеңнің көркін қыздыратын. 
Біздің алдымызда аудандық айтыстарға қатысып жүрген Шекерхан дейтін жеңгеміз, Мусақан дейтін атамыз болды. Ауылдағы өлеңдерде ылғи да сөзді солар бастайтын. Оның үстіне менің әкем Бәзілқан да өлеңге әуес еді. Мен, мен деген ақындармен айтысып, екі адым аттатпағанын жұрт айтып жүретін. Менде талай өлеңдері сақтаулы тұр. Кейде ақтарып, оқып қоямын. Өлеңдеріндегі шынайылыққа таңырқамай тұра алмайсың. Есімнен кетпейтін бір оқиға бар. Бір күні марқұм Шекерхан жеңгеміз қарсылас шақ келтірмей, әуенін әуелетіп отыр екен, 14- 15 жас кезім ғой, балалықпен мен шықтым айтысуға. Ол кісі айтады: «Менің өлеңім машинаның маторындай», - деп, мен айтам: «Менің өлеңім – комбаинның орағындай» деп. Осылай той- томалақтарда суырып салып, ақырындап ауылға, ауыл арасына таныла бастадым. Көрші ауылдардағы ақындарды іздеп барып айтысатындай желік пайда болды. Айтысқа үйірсек топтың ішіне еніп, бірте-бірте ел-жұрт ауызға іле бастады. Халық айтыскерлерін құрметтеп, төрге шығарып жатқан соң, тіптен қызығушылығым артты. «Ел сыйлаған есікте отырмайды» дейді ғой, жасқанып- тартынбай, реті келгенде өлең бастап жүрдім. Әкем де қолдады: «Мен біреудің жалғызы болдым, сол жалғыздықпен мал соңынан кеттім, енді сен осы өлеңнің артына түсе ғой», – деп батасын беріп, талаптандырып отырды.
Қытайдағы қазақтардың аяғы кеңіп, рухани түлеуге мән берген шағы өткен ғасырдың 80 жылдары болатын. Бұрын бұғау салынған салт-жоралғы жаңғырып, ұлттық мәдениетке өріс ашылған шақта, айтыстың жаңа тынысы ашылды. Ол жақтағы айтыстың бір ерекшелігі алдымен ауылда шағын айтыс өткізіп, содан өткенді ауданға жібереді. Аудандық айтыс жыл сайын шілде айында жайлауда өтеді. Одан іріктелгендер екі жылда бір рет өтетін аймақтық айтысқа жолдама алады. Аймақтан суырылып шыққандар Іле, Алтай, Тарбағатай – үш аймақтың басын қосқан облыстық айтысқа аттанады. Облыстық айтыс үш жылда бір рет өтеді. Бұл айтысқа қатысудың өзі мәртебе. Себебі, екінің бірі аламанға ат қоса алмайды. Кейін бес жылда бір рет Шынжаң өлкесінің айтысы өтетін болды. Бұл айтыстың аудандық, аймақтық, облыстық айтыстардан ерекшелігі жайлауда емес, қалада, кәдімгі үлкен концерт залдарында өтуінде. Қаланың қазағы айтыс тыңдау үшін жапатармағай ағылады. Мен аудандық айтысқа 1986 жылы қатыстым. Алғашқы айтысқа шақыру қағазын марқұм Әуезбай деген кісі алып келгенде қатты қуандым. Ол кезде айтыс сондай қадірлі еді, ақындарда өлеңді шумақ-шумағымен жаттап алу дейтін болмайтын. Алғашқы қатысқан айтысым Тоғызтарау ауданының Мұқыр ауылы, Шашы деген жайлауында өтті. Менің алғаш айтыстың үлкен сахнасына басқан қадамым осы болды.

– Әрбір айтыскердің жеке кітапханасы болады. Кітапханасы деп отырғанымыз, өскен ортасы мен өнер майданынан тәлім алған мектебі. Өзіндік соқпағыңызды салу үшін түпкі нәрді қайдан алдыңыз? Кімдермен сусындадыңыз? Қорыңыздың қайнары қайдан?

– Сол жылдары «қара касета» деген болатын, жақсы тыңдалатын дүниелерді тыңдармандары қолдан қолға тигізбей, тыңдушы еді. Таңжарық Жолдыұлының толғаулары мен айтыстары әр үйдің магнитофонында сарнап тұратын. Ал ол кісінің кітабын күллі ауыл шамның жарығында түннің бір уағына дейін оқитын. Менің ақын болып қалыптасуыма Таңжарықтың тікелей қатысы бар деуіме болады. Менің әкемнің алғаны Шектібайдың қызы да, ал Тәкеңнің алғаны сол кісінің қарындасы екен. Таңжарықтың жарын ұзатып барғанда апам да ере барса керек, дастархан басында тек қана Тәкең сөйлеп отыратын дейді. Ол кезде ас-ауқат аз, күнде кеспе көже жасайды екен. Сондай бір күні Тәкең: «Оразайлардың көже ішкенде үндері ішіне түсіп кетеді» деп қағытатын көрінеді қайынжұртын. Апам марқұм бала кезімізден ыңылдап Таңжарықтың жыр-дастандарын толғап отыратын. Біз болсақ тізесіне басымызды қойып жатып, мызғып кетуші едік. Апам үнемі: «Өзіңді ұмытпа», – деп отыратын. «Апа, мен қашан өзімді ұмытып едім» десем, «Е, балам, өзіңді ұмытушы болма. Баяғыда бір міскін қайтыс болыпты деседі. Екі періште келіп, сұрақтың астына алыпты. Өзіңді танисың ба, әкеңді танисың, әлде Құдайды танисың ба?» деп. Сонда әлгі кісінің жаны: «Құдайды танимын» депті. «Онда сен азапталасың» депті періштелер. «Неге?» деп шырылдапты өлген кісінің рухы. «Сен өзіңді, өзіңнің әкеңді танымасаң, Құдайды қайтіп танымақсың!» деген екен періштелер. Сондықтан, Алла берген аманат жанды қорға, әр мүшенің сұрауы бар, өзіңді қадірлемесең, танымасаң, өзгені танып болмайсың» дейтін еді марқұм апам. Аңыз-әңгімелер, Тәкеңді көрген кездегі естеліктерін жиі еске алып отырушы еді, жарықтық. Ілеге ғана емес, күллі Шынжаң қазақтарының әдебиетін қалыптастырған тұлғаның бірі Таңжарық екені даусыз. Шілбі Әлімақын, Ақыт Үлімжіұлы мен Асқар Татанай ақсақалдың орны да бөлек. Біз осы кісілердің жазба мұраларымен сусындап өстік. Айтыскер ақын Мүсілімбек Сарқытбайұлының "бәленмен айтысы, түгенмен айтысы" деген жазуы бар «қара касета» таралып жүрді. Онан кейін «Мұра» журналы дейтін әдеби журнал болды. Ежелгі қисса-дастандардың бәрін содан оқыдық. Батырлар жыры мен ғашықтық дастандар, діни тағылымы мол аңыздық әфсаналар бірінен соң бірі шығатын. Жұрттың бәрі соны жаздырып, жата-жастана оқушы еді. Ең бастысы, менің әкемнің білмейтін айтыс-дастаны аз еді. Осы аталғандардың өзі маған ең үлкен мектеп болды. Әкеміз ылғида өзі білетін қиса-дастандарды айтып қана қоймай, тіліміз шыққаннан бастап бізге жаттатып отыратын. Ұтқыр сөз бен ұтымды ойды сол кісінің жырлауындағы дастандардан жаттадым. Бала кезімде Жарылқасын деген кісі «сен маған өлең айтсаң, мен саған жілік берем» деп, маған ылғи жаттағанымды айытқызушы еді. Әкемнің Төлеубек деген құрдасының менімен шамалас Айгүл дейтін қызы бар болатын. Әкем құрдасына әзіл етіп, маған мынадай өлең жаттатып қойыпты:
Қызыл алма дегенде, қызыл алма,
Төлеубектің үйінде қызы барма.
Сақтап жүрген жанымда екі алмам бар,
Төлеубектің қыздары қызығар ма?
Сол өлеңді құрдасы келгенде, маған айтқызатын. Өлең осындайдан басталды ғой. Ал аудандық, аймақтық айтыстарға қатысуыма халықтың өнерге құрметі мен жыл сайын өтетін аудандық, екі жылда бір өтетін аймақтық айтыс себеп болды. Көпбосын Сәскен деген ұстазымыз бар еді. Ол кісіні қазақ фольклорына үлкен еңбек сіңірді деп айтуға болады, мәдениетімізге айрықша жанашырлық етті. Хатқа түспеген көптеген мәдени мұраларды жинап жүретін. Мен сол кісінің жанында көп жүрдім. Көп әңгімесін естідім. Басқада аймақтың сөз мәйегін көңіліме тоқыдым. Ол кісінің ерлігі, қазіргідей техникалық мүмкіндік жоқ сол заманда өтіп жатқан айтысты бірден қолмен жазып алатын, оны екі дана етіп көбейтіп, біреуін өзіне, біреуін облыстық мұрағатқа тапсырып отырған. Және сол айтыстар журналдарға басылып шықса, қателерін бірден байқаушы еді. Ағамыздың талай жылдық қолжазбасымен мейлінше сусындадым.
1995 жылдары мен Құлжа қаласында өткен аймақтық айтыста ел көзіне түстім. Алтайдан арнайы келген ақтангер ақын Құрманбек ағамызбен осы айтыста әке-бала айтысын көрсеттік. Сахнадан түскен соң маған пейіл-батасын берді. Айтыстан бірер жыл кейін Ыдырыс Әділханұлына берген сұхбатында ол кісі жастар арасындағы өрлеп келе жатқан ақын ретінде үміт артып, алдымен мені атапты. Ол кісінің аузына ілігудің өзі бір ғанибет еді біз үшін. Бізді ақындар тәрбиеледі, жоғарыда атап өткен Көпбосын ағам, сосын төкпелетіп айтатын Нұрғайша дейтін апамыз, Мусақан дейтін атамыз болды, сол ксілерден көп тәлім алдық. Ауылдың айтыскерлері деп бойға тоғытпайтындар бар шығар қазір айтсақ, бірақ бүгінгі айтыскерлердің көбі сол кісілердей зиынды емес-ау. Зерделері сау еді. Олардың жатқа білетіндерінің үштен бірін білсек, алшаңдап жүре алмай қалармыз біз... Мусақан шал Көпбосын ағаның қайынатасы еді, айтысқа саясаттың салқыны тиіп, ақындар сиреп кеткен бір кезде, Мусақан атамызды Мұқыр дейтін ауылда бір жасы үлкен апамен айтыстырыпты, сонда Мусақан:
Қартайдық «Төрттік төбе» жапасымен,
Ақындар сөз айтыңдар сапасымен.
Тойына бұл ауылдың рахмет,
Айтыстым апасының апасымен, – деп елді қырап-топан күлкінің астына көміпті, осы өлеңдер бізге әсер етті. «Төрттік төбе» деген саяси ұйымды айтып отыр. Адам өсу үшін өз ортасының әсері мол. Іле аймағынан бүгінде аты көпке беймәлімдеу небір саңлақ ақындар өткен. Шұбыртпалы ұйқаспен қарсыласын қара өлеңнің селіне жолықтыратын Әшихан деген апамыз, Айгүл, Айғаныш, Гүлсімхан, Зирагүл секілді қыздар шоғыры өсті. Айғаныштың орны бөлек еді. Жиырма жылдай айтыстым. Бірде ол, бірде мен жеңдім. Бізбен замандас, айтыста ерте танылып, жарқ етіп, жасындай сөнген күнестікБаһарбек Қытайдағы қазақ айтысына тың соқпақ салып кетті деуге болады. 11 буынмен айтып, 7 буынмен қайырма жасайтын оны күллі жұртшылық таңырқаса тыңдады. Амал нешік, ғұмыры келте болды. Бұдан бөлек, Уәлибек, Серік Әнбия, Мүсілімбек, Бауыржан, Жақыпнұр, Айтбек, Мәулетхан, Божықан бастаған топтың ішінде жүрдік. Ал осы кісілердің басында Бүбімәри апамыз болғанын айтуға тиіспіз. Жақсыдан шапағат деген рас. Бәрінің жылы пікірін, қолдауын сезініп өстім. Кейбірі бізден бұрын айтысып, біз сахнаға шыққанда тілеулес болды.

