КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тілші-ғалым, ф.ғ.к. Бижомарт Қапалбектің «Akademiya_arnası» ютуб-арнасына жүктеген «Тіл теориясы» атты видеосабақтарының негізгі мазмұны – жұмсалымды грамматика мен дәстүрлі грамматиканың аражігін ажырату, нысанын және бастау көздерін, қарастыратын мәселелерін ашып көрсету. Сол мақсатта тіл мен сөйлеу, тіл жүйесі мен сөйлеу жүйесі, тіл деңгейлері мен тілдік бірліктер, тіл мен жүйе, тілдің ішкі мүмкіндігі мен сөйлеу, тілдік норма мен сөйлеу сынды ұқсас ұғымдардың арасын ашуға тырысады. Әрі мұндай ғылыми ойларды қазақ тілінің ұлттық ғылыми тілімен жеткізуге ден қояды. Ғылымды қазақшалауға, ұлттық ой-өріспен, таныммен, сөз саптаумен жеткізуге мән береді. Ғалымның ғылыми ойларды жеткізудегі фишкасы да осы десек болады. Мәселен, ғалымның сөз саптауында А.Байтұрсынұлына ұқсап кететін тұстары бар:

 

«Тіл дамиды, оны дамытатын – жеке адам. Жеке адам жүйедегі құралдарды икемдеп, басқа мағынада жұмсап, жаңа өң беріп отырады. Бұның өзі кейде кемшілік, кейде артықшылық болып шығады. Кемшілік болатыны – кейбір жеке қолданыстар көпшіліктен қолдау таппай, заңдылыққа айнала алмай, тіл жүйесіне ене алмай, сол қолданылған жерде қалады. Артықшылық болатыны – тілдің жеке адамдардың шығармашылығы арқылы дамуы» (3-сабақ, таймкоды 0:30 – 0:54 с.).

Тіл бірліктерінің жиынтығы сөйлеу кезінде сүйенетін «норманы» құрайтындай көрінеді. Бірақ оны солай деуге де, олай емес деуге де болады. Солай болатыны – біз сөйлеу кезінде түсінікті оңайлату үшін, зерде күшімізді үнемдеу үшін белгіленген нормаға сүйенетініміз рас. Олай болмайтыны – шындап келгенде, норманың онша маңызы да жоқ сияқты (4-сабақ, таймкоды 1:15 – 2:15). 

 

Сондай-ақ, ғалым ғылыми ойлардың синтезін ұсынарда ұлттық грамматиканың негізін салушылардың, әсіресе, А.Байтұрсынұлының пікірін негізге алып, оны тәпсірлеп, соның арқауында ой-тұжырым жасап, содан кейін ғана әлемдік тілшілердің зерттеулеріне тоқталады. Яғни, алдымен ұлттық ойға екпін түсіру тыңдаушыға да жағымды әсер береді деп ойлаймын. 

  Қоғам белсендісі әрі ғалым Б.Қапалбек – қазіргі таңда қазақ тілінің грамматикасын терең зерттеген, түсінген, құрылымды грамматикамен қатар жұмсалымды грамматиканың да заңдылықтарын игерген, ұлттық грамматикалық ілімдерді қалыптастыруға күш салып жүрген бірден-бір грамматист-маман. Сондықтан зерттеушінің өзінің жинаған білім базасы мен ой-санасы тудырған ілімдерді көпшілікпен бөлісуі, әсіресе, оқымысты жастарға заманауи форматта ұсынуы – құптарлық іс. Қазір Бижомарт аға Қапалбек нағыз кемеліне келіп толысқан шақта. Ұлттық ғылыми грамматикалық ойларды генерлейтін (генерализация) уақытта. Сондықтан жас маман ретінде бізге ғалымның ойларын хаттап қалу аса маңызды. Сол себепті жұмсалымды грамматика мен құрылымды грамматикаға қатысты ойларыңызды әлі де плейлистіге жүктей берсеңіз деп үміттенемін. Бұл әсіресе грамматика ғылымын насихаттауға, танытуға мүмкіндік берер еді. Мектепте құрылымды грамматикалық білімдерді мектепте нақты, жұмсалымды грамматиканы қосымша оқыту мәселесін де көтеріп жүргеніңіз белгілі, ендеше құрылымды грамматиканы жұмсалымды грамматиканың элементтерімен түсіндіріп те мектеп оқушыларына, мектеп мұғалімдеріне осындай электронды дәрістер әзірлеуге болады деген ойдамын.

Видеосабақтарға байланысты сын-ескертпелер келесідей:

- Диктор оқитын мәтін видеода түгелдей шығып отыруы керек деп ойлаймын. Кейбір жерлерде мәтіннің үзінділері түсірілген. Бұл ықшамдау мақсатында түсірілгені анық. Алайда тыңдаушы бәрібір жазуға, мәтінге көз жүгіртіп қарап отыратындықтан, оның қабылдауын, назарын бұзбас үшін бүкіл мәтінді экранға шығару қажет. Не болмаса мәтінді экранға жазу түрінде шығармай динамикалық монтаждың элементтерін қосып мүлде ықшамдап беру қажет. Соған сай диктордың да сөзі жылдамдатылуы тиіс.    

 - Видеосабақтың монтажына анимация жетіспейді. Академиялық негіздегі білім болғандықтан барынша қарапайым жасағандарыңыз (көк түс, мәтін) бір жағынан дұрыс та. Алайда ғылыми-көпшілік контент ретінде дамуы үшін монтажды заманауи ету қажет, жай ғана лофт-стильдің, оверлей монтаждың элементтерін қосу арқылы да жақсартуға болады.

- Ғалымдардың пікірі айтылған тұста ол ғалымның (А.Байтұрсынұлы, Ф. де Соссюр, т.б.) фотосуреттері монтажға қосылып, экранға шығарылу қажет. Бұл ғалымдарға деген құрмет деп ойлаймын әрі оқушы қауымға таныстыру этикасы.

- Мәтіндегі кей ақпараттарды әлі де түсінікті, барынша анық, бәлкім толығырақ берген абзалырақ деп ойлаймын. Мәселен, «Сөзжасам мен морфологияның әрқайсысының өздеріне тән қырлары мен зерттеу нысандары айқындалған» (1-сабақ, 1:58) деген сөйлемді «Сөзжасам аналитикалық, синтетикалық және лексика-семантикалық тәсілдер арқылы сөз жасалуды қарастырса, морфология сөз таптарын, сөз құрамын (түбір мен қосымша) қарастырады» деп барынша ашып, анығырақ жазуға болады. Ал ақпаратты барынша түсінікті беру үшін видеосабақтардың тақырыбын да тар етіп беру қажет. Яғни, бір сабақта «құрылымды грамматиканы» толық сипаттап, оның фонетикасын, сөзжасамын, морфологиясын, синтаксисін бөлек-бөлек алып сипаттап, екінші сабақ «жұмсалымды грамматикаға» арнап, оның категорияларын жеке-жеке сипаттау арқылы толық сипатталамалы курс дайындауға болады.

- Мәтіннің ішіне орысша терминдерді кіргізудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Бәлкім, кейбір ұғымдарды анықтау үшін енгізген болар. Бірақ бастау нүктесінің «точка отчета», сөйлеудің «речь» екені оқырманға түсінікті деп ойлаймын.

- Әр сабақтың ютуб желісіне сай картинкасы (заставка) болғаны жақсы. Ол үшін сабақтың тақырыбына дизайн дайындап шығара салса болады. 


ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз



29/04/2024 14:05

ХАБАРЛАНДЫРУ!
0 329 0







08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 796 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 1009 0






ТЕКСТ

Яндекс.Метрика