THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
«Балапан», «Tiji», «Nikelodion» сияқты балаларға арналған телеарналар жұмысын бастаған кезде бір марқайып қалып едік. Түрлі атыс-шабыс, тұрпайы түсірілген кинолары бар, еш тәрбиелік мәні жоқ бағдарламаларға толы арналармен салыстырғанда олар жеткіншектердің санасына оң әсер етер деп ойладық. Бірақ...Бірақ, үмітіміз су сепкендей басылды.
Мультфильм балалардың жетілуіне, ой-өрісінің кеңеюіне, қиялын ұштауына зор ықпал ететінін бәріміз білеміз. Өкініштісі сол, соңғы кездері балаларға арналған арналардан осы іспетті мультфильмдер көрсетіліп жүр деп ауыз толтырып айта алмайтын болдық. Мән-мағынасына зер салып, мазмұнын ұғар болсақ, жанға жат, көңілге қонымсыз. Олай деуге себеп те жоқ емес. Қастандық, жауыздық, қасақана теріс әрекет жасау сынды зұлымдыққа толы фильмдерді көріп өскен балдырғандар ертеңгі күні жүрегі мейірімге толы, көпшіл, қайырымды боларына үміттен күдік басым. Кейіпкерлердің сырт әлпеті де жан түршігерлік. Ал олардың суреті бар киімдер сатылымға шығарылып, оны жаппай сатып алып жатқан балалар, Жаңа жылда солардың костюмдерін киіп, өздерін «мультфильм батырлары» деп таныстыратын жеткіншектер тағы бар. Мұның барлығы ұлттық сананың қалыптасуына кері әсер ететініне ешкім дау келтірмес. Сорақысы сол, осындай дүниелерге ата-аналардың өзі жол беріп отыр. Таң атқаннан кеш батқанға дейін отбасын асырау машақатымен жүретін әке мен ана үйдегі баласы тыныш отырса дегенді ғана көздейтіндей. Теледидарды қосып кетеді де, «мультфильмдерді көріп отыр» деп нұсқау береді, ал балаларының қандай мультфильм көріп жүргендерінен өздері бейхабар. Егер перзенттерінің көгілдір экраннан нені көріп жүргеніне зер салса, бәлкім, өздері қызаратын шығар. Алайда, бақылау жасайтын ата-аналар жоқтың қасы екені көңілге қаяу түсіреді.
Теледидардан тәрбиелік мәні төмен бағдарламалардың таратылуына арналардың жауапкершілігі мол екенін де естен шығармаған абзал. Алдымен, балалар арнасының уақыты шектеулі болғаны жөн дер едім. Тәулігіне 24 сағат бойы хабар тарататын сол бір арналар балаларды түнгі ұйқысынан да айырды. Іліп аларлық бағдарламалар болса, бір жөн. Жамандықтан жиренуге шақырмайтын, керісінше үгіттейтін мультфильмдерден түні бойы көз алмайтын балдырғандар тек моральдық тұрғыдан емес, физикалық жағынан да зиян шегуде. Екіншіден, мультфильмдерді қазақ тіліне аударар кезде мәніне мән берсе екен. «Кейінгі буынға осы арқылы өнеге бере аламыз ба?» деген сұрақ телеөндіріс мамандарын толғандырса құба құп еді. Бастысы - қаражат емес, тәрбие екенін ескерсе, ұрпақ тәрбиесіндегі олқылық азаяр ма еді, кім білсін?! Оған қоса, берері жоқ балалар фильмдерін күніне сан мәрте қайталайтыны да көңіл көншітпейді. Бір рет көрсе де, екінші, үшінші мәрте тапжылмай қарайтын балғындар бар. Бұл – оларға екі-үш есе зақым тиіп жатыр деген ойды тудырады. Оның орнына өзіміздің Алпамыс, Қабанбай сынды батырларымыз, Ер Төстік, Алдар көсе, Қожанасыр, шешен-билеріміз туралы қазақи жөн-жоралғысы бар ертегі, мультфильмдер эфирден жиі орын алса, жақсылардан көпті үйренуші еді. Өзгенің емес, өзіміздің кейіпкерлерімізді дәріптеп, әспеттеуден ұтарымыз қөп. Ал ата-аналар бір сәт болса да балаларының не көріп жүргеніне зер салсыншы. Ел боламыз десек, экранымызды түзейік, ағайын!
САРЫАРҚА САМАЛЫ