THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Қазақ халқы ежелден қыз баланы қонағындай күтіп, құрметтеген. Анасы әркез қызына ақылын айтып, келін боп түсу – кез келген қыздың парызы дегенді санасына құйып отырған. Сондықтан да қыз баланың тәрбиесіне ерекше ілтипатпен мән беріп, оны тек жақсы нәрселерге баулуға тырысқан. «Жақсы қыз болсаң, жақсы жерге барасың, жарыңның да жанын ұғасың» деп жақсылық атаулыны қыз бойына қондырғысы келген. Ал шын мәнінде солай ма?! Өмірде бәрі адамның ойлағанындай бола бермейді. «Мен ала жіпті аттамаған арумын, маған кезігер жігіт те жүзден жүйрік болуы керек» дегенге бола, тағдыр адам ойлағанын іске асыра салмайды. Адамның тағдыры оның өмірін өзгертеді. Ешқандай қыз «мен жаман жар таңдайын» демейді. Кез келген пенде жақсы жағынан көрінгісі келеді, алайда әрқайсысына бұйыра берер бақ қайда?!
Аңыз-әпсаналарға сенсек, кезінде бір шаңырақтың қатарлас үш қызы болыпты. Алғашқысы үлкен болғанымен, өз басымен өзі әуре, етек-жеңін жинай алмай жүрген жан екен. Ортаншысының да одан асып бара жатқан түгі жоқ, олақтыққа бейім болып өсіпті. Ал кенже қыздың тас қайнататындай пысықтығы көркем мінезімен үйлесе кеткен, келбеті үріп ауызға салғандай деседі. Содан күндердің бір күнінде тағдырдың айдауымен қыздардың тұрмысқа шығатын уақыттары да таяп қалады. Үлкен қыз он саусағынан өнер тамған ұстаға, екіншісі күміс көмей әншіге, ал соңғысы көрінген бұрышта қолға түскен шарапты қағып салатын кездейсоқ көкаттыға кезігіпті. Басына түскенге налыған кіші қыз: «Құдайым-ау, мен саған не жаздым?! Елдің мақтаулысы мен едім ғой, барлық жанға сый-құрмет танытатынмын. Ешкімнің алдынан кесе көлденең өтпеген менің бағымды ашпай, ұсқыны жоқ, ақ саусақ әпкелеріме барын бердің», – деп зар еңірепті. Осыны естіген ақылы асқан қарт оған былайша тіл қатыпты: «Көремісің, қазір сен өмірді әділетсіз деп бағамдап отырсың. Расында, солай. Бірақ сенің отбасыңа келгенде қайта әділеттілік танытқан. Себебі сенің қолыңнан бәрі келеді, тұрмысқа шыққан пақырыңды елдің қатарына қоса аласың. Ал сенің әпкелеріңді өз жолдастары жөнге салады. Оларда жоқ бар қасиет сенен табылады. Бақыт келіп сенің басыңа қонса, бәріне өзің жалғыз иелік ете бересің бе?», – деп өмірдің заңдылығын түсіндіргендей болыпты.
Сызылғанда сыбызғыдай болып тұратын, жақсылыққа жаны құмар қыздар болады. Бәрінің болмаса да, біршамасының бағы ашылмайды. Себебі олар өмірді өздері ойлағанындай пәк күйінде қабылдайды. «Екі жеп биге шығуды» жоспар еткендер жомарт жігіттерді иемдене кетеді. Олар қай тұста қалай қимылдап қалу керектігін қулықтары арқылы жүзеге асырады. Алайда тағдырды кінәлап, тар ойлаудың да қажеті шамалы.
Қазір сүрленіп жүрген сүр бойдақтардан «неге үйленбей жүрсің?» деп сұрасаң, «жақсы қыз жоқ» дейді. Инабатты да ибалы қыздар бар, бірақ өздері бірінші болып жігіттердің мойнына асылмайды. Соңғы уақытта тағы бір таяз түсінік өрбіп барады, «керек болса, өзі келсін». Шын сүйгендер арасында «мен, сен» деген бөлшек емес, «біз» деген бүтіндік болады. Қазіргі кезде болашағы бар, шаруаға епті жігіттер сол қасиетті жар таңдағанда да пайдаға асырады. Ал жоғары білімді, қылтың-сылтыңы жоқ қыздарымыз оң жақта отырып қалып жатыр. Жігіттер өз бақытын түнімен клуб кезген қыздардың арасынан емес, ата-анасының рұқсатынсыз аттап баспайтын адал жандардан іздеуі тиіс. Сол кезде ғана «дені дұрыс қыз жоқ» деген сөз сап тыйылады.
Халық газеті