THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ
ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА
Соңғы мақалалар:
Даулы Кереку
Петропавлды Қызылжар, Қызылорданы Ақмешіт, Павлодарды Керекуге тағы да басқа мекендердің атауын өзгерту көтерілгелі 20 жыл уақыт өтті. Алдыңғы екеуінің атауы екі сөздің бірігуі арқылы жасалған. Мағынасы түсінікті. Шығу себебі де белгілі. Қызылжар Абылай ханның тұсында осы аттас жәрмеңкенің өтуімен тығыз байланысты. Ал Ақмешіт 1817 жылы Қохан ханы Омарханның салғызған бекініс атауы.
Ал Кереку ше? Бұл атауға келгенде ғалымдар пікірі екіге жарылады. Бірі сөздің төркінін түбі бір түркі тілдерімен сәйкестендірсе, бірі орыс Коряков деген орыстың атымен байланыстырады. Түсініктірек болу үшін авторлардың пікірлерін ортаға салайық.
Кереку сөзі қазіргі кезде мағына бермесе де, көне түркі тілінде мағынасы бар. Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаевтың abai.kz (http://abai.kz/node/541) сайтында жарияланған «Кереку атауының шығу төркіні мен мағынасы» атты мақаласында осылай дейді. «1969 жылы Ленинград қаласында жарық көрген СССР ғылым академиясының Тіл білімі институты дайындаған «Древнетюркский словарь» біздің іздегенімізді алдымыздан шығарады. «Кереку – шатер, юрта. Keragu – шатер, юрта: kok (?) kordikeragujuoti – он встретился с трудностями, на себя взвалил шатер (МК І 404); keraguicinetegol – какова внутренность юрты? (ThSll)» (10, с. 300). Махмұд Қашқаридің «Сөздігі» (Диуани лұғат ат-түрік) біздің Кереку туралы түсініктерімізді толықтыра түседі. Ұлы ғалымның жазуына қарағанда, көне түркілерде «керекулен» дейтін етістік сөз бар, ол өзіне киіз үй жасап алды, шатыр тікті деген мағынаны білдіреді. Мысалы, «ер керекуленді» – «ер азамат өзіне киіз үй тікті» деген мағынада қолданылады (11-т. 3.с. 205).
Сонымен көне түрік тілінде «кереку» сөзі киіз үй, шатыр, көшпелілердің баспанасы дегенді білдіреді. Қазақша нұсқасы «кереге» - киіз үйдің іргесі, негізі, қабырғасы мағынасында қолданылады. Моңғол тілінде киіз үй – «кер» деп аталады (12, с. 82-86).» деген мәліметтерді келтіре отырып, былайша қорытынды жасайды: «Орта Ертіс бойына келген ресейліктер осы жердегі қалыптасқан топонимдерді мүмкіндігінше пайдаланды. Егер біз орыстың алғашқы бекініс, форпост, қоныстарын қарасақ, бәрінің де атауы тарихи топонимге барып тіреледі. Қараңыз – Тобольск, Тара, Омбы, Ачаир, Осморыжск /восемь рыжих жеребцов/, Пяторыжск / бес жирен айғыржары/, Чернояр /Қаражар/, Железинск /Темірқаш/, Семияр /Жетіжар/ т.б. Бірде-бір жерде адам аты жоқ. Сол сияқты Коряковте алдында «Керегежар» /Керекуяр/, одан кейін біртіндеп славян лексикасының әсерімен Коряков ярға айналған.
Қорыта келе айтатынымыз, Кереку атауы Орта Ертіс өңірінің ең көне тарихи атауларының бірі. Оның топоним есебінде қолданысқа енген уақыты көне түркі, оның ішінде қимақ дәуірі. Мағыналық және тарихи құндылығы тұрғысынан «Кереку» атауы осы өңірдегі Сырлықала, Қазалы, Қалабалғасын т.б. атауларымен шендес.
«Кереку» – «Керегежар» сөзінің көне түркі тіліндегі нұсқасы болып табылады».
Кереку сөзінің мағынасын киіз үйдің керегесімен байланыстырады. Бұл өңірге орыс этносының көптеп орналасуына байланысты өзгеріске ұшырап Коряков деп атағандығын алға тартады.
Ал «Егемен Қазақстан» газетінің 2013 жылы 31 шілдедегі санында шыққан География институтының аға қызметкері Сламқұл Әбдірахмановтың «Кереку» деу қазақ тілін қорлау» атты мақаласында жоғарыда келтірілген пікірмен жанаспайтын ойлар баяндалады. Сламқұл мырза мақаласында: «Қазақта «Кереку» деген сөз ешуақытта болмаған, ешбір сөздікте мұндай сөз жоқ. Ондай кісі есімі де, жеке фамилиясы да, тегі де кездеспейді. Сонда бұл атау қайдан шыққан, қандай жолмен пайда болған?
Кейбір авторлар «Кереку» сөзін «Керегежар» деген сөзден шыққан деп те пікір айтып жүр. Бұл пікір де шындықтан алыс жатыр» дейді.Осы пікірді айта отырып, былайша дәлелдейді. «Ал көпшілік жұрт «Кереку» сөзінің мағынасына мән бере бермейді. Оны түсіну үшін Павлодар қаласының пайда болу тарихына байланысты еңбектерге көз салайық. Мысалы, Санкт-Петербургте 1897 жылы Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефронның «Энциклопедический словарь» деген еңбегінде мынадай тарихи дерек бар: «В прежнее время Павлодарская станица носившая название Корякова служила главным пунктом погрузки соли из озера Корякова в 20 верст от станицы. В последнее время эта погрузка производится в разных местах Иртыша и особого склада соли в Павлодаре не имеется» (T. XXII, 574c.). 1925 жылы Москвада жарық көрген «Энциклопедический словарь русского языка библиографического института Гранат» (31T.,17 б.) былай деп жазған: «Павлодар был основан в 1720 году под именем Коряковского поста, затем переименован в Коряковскую станицу, а в 1860 г. в город Павлодар». Осы пікірді Үлкен совет энциклопедиясы да қайталайды: «Город основан в 1720 г. как Коряковский форпост (затем станица, преобразованная в 1861 г. в город Павлодар)» (БСЭ, т. 19,м., 1975, с.68)».Осы еңбектерді және тағы да басқа сөздіктерді алға тарта отырып,«Кереку» орыстың Коряков деген фамилиясының қазақша қате транскрипцияланған, яғни бұрмаланған түрі» дейді.
Екі мақаладағы қарама-қайшы пікірлер ойға қалдырады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Кереку деп өзгерту керек пе, керек емес пе? Бұл мәселе әлі де ғалымдар арасында талас тудырып келеді.
96 % қазақ болса да, тіл күрмеуі әлі бар
Қазақстанда қазақтар ең көп орналасқан өңір – Қызылорда. Халқының 96 пайызы қазақ. Қазақ тілінің қолданысы кең. Облыста кәріс ұлтының өкілдері баршылық. Олардың да, басқа ұлт өкілдерінің қазақшасы «судай».
Халықтың қазақшасы белсенді болса да, бұл өңірдің ономастикасында әлі де олқылықтар кездеседі. Отаршылдықтың лебін сездіретін Фурманов, Журба және осы тектес көшелер мен Киров, Комсомол атты аудан аттары әлі күнге дейін бар.
Сондай-ақ, осы өңірде орналасқан Байқоңыр қаласында ономастика «ақсап емес», «екі аяқтан қос бірдей айрылған» десе де болады. Қайта қала атауы бұрынғы Ленинск атауынан Байқоңыр болып ауысты. Алайда, қала ішінде әлі де «Ленинск» деп жазылған белгі тұр. Ал көше атауларының ішінен Жанқожа батырды, ұлы Абайды, Сәкен Сейфуллинді ғана кезіктіруге болады. Қалған көшелердің атауы орыс өкілдерінің атында. Мәселен, Королев, Горький, Максимов, Янгел, Неделина, Титов, Носов, Пионерская, Бармина және тағы осылай жалғаса береді.
Сондай-ақ, Қызылорда облысында ІІІ-Интернационал деп аталатын ауыл аты да кездеседі. 11 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Алайда отаршылдықтың айқын белгісі болып тұрған бұл атау әлі өзгертілмеген. Ал ауылдың орналасқан жерін көнекөз қариялар «Қашқансудың табаны» деп атайды екен.
Критерийлер қағаз жүзінде қалмай кәдеге жарауы тиіс
«Ономастика саласындағы өзгертілген жер-су, елді мекендерді тарихи атаулармен алмастыру, транскрипциясы бұрмаланған немесе қате жазылған жер-су атауларын қайта қалпына келтіру, отаршылдық-тоталитарлық сипаттағы елді мекендер мен білім, мәдениет мекемелерін, басқа да физикалық-географиялық нысандарды қазіргі заман үлгісінде қайта атау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр» – дейді Қызылорда облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ержан Уәйіс.
«Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңында ономастика саласының критерийлері белгіленген. Критерийлер мынадай: 1) тарихи географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру; 2) әдеби нормаларға сәйкестік; 3) жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атау, оны өзгерту; 4) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және ҚР мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң олардың есімдерін беру; 5) бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру.
Жерге, суға атау берерде осы критерийлер сақталуы тиіс. Мекенге атау беру жауапты мәселе, атауларды қайта қалпына келтіруде осы аталған қағидаларды ескеру керек. Жоғарыда келтірілген Қазақ даласының солтүстігі мен оңтүстігіндегі мысалдар Қазақстанның қай түкпірінде де басқатырар мәселе екені даусыз. Ендеше, критерийлердің кәдеге жарағаны жөн.
ПІКІР АЛМАСУ
ТЕКСТ