КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

 

Бұл монография жалпы түсіндірме сөздіктің жасалуы жолдары жайлы мәлімет береді. Түсіндірме сөздіктің міндеті – қолданыста бар тілдік бірліктердің түгел жиынтығын, олардың реттеліп, жүйеленіп, әрқайсысының сараланып сөздікке енуі екені белгілі.

Бұл еңбекте авторлар 15 томдық «Қазақ әдеби тілі» сөздігін басшылыққа ала отырып, аталған сөздікте кеткен олқылықтар мен кемшіліктерді көрсетеді.

Қазақ тілі мамандарының түсіндірме сөздікті (ТС) жасап келе жатқан 60 жылдағы өзгерістеріне шолу жасалынған. Бірақ сол түсіндірме сөздіктердің жасау тәжірибелері әлі күнге шейін жалғасын тауып отырса да, ғылыми тұрғыда қорытындыланбаған айтады, оның себебін алғашқы ТС-терде кеткен кемшіліктердің әлі күнге дейін қайталанып келе жатқанымен түсіндіреді.

1959-1961 жылдары шыққан алғашқы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»-нің одан кейінде жаңартылып, толықтырулар енгізілген өзгерістерінен мәлімет беріледі. 100 000-нан астам сөз бен сөз тіркестерін қамтыған бұл сөздік түркі тілді елдер арасындағы бірінші қомақты еңбек болып саналады екен.

Бұдан басқа профессор Ш.Ш.Сарыбаевтың редакторлығымен 2005 жылы шыққан «Қазақ тілінің аймағы» сөздігі, 2008 жылы Т.Жанұзақовтың басқаруымен «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 2011 жылы шыққан 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігі», 2022 жылы Б.Қалиұлының «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» және т.б танымал сөздіктердің шығу тарихына шолу жасайды.

Сөздіктердің түрі көп, соның ішіндегі ең көбі біртілді түсіндірме (БТС) және көптілді түсіндірме сөздік. Автор түсіндірме сөздіктің жалпы мазмұны мен қолдану ерекшелігіне сипаттама берген. Кез-келген ұлттың өз тілін 100% жақсы біледі деу ақиқат емес, сондықтан да ғалымдар ТС жасауда 1) ана тілін жоғары білетін деңгей 2) орташа деңгей 3) төменгі деңгейде білетіндер деп үш топтың қажетіне жарарлықтай етіліп, ғылыми жағынан толыққанды, сапалы жасалынуы керек дейді.

Қазақ тілі бай болғандықтан ғалымдарға толыққанды сөздікті жасап шығару оңай шаруа емес. Ендеше, мен бұл сыни мақалада осы монографияны жазған авторлардың 2013 жылы жарыққа шыққан 15 томдық «Қазақ әдеби тілі» сөздіктің олқылықтары мен кемшіліктерін тауып, оны мысалдармен дәлелдеп берген жауаптарынан қысқаша мәлімет беруге тырысайын.

Монография екі тараудан тұрады: біріншісі - «Біртілді сөздіктің нысаны – сөз бен мағына», екіншісі – «Біртілді сөздік жасаудың қыры мен сыры» деп аталынады. Автор еңбектің екінші тарауында 15 томдық Қазақ әдеби тілінің сөздігіне (ҚӘТС) лингвистикалық талдау жасап, оның жетістіктері мен кемшіліктерін көрсетеді. Авторлар сөздіктің жетістіктерінен гөрі, көбінде кемшілік тұстары жағына көбірек көңіл бөлген. 2011 жылы жарық көрген ҚӘТС-гі жаңарып, толықтырылып екінші рет басылып шығады. Автордың пікірінше, 15 томдық сөздікті шығаруда еңбек сіңірген 24 ғалымдардың аттары толық көрсетілмеген. Себебі, сөздік 1974-86 жылдары шыққан 10 томдық сөздікті толықтырылғандықтан, сол кездегі ғалымдардың аттары ескерілу қажет екендігін айтады. Сөздіктің атына заты сай емес, ішінде әдеби тілмен бірге әдеби тілге жатпайтын, әдеби тіл нормасына қайшы келетін, жатжұрттық сөздер мен тек арнайы мамандар ғана түсінетін ғылыми терминдер, кітаби лексика мен жергілікті сөздер, ауызекі сөйлеу тілі мен жазушылардың бірқолданым сөздерге қаптап тұр. Яғни, авторлардың айтуынша ҚТӘС-гін не академиялық, не әдеби сөздік, не толық сөздік деп айтуға келмейді. 15 томдық сөздікті үлкен сөздік деп алған дұрыс болар еді, бірақ олай атауында да гәп бар екендігін айтады. Сонымен қатар, авторлар 15 томдық сөздікті жасаушылардың алдын ала лингвистикалық зерттеуден, әр түрлі сүзгіден өткізіп, даярлық жұмысын жасамағанын айтады. Осы себептен автордың пікірінше 15 томдық ҚТӘС-ін не «академиялық сөздік», не «ғылыми сөздік» деп айтуға келмейді деп қынжылады.

Авторлардың пікірінше 15 томдық ТС-те салааралық терминдер алынбауға тиісті, оған тек ғылыми терминдер ғана емес, көпшілікке кең тараған тек тілде жиі қолданылатын, жалпыхалықтық мәнге ие болған, орта мектеп оқушыларында ұшырасатын терминдер ғана ТС-не алыну керек дейді. Яғни сөздіктің негізгі қолданушылары – халық болғандықтан мұндай сөздіктің пайдасы шамалы екендігін де жеткізеді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік тілді дамыту институтының басшылығымен 15 томдыққа қосымша ретінде жасалған екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» деп аталатын сөздікке 15 томдықта жоқ, әдебиет, газет-журналдардан таңдап, саралап, сөздік қорымыздың баюына үлес қосатындай сөздіктерді енгізген. Яғни, бұл сөздікте 15 томдықта кеткен атау сөздердің жетістіктеріне және оларда кеткен кемшіліктерге көбірек көңіл аударғысы келген ниеттерін авторлар оқырмандардың есіне салды. Авторлардың біркісідей атсалысқан он томдық ҚТТС-дегі кірмей қалған сөздер мен сөз тіркестерінің біршамасы 15 томдық ҚӘТС-де толықтырып, жаңартылған. Бірақ сол толықтырулар жүйелі түрде, кең көлемде, толық күйінде жүзеге аспағанын айтып қынжылуда.

Моногрфияның авторлары ҚТӘС-дегі атау сөздерде кеткен кемшіліктерден біршама мысалдарды нақты дәлелмен көрсеткен. Кейбір сөздердің қайталанып, екі-үш мағына бергені бар, көптеген типографиялық қатесі бар екендігін, сөздердің түсініксіз мағынасымен қатар, әдеби кітаптардан келтірілген мысалдардағы қателіктерді ашып жазуға тырысқан. Сонымен қатар, халық қолдана бермейтін, мағынасы күңгірт, түсініксіз артық сөздер де сөздікке еніп кеткенін айтады. ҚТӘС-де жергілікті диалект сөздерде кеткен кемшіліктің бірі көрсетілген кейбір анықтамалардың дұрыс еместігі, диалект бола алмайтын сөзсымақтар көптеп кездеседі деп жеткізеді.

ҚТӘС-ін жасау кездегі кеткен олқылықтың бірі ретінде фонетикалық варианттар бар сөздердің тізімін де көрсетіп кеткен. Авторлардың айтуынша, Фонетикалық вариантты сөздер ешбір жүйесіз, таңдаусыз, талғаусыз алынған. Бұл қазақ тілінің ешқандай айтылу, жазылу заңдылығы жоқ жүйесіз тіл болып көрсетіп тұрғандығын жазады.

                Жалпы осы айтылған кемшіліктер мен олқылықтарды қорытындылай келе авторлардың айтқысы келгені 15 томдық Қазақ әдеби тілі сөздігін жасаушылардың қалайда он бес томға жеткізу мақсатында көп қателіктерге бой берген. Егер шындап келгенде ол 15 томдық емес 12 томдық сөздік болып шығар еді дейді.

                Қорытындылай келе, авторлардың осы монографиялық еңбегінде 15 томдық Қазақ әдеби тілі сөздігін оқырмандарға басқаша қырынан, яғни кемшілік тұстары жайлы түсіндіруге тырысқан. Бірақ, мен жас ғалым ретінде қазақ тілінің бай тіл екендігін көрсеткен осы сөздіктің ғылым жолында көп пайдасы тигенін ерекше атап айтқым келеді. Бұл сөздіктің артында қаншама жылғы еңбек жатыр. Сөздіктің кемшілігін не олқылығын айта алатындай әзірге құзыреттілігім де, білімім де жете қоймайды. Сондықтан да, мен авторлардың қазақ әдеби тілі сөздігіне қарасты айтылған пікірге қосыламын деп те айта алмаймын. Бірақ ғылымда да, бизнес сияқты бәсекелестік, сыни пікірлер болу керек, онысыз кемшілік те, олқылық та түзелмес. «Көш жүре түзеледі» демекші, осындай сыни пікірлер болмаса олқылықтың орны толмас па еді деген ой да жоқ емес. 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 328 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 796 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1009 0





ТЕКСТ

Яндекс.Метрика