THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазіргі қазақ отбасында өрбитін әңгіменің ауаны қандай? Үйдегі сөз түзелмейінше, ұлы ұлтқа тән қасиеттерді бойымызға сіңіре алмайтынымызды уақыт өзі дәлелдеп берген сияқты. Ұлттың бірлігін, ынтымағын тілге тиек еткенде әр қарашаңырақтың ішінде қандай тақырыптар қаузалып, нендей өсиеттер айтылып жатқанын қаншалықты ескереміз? Мәселен, ұлын үйлендіріп, қызын ұзатқалы отырған үйдің әңгімесі болашақ құдаларының шыққан жері мен елінен басталады. Оңтүстіктің салты басқа, батыс алыс, шығыс суық, тағысын-тағылар. Одан қала берді, руына шүйлігіп, соңында өз еліне, туған жеріне жетпейтінін айтып даурығады. Ағайынның осы тектес тілектері мен өзін ғана мақтан тұтатын өсиетін естіген ұрпақтың мінез-құлқы қандай болмақ? Жалпы, үйдегі сөз түзелу үшін не істеу қажет? Педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Тұрсынбек Баймолдаев пен Клара Қожахметовамен әңгімелесу барысында осы тақырыпты қаузаған едік.
– Әр кезеңнің өзіндік қиындықтары болғаны белгілі. Алайда, сол кезеңдердің бір-біріне ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері де бар екені рас. Заман ағымына, сол уақыттың құйтырқыларына қарай адам мейлінше бейімделіп әрекет ететін сияқты болып көрінеді. Ал бүгінгі біз өмір сүріп отырған уақытты өткенмен салыстыра алмайсың. Күн санап дамып, жетіліп, жаңаланып келе жатқан заманның талабы да бөлек. Қарап отырсаң, осының барлығы да баланың сана-сезіміне әсер етіп жатқанын сезінесің. Осы тұрғыда сіздердің ойларыңызды білсек деп едік? Жалпы, балаға ата-анасының тәрбиесінен бөлек, қоғам, қоршаған орта мен өмір сүріп отырған кезеңі қаншалықты әсер етеді?
Тұрсынбек БАЙМОЛДАЕВ:
– Біздің мемлекет болғанымызға жиырма жылдан жаңа асты. Осы уақыт ішінде үлкен қадамдар жасағанымыз анық. Дегенмен, аға буын өкілдері әлі күнге дейін советтік кезеңді сағынады. Ауылдық жердегілер «өкімет өлтірмейді, өзі бағады» деген ойдан арылған жоқ. Ал қалалықтар ұзақ жыл орыстың боданында болғандықтан орысша оқыды. Қазіргі лауазымды қызметте жүргендер орысша тәрбие алып, орысша ойлап, орысша сөйлейтіндер. Осының барлығы баланың сана-сезіміне әсер етпей қоймайды. Кезінде кеңес адамы деген түсінік болған. Коммунистік партия жетегіндегі моральдық кодекс негізінде тәрбиеленген адамдар өзінің ізін қалдырып жатыр. Сондықтан бізде бойкүйездік, әлсіздік бар.
Тағы бір айта кететін мәселе, бүгінде ауыл адамдары жалқау болып барады. Қонаққа бара қалсаң, ұнтақ сүтпен шәй береді. Сиыр саууға ерінеді. Есігінің алдында тауық жүргенін көрмейсің. Көбі мал ұстамайды. Ауылда кісі өлсе, мал таппай, аудан орталығына, тіпті, қалаға келіп сатып алады. Ал, олардан туған бала қалай жалқау болмайды?
Кезінде «Батырлар жырын» оқыған бала батыр болғысы келіп, кәдімгідей ұмтылып, спортпен шұғылданатын. Ал, қазіргі балалар әлсіз. Спортқа құлықсыз. Бұл – дұрыс емес. Жастардың ұмтылысына ата-анасы себепкер болуы тиіс. А.Байтұрсынұлы: «Білімді болу үшін – оқу, бай болу үшін – кәсіп, ал күшті болу үшін – бірлік керек» дейді. Бір жақсы жері, қазақтар соңғы малын сатса да, баласын оқытады. Бірақ білімнің сапасына мән бермейтіні өтірік емес. Білімі бар адам кәсіпті де алып кетеді. Қазір білгір экономист жетіспейді дейді. Осы мамандықты алған жастар қаншама. Егер олар білгір болмаса, несін оқыды? Ал, елдің ынтымағы өте қажет екенін Украинадағы жағдайдан да байқауға болады.
Клара ҚОЖАХМЕТОВА:
– «Өтпелі кезеңде өмір сүр» дейтін қытай халқының қарғысы бар екен. Дәл осы жағдайды басымыздан өткізіп жатырмыз. Елiмiз егемендiк алғаннан бергi уақыт iшiнде қоғамда қаншама өзгерiс болды десеңiзшi! Жаһандану, рухани, діни экспансия ықпалынан көптеген отбасылары зардап шегуде. Сол өзгерiстер туғызған соны жаңалықтар бала өмiрiне тiкелей әсерiн тигiзiп жатқаны белгiлi. Қазақтың ұлттық бейнесі, табиғаты өзгеріске ұшырады. Танымал тарихшы Кеңес Нұрпейісов ХХ мен ХХІ ғасырдың қазағын салыстырғанда қазіргі қазақтың келбетін сынап, қиналып жазыпты. Өйткені, бүгінгі таңда қазақтың шынайы келбетін табу қиын. Өз тілін терең меңгерген қазақ өте аз. Қазіргі қазақ бір нәрсені ойлап тұрады да, басқа нәрсені айтады, үшінші нәрседен қорқып, төртінші нәрсені істейді. Сөзі мен ісі ұштаспаған. Кеңес ағамыз «қазақ есігіне құлып салмаған, уәдесінде тұрған, ауызша айтқанына сенген» деп айтады. Ал қазір адамның сөзіне емес, құжатына сенеміз, оның өзінде алданып қалып жатамыз.
Соңғы уақытта елiмiздегi нарықтық экономиканың қарқынына iлесу қиыншылығынан көптеген отбасылар бала тәрбиесiн қолдан шығарып алды. Ата-ана өз мiндетiн орындау барысында жiберiлген кемшiлiгiн қоғамға, бiлiм беру мекемелерiне арта салатын болды. Оған қоса, «мәдени орын» деген атаудың астарына тығылған керектi, керексiз сауық үйлерiнiң ашылуы да әсер етуде. Дәстүрлі отбасылар (ата-ене, ұл-келін, немере, шөбере) азайды; толық емес отбасылар (ата-анасының немесе әже-атасының біреуінен құралған) көбейді; дәстүрлі емес отбасылар (азаматтық некедегі, көбіне баласыз) етек алды. Ең бастысы, отбасындағы бала тәрбиесінің «бас кейіпкері» – әкенің ролінің, беделінің, балаға ықпалының төмендеуі. Оның бір себебі, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты ер-азаматтардың үйде жұмыссыз отырып қалған кездерінде кейбір аналардың ерлеріне сүйеніш болып, оларға рухани қолдау көрсетудің орнына, ерінің намысына тиіп, балаларының алдында абыройын түсіруі, соның салдарынан отбасындағы ахуалдың күрт өзгеруі. Аталған себептің екіншісі – отбасындағы ата мен әженің тәрбиелік ықпалының (бөлек тұрғандықтан, бір-бірін өте сирек көргендіктен, тілдік қатысым кедергілерінен) шектелуі; үшіншіден, қала жағдайында қазақ тілді ортаның аясы тар, орыстілділердің көп болуы; бұған теледидардан қазақ тілінде көрсетілетін хабарлардың өте аз және көбісінің төмен деңгейде, сонымен қатар, «шала-қазақ» тілінде екендігін; компьютерден, интернеттен еш кедергісіз келеңсіз ақпараттардың кең ауқымда таратылатынын қоссақ – ұлттық тәрбиенің әлсіреуінің себептері көзге айқын көрініп-ақ тұр ғой! Айналып келгенде, бұның астарында жас ұрпақтың бойында өз ұлтын менсінбеушілік сезімдерін қалыптастыруға әкеліп соға ма деген қауіп жоқ емес. Келеңсіз жағдайларға ұшыраудың тағы бір жанды себебі, ұлттық сапалардың бірі – «Тектілік» мәселесіне мән берілмей, тәрбиенің осы іргелі бағытын әбден құлдыратып алуымызда. «Тек» сөзі «тектіліктің» түбірі екені айқын. Сөздікте «текті» ұғымы – «арғы тегінің әулеттік болмысы атақты тұлға. Текті адам ата-тегінің қадір-қасиетіне кір келтірмейді, ата-тектің абыройын қорғайды» дейді. Тектілік турасында «жеке тұлғаның тегіне тартып, парасаттылық, салауаттылық көрсетуі. Текті адам ұлтының, ата-тегінің ұлттық қасиеттерін бойына сақтайды» деп, педагогикалық-психологиялық тұрғыдан толыққанды анықтайды. Жаман қасиеттерге, түрлі сынақтарға төтеп беретін – тек. Тектің биологиялық жағынан сапалығын жетілдіру үшін ұлтымыздың жеті атаға дейін қыз алыспауының өзі – адам табиғатын жете түсінгендік. Тектіліктің сипаттары: әке-шешесі бар, ақ некеден туған, отбасында аталған тәрбиесі өнегелі, жаман іспен әке-шешесінің, әулетінің аты шықпаған, ар-ұяты бар, намысты дегенге саяды. Тексіздік – әдеп пен кісілік аймағынан шыққан, нәпсі мен пенделіктің құлдарына тән атау. Сонымен қатар, халықта «жетесіз», «көргенсіз» деген тәрбиенің өлшемі бар: жетесіздік – баладан, көргенсіздік – ата-анадан, тексіздік – ата-бабадан қалыптасады. «Тектінің ұрпағы», «көргендінің баласы», «жетелі ұрпақ» деген өлшем бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылық өлшем болып қала бермек. Осы орайда, Ж.Баласағұнның отбасы тәрбиесінің жалпы мәселелерімен байланысты ойлары мен пікірлері, атап айтсақ, жар таңдау, балаларды тәрбиелеу, отбасын құру – қазақ этнопедагогикасын және этнопсихологиясын толықтыратын құнды мұра болып табылады.
Шыны керек, осындай қоғамды жайлаған індеттерден құтылу үшін ата-бабаның тәжірибесіне, өсиетіне, салтына, дәстүріне жүгінуміз керек. Бізде нигилистік көзқарас басым. Нигилист – өз ұлтының құндылығын менсінбейді. «Біріңді қазақ, бірің дос демесең, істің бәрі бос» деген қағида біз үшін қазір өте өзекті. Егер осылай қарайтын болсақ, ел де, ер де өседі, даңқы да, рухы да артады.
– Жасыратыны жоқ, біз бүгін адамдардың қадір-қасиетінен бұрын оның руына мән беруді, жерлестігімізді алға тартуды әдетке айналдырдық. Біздегі рушылдық, жершілдік деген дертке айналып бара жатқандай көрінеді. Бірақ бес саусақ бірдей емес, әрине, бұл бәзбіреулерді жалықтыратыны анық. Осы әдетіміз отбасында да өзекті әңгімеге айналып жатады. Бұл жаңадан қалыптасып, жетіліп келе жатқан баланың мінез-құлқын өзгертуі әбден мүмкін екенін ата-ана ойламайтын сынды. Айналып келгенде, бұл бүтін бір ұлттың келешегіне кері әсерін тигізбей ме, қалай ойлайсыздар?
Тұрсынбек БАЙМОЛДАЕВ:
– Таяуда әлеуметтік желілердің біріне кіріп, «ата-анасы жеті атаға толған қыз бен жігіттің үйленуіне қарсы болыпты» деген сөйлемді көзім шалды. Біз жеті атамен шектелмеуіміз керек. Отыз-қырық атадан кейін үйленген жақсы. Бір елдің балалары отбасы құрғаннан гөрі, орта жүздің руынан шыққан адам кіші жүзбен құда болса, шығыстың қызын батыс өңірінің жігіті алса, қандай жақсы. Сонда бәрі құда-жегжат болып араласады. Ұлттың бірлігі деген осыдан шығады. Қазір әйтеуір жеті атаға толса болды деп, өз руынан қыз алып, қыз беріп жатқанына мәз. Осының өзі өзгені қор, өзін зор санаудан шыққан жоқ па екен деп ойлаймын.
Жақын ағайыннан қыз алыспау деген «Абай жолында» да бар. Әмірдің махаббаты есіңізде шығар. Абай осы жағдайды естіген әкесінің кеңірдектен қысып, өлтірейін деп жатқан жерінің үстінен түседі ғой. Мінекей, яғни ағайын адамдарға қыз алысуға болмайды дегенді шегелеп айтып отыр. «Еңлік-Кебектің» шығу тарихын да білмейтін адам жоқ шығар. Ата мен келін арасындағы Қодар мен Қамқаның байланысы – бұның дұрыс емес екенін айтып тұрған жоқ па? Бұндайда қырық рудың кісісі тас лақтырып өлтіру керек деген – Құнанбайдың данышпандық шешімі. Осыны қазір ұмытып кеттік. Қазір ата мен келіннің арасындағы жақындық дегенді жиі еститін болдық. Елдің азуы ғой бұл. Әйтпесе ата мен келін емес, қайнаға мен келіннің арасындағы тәртіп қандай болуы керек. Үйге келін түскен күннен бастап атасы арағын қойып, тап-таза болып жүруі тиіс емес пе. Келіннен ұят болады деп тұратын еді бұрынғының кісілері. Осы күнгілер ондайды ұмыт қалдырған. Келін атасынан, атасы келінінен ұялмайды. Осыдан кейін қандай тәрбие болады? Қазір көптеген ата-енелер келіндерін үйінен қуып шығады. Қызы мен күйеу баласының қолында тұратынын мақтанышпен айтатындар бар. Қыз жат жұрттық екенін ескермейтін болдық. Өткенде бір әңгіме естіп едім. Қалжың екенін, рас екенін, әйтеуір бір кейуана балаларын ойнатып отыр екен. Өтіп бара жатқан кісі: «Апа, мына балалардың бәрі өзіңіздікі ме?» деп сұраған көрінеді. Сөйтсе, әлгі әжеміз: «Мына сарыларды көрдің бе, бұл да баламның баласы, балдан тәтті оның анасы (қызынан туған). Ал, мына жақта жүрген қара балаларды көрдің бе, бұл да баламның баласы, су жылан оның анасы», – деп келінін айтса керек. Бұл бізге қайдан келді? Орыстардың «енеге» деген қарым-қатынасынан шықты ма деген ойға қаламын. Ол сөзді кемпіріне айтқызып, күліп отырған атасы да оңып тұрған жоқ қой. Немерелерімнің анасына дұрыс қараңдар деген сөзді айтатын ата бар ма осы күні? Ажырасудың, тастанды балалардың көп болуы да осыдан шығады.
Клара ҚОЖАХМЕТОВА:
– Сіз айтып отырған індет «трайболизм» деген атауға ие. Кезінде Ресей империясы өзінің жымысқы пиғылын («разделяй и властвуй!») жүзеге асыру үшін трайболизм идеясын алға тартып, бір руды екінші руға айдап салуға шебер пайдаланды емес пе? Шын мәнінде, қазақ этносының «рулық құрылымы» біртұтас халықты бөлшектеуге емес, керісінше, бір-біріне (құдандалы, нағашылы-жиенді, қайын жұрттық, бөлелік, бажалық, балдыздық, абысын-ажындық, т.с.с.) туыстық қатынастары арқылы жекжат, жұрағат екенін, айналып келгенде, барлығы «қарға тамырлы қазақ» болып келетінін танытуға арналғанын жадымыздан неге шығаруымыз керек? Жеті атаға дейін қыз алыспай, басқа рудан келін түсіріп, басқа руға қыз ұзатудың төркінінде де данагөй қазақтың бауырмалдыққа деген ұмтылысы жатқан жоқ па? Әлде, «бөлінгенді бөрі жейтінін» осы уақытқа дейін тарих ұғындырмады ма?
Ал қазіргі кездегі індетке айналған рушылдыққа, жерлестікке жол берілуі – қазақ ұлтының бірігуіне, халықтың санасы шынайы ұлттық деңгейге көтеріліп, біртұтас ұлт болып ұйысуына қарсы жасалып жатқан әрекет деп түсінемін. Еліміздегі басқа ұлт пен ұлыстар өкілдерінің (диаспоралардың) қазақтың төңірегіне әлі де болса шоғырлануға мүдделілік танытпауларының астарында осы рушылдық пен жерлестік жатқаны жасырын емес. Өзге ұлт өкілдері «қазақтың өзінің басы бірікпей жатқанда, барлық қазақстандықтарды қалай біріктіре алады?» деп күмәндануы әбден мүмкін және соның салдарынан олар өзара бірігуге мүдделі. Бұл үрдіс ел болашағына, оның тұтастығына қауіп төндірері сөзсіз.
Қазіргі қоғамның тағы бір көрінісі – ішкі миграция. Менің айтайын дегенім, жұмыс іздеп, ауылдан ірі қалаларға барып, жұмысқа жалданып жүрген ішкі мигранттар емес. Олардың әлеуметтік-экономикалық, білімділік, материалдық, қоғамдық дәрежелері әлдеқайда жоғары. Айтып отырғаным – жаңа тағайындалған әкіммен (қандай да бір деңгейдегі басшымен) бірге қосақтасып, көшіп жүретін лауазымды ішкі мигранттар. Бұл қатынастар астарында – туыстық, жерлестік, рушылдық психология жатыр. Сондықтан олар мемлекеттік мүддені емес, өздерінің «кіші», керек десеңіз, сыбайлас тобының мүддесінен аса алмайды (олардың неше түрін теледидардан күнде көріп отырмыз). Айналып келгенде, олар жемқорлыққа, көзбояушылыққа, жалған ақпарат беруге, жалған «рейтингке» ұмтылуда. Сондықтан халық әкімшіліктен күдер үзіп, халық пен биліктің арасы алшақтай түсті. Жалпыға қара күйе жағудан аулақпыз, бірақ «бір құмалақ – бір қарын майды шірітетіні» бәрімізге мәлім. Жастар тәрбиесіне қоғамдағы барлық құбылыстар әсер етеді.
– Абай өзінің екінші қара сөзінде қазақтың ноғайға, сартқа, орысқа күлетінін айта келе, «Сонда мен: Ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп ойлаушы едім», – деген еді. Ал қазір өзге ұлтты былай қойып, бір-бірімізді кемсітіп, қор тұтып, қала берді, сыртынан қымсынбай жамандай салуға етімізді үйретіп алған сыңайлымыз. Отбасы, ошақ қасындағы әңгімелер де осы тақырыпқа жиі ұласатыны жасырын емес. Бұның түпкі себебі қайдан шығады? Әлде, балаға кішкентайынан берілген тәрбиенің жемісі ме? Отбасындағы әңгіме, дәлірегінде, үйдегі сөз түзелу үшін не істеу қажет?
Тұрсынбек БАЙМОЛДАЕВ:
– Әуелі үлкендердің оңатын қылығы жоқ. Жиынтойларға жиі барамыз. Жетпіс-сексенге келген қариялардың бата берудің орнына тілек айтып кететінін көз көріп жүр. Ұрпақ сабақтастығы бүгін емес, өткен ғасырдың 60-70 жылдары үзіліп қалған екен. Соның орнын толтыру үшін бабалар өсиеті сияқты тәрбиелік мәні зор кітаптарды көп таралыммен шығарып, мектеп бағдарламасына да енгізу қажет. Қазір телеарналарда «Біз», «Айтуға оңай» деген сынды бағдарламалар бар. Солар ата-анаға тәрбие беретін тақырыпты көбірек қозғаса, дұрыс болар еді. Әйтпесе, газет-журналды ата-аналар тұрмақ, мұғалімдер де оқымайды. Бұрынғы кезде мектептерде ата-аналарға арналған семинарлар өткізілетін. Кәдімгі дәріс. Қазір де жиналыс болып тұрады. Бірақ тек қана ақша жинау мәселесі көтеріледі.
Жалпы, қазақта жегжаттың бір-бірін сыйлауы деген бар. Қазір бізде өзгені жек көру, менсінбей қарау белең алған. Тіпті, бір отбасындағы ағайынды балалардың өзі бір-біріне жат болып барады. Оның үстіне, жас отбасылар бір-екі баламен шектеледі. Бала аз болса, ол өзімшіл, менмен болып өседі. Ондайды біз «орыстанып кетті, орысша оқыған ғой» деп, жылы жауып қоямыз. Ағайын адамдар бір-біріне қол ұшын беріп, араласып тұруы тиіс. Бауырмал болудың өзі үлкен роль ойнайды. Осыны халыққа жақсылап түсіндіру керек. Бұл мәселені шешуде бабалар өсиеті, ертегілер, шешендік сөздер таптырмайтын құрал. Шетелдің қай ғұламасы болсын, біздің ата-бабамыздан артық айтқан тұсы жоқ. Бір ғана Абайды оқыту арқылы кемел адам тәрбиелей аламыз. Бірақ оны ешкім оқымайды. Неге? Өзім таң қаламын. Оқып қана қоймай, мәнін түсініп, жаттап алуы керек қой. Сонда ғана ел боламыз. Мысалы, алтыншы қара сөзінде «ырыс алды – тірлік» дей келе, бәрін ағайындардан алатын болса, соңында бір-бірін алдаудың амалын іздейді. Сонда бірлік қайда қалды? Бәрі ортақ болса, онда байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян? Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес, – дейді. Ол кезде малмен күн көрген. Ал қазір ақша. Ақшасы бар адамның туысы да көбейіп кетеді. Абай «Қазақ ақылсыздықтан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүрегінде қайрат, жігердің болмауынан азады» дейді. Осыны баланың санасына құйып өсіру керек. Біз бала тәрбиелеу, керек десе, оны өйтіп оқытайық, бүйтіп оқытайық деп даурығамыз, негізінде, үйдегі сөз түзелу үшін – баланың әкесі мен шешесін, атасы мен әжесін тәрбиелеуіміз керек.
Клара ҚОЖАХМЕТОВА:
– «Отыз сегізінші» нақыл сөзінде Абай: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиет қалдырған. Ескертетін жат қылығы – көрсеқызарлық, опасыздық, орынсыздық, мақтаншақтық, пасықтық, өсек. Егер Абайдың өсиетінен сабақ ала алсақ, ар мен ұятты айыра білсек, келешек ұрпақ та салауаттылық пен парасаттылыққа ұмтылады. Абайдың қағидалары – бала тәрбиесінің бағдарламасы іспеттес. Ата-аналардың этнопедагогика-лық, рухани-адамгершілік, хұқықтық мәдениетінің төмен екендігін әшкерелейді. Ол үшін бүгіннен бастап, мектеп жанынан Ата-аналар университеттерін – «Әке мектебінің», «Ана мектебінің», «Ене мектебінің» жұмыстарын ыждағаттықпен жандандыруды күн тәртібіне қою керек. Баласының көзінше басқа біреуді жамандау, біріншіден, өз перзентіне теріс ықпал етсе, екіншіден, бір қазақты бір қазақтың менсінбеуі – ұлттың ынтымағына қиянат келтірумен пара-пар деп ойлаймын. Қазіргі таңда «Әр қазақ менің жалғызым!» (Сабыр Адай) деген қағиданы ұстансақ қана өз ұлтымыздың тұтастығын сақтап қалуға үлес қоса аламыз.
– Әдебиет – тәрбие құралы дегенді жиі айтамыз. Расында, оқушы кезінде балалар көбінесе әдебиеттегі кейіпкерлерге еліктейді емес пе. Қазақ әдебиетінде бала тәрбиесіне қатысты шығармалар аз емес. «Абай жолындағы» бала Абайдың анасы мен Айғыздың арасындағы күндестікті сезінгені немесе оқудан келгенде анасының алдымен әкесімен амандасуы керек екенін айтқан тұсы есіңізде ме? Ал қазіргі бала тәрбиесінде әдебиеттің ролі қандай?
Тұрсынбек БАЙМОЛДАЕВ:
– Мысалы, өзіміздің ертегімізді алайықшы. Ер Төстік алдына мақсат қойды, оған Таусоғар, Көлтауысар, Саққұлақ, Қырағы, Желаяқ кездесті, көмектесті, әйтеуір алға жылжыды. Дәл сол сияқты өмірде алдына мақсат қойып, жұмыс істеген адамның алдынан небір қиындықтар шығады. Осындай ертегілердің бекер жазылмағанын түсіндіріп айтуымыз керек. Әйтпесе, Пушкиннің балықшы мен балық туралы ертегісін алыңыз. Ол қанағатсыздық, тойымсыздық, тоғышарлық қой. Тойымсыздықтың соңы кемпірді өз орнына әкеле салды. Ы.Алтынсариннің қанша әңгімесі бар. Абай осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын «Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой» деп мал бағып жүрген қазаққа кейиді. Ал қазіргілер ше? Салтыков пен Толстойдың шығармаларын қай оқушы біледі? Қазақ мектебіне арналған орыс әдебиетінің жетінші, әлде, сегізінші сынып оқулығында «Повесть о том, как один мужик двух генералов прокормил» деген шығармасы бар. Бірақ оның мағынасын түсіндіріп айтатын адам жоқ. Міне, сондықтан да әдебиетке көңіл бөлу қажет.
Клара ҚОЖАХМЕТОВА:
– «Әдебиет – ұлттың жаны, иммунитеті». Дей тұрғанмен, соңғы жылдары балалардың, студент жастардың көркем әдебиетті оқымайтындығы жиі айтылып жүр. Бұның бір себебі, төл әдебиетіміздің компьютермен, интернетпен, теледидармен бәсекелестікке түсуінде болса, екіншісі, отбасында баланың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға немқұрайдылық танытуында, оның үстіне балалар әдебиеті тапшы әрі қымбат екені де ескерілген жөн. Соңғы кездері елімізде «Кітап күні», «Бір ел – бір кітап» сияқты шаралар кеңінен ұйымдастырылуда. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Студент оқитын 100 кітап» акциясын өткізу дәстүрге айналды. Әрине, мұндай жұмыстар науқаншылдық емес, жүйелі түрде өткізілсе, өз нәтижесін береді.
– Болашақты болжау үшін сәуегей болудың қажеті шамалы сияқты. Бүгінгі жастар келешек ата-ана десек, олар ұрпағына нендей тәрбие береді? Заманауи өзгерістерге тез бейімделгіш келетініміз ұлттық тәрбиемізге кері әсерін тигізіп алмай ма екен? Бүгінгі ұрпақты қазақтың бірлігі, тұтастығы қаншалықты толғантады? Енді жиырма, отыз жылды кейін тастап, болашаққа көз тастасақ, нені көреміз?
Тұрсынбек БАЙМОЛДАЕВ:
– Кезінде Ш.Айтматов соғыстан кейінгі ауыл өмірін жазып еді. Қазіргі жазушылар осындай өмірлік кезеңдерді қаузаса жақсы болар еді. Телеарналар әншілерді шығарып, шайлығын сұрамай, ғалымдар мен жазушыларды сөйлетсе, қандай жақсы. Елге тәрбиелік мәні бар дүниелерді көрсету керек қой. Ертеңгісін тек «Қазақстаннан» «Таңшолпан» сөйлеп тұрады, қалғаны орысша. Тіпті, телеарналар қазақша мен орысшаны араластырып сөйлей салады. Әлгі екі тілді қосып сөйлейтіндер – не орысша, не қазақша білмейтіндер. Қазақтың жаңа шыққан кинолары неге елдің жақсы жағын көрсетпейді? Кәрістердің осыдан мың жыл бұрынғы оқиғаны түсірген фильмін қарасаңыз, әппақ жағалы киім киіп жүр. Ол кезде әппақ жаға қайдан болды деп таң қалам. Көрдіңіз бе, тәрбиені қалай беріп отыр. Ал, біздердікі қазіргі кездің киносын түсіргеннің өзінде міндетті түрде құлағалы тұрған үйді алып, одан жыртық-жамау, жұпыны киінген адамды тауып алып, соны көрсетеді. Бізде жинақталған образ деген бар. Жақсы жағын көрсетуге болады ғой.
Жалпы, еліміз болашаққа бастайтын батыл қадамдар жасауда. Отыз елдің қатарына қосылу, Мәңгілік ел, Қазақ елі дегенді айтып жатырмыз. Ол – өте жақсы. Бірақ біздің қазақ «2050-ші жылға дейін кім бар, кім жоқ, не айтып кетті бұлар» деп, оған да сенімсіздік танытады. Оны түсініп, сол мақсаттың жолында бірігіп, тірлік істеуіміз керек. Алдымен, ел екенімізге өзіміз сенейік. Ал, ол сенімді ұялататын осындай стратегиялық бағдарламалар. «Біздің үйдің малын көрші неге бақпайды» дегенге салынудың қажеті жоқ. Біреуге емес, өзімізге сенім артсақ қана ел боламыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне нанотехнологиямен айналысатын 70 жас шамасындағы ер кісіні алып келіпті. Ағамыз 1944 жылы туған. Анасы – беларусь, медбике, әкесі – қазақ (соғыста қайтыс болған). Шешесі дүниеден өтердің алдында әкесінің қазақ екенін айтыпты. Кішкентайынан Литваның, Латвияның, Ресейдің балалар үйінде тәрбиеленген. Кейін ер жеткенде, қазақ тілін өз бетімен үйреніпті. Мәскеудегі МГУ-дың профессоры. Сол жерден арнайы тәжірибе алмасу үшін шақыртқан көрінеді. Өзі тоғыз тілді жетік меңгерген. Оның ішінде қазақша да таза сөйлейді. Осындай адамдарды неге танытпаймыз біз? Қалай болғанда да, қазақтың болашағы – қазақтың тілінде, мәдениетінде.
Клара ҚОЖАХМЕТОВА:
– Әрине, ұлттық тәрбиеде белең алған кемшіліктер келешекке өз салқынын тигізуі әбден мүмкін. «Ұлттың құруы – адамдардың қырылып қалуы емес, оның өзіндік ерекшелігінен – тілінен, дәстүрінен айырылып, сипатсыз тобырға айналуы» деген Төлен Әбдікұлының пікірімен келіспеу қиын. Байқасаңыз, соңғы кезде халықтың киімі, сыртқы түрі өзгеріп барады (хиджаб, сақал былай тұрсын), американың рәміздері салынған киім киюшілер көбейді. Бұл достықтың нышаны ма, талғамсыздықтың белгісі ме, әлде құндылықтың өзгергені ме?
Кезінде Бауыржан Момышұлы өзінің үш қорқынышын ортаға салып, болашаққа байланысты үрейлерін ақтарып, былай деген екен: «Біріншіден, сәбиіне «Бесік жырын» айтып бере алмайтын аналардың көбейіп бара жатқанынан қорқамын; екіншіден, немерелеріне ана тілінде ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын; үшіншіден, салт-дәстүрді қадірлемейтін жас ұрпақтың өсіп келе жатқанынан қорқамын, олардың көкірек көзі соқыр көр бола ма? – деп қорқамын. Мен табиғатынан көр соқырларды айтып отырғаным жоқ, өсе келе пайда болған көр соқырлықты айтамын. Көр соқыр қолына бақыр берсең – ала салады, найза берсең – сұға салады, намыстанбай бұға салады». Осы сөздерді оқығанда, бүгінгі күнгі жағдайды дәл болжағанына таңқаламын.
Қазіргі таңда бала тәрбиесінің босаңсуының кесірінен қарттар үйі, балалар үйі, түрмелер, түрлі діни секталар көбейді. Және ғалымдардың зерттеуі бойынша балалардың жастайынан шылым шегуге (мектеп жасына жетпей), арақ ішуге, нашаға әуестенуі, дөрекі сөздерді қолданбай сөйлем құрай алмауы, ойын-сауыққа құмарлығы – жыл сайын арта түсуде. Мұндай жағдай отбасын да, мектепті де, қоғамды да бей-жай қалдыруы мүмкін емес. Сондықтан адам сапасы (білім сапасынан бұрын) – басты басымдылық (приоритет) ретінде бірінші орында болуы тиіс. Ол үшін ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие тұжырымдамасы қоғамдық талқылаудан өтіп, тез арада қабылданып, жүзеге асырылуына жан-жақты жағдай жасалуы қажет. Отбасын қалпына келтіріп, ата-ана алдындағы «қарыз бен парызды» өз деңгейіне көтеріп, қажет болса, безбүйрек балаларды Заң алдында, Ар алдында жауапқа тартып, ондайларды халықтың ортасына шығарып әшкерелеп, тектілікті қастерлеуге, тексіздікпен күресуге жұмылып, азаматтық некеге, жынысын ауыстыруға, «гей, лесбиянкалар клубтарына» тыйым салып, туыстық қатынасты, бауырмалдықты сақтап қалу үшін әрекет етуіміз қажет!
Қазақ әдебиеті