КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Домбыра мұнша шешен болдың неге?
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе, -
деп жырлаған Қасым Аманжоловтар ұлт аспабын, онда жатқан терең тарихтың бар екенін бір ауыз сөзбен-ақ жеткізіп отыр.
    Саф алтындай таза өнерді бағаламай, арзан жылтырауық дүниелерге әуестеніп бара жатқанымыздың түбі жақсы бола қоймас. Қазақтың ұлттық құндылыққа, соның ішінде өнерге өте бай екенін жақсы білсек те, сол өнердің қадірін түсіне алмай жүрміз немесе түсінгіміз келмейді. Бұл жерде айтпағымыз қазақтың көне тарихының куәсіндей, ұлттың мұңы мен зарын, қуанышы мен шаттығын көз алдыңа елестететін күй өнерін жұртқа жеткізу жағы ақсап тұр. Ықыластың қобызының үнінен ықылым замандағы шерменде тарихтың тағылымын танығандай боласың. Құрманғазы мен Диналардың домбырасының шанағынан төгілген төкпе күйден ұлы даланың дүбірін естігендейсің. Тәттімбеттің шертпе күйінен арқаның шежіресі тарқатылғандай болады. Бұлардан басқа да Байжігіт, Қожеке, Сүгір, Қазанғап, Абыл сияқты көптеген дәулескер күйшілердің қос ішекті домбыраның шанағынан шыққан шығармалары мен төл туындыларында тұнған тарих жатқанын да ескере бермейміз. Күй – ұлттың рухын оятатын үлкен қару. Күйдің құдіреті сонша, исі қазақ баласының делебесін қоздырмай қоймайды. Рухтандырып, қанаттандырып, жігерлендіреді. Бұл әсіресе төкпе күйдің табиғатына жатады. Шертпе күйдің тыңдағанда адам жаны ләззат алатын құдіретін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес құбылыс. Әр мектептің өз табиғатына тән ерекшеліктері бар. Жалпы қазақ күйлері аймақтарға қарай жеті мектепке бөлінеді. Олар: Алтай күйшілік аймағы – Шығыс Қазақстан; Арқа күйшілік аймағы – Орталық Қазақстан; Жетісу күйшілік аймағы – Оңтүстік Шығыс Қазақстан; Қаратау күйшілік аймағы – Оңтүстік Қазақстан; Жиделі Байсын күйшілік аймағы – Сырдария, Арал өңірі; Орда күйшілік аймағы – Батыс Қазақстан; Түбек күйшілік аймағы – Маңғыстау өңірі. Міне осындай жеті мектептен тұратын күй өнерінің ерекшелігін біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті кейінгі қалалық ұрпақ күйдің не екенінен хабарсыз болып барады. Композиция деп түсіндірсең ғана ойлануы мүмкін. Өйткені «Ұлытау» тобы қазақ күйін рок музыкасымен жанастырып, композиция деп шетелге танытып жүр. Кейінгі шоу бизнес өкілдері атанып жүрген жас күйшілер де қазақ күйін тек эстрадамен есерлендіре жеткізумен ғана келеді. Олардың өзі де санаулы ғана. Бір кездері отандық телеарналар мен радиолар күй өнерін ерекше дәріптеп, шығу тарихы мен шертілу мәнерін, қандай және қанша мектепке бөлінетінін танымдық дүние ретінде өнер зерттеушілері мен ардагер күйшілер арқылы бұқараға жеткізіп отырушы еді. Тек күйшілердің концерттік бағдарламасы болушы еді. Нұрғиса Тілендиевтердің, Қаршыға Ахмедияров, Рысбай Ғабдиевтардың тұсында күй өнерінің құдіретін қараша халық та, қара табан бала да түсінген еді. Қазір Диналардың жалғасы болып келе жатқан Айгүл Үлкенбаеваның концертін көрсетіп тұрушы еді, одан да көз жазып қалдық. Көңіл толқынымен талайдың көңілін толқытып, Ақ жауынымен талай жаулықтыны ойға батырған Секен Тұрысбек ағамыздың да көрінбей кеткеніне біршама уақыт болып қалды. Осылай жалғаса берсе күйдің не екенін күйбең тірлікпен жүрген жұрт ұмытып та қалатын шығар. Қаласы бар, даласы бар халықтың жүз пайызы көре алатын отандық арналар мен талай тыңдарманның көзайымы қарт қазақ радиосы ұлт өнерін бағалайын деп отырған жоқ сияқты. Эстраданың ерке шолжаңдары шырқайтын ес тандыратын есер әндер мен даңғаза музыкасымақтар телеарналардың төрінде тайраңдайтын заман болып тұр. Тыңдарманның талғамын таразылайтын да ешкім қалмаған сияқты бұл күнде. Күйшілердің байқауы өтіп, бабы келіскендердің бағы жанып жатушы еді. Демеушіліктің, ұлт өнеріне жанашырлықтың жоқтығынан ондай шаралар да шарасыз күйге түскенге ұқсайды. Қазақ күйін сағынып жүр. Ал күйшілеріміз қайда жүр, неге үнсіз, кім не дейді?
Әлімхан ҚАНАТҰЛЫ.

Жарқын ШӘКӘРІМ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеушісі:
    Күй деген қазақ өнеріндегі егіздің сыңары ғой. Бірі ән болса, сыңары күй. Әрине жыр, терме, айтыс тағы басқалары да музыкалық жанр болып саналады. Дегенмен ән мен күй таза музыкалық жанр болып танылған ғой. Бүгінгі таңда қазақ өнеріндегі проблемалы, кезек күттірмейтін өзекті мәселені көтеріп отыр екенсіздер. Бізде мына 20 ғасырға дейін халықтық дәстүрлер кеңінен таралған. Әніміз де күйіміз де нотасыз-ақ кеңінен таралған. Александр Затаевич жиырмасыншы жылы қазақтың 1000 әнін нотаға түсіріп шығарды, одан кейін тағы бір рет 500-дей әні мен күйін тағы жарыққа шығарған. Сонымен қатар сол кездері Ахмет Жұбановтың туған ағасы Құдайберген Жұбанов «Күй өнері» деген кітап жазды. Күй өнері қайдан келді, қалай дамыды деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп, зерттеу жасаған. Кейінен қазақтың мықты күйшілері, күй зерттеушілерінің барлығы Құдайберген Жұбановтың кітабын оқыды. Күй өнерін дамытқан қайраткер өнерлі азаматтарымыз аз болған жоқ. Осы күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып келеді. Жалпы күйден артық қазақтың қандай музыкасы болды? Қазақтың тарихы тұрмыс-салты, тұмса табиғатын, ғажап дүниелерінің барлығы күйдің күмбірінде жатыр емес пе? Күй тек қазақтарға ерекше дарыған өнер. Қырғыздарда да бар күй. Олар «Кү» деп атайды. Сонда қазақ пен қырғыздарда ғана болған өнер ғой «күй» деген. Біз келмеске кеткен кеңес жүйесін ұнатпайтынымыз рас. Бірақ менің ойымша ол жүйеден мүлдем теріс айналып кетуге де болмайтын сияқты. Неге дейсіз ғой. Ол заманда қазақтың ән-күйлерінің кітаптары шықты. Қазақ радиосында арнайы «күй» деген редакция болды. Күй тақырыбын көтеретін арнайы бағдарлама бар еді. Осының бәрін кеңестік жүйе жасады. Құрманғазы оркестрін шығарған да кеңестік жүйе. Ахмет Жұбановтың арқасында Құрманғазы оркестрі құрылды. Сол кезде Құрманғазыдан бастап, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап және Сүгірлердің бәрі жарыққа шыққан болатын. Олардың халықтың қазынасы ретінде телеарналар мен радиолардан жоғары деңгейде насихатталғанын жоққа шығаруға болмайды. Өзім саясаткер емеспін, бірақ қазіргі жүйенің қандай жүйе екенін түсінбеймін. Бәрі нарықтық жүйе деп айтып жатады ғой. Осы нарықтық жүйеңде жаңағы аталған тұлғалардың есімі, күй өнері тып-типыл жоғалды ғой. Мысал үшін мерекелік концерттерде 5-6 жігітті шығарады да домбырамен бір-бір шумақтан ғана айтқызып қояды. Бұл не деген сұмдық?! Анау Айман Мұсақожаева басқаратын музыка акдемиясының студенттерінің күшімен 10-15 студентті апарады да бір-екі күй шерткізеді, сонымен бітті. Ертеректе мерекелік концерттерде көзіміз көрген, Мағауия Хамзин, кешегі Қаршыға Ахмедияров, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаровтар жеке-жеке күй тартқан ғой. Ал бүгінгі күні күйге деген ынтамыз жоғалды, көзқарасымыз мүлдем өзгерді. Неге деген сансыз сұрақ туады. Мәселен, нарық заманы деп отырмыз ғой. Телеарналардан қазақтың белгілі әншілері, бүгінгі эстрада жұлдыздары той арқылы жанымызды бағып отырмыз дегенді көргенде таң қалдым. Олардың сөйтіп тойдан нәпәқа тауып жүргені тұрғысынан келгенде жауапкершілік кімде деген сұрақ жауапсыз қала береді.
    Бізде Құрманғазы оркестрі, Отырар сазы оркестрі және облыстық оркестрлер бар. Бірақ ешқайсысына насихат жасалмайды. Бір жылдан асты қазақ телеарналарынан Құрманғазы оркестрінің бір концертін көрмедім. Бұл дегеніңіз сұмдық қой. Түркіменияды, Ташкентте, Бакуде өздерінің ұлттық аспаптары мен оркестрлерін 24 сағат насихаттайды. Ал бізде мүлдем жоғалып кетті. Бұны ұйымдастыру тетіктерінің басшылары қолға алмай отыр. Қазіргі заманның билігі халықтан алшақтап кетті. Ұлттың өнеріне, оның болашағына алаңдайтын басшы қалмай барады. Бұл шаруаларға Мәдениет министрі назар салуы керек. Сол министрліктегі жауапты мамандар төлөнеріміз күйге көңіл бөлсе екен дейміз. Бүгінгі заманда бәрі ақшаға тірелетіні рас. Бірақ министрлік ақша бермесе де түрлі күй сайыстарын ұйымдастырса, нұсқау берсе тағы сол сияқты күйді насихаттау жұмыстарын үйлестіріп берсе де жұрт разы болар еді. Ия, Құрманғазы, Тәттімбет атындағы және Әміре Қашаубаев атындағы байқаулар бар. Бірақ олар бір реттік қана. Былайша айтқанда науқан деңгейінде ғана. Ал бұл байқаулар өткеннен кейін ана күйші бәлен орын алды, мына әнші түлен жеңімпаз болды деп қысқаша ақпарат ретінде ғана айтылады. Соны бір телеарна не радио эфирден бермейтінін қайтесіз. Сондағы жеңімпаздарды, номинацияларға ие болған күйшіні немесе әншіні газетке шығарып, немесе телеарналар мен радиолардан жиі беріп отырса, ол өнерпаз да бұдан әрі биік самғауға қанаттанатын еді. Ел-жұрт танушы еді. Кез келген жерде көп айтып жүретінім, тағы да айтамын, насихат жұмыстары мүлдем жоқ. Ұлттық консерваториямыз бар. Қаншама күйші мамандар дайындап жатыр обалы не керек. Бірақ соны тәмамдағандар көшеде сауда жасап кетіп жатады. Өйткені өнердің бағаланбайтынына көздері жетеді. Сонда біз консерваторияны неменеге ұстап отырмыз?! Қазір эстрада 99 пайыз насихатталып жатыр. Ия, эстрада болсын, сонымен қатар дәстүрлі өнер де насихатталуы керек қой. Қазіргі отандық телеарналар мен радиолардың басшылары тепе-теңдікті сақтамай отыр. Тек эстрадаға ғана көңіл бөледі. Тәуліктің 20 сағаты эстрадалық жанрға берілсе, 2 сағат қана дәстүрлі музыкаға бөлінеді. Халықтың жанына батқаннан кейін жасымыз үлкен болған соң жанымыз ашып айтамыз. Дәстүрлі өнердің, соның ішінде «күйдің» ахуалы өте төмен қазір.

Мұрат ӘБУҒАЗЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері, күйші, зерттеуші:
    Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ұлттық өнерге деген құлшыныс болды. Әсіресе домбырамен айтылатын әндерге, күйге, жырға ерекше көңіл бөлінген кезде талантты жас өнерпаздар қаулап өсті. Еркін Шүкімәнов, Ерлан Рысқали, жыршы Ұлжан Байбосынова, қобызшы Саян Ақмолда сияқты дәстүрлі өнердің өрендері бір өрледі. Сол кездерде теле және радио бағдарламалар көп еді. Біз сол телебағдарламалар арқылы көпшілікке танылдық. «Алтыбақан», «Жетісаз», «Жалқы күй» деген сияқты бұдан басқа да дәстүрлі өнерді насихаттауға арналған бағдарламалар болған еді. Телеарналар бірінен кейін бірі шақырып жатады, арасында концерттеріміз бар, үлгере алмай жүруші едік. Ал қазір шынымды айтайын 2-3 жыл болды домбырамды футлярына салып қойдым. Жылына бір-ақ рет Астанадағы түркі халықтарының фестиваліне барамыз. Болды. Радиодағы керемет бағдарламалардың да бәрі жоғалды. Радиоға күйшілер шақырылмайды және радиода мүлдем күй тартылмайтын жағдайға жетті. Сонымен қатар, бұрынғы Жүсіпбек Елебеков, Қали Жантілеуов сияқты ардагер өнерпаз ақсақалдардың жазбалары сапасыз деп, радиодан бермейтін болыпты. Бұл сұмдық қой! Телеарналардағы тамаша бағдарламалар жүріп тұрғанда мен консерваториядағы жас ұстаздардың бірі едім. Телеарна бағдарламасы арқылы жүрген насихаттың мықтылығы сол жылдары дәстүрлі өнерге қызығып, құлшыныстары артып, әсіресе домбыраға түскен талапкерлер өте көп болды. Қазір мүлдем басқаша. Бұл жерде жастарды кінәлаудың еш себебі жоқ. Тыңдайтын адам бар, халық сусап отыр. Барған жерлерімізде неге күй тартпай кеттіңдер деп жатады. Біз домбыраны тастап кеткендей көреді. Олай емес, бағдарлама жоқ, барып тартатын жеріміз жоқ. Ұлттық арна болса да, орынында отырған басшылары сәйкес емес. Біреудің бірдеңкесін әйтеуір әкеліп қоя салған басшылар. Ұлттық өнерді түсінбейтіндер және жаны ашымайтын басшылар отыр. Қазақтың радиосында да сондай қазақ өнерінен мақұрым басшылар отыр. Кейбір ұлттық өнер туралы бағдарлама жасап отырған журналист мамандардың өздері өнерді түсінбейтіндер. Бұрын мықты кадрлар болған еді. Қазір бағдарлама жасап отырған журналист Мәди тірі ме, Болат Сарыбаев тірі ме деп сұрайды өзіңнен. Осыдан-ақ белгілі ғой бұқаралық ақпарат құралдарының ұлттық өнерден әлдеқайда алыстап кеткені. Өнер халықпен бірге жасасып отыруы керек. Өнер адамдары теларналар мен радиоларға жиі шығып отырсақ, біз де дамимыз, біздің деңгейіміз де көтеріледі. Ал біз домбыраны футлярға салып қойып жатсақ, өнер өсе ме, халықтың өнерге деген махаббаты ояна ма, талғам деңгейі көтеріле ме? Бұл өте өткір мәселе болып тұр.

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 362 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 726 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика