КІРУ



Аккаунтыңыз жоқ па? Тіркелу

Құпия сөзді ұмытып калдыңыз ба?

THE STATE LANGUAGE DEVELOPMENT INSTITUTE

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ИНСТИТУТЫ

  ИНСТИТУТ РАЗВИТИЯ ГОСУДАРСТВЕННОГО ЯЗЫКА



БАТЫРЛАР ЖЫРЫ КЕЙІПКЕРЛЕРІН БІРІЗДЕНДІРУ

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазақ тіл білімінде жазба мұралар негізінде кірме сөздер сөздігін жасау ісі күні бүгінге дейін қолға алынбай келе жатыр. Әсіресе, ортағасыр жазбаларындағы, одан бергі XVIII ғ. ресми іс қағаздары мен эпистолярлық үлгілердегі (ХVІ-ХVІІ ғ.ғ. Әбілғазы Баһадүр мен Қадырғали Жалайыр шежіресіндегі кірме сөздер Г.Мамырбекова мен А.Сейтбекова құрастырған тезаурус сөздікте толық қамтылған), XIX-XX ғасырлардағы мерзімді басылымдардағы, сондай-ақ, ХХ ғасыр басындағы ескі тілде қалам тартқан ақын-жазушылар шығармаларындағы кірме сөздер қорын жинастыру мәселесі – бүгінгі таңдағы тарихи сөздік қорымызды толықтырудың ең қажетті алғышарттарының бірі болып отыр. Себебі, тіл тарихы бойынша жүргізілетін диахрониялық зерттеулер үшін жазба ескерткіштер тілінің қомақты пайызын құрайтын араб, парсы кірме сөздері халық тілінің даму тарихынан хабар беретін негізгі айғақтардың бірі ретінде танылады.
Араб, парсы сөздері жалпы түркі тілдері лексикасында кірме қабаттың ең басым бөлігін құрайтыны мәлім. Себебі, VII-VIII ғасырлардан бастап ислам дінінің түркі халықтарына таралуы, ең бірінші сол халықтар тіліне араб, парсы бірліктерінің енуіне үлкен жол ашқан болатын. Әсіресе, Қарахандықтар дәуірінде (Х-ХІІIғғ.) ислам дінінің ресми дінге айналуы мен діни-ағарту, жазба істерінің араб тілінде жүргізілуі бұл үрдісті күшейте түскені мәлім. Осылайша XX ғасырдың басына дейін араб, парсы сөздерінің тек қазақ қана емес, күллі түркі тілдеріне ену құбылысы әр тілде әр түрлі деңгейде жалғасып жатты. Сондықтан ортағасыр мен жаңа түркі дәуіріндегі жазбалар негізінде кірме сөздер сөздігін құрастыру арқылы бірнеше түркі тіліне ортақ араб, парсы сөздерінің фонетика-морфологиялық және лексика-семантикалық жағынан игерілуін, олардың қазіргі қазақ тіліндегі қолданым аясын нақты тілдік фактілер арқылы салыстыра зерттеуге үлкен жол ашылары сөзсіз. Бұл мәселенің бірінші жағы. Екіншіден, бүгінгі таңда тіліміздегі кірме сөздерге байланысты тәуелсіздікке дейін жарық көрген санаулы ғана сөздіктер бар. Атап айтқанда, Н.Д.Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігі» (1984, 1989), Л.З.Рүстемовтың «Араб-иран кірме сөздерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» (1989), Е.Б.Бекмұхамедовтың «Қазақ тіліндегі араб, парсы кірмелері» (1977), А.Дәдебаев пен Ж. Қайырбековтың «Арабша-қазақша сөздігі» (1990). Бұл сөздіктерде Кеңестік «цензураның» кесірінен, әсіресе, дінге қатысты көптеген сөздер қамтылмай қалған. 
Жалпы күллі түркі тілдерінің даму тарихында айтарлықтай із қалдырған араб, парсы сөздерін зерттеу мәселесі түркітанушылар тарапынан XX ғасырдың екініші жартысынан бастап қана қолға алынып, арнайы ғылыми-теориялық зерттеулер жүргізіле бастады. Мәселен, «Башқұрт тіліндегі араб элементтері» [1], «Гагауыз тіліндегі араб және парсы кірмелері» [2], «Татар әдеби тіліндегі араб кірме сөздерінің фонетикалық және грамматикалық игерілуі» [3], «Қазіргі әзербайжан әдеби тіліндегі араб кірме сөздеріндегі лексика-грамматикалық өзгерістер» [4]. Қазақ тіліне енген араб, парсы сөздері алғаш рет Н.Төреқұлов
[5, 86-99 бб.] пен Х.Досмұхамедұлы [6, 139-154 бб.] мақалаларында сөз болады. Ал кірме сөздердің қазақ тіліне ену жолдары мен фонетикалық, семантикалық және морфологиялық тұрғыдан игерілуіне ең алғаш жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізген ғалым Л.З.Рүстемов болды [7; 8]. Бұдан кейінгі кезеңдерде де көптеген ғалымдар тарапынан жекелеген ескерткіштер тіліне қатысты кірме сөздердің мағыналық, дыбыстық ерекшеліктері зерттеліп келе жатыр. Алайда, жазба мұралар негізіндегі күллі араб, парсы сөздерін жинақтап, нақты мысалдармен сөздік құрастыру ісі әлі қолға алына қойған жоқ. Бұндай кірме сөздер сөздігін құрастыру арқылы
біріншіден, қазақ тілінде ғасырлар бойы өмір сүріп келген қазіргі таңда морфологиялық, фонетикалық және семантикалық жағынан барынша игерілген араб, парсы сөздерінің қандай өзгерістерге ұшырағандығын айқындауға болады.
екіншіден, XX ғасырдың басына дейін араб графикасымен таңбаланған жазба ескерткіштерде араб, парсы сөздері түпнұсқа принциппен таңбаланған, алайда оларды қазақтар дәл сол қалпында айтпағаны белгілі. Сондықтан, оларды сөздікке жинақтап беру барысында кірме сөздердің қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне қаншалықты бейімделіп, дыбыстық өзгерістерге ұшырағанын анықтауға болады.
үшіншіден, қазіргі тілімізде бірнеше вариантта айтылып, сыртқы формасы жағынан дыбыстық дублеттер құрайтын кірме сөздердің (әлем/ғалам, ауа/әуе, зарар/залал, тағлым/тәлім т.б.) қайсысы түпнұсқаға жақын екендігін айқындауға болады.
төртіншіден, қазіргі тілімізде мүлде қолданылмайтын, алайда жазба тілде актив қолданыста болған рухани-мәдени және діни бірліктердің мол қорын жинақтап, семантикасын беруге мүмкіндік туады.
Араб, парсы сөздері түркі тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне лексикалық бірліктер ретінде, жеке дара мағынасында еніп отырды және жазба ескерткіштердегі кірме сөздер қаншама ғасырлар бойы тілімізге еніп дамуы барысында тарихи, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық жағдайларға байланысты өз іздерін қалдырды. Олар тек дыбыстық жағынан ғана игеріліп қоймай, семантикалық жақтан барынша дамыды. Осы тұрғыдан алғанда, жазба мұраларда мағынасы кеңейген, тарылған, өзгерген, тіпті бастапқы мағынасын жоғалтып, мүлдем басқа мағынаға өткен немесе алғашқы төл тіліндегі мағынасын сақтай отырып, жаңа мағына үстеген кірме сөздер молынан ұшырасады.
Жалпы араб, парсы сөздері өз тілдерінде көп мағыналы болып келетіні мәлім. Алайда, жазба ескерткіштер мен тіліміздегі қолданысында олар тек дара, бір ғана мағынада енуі басым. Ал қазіргі қазақ тіліндегі кең ұғымды білдірген кейбір сөздердің мағыналық жақтан тарылуын осы жазба ескерткіштердегі мағыналарымен салыстыру арқылы айқындауға болады.
ХVІІІ ғасырлардағы жазбаларда араб, парсы сөздерінің қолданым аясы өте кең болғанымен, олардың басым бөлігі ресми іс-қағаздар болғандықтан оларда діни лексика кездеспейді. Ал ХХ ғасырдың басындағы ескі тілде жырлаған ақын-жазушылар шығармаларындағы лексикалық қабаттың үлкен бөлігін араб және парсы сөздері құрайды және олардың басым көпшілігі қазіргі тілімізде қолданылмайтын тек дінге қатысты бірліктер болып табылады. Өйткені, сол кезеңдегі қаламгерлер діни тақырыпқа тек өлеңдер мен қарасөз үлгілерін ғана емес, көлемді дастандар да арнаған. Бұл ретте “Алла” атын кеңінен дәріптеп, ислам дінін насихаттауда өз үлестерін қосқан ақын-жазушылар қатарында Ш.Құдайбердіұлы, К.Жанатайұлы, Ә.Найманбайұлы, Н.Ормамбетұлы, Қ.Шаһмарданұлы, Ж.Шайқыисламұлы, Ш.Жәңгірұлы, М.Тыныштықұлы, Н.Наушабайұлы, М.Қалтайұлы т.б. есімдерін ерекше атап өтуге болады.
Жалпы діни тақырыпта жырлау, Алла, пайғамбарлар туралы ой қозғау арғы ғасырлардағы түркілер дүниетанымынан бастау алады. Себебі, VІІІ-ІХ ғ.ғ. араб басқыншыларының жеңісіне орай ислам діні кеңінен таралып Орта Азияны мекендеген түркі халықтарының рухани өмірінде елеулі орын алды. Осымен байланысты ғылым мен білім қатар дамып, жоғары мәдениет пен үлкен өркениетке жол ашылғаны тарихтан белгілі. Ғалым А.Мец бұл құбылысты “Мұсылмандық гүлдену” деп атап, исламды қабылдамаған түркі халықтарының жазба әдеби тілі өте нашар дамығандығын айрықша атап көрсеткен болатын [9, 187 б.]. Сондықтан да ортағасырлардағы көптеген ғұламалардың шығуы осы ислам дінімен тікелей байланысты болғаны да шындық. Түркітанушы А.Бомбачи бұл туралы былай деген еді: “Некоторые тюркские народы, не исповедовавшие исламам создали свою письменную литературу лишь в недавнее время” [10, 192 б.].
Осылайша түркі ғұламаларынан бастау алған діни шығармалар жазу үрдісі халық болып қалыптасқан ХV ғасырдан кейін де жеке-жеке ұлттар әдебиетінде ХХ ғасырға, яғни “цензураға” дейін өз жалғасын тапты. Ұлы кемеңгер Х.Досмұхамедұлы ХІХ-ХХ ғ.ғ. қазақ жеріндегі діни шығармаларды “жазба әдебиеттің негізгі бастауы” деп бағалаған болатын. Осы ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басы қазақ ұлтының қоғамдық рухани-мәдени өмірінде ерекше із қалдырған кезең екендігі мәлім. Бұл уақытты ескілік пен жаңашылдықтың тоғысқан мезгілі деп тануға әбден болады. Сондықтан да бұл кезеңде қалам тартқан тұлғалардың шығармашылығынан әріден келе жатқан жазба дәстүрді де, енді қалыптаса бастаған ұлттық жазба әдеби тіліміздің белгілерін де кездестіре аламыз.
ХХ ғ. басындағы шығармаларда араб және парсы сөздерінің берілу сипаты өте күрделі. Оларды жалпы екі топқа бөлуге болады: 
1. Діни ұғымдағы сөздер
2. Жалпы ұғымдағы сөздер.
Ал діни ұғымды білдіретін сөздердің өзін
1. Қазіргі қазақ әдеби тілінде қолданылатын 
2. Қазіргі қазақ әдеби тілінде қолданылмайтын бірліктер деп бөлуге болады.
Міне кірме сөздердің осындай ерекшеліктерін саралап, айқындауда сөздік құрастырудың қажеттілігі туындайды. Себебі, сөздікте қазіргі қазақ тілінде қолданыла бермейтін, халыққа таныс емес араб, парсы элементтерінің барлығы қамтылатындықтан олардың тілдік қолданысын айқындауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар жазбаларда жекелеген кірме сөздер ғана емес, сөз тіркестері де молынан жұмсалғаны белгілі. Ал оларды сөздікке жинақтап беріп, мағынасын ашу арқылы сөздік құрамды қаншалықты байытуға үлес қосқандығын анықтауға болады. 
Мәселен, ХХ ғасыр басындағы қаламгерлер шығармаларында дінге қатысты араб және парсы сөздері жаңаша, тың мағынада өзіндік қолданыста жұмсалып отырады. Мысалы біздің түсінігімізде “ағузу”сөзі негізінен сүре құрамында ғана кездессе, ескі тілде жырлаған ақындарда “сыйыну” мәнінде жұмсалған, ал “Алла жалғыз” деген ұғымды беру үшін таза араб тілінің “Лә иләһә илла Алла” тіркесі қолданылған:
Ағузу бисмилла бар сөз басында,
Жатпайды қисық ағаш тез қасында.
Лә иләһә илла Алла білдім хақты,
Таныдым бір Алланы бір жасымда [11, 96 б].
Жалпы ол кезеңдегі шығармаларда араб тіліне тән сөз тіркестерінің берілуі өте жиі кездесіп отырады. Мысалы:
Ғайыби шарикни хайри пак дүр затың
Ла хаула хаири бар сипатың
Өзің ғайып, мекенің мағлұм емес,
Ғаламға заһир болған мың бір атың [11, 104 б.]. Бұл мысалдағы сөз тіркестері
Ғайби шарикни– серіксіз, серігі жоқ
Ла хаула– теңдессіз күшті
Ғаламу заһир– бүкіл әлемге белгілі, айқын
Хаири – жақсылық, қайырымдылық ұғымында қолданылып тұр.
Сонымен қатар қазіргі кезеңде тілімізге дендеп ене бастаған арабтың бірқатар “ғұсыл”, “таям”, “нифас”, “хайыз”сияқты сөздері де сол дәуірдегі діни мазмұндағы өлеңдерде кеңінен қолданыста болғандығын көреміз: 
Қырық парыз, исламда бес, иман жеті,
Намаз да анық парыз біл он екі.
Ғұсылда – үш, таһаратта – төрт, таямда – төрт.
Нифаста хайыз илан бар дүр екі [11, 100 б.].
Бұл жерде
Ғұсыл– бір де бір жер қалдырмай денені тұтастай жуу
Таям– су болмаған жағдайда топырақпен дәрет алу
Нифас– әйелдердің босанғаннан кейінгі уақыты.
Бұл талдаулардан араб, парсы күрделі сөз орамдары мен тілдік бірліктердің ХХ ғасырдың басына дейін жазба тілде актив қолданыста болғандығын көреміз. Сондықтан жүздеп емес, мыңдаған араб және парсы сөздерін теріп көрсетуге болады, олардың құрлымдық жүйесі мен қолданылу аясын, мағыналарын ашып көрсету үшін арнайы кірме сөздер сөздігін құрастыру керек деп ойлаймыз. 
Қорыта айтқанда, жазба мұралардағы араб және парсы тілдерінен енген сөздерді үлкен үш топқа бөлуге болады:
1. Қазақ тіліне әбден сіңіскен, жиі қолданылатын сөздер
2. Қазақ тіліне терең сіңіспеген, абстракт сөздер
3. Қазақ тілінде қолданылмайтын діни сөздер 
Қазіргі таңда діни жазбаларда ғана кездесетін сөздердің бірқатары ауызекі сөйлеу тілінде молынан қолданысқа ене бастағанын да жоққа шығаруға болмайды. Ондай сөздер әсіресе, дінге бет бұрған жастар арасында жиі қолданылып жүр. Мысалы, пітір, әптиек, тарауық, сәресі, ләйләт-ул Қадыр, машалла, субхан алла, уәзипа, алһамдулла, азан, наиб имам, ғұсыл, мұғжиза, фурқан, сахаба, әнбие, ағзам, зікір, тасбих, ниқаб, хиджаб, шариф, шахид, жәннәт, медресе, халал, харам, сахар, миғраж, ширк, шейт т.б. Қазіргі кезеңде дінге байланысты етек ала бастаған осындай кірме элементтердің бұдан былайғы кезеңдерде молая түсері сөзсіз.
Жалпы араб және парсы сөздері екі бөлек тіл элементтері болса да қазақ тіл білімінде көбінесе бірге қарастырылып келе жатыр. Алайда араб тілі мен парсы тілдерінің мүлде екі бөлек екенін ескерсек, араб-парсы сөздері деп қосақтамай, ара жігін айырып, бөлек-бөлек көрсетіп отырған жөн. Себебі, тілімізге парсылар мен арабтар тұтас бір ғана тіл тұрғысынан емес, жеке-жеке ұлт ретінде ықпал еткені анық. Себебі, дос, диқан, гүл, айна, орамал, перде, асхана, дастархан, жайнамаз, тозақ, мейман, құдай, көр, абырой, әрдайым, пұшайман, астана, дүрбі, өнер, апта аттары т.б. көптеген парсы сөздерінің араб тіліндегі айтылуы мүлде басқа және арабтар парсы тілін, парсылар араб тілін түсінбейді.
Қорыта айтқанда, араб, парсы сөздері қазіргі әдеби тіліміздің дамуына жол ашқан үлкен арналардың бірі. Өйткені, XVІІІ ғ. ресми іс қағаздарында, ХІХ-ХХ ғ. шығыс және исламдық әдебиет үлгілерінің барлығында молынан ұшырасатын араб, парсы бірліктері әріден келе жатқан жазба тілдің негізгі көріністері болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Дмитриев Н.К. Строй тюркских языков. - М.: Изд-во Вост. лит-ры,
1962. - 606 с.
2. Сычева В.А. Арабские и персидские заимствования в гагаузском
языке // Советская тюркология. - 1973. - №4.-с. 24-30.
3. Махмутов М.И. Фонетическое и грамматическое освоение арабских заимствований в татарском литературном языке. Автореф. канд. филол. наук. -Казань, 1966. – 19 с.
4. Х.Н.Аль-Аббаси. Қазіргі әзербайжан әдеби тіліндегі араб кірме сөздеріндегі лексика-грамматикалық өзгерістер. Канд.дисс. авторефераты. 1982.
5. Төреқұлов Н. Таңдамалы шығармалар жинағы: көп томдық.– Алматы, 2007. – т.3- 288 б.
6. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы еңбектері. - Астана, 2008. – 400 б.
7. Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы кірме сөздері. - Алматы, 1982. – 160 б.
8. Рүстемов Л.З. Қазақ тіліндегі араб-иран кірме сөздерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері. – Алматы, 1962. – 16 б.
9. Мец А. Мусульманский ренессанс. –М.: Наука, 1973. –473 с.
10. Бомбачи А. Зарубежная тюркология. –М.: Наука, 1986. –286 с.
11. Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары. Т. 2. –Павлодар: “ЭКО” ҒӨФ, 2003. –384 б. 

ПІКІР АЛМАСУ

Пікір қалдырыңыз








08/04/2024 11:55

Хабарландыру!
0 629 0



26/03/2024 16:15

Хабарландыру!
0 888 0








ТЕКСТ

Яндекс.Метрика