– Іле өңірінен басқа аймақтардағы ақындармен қарым- қатынасыңыз қалай өрістеді? Сол кездегі бір буын жүйріктерді атап кетсеңіз.

–1990 жылы «Солтүстік Шыңжаң бойынша мәдениет апталығы» Тоғызтарауда өтті. Сондағы айтысқа Алтайдан Құрманбек ағамыз, Тарбағатайдан Бердіхан ағамыз бен Жамалқан апамыз, Санжыдан Зият Көбегенұлы, Зейнеш деген кісілер бастаған кілең сөздің сойы жиналды. Гүлбайрам деген ақын қыз ере келіпті. Ең жасы болып Қайрат Құлмұқаммед отырды қонақтар арасында. Жиырмаға енді келген шағым, айтыс өткізуші ауданның атынан қатысып, Гүлбайраммен айтыстым. Біздің өлең өрісіміз осылай басталды. 1990 жылы Қайрат, Гүлден секілді ақындармен таныстым. Сол жолғы айтыста мен қатты сынға ұшырадым. Аузымен құс тістеген аяулы ақын ағамыз Әзілбек Кінәзбек сахнаға шығып (ол айтыстың шарты солай болатын, бір жұптың айтысын белгілі бір әділқазы ортаға шығып, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын): «Сен секілді жүгенсізді көрсем көзім шықсын!», – дегені. Солай айтатын жөні бар-ақ еді... Мен тақырыптан ауытқып, қарсыласымды қағытам деп, орынсыз тиіскен едім. Осы айтыста біраз ақындармен түс таныс болдық. Түн жарымында сүлкінім түсіп, қаз-қатар тізілген бір үйге кірсем, Құрекең бастаған ығайлар мен сығайлар отыр екен. Баһарбек мені шақырып: «Құреке, мынау Әбдіғани деген менің досым. Жақсы ақын», – деп еді, Құрекең де «Иә, Әбдіғаниды білем» деді. Баһарбек маған ыммен ағаңа арнап бірдеңе айт дегендей ишара жасады:
«Сізді көріп, мен де ақын құсап қалдым,
Қарғып тұрып, келіп тұр құшақтағым.
Қайтіп ақын боламын ертеңгі күн,
Қарыстай жерді өлеңмен үш аттадым», – деп едім, Құрекең қамшы салдырмастан:
«Әбдіғани, сүйікті асыл ұлым,
Тыңдатарсың сен әлі ғасыр үнін.
Мәңгі-бақи жүгірер жүйрік қайда,
Бұған бола жөні жоқ басылудың!» – деді. Сондай сыйластық болып еді арамызда. Құрекең күйсіз жүйрік еді. Дайындықсыз, суырып салып айта беретін, кез келген жерде жаратулы бәйгенің атындай еді, сылаңдап ортаға шығып, суырылып сала беретін. Бауыры жазылғанда тоқтау жоқ еді, өршеленгенде өне-бойы өлең болып кететін...
Құлжа қаласындағы 1995 жылғы облыстық айтыста өзгелерін жіті тани түстім. Сол айтыста маған бірінші орын бұйырды.1996 жылы Күйтүн қаласына оқуға бардым, Құмарбек Сахарин, Ыдырыс Әділхан, Қалибек, Сағи ағаларымыздың алдын көрдім. Осы тұста Алтайдан Еркін Ілиясұлы деген сұрапыл ақын шықты. Жырлары дауыл секілді. 1998 жылы Іле Қазақ облыстық 12 кезекті айтысы Алтайда өтті. Еркін сол кезде жырларын сел жаңбырша төкті, сөздері түйдек бұлттай, өзгеше астарлы һам мәнді. Шіңгілдегі бір айтыста Бердібек Құржықаев: «Алтай тарихында үш мектеп қалыптасты, Құрманбек мектебі, Қайрат метебі, Еркін мектебі»,- деген еді. Еркін шын мәнінде тума талант еді. Ондай екпін, көркемдік, сұлу сөзден сыңғыр құрастыру екінің бірінің қолынан келмейді. Еркінмен 4 рет айтыстым, қатты сыйластық.
Әбдіғали жүрмісің есен-аман?
Дос едің көптен бері кезікпеген.
Өмірден кімдер өтпей жатыр дейсің,
Мен дағы өстіп жүріп безіп берем. – деп еді.
2001жылы Еркін, Зура үшеуімізді Ішкі Қытайға апарып аралатты арнайы орындар. Қытайы құж-құж қайнаған бірнеше өлкені араладық. Бірге жатып, бірге тұрған күндерде Еркінмен жақын білістім. Жол үстінде Самұрық деген қызым бар, Ұланбай деген ұлым бар деп әңгіме шертті. Самұрық деген қызының аты ой салды маған. Оған арнап ән шығардым. 
Еркіннен басқа Мұрал, Шәкен, Бекболат дейтін мықты ақындар шықты Алтайдан. Өкініштісі, Еркін мен Мұралдан жастай айырылып қалдық. Жақында арамыздан озды. Бұлардан бөлек, Бақытәлі, Анар, Гүлбақыт, Райхан, Гүлсінай, Жәмиға, Кәдірхан, Ержан, Ерлан, Жарқынбек, Қанатбек, Ержанат, Арзыгүл, Қалихан, Ғазиза, Нұрзия, Нағыманды айтуға тиіспіз. Бұдан өзге қаншама таланттар бар. Жалпы, ол жақта қазір бір буын жастар түлеп келеді. 

– Сіз айтысқа алғаш шыққан сәтіңізде айтыс сүйер тыңдарманыңызды өзгеше өрнекті жырыңызбен, сазды мақамыңызбен жауладыңыз, бұл сізді басқа ақындардан ерекшеледі, осыған қалай қол жеткізе алдыңыз?

– Мақам сазымның өзгешелігі менің бағым болған да шығар, Тоғызтарауда әйгілі термеші Мағауия Баймұхаметұлы бар. Шынжаң қазағына термені осы Мағауия ағамыз апарған. Ол кезде «Қазақ радиосыны» үні Қытайдың Кеңес одағымен шекаралас аудандарына жетіп тұрған. Әнуарбек Байжанбаевтың «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп бастаған күмбірлеген даусын Қытайдағы қазақтар да еститін. Мағауия Баймұқаметұлы Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла айтқан әндерді үйреніп, сол кісілерді ұстаз тұтып, Қытайдағы қазақтарға таралуына көп еңбек етті. Ол кісіні мен 1987жылы ақындар айтысына барған кезде көрдім. Елубай деген ақын ағамыз таныстырды, ірі денелі кісі екен, салған әні құлақтан кіріп, бойды алады. Ол кісінің әнін естігенде жер бетінде Қазақ халқынан басқа ән салатын халық жоқтай сезілді маған. Жақсы араластық. Мәкеңнің үйі мәдениет сарайы секілді. Мақамды осы Мағауия аға айтатын халық сарындарынан үйрендік, Масабай дейтін Іленің бас-аяғын аралап ат үстінде домбыра тартып, ән салатын жырау болды, сол кісілерден үйрендік. Бұдан сырт мен әнші болуды армандадым. 1990жылдары аудандық ойын-сауық үйірмесіне әртіс боп қабылдандым. Ол жердегі бастығым алтыншы сыныпта мұғалімім болған ұстазым, тағы да сол жерде маған үлгі көрсетті, Балғабек дейтін көреген кісі еді. Қолында Қазақстанның біраз айтыстары бар екен, сонымен бөлісті. Көрші ауылда Кәдірбек дейтін әнші жігіт болды, дауысы асқақ еді. Осының бәрі де маған әсер етті. Бірақ домбыраны әдемі шерткенмен, кейінірек үйрендім.

– Қарғыс айтыс, жұмбақ айтыс секілді айтыстың өзге жанрларында бақ сынап көрдіңіз бе?

– Жоқ, қарғысты қабылдайтын адам болмады, бірақ текестік Айытбек Әуесұлы деген мықты ақынымыз болды, өлеңі түйінді, сөзі ойлы еді. Сол кісі ғана айтыпты құрдастарына. Біре құрдасы Айытбекке үйімді өлеңге қос, қосқанда қарғап қос деп өтініш жасапты өзі. Сонда Айытбек:
Үйіңнің алды биік, арты аласа,
Аз күнде артқы тамың шалқаласа.
Ортасы белағаштың опырылып,
Астында жатсаң өзің жанталаса.
...
Қаңтарда қалың молда қаптап жүріп,
Бетіңді әрең зорға қалқаласа.
Көріңді қазған күні шағыл шығып,
Амал жоқ күрек батпай, балталаса.
Аз күннен соң көріңді ауыстырып,
Қапар шал сүйегіңді қалталаса.
...
Көрімірек үй болсын десең егер,
Үйіңді қайта бұзып, қайта жаса, – депті.
Сонда құрдасы қызарақтап кетіп, тек тұрмай, бұл ұйқастан басқа ұйқаспен айтшы десе:
Үйіңнің арты аласа, алды биік.
Әуре бопсың мұншама жанды жиып.
Өрт кетіп қос молаңның төбесіне
Өзіңе жарымы қалсын, жарымы күйіп, - деп айтады дейді. Мұндай тап берменің тарландары ауылда көп болды ғой. Ал анда-санда жұмбақ айтыс өтіп тұратын. Өзім бақ сынап көрмеппін. Өтірік өлең айту мен жазуда күнестік ағамыз Уәлибектің алдына түскен ешкім жоқ. Ол кісінің жырларын халық жатқа айтып жүретін.

– Қазақстандағы айтыс мектебін қалай бағалайсыз?

– Қазақстан айтыс мектебі ерте қалыптасқан. Тіпті бір кездері шырқау биікке көтерілді деп айтуға болады. Есенқұл, Айтақын, Серік, Әзімбек, Әселхандардың даусы еміс-еміс бізге жетіп тұрды. Мұхамеджан, Аманжол, Оразалы, Бекарыс, Балғынбек, Айбек, Дәулеткерей, Бекжан, Айнұр, Ринаттар қара өлеңде қаймыққан сәті жоқ. Бірінен бірі өтеді. Менің өзім кезінде Мұхамеджан Тазабеков пен Бекарыс Шойбековтің айтыстарын жиі тыңдап, сөз оралымдарын, тапқырлықтары мен ізденімпаздықтарын жіті қадағаладым. Қытайда жүріп, осы ақындарды тыңдадық. Елге жетуге асықтық. Шекара деген сызықтың кесірінен кеш келдік. Қылшылдап тұрған шағымыз шегендеулі жүйеде өтті. Мойындауымыз керек, Қытайдағы айтыс өнерінің дамуына атамекеннің ықпалы зор болды. Осы жақтан жеткен айтыстарды көріп, тыңдап, естуге әуес болдық. Ол жақтағы дарабоздарымыз Құрманбек, Жамалхан, Мүсілімбектердің шынайылығы мен сыршылдығын бұл жақтағылардың тарихи жадымен, мәнерлі ойымен толықтыруға тырыстық. Бір өкініштісі, қазір ақындар жаттандылыққа сүйеніп кетті дағы, айтыстың жоғары деңгейін түсіріп алды. Жас ақындарда таза суырып салмалық жоғалып барады. Айтыстың қызығы суырып салмалығында. Бір ай бойы жазып, асықпай дайындалып, тіпті келісіп айтыс өткізеді дегенді естігенде, таңырқағаным шын. Айтыс өсуі үшін, оның табиғи заңдылығы сақталса дейсің. Әрине, тапқыр сөз бен ұтқыр ой үнемі орала бермейді. Сонда да, өзінің әуелгі иірімінен ауытқымаса деген тілек бар. Бұл сөз ақындар ізденбесін, дайындалмасын дегенді білдірмейтіні түсінікті шығар... Осы ауру Қытайдағы ақындарға да жұқты. Сәли Садуақас ағамыз бір мақаласында: «Мен 1998 жылы Әбдіғаниды көргенде, ол ел арасында әлдеқашан аңызға айналып үлгеріп еді. Тарбағатайлық үш қызбен қатар айтысып, елді аузына қаратқан. Жұрттың бәрі ақынның дарынына сүйінген болатын. Сол Әбдіғани қазір бұрынғы биігінен жете алмай жүр» деген сыңайда ой айтты бірде. Бұл – шындық еді.

– Айтыста қандай ұстанымдарды берік ұстандыңыз?

– Әлгі естіген сыным есімде қатты қалса керек (күліп алды) Әріптесімнің намысына тимеуді, мәдениетті айтысуды басты ұстаным еттім. Келсін-келмесін келемеж ғып, жөнді-жөнсіз тиісу, бетің бар, жүзің бар демей түйеден түскенедей сөз айту жоқ менде. Жалпы айтыста ғана емес, өмірде де сондай принцип ұстанамын. Өзгенің жыртығына саусақ салу әдетіме жат. Ақын көптің ортасында жүреді. Сөз сыйлаған халқымыз қайда барсақ кеу-кеулеп, төрге оздырады. Ондай сәтте бәлсініп, кердең қағу астамшылық. Өзіңнің кішпейілдігің жоғалған жерде сөзіңнің дуасы болмайды. Қадірсіз сөз қағынған ауыздан шығады. 

–Қытайдағы айтыстың дені жайлауда өтеді. Қала айтысы мен дала айтысының айырмашылығы бар ма?

– Жайлау тынысыңды ашады ғой. Қанша жерден қалаға сүйреп келсе де, сол даланы аңсап тұрамыз. Айтыстың нағыз тыңдаушылары да сол жайлауда емес пе? Өзімнің де топ жарып шыққан айтыстарымның бәрі жайлауда өтті. Жайлау – ұлттың рухани ошағы болды бұрындары. Алты ай жазды ән-жырмен, той-думанмен өткізген халықпыз. Сондықтан жайлауда өткен айтыстың орны бөлек. Қытайдағы қазақтардың облыстық, аймақтық айтыстарының бір ерекшелігі ірі жайлауда өткенінде ғана емес, сол айтысқа орайластырып үш аймақтың тұлпарларын жинайтын аламан бәйге, көкпар, қызқуар, балуан салып, одан қалды киіз үй байқауларын қоса өткізетіндігінде. Қай аймақтың қандай аты бәйге алды, қай балуан жеңді, қандай киіз үйдің сәні мен өрнегі арқылы бағы үстем болды, соның бәрін бұқаралық ақпарат құралдары талдап, таразылап жазады. Одан жүлделі орындарға ие болған балуан, жүйрік ат, киіз үйлер елдің алқауына бөленеді, өзге жарыстарға қатыстырылады. Айтыс кезінде қазақтың даласын, мәдениетін көргісі келген өзге ұлттар келіп, дала халқының дархандығына бас шайқасады. Айтыс ұлттың қолөнерін, салт-дәстүрін, ұлттық спорт түрлерін дәріптейтін шара болып қалыптасқан. Сол дәстүр әлі де жалғасып келеді.

– Қазір қандай жұмыс атқарып жүрсіз?

– Алланың берген нәсібін қайдан болсын теріп жеуге болады. Бірақ отансыздың күні – өзге күн. Елге жетуге қаншалықты асыққанымыз тек өзімізге, өзіміз секілді тағдыр кешкендерге аян. Сыртта жүргенде Қазақстан жайында тек жақсы, игі де ізгі хабарларды естісек екен деп тұратынбыз. Қара шаңырақтың жаман атын естімеуге тырысатынбыз. Әлдебір пысықайлар қайдағы-жайдағыны сөз еткенде, олардың аузына қақпақ болып, жақсы қырынан неге көрмейсіңдер дейтінбіз. Біреудің жақсылығын көру үшін ақ ниет пен таза ой керек. Жамандықты іздеген қай жерден болсын табады. Елге оралғалы бері бір кісілік орнымызды таптық қой деп ойлаймын. Алматы облысы Талғар ауданы Нұра ауылындағы Мәдениет үйін бірер жыл тізгіндеп, жақсы шаралардың өтуіне, ауылды жердің мәдениетінің гүлденуіне азда болса септестік. Сол еңбегімізді бағалады ма, әлде жұртшылықтың ақынға деген риясыз көңілі себеп болды ма, әйтеуір Алланың қалауымен Талғар аудандық Мәслихаттың депутаты болдық. Ұлтқа қызмет етудің үлкен-кішісі жоқ. Өзіңе тиесілі еңбегіңді ертеңге қалдырмай істеу – парыз. Қолымыздан келгенше еңбектеніп жатырмыз.

– Қытайға жиі барып тұрасыз ба? Не байқайсыз?

– Иә, жыл аралатып барып жүрмін. Атамекенге оралғанымызға көп бола қойған жоқ. Ол жақта екі миллионға жуық қараша жұртымыз, қабырғалы еліміз бар. Көш тоқтамаса екен деп тілеймін. Әр қазақ атамекеніне қоныс теуіп, Сарыарқа төсін толтырса екен деп армандаймын. Соңғы жылдары ол жақта ассимиляция ерекше қарқын алып кеткен. Қазақ мектептері жабылып, ауыл балалары да қытайша оқуға мәжбүр боп жүр. Бұдан да өкініштісі, халықтың соған мойынсал болуы әрі заңды деп тануы. Қытайша оқығандарды білімді деп түсінуге бейімдігі. Өз баласының тілі қытайша шыққанын мақтан көруі! Тілден айырылғасын, олар бірте-бірте дінге ауыз салады. Дін кеткенде, не қалады? Ештеңе! Қазір айтысты зерттеу орталығы құрылыпты. Не жоғалып бара жатса, соны дамыту, зерттеу қолға алынатыны түсінікті ғой. Қытайда көркем айтыстың соңғы кезеңі тұр ма деп ойлаймын. Айтыс түгіл, ұлттың сақталуы қиын болмас па екен?.. Бірте-бірте айтыс тыңдайтын халық қалмай ма деп қорқам. Жастар қытайша айтыса ма деп қорқам! Екі миллион халық қалың нөпірдің ішінде адасып, өзгеге айналып кете ме деп уайымдаймын! Жыл өткен сайын үдеп келе жатқан бұл үдерісті ештеңе тоқтата алмақ емес, тек Атамекенге келіп қана байыз таппай, амал жоқ. Арғы беттегі ағайын соны түсінсе, атажұрттағы атқамінерлер көштің бұйдасын кесуге ұмтылмаса екен деп, Алладан тілеймін!

"Айтыс"

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз


26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 352 0








27/02/2024 11:57

ХАБАРЛАНДЫРУ
0 608 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика