КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың басшылығымен Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссия жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелерін үйлестіру жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өткені жайында жазғанбыз. Осы жиын барысында тарихшы-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тарапынан айтылған ой-пікірлерді оқырмандарымызға ұсынамыз.

Бірінші курста оқыту – асығыстық

Алдымен сөз алған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев: «Біз мифтен, аңыздан кейін қайтып, ғылыми арнаға оралуымыз керек. Әсіресе, жастарымызға қойылар талап жоғары» – деп атап өтті.
Нұртаза Ақишанұлы қоғамдық ғылымдардың ұйытқысы ретінде тарих пәніне айрықша маңыз берілуі тиіс екенін айта отырып, жоғары оқу орындарында бұл пәнді тарихшы емес мамандықтар бойынша І курстан емес, болашақ маман ретінде қалыптаса бастайтын шақ – ІІІ-IV курстарда оқыту дұрыс деп санайтынын жеткізді:
– Студенттер тарихты І курста оқып, мемлекеттік емтихан тапсырып жүр. Орта мектепті бітіріп келген жас үшін бұл – өткен пәнді қайталап шығу ғана. Ал ІІІ-IV курстарда оның ойы жетіліп, көзқарасы қалыптасады, міне, сол кезде оқытса, басқаша қабылдайды, – деді ол.
ЖОО-ларда Қазақстан тарихын қай кезеңнен бастап оқыту керек? Қанша кезеңге бөлу керек? Ғалымның айтуынша, бүгінгі күні шешімін күткен мәселелердің бірі – осы. 
– Манаш Қозыбаев, Хангелді Әбжанов, басқа да белгілі ғалымдарымыздың бұл тұрғыдағы ұстанымдары әртүрлі. Бірі Қазақстан тарихын тоғыз кезеңге бөлген дұрыс десе, екіншісі алты кезеңге бөледі. Бұл мәселеге барынша тереңірек үңілген жөн, – дейді профессор Абдоллаев.
Сонымен қатар, ол:
– Тарихымызға бет бұру, тарихқа қатысты мәселелерді кеңірек қозғау мақсатында бұрын да үлкен жиындар ұйымдастырылып, нақты істер қолға алынды. Әйткенмен, 5 шілде күні Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен өткен жиынның орны мүлде ерекше. Бізге үлкен бағыт берілді. Төл тарихымыз ең алдымен ұлттық рухымызды көтеру үшін қажет екені атап өтілді. Бұдан былай ұлттық тарихқа қызығушылық немесе немқұрайдылық – қазақстандықтар мәдениетінің айқын және нақты өлшемі болмақ, – деді.

Ғылыми айналымға енгізсек…

«Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев кезінде Ресей Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланған, ХХ ғасыр басындағы оқиғаларға белсене араласып, ұлт мүддесін қорғаған қайраткерлер – Алпысбай Қалменов пен Бақытжан Қаратаев туралы сөз қозғады.
Ақтөбе өңірінде дүниеге келген Алпысбай Қалменовтің қабірі – Қызылордада; ал Бақытжан Қаратаев Ақтөбе қаласындағы қорымдардың біріне жерленгені белгілі. 
Өмірзақ Озғанбайұлы:
– Алпысбай Қалменов мен Бақытжан Қаратаевтың өмір жолын, қызметін зерттеу мақсатында Беркін Құрманбековпен бірігіп еңбек еттік. Ол жергілікті жерде зерттеу жұмыстарын жүргізсе, мен Мәскеу, Орынбор мұрағаттарында іздестіру жұмыстарын қолға алдым, – деп, жиналғандарды осы ізденістердің нәтижесінде дүниеге келген еңбектермен таныстырды.
– Әрине, ұлттық тарихымызды зерделеу мақсатындағы жұмыстардың кең өріс алар кезі келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» – деп атап көрсеткен еді. Қазір ғылымға Қазақ Хандығы құрылғанға дейін-ақ қазақ жерінде болған 12 мемлекет белгілі болып отыр. Бұл біздің мемлекеттігіміздің тамыры тереңде екенін көрсетеді. Ата-бабаларымыздың ұлы істерге, ұлы ерліктерге толы тарихын жас ұрпаққа мақтаныш ете алатындай мазмұнда табыстауға тиіспіз. Ресейдің, Қытайдың, басқа да елдердің мұрағаттарынан көптеген деректер әкелінді, елімізде қазба жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, жаңалықтар ашылып жатыр. Ендігі мәселе – осыларды ғылыми айналымға енгізу болмақ, – деп қорытындылады ол.

Профессорларымыздың орта жасы?

Ақтөбе мемлекеттік оқу-әдістемелік басқармасының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров қоғамдық ғылымдар бойынша бізде 7 профессор ( төртеуі – тарих; екеуі – философия және біреуі – саясаттану ғылымдарының докторы) бар екенін атап өтті. Олардың орта жасы – 58 жас екен. Ал осы сала бойынша ғылым кандидаттарының – (25-тен астам) – орта жасы – 45 жас. Бұл деректер Ақтөбе аймағында қоғамдық ғылымдар бойынша жастарды ғылымға тарту – өткір тұрған мәселе екенін көрсетеді.
Қоғамдық ғылымдарға жүктелер міндет көп. Солардың бірі – ұлттық патриотизмді ояту. «Ал ұлттық патриотизмді оятатын – тарих ғана» – дейді профессор Бекназаров.
Жалпы алғанда, өңірімізде ескерткіштерді тану, қазба жұмыстары, зерттеу мақсатындағы істер, басқа облыстармен салыстырғанда, қарқынды, жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Бір жағынан, біздің облысымызда осы істердің маңыздылығын түсінетін, мамандардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асатын басшылық бар. Бұл көп шаруаның ілгерілуіне жол ашты» – дейді Рахым Ағыбайұлы.
Оның пікірінше өңірімізде ұлттық тарихты зерделеу мақсатындағы жұмыстарды жүргізу үшін, алдымен мамандар тізімі жасақталуы қажет. Яғни, «Кімдер бар?» деген мәселе ерекше назарда ұсталуы тиіс. Екіншіден, «тарихшылардың ғылыми ордасы, орталығы ретінде Құдайберген Жұбанов атындағы университет бекітілсе» – дейді. Үшіншіден, елімізде Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институты, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты, Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институты сынды қалыптасқан орталықтар бар. Ақтөбе жеріндегі зерттеулер сол орталықтар мамандарымен бірігіп жүргізілетін болса – құба-құп.
Төртіншіден, ұлттық тарихты зерделеуде Ақтөбе қандай салалар, қандай бағыттар бойынша нақты үлес қоса алады? Осыны айқындау қажет.
Осы орайда өңірімізде кейбір мамандар тапшылығы да сезіліп отырған көрінеді: мәдениеттанушылар, антропологтар, өлкетанушылар, т.б.
– Мысалы, қазба жұмыстары кезінде табылған зат сараптама арқылы бағаланады. Бізде ондай сараптама жүргізе алатын мәдениеттанушы жоқ. Сондықтан табылған затты Алматыға, Астанаға жіберіп, сол жақтағы мамандардың көмегіне жүгінеміз, – дейді Рахым Ағыбайұлы.
Сондай-ақ, өңірімізде өлкетану бағытындағы жұмыстарға серпіліс қажет.
– Бұл бағытта марқұм Беркін Құрманбеков тиянақты, жемісті еңбек етті. Енді осы істі тоқтатпай, алға апаруды ойлау керек, – дейді Рахым Ағыбайұлы.
Ғалым, сонымен қатар, өңірімізде бұрын басталған жобалар: профессор Серік Әжіғалидың зерттеулері; облыстық тарихи және мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция, облыстық тарих, этнография және археология орталығы тарапынан қолға алынған бастамалар, т.б. ұтымды жалғасын тапса дейді.

Төлеубұлақ үңгіріне консервация керек!

Тарихшы Бекарыстан Мырзабай Мұғалжар тауындағы Төлеубұлақ үңгіріне консервация керек деп мәлімдеді.
Бұл үңгір тас дәуірінен қалған, Ақтөбе жеріндегі ең көне ескерткіш болып табылады.
– Қазақстан тарихын қай кезеңнен бастаймыз, қанша кезеңге бөлеміз деген дау-дамаймен жүргенімізде, осыдан 10 мың жылдай уақыт бұрын адамдардың қонысы болғаны дәлелденген Төлеубұлақ үңгірін көне ескерткіш ретінде жоғалтып алғалы отырмыз. Ол ғылыми айналымға енгізілген. Қазір босағасы құлап тұр. Уақыт оздырмай консервация жасау керек, – деді ол.
Бекарыстан Мырзабай өңірімізде көптеген зерттеулер жүргізіліп жатқанымен, солардың түпкі нәтижесі әрдайым көңіл көншіте бермейтінін атап көрсетті.
– Біз ХVІ ғасырдың ескерткіштеріне ХХІ ғасырдың «телпегін кигізіп» қойдық, – деді тарих білгірі.
Заттай мұралар ғана емес, тарихи тұлғаларға қатысты да «әттеген-айлар» бар.
Айталық, Байғараұлы Нұрпеке хазірет тұлғасына қатысты шындыққа қиянат жасалып жүр.
– Нұрпеке хазірет Меккеге Құнанбай мен Досжан ишаннан бұрын барған. Меккеден жер алып, мейманхана салдырған. Зерттеушілер бұл деректерді назардан тыс қалдырып жүр. Ресей Мемлекеттiк Думасында французша сөйлеген Жұмағали ишан сөзінің стенографиялық жазбасы да жоқ, – деді Бекарыстан Боранқұлұлы.
Өз сөзінде ол өңіріміздегі көне дәуірлердің ғажап ескерткіші болып табылатын, Кеңес кезінде құпия ұсталған Қызылүйек, басқа да мұралар, сондай-ақ, тарихи тұлғалар мұраларына қатысты бірнеше ұсыныстар айтты.
Бекарыстан Мырзабай тарихи сананы жаңғырту мақсатындағы шаралардың бірі ретінде – этноауылдар құру керек деп санайды:
– Әлкей Марғұланның айтуынша, бір ғана киіз үйдің өзінде 300-ге жуық архаизм бар екен. Құндылықтарымызды дәріптеу, ішкі, сыртқы туризмді дамыту этноауылдар құру сынды қадамдар арқылы жүзеге асады, – деді ол.

Бұл – кәсіби мамандар ғана айналысатын іс

Кеңес кезінде тарихымызда тыйым салынған, «жабық» тақырыптар көп болды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін, жұрт жаппай сол «тақырыптарға» лап қойды.
– Бізде ерінбегеннің бәрі тарих жазды. Тарихты шынайы тануға деген ұмтылысты былай қалдырып, әркім өз ата-бабасын тарихта «орны бар», ықпалды адам ғылып көрсету жолында «жарысқа» түсті. Ұлттық тарихты зерделеу төңірегіндегі әңгіменің бір түйіні – осыны тоқтату болса керек, – деді белгілі ақын, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы.
«Өз басым осы бастаманы кім көрінген пайдаланып кетпесе деп қауіптенемін. Тарих тек кәсіби мамандардың құзырында болуы керек» – дейді ол.
Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Талғат Жұмағамбетов тарихшы мамандығына оқып жатқан жастардың тек бір ғана тіл – қазақ тілін меңгерумен шектеліп қалғанына алаңдайтынын жеткізді.
– Біз өз тарихымыздың даңқты беттерін халықаралық деңгейде танытсақ дейміз. Ал қазақ тілінен басқа тіл білмейтін жастармен бұл мақсатқа қалай қол созамыз? – дейді ол
Халқымыздың тарихына қатысты маңызды деректер мен зерттеулердің барлығы дерлік басқа тілдерде жазылған. Тіпті қазақтың көптеген көрнекті ғалымдарының өздері еңбектерін орыс тілінде жазып-қалдырған.
– Тіл білмейтін жастар бұларды түсінбейді. Ал қазақ тіліндегі санаулы оқулықтармен сапалы маман даярлап шығу мүмкін деп ойламаймын. Сондықтан, ең болмаса, өте маңызды деген еңбектерді қазақ тіліне аудару қажет, – дейді профессор Жұмағамбетов.
Және бұл істі мемлекет қолға алуы тиіс деп санайды. Өйткені ғылыми монографиялар – қаржылай пайда түсіретін дүниелер емес, оларды аударуға мемлекет тарапынан бастама болмаса, басқалар қолға алмайтыны түсінікті.
Жиында сөз алған профессор Зәкіратдин Байдосов:
– Қазақтың басқа өңірлері сияқты, Ақтөбенің де тарихы өте бай. Әсіресе біздің жеріміз – Ресей отарлаушыларына қарсы ірі көтерілістердің эпицентрі болған өңір. Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Есет Көтібарұлы, Жанқожа батыр, Кенесары хан, Амангелді Иманов көтерілістерінің бірі осыннан бастау алған, бірі тұтастай дерлік осында өткен, ал тағы бірі осы жерде аяқталған. Өкінішке орай, бұл тарихты өз деңгейінде жеткізе алмай келеміз. Тағы бір ерекше назар аударатын жайт – Әбілқайыр хан тұлғасына қатысты бұрмалаулар көп. Оны жауыз, сатқын, дәрменсіз деген әңгімелердің бәрінен аршып алып, сонау алмағайып заманда бар ғұмырын ел үшін, жер үшін күреске арнаған тұлға ретіндегі шынайы бейнесін көрсету – біздің басты міндеттеріміздің бірі деп білу керек, – дейді.
Жиында облыстық оқу-әдістемелік орталығының тарих, құқықтану пәндері бойынша әдіскері Ботагөз Тұрмашевақазіргі заманғы озық әдістер арқылы тарих пәнін тартымды өткізу жөнінде сөз етсе, Мәртөк аудандық музейінің директоры Ирина Сухинская тарихи ескерткіштерді жергілікті жерлерде қорғау ісінің түйткілдерін ортаға салды.
Қоғамдық ой-сананы қалыптастыру, халықты тәрбиелеу, мемлекеттілікті нығайту жолында тарих ғылымының ролі зор екеніне ешкім дау айта алмас. Біз бұл жиын – көптеген үлкен істердің бастауы деп сенгіміз келеді.

АҚТӨБЕ газеті

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 362 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 725 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика