THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Бұл жинақ қазақ тілтанымында өзіндік орны бар, белгілі
тілтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің
85 жылдығына орай шығарылып отыр.
Әлемдік ғылымда Әлімхан
Жүнісбектің орны ерекше, едәуір, орасан зор екенін бәрі біледі. Ғалым дыбыс
үндестігін барша түркі тілдерінің ең басты, ең маңызды, құрылымқұраушы,
грамматикада да, фонетикада да, сөзжасамда да шешуші рөл атқаратынын жан-жақты
дәлелдеп, іргелі теорияға айналдырды. Керек болса, бұдан былайғы бүкіл тілдік
компаративистік көзқарастарды мүлде жаңаша сипаттап, өз дегеніне бағындырды.
Үндесу, үйлесу, гармонияда болу, бір-біріне сәйкестену, өзара икемделу, үнемі
детерминацияда болу құбылысын Әлімхан Жүнісбек семасиологияға да,
морфонологияға да, палеолингвистикаға да, тілдің құрылымы мен қолданылуы
қатпарларына да тұтас және тікелей қатысы бар маңызды ерекшелік ретінде таныды.
Бұл жаңалығы ең бастапқылардан бастап, біз білетін тіл білімі қағидаттарын
түбегейлі өзгертті... Бүкіл Түркі Әлемін еуропоцентристік көзқарастан төл,
өзіндік, төлтума ережелер мен пайымдарға көшуге шақырды... Әлімхан Жүнісбек тың
ойларын ғылыми қауымдастыққа таныстырған кездерде заманның ең танымал тау
тұлғалы ғұлама ғалымдары қатысуға асығушы еді. Мысалы ең соңғы 2021 жылы өткен
«Сингармология немесе беймәлім сингармонизм» атты монографиясының тұсаукесеріне
ә дегенде ұзақ мерзім бұрын арнайы шақырудың өзі қиынның қиыны саналатын АҚШ,
Европа елдері, Ресей (Санкт-Петербург, Якутия, Татарстан, Алтай, Хакасия,
Башқұртстан, Чувашия), Түркия, Қытай, Орта Азия мемлекеттерінің ең белді
ғалымдары қатарға тізіліп және өздеріне абырой санап қатысқанын, ағынан жарылып
сөйлегенін еске алсақ, жеткілікті...
Аталған жиында тілші
мамандар бұл зерттеу еңбегіне ғалым Әлімхан Жүнісбектің қазақ тіліне ғана
қосқан үлесі емес, тұтас түркі әлемі үшін жаңалық деп баға берді.
Ғылыми аппаратымен
(фонемалар мен аллофондар) ерекшеленетін фонология жаңсақ түсініктің арқасында
барлық әлем тілдерінің дыбыстық жүйесін талдаудың әмбебап әдісі саналып келді.
Зерттеу еңбегі жаһандық еуроцентризмнің құрсауында жатып, фонетика саласында
бұрын соңды көтерілмеген, өзгеше жаңа тұжырымдарды көпшілікке таныстырды.
Сингармология – қазақ тілінің (түркі
тілдерінің) дыбыстық құрамы мен дыбыстардың қызметін зерттейтін түркологияның
саласы. Осылайша қазақ тілінің заманауи теоретикалық фонетикасы еуроцентризм
түпкілікті шешпеген қазақ (түркі) тілінің фонетика мәселелерінің түйінін
түйіндеп, сингармологиялық талдау арқылы фонетиканың толық бейнесін жасауға қол
жеткізе алады.
Әлімхан Жүнісбектің ғылыми шығармашылығын
үш қырынан танимыз.
1. Фонетика саласындағы жаңа
тұжырымдары, жаңа теориялары.
2. Қазақ жазуының
ғылыми-әдістемелік негіздерін жасауы.
3. Қазақ тілінің бастауыш
деңгейін үйретудегі өзіндік әдістемесі.
Бірінші сабақтан-ақ сөйлеп кетуі
үшін сөйлеуге қажет лексикалық бірліктер мен сол бірліктерді қиюластырып айтуға
көмектесетін түрлі грамматикалық формаларды тіл үйретудің бастапқы кезеңінде
көбейту кестесін жаттағандай жаттау керек. Мөлшері шектеулі фразаларды жаттап,
автоматизмге жеткізу қажет және қажетті зат есімдерді жатқа білу керек. Сонда,
Маған ... керек. Маған ... керек емес. Саған ... керек пе? деген үш-ақ модель арқылы сансыз сөйлемдер
құрап айтуға болады. Осындай базалық модельдерді әбден жатық айтатын деңгейге
жеткен соң, тіл үйренуші батыл түрде тілдік ортаға кіруі қажет. Яғни осыдан
кейін тілдегі бәленбей мың сөзді, сөйлемді жаттаудың қажеті жоқ. Олар сөйлеу
кезінде, тілді қолдану кезінде өзі-ақ сөздік қорға, үйретушінің сөздік қорына
қаттала береді. Сөйлеуші тілдік бірліктерді жаттап емес, өзі құратын болады.
Яғни сөйлеуші тіл үйренушіден сөз тудырушы шығармашылық тұлғаға айналады.
Мұндай тәсілді алғаш айтқан, енгізген Әлімхан Жүнісбек болатын.
Ол кісі қандай тақырыпты
зерттемесін барлық еңбектерінде модель түзеді. Ғалым көп сөзділікті, ұзын сонар
сипаттауды ұнатпайтын. Оның ғылыми еңбектері көбіне графика, диаграмма және
кесте түрінде келеді. Бұл жүйелі ойлаудың нәтижесі. Қарапайым мысал, өзге ұлт
өкілдеріне арналған оқулықтарында
дауыстыларды жай жуан-жіңішкеге бөліп, әдеттегідей кесте түрінде ғана
бермейді. Олардың ашық-қысаң екендігін де көрсетіп, геометриялық фигуралардың
ішіне салып қояды. Кішкентай бүлдіршіндерге түсінікті болу үшін әріптерді текше
қораптың сыртына түрлі-түсті етіп басып, ішіне қатаң, ұяң, үнді дыбыстар шығаратын
сылдырлақтар салып қоятын. Әдістемеде мынандай ұстаным бар: айтсаң, мен ұмытып
қаламын, маған көрсетсең, есімде қалады, ал өзіме жасатсаң мәңгі ұмытпаймын.
Әлімхан Жүнісбектің халық
тарихына алтын әріптермен өрілген тағы бір үлкен ерлігі – ұлттық әліпби мен
емлеміздің жайына байланысты. Отандық тіл саясаты майданында Ахмет Байтұрсынұлы
туын биікке көтеріп, биліктің ең жоғары сатысынан бұйрықпен енгізілген шикі
әліпбилердің қолданысын тоқтатуға, жоюға бар күшін салды, оның олқылықтарын
тәптіштеп, байсалдылықпен түсіндіріп, батырлар жыры кейіпкерлеріндей «бораған
оққа қарамай» ел мүддесі үшін қасқайып тұрып, теріс пиғылдардың жолын бөгеген
нағыз ғалым – өзі еді... Жоспары көп, денсаулығы жақсы болса да, ковид кезінде
жаман ауру қайран ағамызды арамыздан алып кетті... Ағасы Өмірзақ Айтбайұлының жанына,
киелі Арыстан баб топырағына апарып қойдық... Өмекең мен Әлекең бір-біріне
мүлде ұқсамайтын. Өмірзақ аға тік, тәкаппар, ірі сомдалған, иілмейтін емендей,
ақ сүйек, сырт көзге өркөкірек көрінетін болса, Әлекең, керісінше, өте
қарапайым, қайырымды, көпшіл, кішіпейіл, жайдары жан еді. Әлімхан аға туралы
жазып, Өмекеңді еске алмау мүмкін емес. Ағалы-інілідей екеуі Отырар аудандық
бір мектепте оқыды, өмір бойы бір мекемеде қоян-қолтық жұмыс істеді, мінездері бөлектеу
болса да, жан дүниелері бір бүтін еді. Туған халқы Әлімхан Жүнісбектің заңғар
ұлылығын енді ғана айқын сезе бастады. Ұлыларды ұлықтау – енді бізге аманат.
ПІКІР АЛМАСУ
08/04/2025 14:46
Орал қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиада өтті
|
08/01/2025 17:32
Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Ана тілім – ардағым» атты мерекелік іс-шара өтті
|
ТЕКСТ