КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ


          Араб графикасына тән ережені латынға енгізбеген жөн

Араб графикасына негізделген А.Байтұрсынұлының төте жазуында ي және و әріптеріне қатысты «дауыссыздан кейін келсе дауысты болады, дауыстыдан кейін келсе дауыссыз болады» деп дауыссыз [й] дыбысы мен [ый], [ій] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [и] дыбысына) бір ғана /ي/ таңбасы және дауыссыз [ў] дыбысы мен [ұў], [үў] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [у] дыбысына) бір ғана /و/ таңбасы берілген болатын. Бұл ереже араб графикасына ғана тән ереже. Мысалы, араб тіліндегі /ي/ әрпі дауыссыз [й] дыбысы мен [ий] дыбыс тіркестерінің, /و/ әрпі дауыссыз [ў] дыбысы мен [уў] дыбыс тіркестерінің қызметін атқарады. Араб тілінде /ي/ әрпі дауысты дыбыстардан кейін, яғни фатха, дамма харакаттарынан кейін келсе дауыссыз [й] (мысалы: بَيْتٌ [бәйт], بُيُوْتٌ [буйуўт]), кәсра харакатынан кейін келсе, осы кәсра харакатының дыбысымен бірге [ий] дыбыс тіркесін береді (мысалы: دِيْكٌ [дийк]). Сол сияқты /و/ әрпі дауысты дыбыстардан кейін, яғни фатха, кәсра харакаттарынан кейін келсе дауыссыз [ў] (мысалы: دَوْمٌ [дәўм], لِوَاءٌ [лиўə̄’]), дамма харакатынан кейін келсе, осы дамма харакатының дыбысымен бірге [уў] дыбыс тіркесін береді (мысалы: سُوْقٌ [суўқ]). (Көптеген классикалық араб мәтіндерінде кәсрадан кейінгі /ي/ әрпі мен даммадан кейінгі /و/ әрпінің үстіне сукун белгісі қойылады). Дауыссыз дыбыстан кейінгі кәсра харакаты мен /ي/ әрпі дыбыстарының жасалу орны бір болғандықтан [ий] дыбыс тіркестері араб тілінде [ӣ] болып созылыңқы дыбысталады. Мұндағы созылыңқы дыбысталып тұрған кәсра харакатының дыбысы емес /ي/ әрпінің дыбысы. Сондай-ақ дауыссыз дыбыстан кейінгі дамма харакаты мен /و/ әрпі дыбыстарының жасалу орны бір болғандықтан [уў] дыбыс тіркестері араб тілінде [ȳ] болып созылыңқы дыбысталады. Мұндағы созылыңқы дыбысталып тұрған дамма харакатының дыбысы емес /و/ әрпінің дыбысы. Осы қасиеттеріне қарай араб фонетистері кәсрадан кейін келген дауыссыз /ــِيْ/ дыбысын созылыңқы [ӣ] және даммадан кейін келген дауыссыз /ــُوْ/ дыбысын созылыңқы [ȳ] деген.

Демек А.Байтұрсынұлының «дауыссыздан кейін келсе дауысты [и] болады (яғни [ый], [ій] дыбыс тіркестерін береді), дауыстыдан кейін келсе дауыссыз [й] болады» және «дауыссыздан кейін келсе дауысты [у] болады (яғни [ұў], [үў] дыбыс тіркестерін береді), дауыстыдан кейін келсе дауыссыз [ў] болады» деген ережесі араб графикасындағы /ي/, /و/ әріптерінің осы ерекшелігінен алынған деуге толық негіз бар. Араб әліпбиіндегі /ي/,  /و/ әріптерінің осы ережесін А.Байтұрсынұлы төте жазуында өте тиімді пайдаланған. Бұл ережені, тіпті, араб графикасын қолданған бүкіл түркі халықтары өз жазуларында он ғасырдан аса пайдаланып келді.

Алайда араб графикасына ғана тән осы ережені латыннегізді қазақ әліпбиіне қолданып, дауыссыз [й] дыбысы мен [ый], [ій] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [и] дыбысына) бір ғана /Iı/ таңбасын және дауыссыз [ў] дыбысы мен [ұў], [үў] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [у] дыбысына) бір ғана /Ýý/ таңбасын беру қисынсыз.

Бекітілген әліпбиде араб әліпбиіндегідей дауыссыз [й] дыбысы мен [ый], [ій] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [и] дыбысына) бір ғана /Ιι/ таңбасы және дауыссыз [ў] дыбысы мен [ұў], [үў] дыбыс тіркестеріне (яғни дауысты [у] дыбысына) бір ғана /Ýý/ таңбасы берілген. Соның салдарынан жаңа емле ережелердің 7-параграфының ескертуінде «ıy, ıi (яғни йы, йі) әріп тіркестеріне аяқталған етістікке көсемшенің -й жұрнағы жалғанғанда, екі ı әрпі қатар жазылады: baııdy, keııdi, moııdy» деген араб графикасына тән емле ереже жасалып отыр. Жалпы /ي/ әрпінің қатар жазылуы араб графикасында қалыпты жағдай, ерсі көрінбейді. Мысал үшін арабтың تَكْيِيْف [тәкйийф], (яғни [тәкйӣф]), تَسْيِيْر [тәсйийр], (яғни [тәсйӣр]) сөздерін келтіруге болады. Байиды, кейиді, мойиды сөздері төте жазуда да жоғарыдағы араб сөздеріндегідей екі /ي/ әрпінің қатар келуі арқылы /باييدى/, /كه ييدى/, /موييدى/ түрінде жазылады, жазылып та жүр. ([і], [и, й] дыбыстары таңбаларының үлкен әріптері бірдей болғандықтан кейиді /keııdi/ мен өткен шақтағы кейіді /keıidi/ сөздерін бас әріптермен жазсақ /KEIIDI/, /KEIIDI/ болып бірдей жазылмақ. Қайсысы кейиді, қайсысы кейіді екенін ажыратып көріңіз). Ескере кететін тағы бір жайт қазақ қыздарына қойылып жүрген Аида, Саида (Aıda, Saıda) деген есімдер мен Айда, сайда (Aıda, saıda) сөздерінің оқылулары қалай ажыратылмақ?! Құрандағы сүре атауы «Мәида» қалай оқылмақ?! Шешуін таппаған сұрақ көп.

Араб графикасына ғана тән осы ереже латын графикасына да жарар болса, латын әліпбиіне көшкен түркі елдерінің барлығы дауыссыз [й] дыбысы мен дауысты [и] дыбысына жеке-жеке таңба бермес еді ғой. Мыслы дауысты [и] дыбысына бүкіл түркі (түрік, әзірбайжан, түркімен, өзбек, қарақалпақ) тілдерінде /Ii/ таңбасы, дауыссыз [й] дыбысына /Yy/ таңбасы берілген. Сол сияқты дауысты [у] дыбысы мен дауыссыз [ў] дыбысына да жеке-жеке таңбалар берілген. Сонымен қатар көптеген еуропа тілдерінде, тіпті ағылшын тілінде де /Ii/, /Yy/ және /Uu/, /Ww/ таңбалары бар.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақтың төте жазу, латын әліпбилерін құрастырған қазақ зиялыларының санасында мың жыл бойы қолданыста болған араб графикасы сіңіп орныққанын қаперімізде ұстағанымыз жөн. Араб графикасына ғана тән кейбір ережелерді жаңа латын әліпбиімізге  қолдану салдарынан қаншама рет қателікке ұрындық. Мысалы, алдыңғы бекітілген әліпби нұсқасында төте жазуға тән дәйекше орнына латындағы апострофты қоямыз деп басымызды бір тасқа ұрдық [1]. Енді сол апострофты екі-үш айдың ішінде еш қисыны жоқ акутқа ауыстырдық [2]. Қала берді жаңа емлемізге арабнегізді төте жазудағы /ي/, /و/ әріптеріне тән ережелерді тықпалап отырмыз. /و/ әрпіне тән осы ереже кирилнегізді әліпбиіміздегі /у/ әрпінде әлі күнге дейін салтанат құруы салдарынан қазақ сөздерінің түбір, буын, морфем айтылымы бұзылып келді. Ал бекітілген әліпби авторларының санасында кирил жазуы сіңіп қалғанын [у] дыбысына /Ýý/ таңбасын бергендерінен аңғаруға болады. Қазақ Елі бүкіл түркі дүниесінен, тіпті жарты әлемнен алыстамасын десек, әліпбиді қайта қарауымыз керек. А.Байтұрсынұлының «әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді» деген сөзін қаперден шығармауымыз керек. Емле ережелерін шикі әліпбиге күштеп бейімдейміз деп ұрпағымызға қиянат етіп алмайық.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз