КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Жақында ҚР Мемлекеттік тілді дамыту институты «Біртілді сөздік жасаудың ғылыми-теориялық негіздері» атты монография бастырып шығарды.  (А., 2023). Авторлары  – филология  ғылымдарының докторы, профессор  Б.Қ.Қалиев  және  филология  ғылымдарының кандидаты, доцент  Б.С.Қапалбек. Еңбектің көлемі  19,5 баспа табақ. 

            Қазақ тілі сөздерінің  Түсіндірме сөздіктері сонау Қазақ ССР Ғылым Академиясы құралған 1946 жылдан бастап, күні кешеге дейін жиналып келген картотекалық қорға сүйеніліп жасалынып жүр.  Олар: «Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі» (1959-61), «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі» (1974-86), «Қазақ тілінің бір томдық түсіндірме сөздігі» (1999), бүкіл бір институттың қызметкерлері түгел жабылып жасаған он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (2005-2011).

 Бұлардың сыртында «Абай тілінің сөздігі» (1968), «Мұқағали тілінің сөздігі» (2019), академик І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» (1977), «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» (2005) деген сөздіктер тағы бар.

            Соңғы кезде Б.Қалиұлы 15 томдық  «Қазақ әдеби тілінің сөздігінен» қалып қойған сөздер мен фразеологиялық түрақты тіркестерді жинап, екі том етіп бастырып шығарды. Оның 1-ші томында (2014 ж.) 13 мың 335 тілдік бірлік қамтылса, 2-ші томынада (2023 ж.) 12 мың 485 тілдік бірлік қамтылған. Екі томдағы тілдік бірліктерді бір-біріне қоссақ, 20 980 сөз, 4 840 тұрақты тіркес, барлығы 25 820 тілдік бірлік болып шығады. Яғни бұл  – тіліміз 26 мыңға жуық тілдік бірліктерге байи түсті деген сөз.

Тіл мамандарының түсіндірме сөздік жасап келе жатқандықтарына 60 жылдай уақыт болыпты. Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктері 4 рет жасалып, 4 рет бастырылып шығарылыпты. Бірақ, неге екені белгісіз, сол түсіндірме сөздіктердің жасау тәжірибелері әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан қорытылмаған. Соның салдарынан алғашқы түсіндірме сөздіктерде кеткен кемшіліктер күні бүгінге дейін қайталанып келе жатыр.

Он  томдық түсіндірме сөздік жасалып біткеннен кейін оны түзушілер өздерінің тәжірибелері туралы бірден-екіден ғана ғылыми мақалалар жазды. Ол мақалалар «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасау тәжірибелері» деген атпен 1989 жылы басылып шыққан. Кейіннен (2015 ж.)  Б.Қалиұлының «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы» деген еңбегі жарық көрді. Бұл мәселеге байланысты бұлардан басқа еш нәрсе істелген  жоқ болатын.

           Мазмұнынан көрініп тұрғандай, бұл  монография Алғысөз бен Кіріспеден және екі тараудан тұрады.  І тарау Біртілді сөздіктің нысаны – сөз бен мағына,  - деп, ал ІІ тарау Біртілді сөздік жасаудың қыры мен сыры - деп аталынады.  Соңында қорытындылар мен ұсыныстар және пайдаланған әдебиеттердің тізімі берілген.

Бұл жаңа еңбекте «біртілді сөздік жасаудың» ғылыми-теориялық  негіздері мен тәжірибелері сөз етіледі және олардың қалыптасу тарихына ғылыми тұрғыдан талдау (сараптама) жасалынады. Еңбекте, негізінен сөз, сөз тіркестері, сөз мағыналары, оларға анықтама беру мәселелері мен стильдік тармақтары жайында жан-жақты айтылған. Еңбекті біртілді сөздік жасаудың нұсқаулығы ретінде пайдалануға толық болады.

Ұлт тілінің түсіндірме сөздігі – тіл байлығымыздың айнасы. Оған қарап, тіліміздің бай немесе кедей екендігін ғана біліп қоймаймыз, сонымен бірге, атау сөздердің жүйеленген-жүйеленбегендігін де, нормаға түскен-түспегендігін де білеміз. Өйткені түсіндірме сөздік атаулының міндеті – қолданыста бар тілдік бірліктердің (сөздер мен тұрақты сөз тіркестерінің) барлығын түгел жиып, оларды реттеп, жүйелеп, сөздікке ендіру; әрқайсысын саралап, анықтама беру; атау сөздердің қайсысы әдеби, қайсысы әдеби емес, қайсысы ескі, қайсысы жаңа екендіктерін көрсету.

Ғылыми еңбек екі тараудан тұрады. Әр тарау шамамен он-оннан 20 шақты уақ тақырыптарға бөлінген.

Тіл атаулының негізгі нысаны  – сөз екендігі белгілі. Сөздің сыртқы түр-тұрпаты (формасы) болады, ішкі мазмұны, яғни мағынасы болады.

 Осыларды айқындау үшін бірінші тарау: 1. Сөз – лексикалық бірлік, 2. Сөз бен дыбыс, 3. Сөз бен мағына, 4. Сөздің лексикалық мағыналары, 5. Сөздің грамматикалық мағыналары, 6. Сөз мағыналарының дамуы, 7. Сөздің көп мағыналылығы, 8. Сөз мағыналарын анықтау және оларды түрлері,  9. Сөз мағыналарына анықтама беру,   10. Анықтама типтері, - деген сияқты уақ тақырыптарға бөлініп, талданған. Бұл тақырыптар белгілі болмайынша, ашылмайынша, айқындалмайынша  біртілдік сөздік жасалынбайды.

             Екінші тарауда: 1. Атау сөздердің сөздіктерде берілуі, 1.1. Жалпыхалықтық атау сөздер, 1.2. Жергілікті сөздер мен дүбәра сөздер, 1.3. Ғылыми терминдер,  1.4. Жат-жұрттық сөздер, 2. Сөз варианттары,  2.1. Сөздердің фонетикалық варианттары,  2.2. Сөздердің лексикалық варианттары,  3. Омоним сөздер,  4. Тұрақты тіркестер мен күрделі сөздер, 5. Атау сөздер мен олардың мағыналарына қойылатын шартты белгілер,  6. Атау сөздердің жазылуы, 7. Біртілді сөздіктердегі анықтама беру мәселесі, 8. Біртілді сөздіктерге берілетін мысалдар,  9. Кейіннен жасалған «Он бес томдықта жоқ сөздер мен тұрақты тіркестердің 2 томдық сөздігі» жайында, 10. Он бес томдық сөздікте кездесетін кемшіліктер мен қайшылықтар, - дегендер сияқты ірілі-уақтылы оншақты тақырыптар сараланады.

Сөз мағыналарын жан-жақты зерттеудің әрі теориялық, әрі практикалық мәні зор. Егер сөз мағынасы жақсы зерттелсе, біздің сөзтанымымыз тереңдеп, ол туралы біліміміз арта түскен болар еді. Өкінішке орай, бұл мәселе қазақ тілінде жан-жақты, терең зерттелінбегендіктен сөздік жасау жұмыстарымызда көптеген кемшіліктерге жол беріліп жүр. Оның басты себебі – сөз мағыналарын жақсы ажырата алмаушылықтан, оны жақсы тани білмеушіліктен туындайды.

           Біртілді сөздіктерді зерттеумен және оларды жасаумен өмір бойы айналысып келе жатқан маман, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Жоғары мектебінің Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Байынқол Қалиұлы өзінің «Үзік-үзік ой орамдары» деген кітабында Түсіндірме сөздік туралы  ойлы да мазмұнды  пікір айтыпты. Ұзақтау болса да сол пікірді осы жерде түгел келтіре кетейін.

«Кімнің жазушы немесе журналист болғысы келсе, не жазса да жақсы жазғысы келсе, ел алдына шыққанда түсінікті етіп, жақсы сөйлегісі келсе, міндетті түрде оқып шығуға тиісті бір құнды кітап бар. Ол кітаптың аты – 10 және 15 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1986, 2011 ж.ж.) деп аталады.

Оны оқығанда басынан аяғына дейін, яғни А әрпінен бастап, Я әрпіне дейінгі аралықты кәдімгі көркем әдебиетті оқығандай әр атау сөзге мән беріп, қанша уақыт жібергеніңе қарамастан, үзбей, ұқыпты түрде түгел оқып шығу керек.

Неге десеңіз, ол сөздердің әрқайсысында толып жатқан тура және ауыспалы мағыналары болады. Астарлы мағыналары қаншама десеңізші! Сонымен бірге, қай сөздің қай жерде қолданатындықтарын, олардың қай сөзбен қалай тіркесе алатындықтарын да осы сөзіктен таба аласыз.

 Бұл айтқандарды былай қоя тұрғанда, әр сөзде өзіне тән құдірет бар, күш бар. Әр сөзде иіс болады,  дәм болады. Олар сізді ойландырады, толғандырады, тебірентеді. Кейбір сөздер мен сөз тіркестері бізді сабырға шақыраса, екіншілері қайраттандырады, үшіншілері адамды күлдірсе, төртіншілері жылатады.

Әбу Шүкір деген кісі: «Сөз ішінде біз де бар, Жалын да бар, мұз да бар. Усойқы бар, у да бар, Балмен қатар тұз да бар» депті. Осы айтылғандармен бірге, сөздерде қан да, жан да болады. Олардың біреулері делебеңді қоздырып, қаныңызды қыздырса, екіншілері жаныңызды желпіндіреді, ойыңызды еліктіреді. Үшіншілері адамды жылатады немесе күлдіреді. Төртіншілері сізді қуантады, мәз етеді. Сөйтіп, сөздер адамды сан қилы таңғажайып сөзімдерге бөлейді.

Тірі адамды өлтіретін де – сөздер. Өлейін деп жатқан адамды тірілтіп алатын да – сөздер! Себебі сөзде  – құдірет бар. Сөз – ақылшы, сөз – тәрбиеші, сөз – сыншы. Сөздердің осы қасиеттерінің бәрін біліп, олардың қыр-сырын түгел меңгеріп алған адам ғана қазақ тілінде жақсы жаза алады,  жақсы сөйлей алады.

Тіл – халықтың жаны, ары! Қолда бар асылы! Сөз қадірін, тіл қадірін және әр сөздің өзіне тән мән-мағыналарын  білмеген, оларды бір-бірінен ажырата алмаған адам – сол сөздерді жасаған халықтың да қадірін  білмейді» (Үзік-үзік ой орамдары. А., 2023. 117-118 бет).

Біртілді сөздіктің (яғни түсіндірме сөздіктің) мәні, маңызы туралы бұдан артық дәл әрі толық айту мүмкін емес шығар.


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз















07/11/2024 12:26

Хабарландыру!
0 2921 1

05/11/2024 10:55

Хабарландыру!
0 3036 0



ТЕКСТ

Яндекс.Метрика